Атау септігін меңгеретін септеуліктер
Атау септік тұлғасындағы сөзбен тіркесетін септеулікгер, негізінен, есім сөзден соң жұмсалады.
Үшін септеулігі есім сөздермен, қимыл атауымен және -мақ (-мек), -ған (-қан, -кен,-ген) формалы есімшелермен тіркесіп, оларға себептік, мақсаттьщ мағына үстейді. Мысалы, Екі анасын қөңілдендіріп тағы айтқызу үшін кейде өзі де қаладан әкелген кітаптарының ішінен: «Жүсіп-Зылиха» сияқты қиссаларды оқып берді (М.Әуезов).
Сайын септеулігі зат есімдермен, есімшемен тіркескенде, ол сөздерге даралау мағынасын береді немесе белгілі бір істің қайталануын білдіреді. Мысалы, Көше бойының шыныланып қойған қалыңқары көк аттың тағасы тиген сайын сықырлай түсіп, кірш-кірш етеді (М.Әуезов).
Туралы септеулігі бір құбылыс туралы, сол хақында, сол турасында, сол жайында деген сияқты мәнде жұмсалады. Мысалы, Құнанбай Жидебайдағы істер туралы Жұмабай мен Тәкежан сөздерін түгел тыңдап алды да, Абайларға енді ыза болды (М.Әуезов). Осы туралы септеулігімен мағыналас жайында, жөніндегі, жөнінен, турасында, турасынан деген шылаулар да бар. Желқұйын туралы өз ауылындағы бір үлкен аңшының айтқан сөзі еді (М.Әуезов). Ол осы іс жөніндегі арам ойды ерте ойлаған. Кәмшат турасында күйзелтіп күңірентіп отырсыңдар сендер бізді. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты (Бұл да).
Арқылы септеулігі зат есіммен, тұйық етістікпен тіркесіп, іс-әрекеттің не арқылы іске асқанын білдіреді. Мысалы, Абайдың байлауын тілмаштар арқылы енді түгел түсініп болған екі ояз күлісіп, бір-бірімен келісе жарасқандай. Жиренше арқылы Абайға пара ұсынған. Барақ, қазір көтеріңкі отыр (М.Әуезов).
Шамалы, шақты, қаралы септеуліктері негізінен сан есімдерге тіркесіп оларға болжалдық мән үстейді. Мәселен, Осы көштердің алдында Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Қазірде Бөжей қорасының алдында тұрған қырық шамалы кісі бар (М.Әуезов).
Бойы, бойымен, бойынша септеуліктері зат есімдермен, есімдіктермен және -ған, (-қан, -кен, -ген) тұлғалы есімшелермен тіркесіп, белгілі бір мерзімді толық қамтитындай мағынаны береді. Мәселен, Күндегі машық бойынша келіп жатқан атқамінер, даугер, арызшылар (М.Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: |