Одағай сөздер
Одағай - сөз таптары категориясының бірі. Одағай сөз табына жататын сөздер адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіретін және де адамның көңіл-күйіне байланысты айтылатын ишараттар мен төрт түлік малға, үй хайуанаттарына арнайы шақыра айтылатын сөздер тобы. Қазақ тіліндегі одағай категориясы –басқа сөз таптарымен салыстырғанда, фонетикалық, грамматикалық және семантикалық жақтарымен ерекшеленіп көрінетін, сонымен бірге әуезділікке, арнайы ырғаққа, эмоциялы құбылысқа, интонацияға бай сөз табы. Одағай сөздердің көркем әдебиетте ойды әсерлі жеткізу жағынан мәні зор. Одағай сөздер тілге көркемдік сипат беретін, көркем шығармада көп қолданатын сөздер. Мысалы: - Ойбай-ау, онда саудагер сұмды біржола туралатып кетесің ғой!.. (Ғ.Мүс); -Япырай, қаншалық қайран қаларлық сергектік, сезгіштік бар Михайловта»(М.Ә.). Ал, публицистика мен ғылыми зерттеулерде одағай сөздерді қолдану сирек кездеседі.
Одағай тобына жататын сөздердің мағына жағынан заттың өзі, сыны, саны, қимылы не қимылдың жай-күйі туралы ұғымдардың бірін де білдірмейтін, басқа ешбір сөз табына ұқсамайтын сөйлемде не тұрлаулы, не тұрлаусыз мүшенің қызметін атқармайтын, сөйлемдегі басқа мүшелермен синтаксистік қатынасқа тікелей түспейтін, не шылау сөздер сияқты сөйлемдегі басқа мағыналы сөздермен селбесіп, оларды өзара байланыстырып тұратын дәнекерлік қызметі жоқ, семантикалық, морфологиялық белгілері мен синтаксистік қызметі жағынан өзіне тән ерекшелігі мол сөз табы екендігі тіл білімінде толық дәлелденген.
Одағай туралы мәліметтер төңкеріліске дейін шыққан еңбектерде кездеседі. Ондағы мәліметтер одағайды сөз табы деп тануда авторлар пікірі әр түрлі болғанын көрсетеді. Кей авторлар оны «частицаға» қосып, морфология қарамағында қарастырса, кейбірі синтаксис ішінде берген. Әрі одағай сөздің мағынасы толық классификацияға түспеген, авторлар негізінен одағайдың көңіл-күй түріне ғана тоқталған. Атап айтқанда, Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия», А. Архангельскийдің «Грамматика народно - татарского языка», П.М. Мелионарскийдің «Краткая грамматика казахского языка» атты грамматикаларында одағай сөздер бірінде жеке сөз табы ретінде аталса, бірінде басқа сөз таптарымен бірге аралас берілген.
Түрік тілдерінде одағайды жеке сөз табы ретінде беру және оның мағыналық топтарын көрсету А.Н Кононов пен Н.А.Басқаковтың грамматикаларынан бастау алған, дегенмен бұл авторлардың одағайды мағыналық топтарға бөлуінде шатастырушылық бары көрінеді. А.Н. Кононов одағайды еңбегінде жеке сөз табы деп дұрыс көрсеткенмен, оның мағыналық түрлерінің қатарына «звукоподражательные слова» түрін қосып атаған. Бұдан автордың өзбек тіліндегі одағай мен еліктеу сөздердің мағыналары арасындағы ара жікті ажырата алмағаны байқалады. Н.А.Басқаков та одағайларды еліктеу сөздерден бөлек қарамайды. Оны атауыш сөздердің қатарына қоса отырып, оның «междоиметия, выражающиечувства, эмоции, настроения, ощущени» и пр.; «междометия, выражающие призывы»; междометия, выражающие недовольство» деген түрлері барын көрсетеді .
Одағай сөздің табиғаты туралы нақты ғылыми пікір айтқан қазақ тіл білімі әлеміндегі ерекше қабілеті бар феномен атанған адам - Құдайберген Жұбанов. Адамның сезімін білдіретін одағай сөзде заттың өзін, ісін, сынын айыра атайтын мән жоқ, ол тұтас күйде тұрып, кейде бір сөзді немесе бір сөйлемді білдіруі мүмкін, «бір нәрсені жақсы істеген екенсің» десек те, «жаман істеген екенсің» десек те бәрекелді деуге болады. Оның қай мағынада айтылғандығын сөйлемдегі тұрған орнына қарап және дауыс ырғағына қарап айырамыз. Өйткені одағай жіктелмеген сөз табы. Одағай сезім үшін айтылмайды, оны әлдекім қуанған боп айтып, ішінен жылап тұруы мүмкін. Одағай әрі зат атауына, әрі іс-қимыл атауына жақын сараланбаған сөз. Әй! Мә! одағайларының кімге айтылғандығы, кімді шақыратыны белгісіз. Қап, әггеген-ай дегендер нағыз одағай, «ә, деген-айдан» қалыптасқан. «тт» екі дыбыс емес, айтуға оңай болу үшін созылған бір «т» дыбысы. «Мә саған» дегенді одағай ретінде айтқанда «мәссаған» деп бір «с» ны бөліп екі буынға жіберу де осы созам дегендік екенін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. Ғалым одағайлардың хабарлаушы сөздер, кұрылысы жағынан жеке сөз, атқаратын қызметі жағынан сөйлем, не сөйлемдер жинағы, бұлар таптасқан сөзді (атауыш сөзді) сөйлемдерде одағайланып тұратынын айта келе, оларды мағынасына қарай «шаруашылық одағайлары, қатынас одағайлары, көңіл одағайлары» деп үш түрге бөліп, әр мағыналық түрдің қалыптасу тарихына, ерекшелігіне, жасалу жолына талдау жасайды .
1959 жылы жарық көрген орыс тілінің энциклопедиясында одағайға берілген түсінікте одағай ішкі сезімді, адамның экспрессивтік жан-күйін білдіргенмен, бірақ оны атамайтыны, баяндамайтыны, оның басқа сөз таптары сияқгы түрлену қасиетінің жоқтығы, негізінен өзгеріске ұшырамайтын сөздердің класы (сөз табы) ретінде беріліп, ол мағыналы сөздерге де, көмекші сөздерге де жатқызылмаған .
Қазақ тіл білімінде тіліміздегі одағай сөздерді жан-жақгы зерттеген ғалым Ш.Сарыбаев.Ш.Сарыбаевтың орыс тілінде жазған кандидаттық диссертациясының бірінші тарауы одағайдың тіл білімінде жеке сөз табы ретінде танылуының тарихына арналған. Екінші тарауда одағайға жалпы сипаттама беріліп, үшінші тарауда оған классификация жасалған. Төртінші тарауда бір мағыналы одағайлар мен көп мағыналы одағайлар талданып, бесінші тарауда одағайлардың интонациясы мен дыбыстық қүрамы қарастырылып, соңғы алтыншы тарауда одағайдың грамматикалық ерекшелігі сөз етіледі. Кейіннен бұл зерттеу қазақ тілінде жеке монография болып шықгы. Бұрынғы оқулықтарда еліктеу сөзбен аралас беріліп ара жігі ашылмай жүрген одағай сөздер кейінгі шыққан мектеп оқулықтары мен ғылыми грамматикаларға енгізілгенде, оның анықгама - ережелері нақтыланып, мағыналары, түрлері, ерекшелікгері дұрыс көрсетіліп берілді .
Адамдар арасында сөйлеу құралы ретінде жұмсалатын тілге сөйлесу, түсінісу үшін керек атауыш сөздер сияқты, бір нәрсенің дәлдігін, өткірлігін, әсерін білдіруде өте-мөте қажет одағай сөздері де тілдің қалыптасу, даму жолдарынан өтіп, бүгінгі қолданылу дәрежесіне жеткен, тілдің өз материалынан жасалған сөздер. Одағайлар басқа сөз таптары сияқты әр түрлі жолмен қалыптасқан. Мәселен, әуел бастағы «иә, пірім-ай, ау, пірім-ай, ой, пірім-ай» деген бөлшекгерден көнілдің түрлі жайына, райына, күйінің әуеніне орай дыбыстарының түрленуінен, соңғы қосымшалар мен сөз басындағы қаратпалар түбірмен тұтасып кетуінен «япырмай, апырмай, апырмой, ойпырмой» секілді одағайлар жасалып, осы кірігу барысында әр одағайдың айтылу әуеніне қарай соңғы дауысты дыбыстары бірде «а», бірде «о» болып түрленген. Тіліміздегі «ойбай» мен «ойбой» одағайларының қалыптасуы да солай. Көңіл-күй одағайларының бірқатары араб, парсы тілдерінен енген сөздер: Мысалы, ой-пір-ім-ай (ой, ай - қазақтың шақыру одағайы, пір -ұстаз, ім - парсы; м (ім: пір-ім) -тәуелдеу қосымшасы .
Одағай мағынасында жұмсалатын сөздер тұлға жағынан әр түрлі. Оның құрамындағы сөздер негізінен мына сияқты тұлғадағы сөздер болып келеді: Ойбай! Япырмай! әттең! тәйт! Тек! жә! сап-сап! Ырит соқ! шәуім-шәуім! шек-шек! шөре-шөре! құру-құру! Хош! Хайыр! Рахмет! Ассаламағалайкум! Алла! Дариға! Айналайын-ай! Опырым-ай! Шіркін-ай! Ойбай-ау! Бәрекелді-ай! Па деген! Я деген! Тәйірі деген! Жағың қарысқыр! Айналып кетейін! Садағаң кетейін! Топалаң келгірі т.б. Одағайға жататын сөздердің құрамында бір фонемадан тұратын сөз де болады. Одағай сөз ретінде қазақ тілінде а, ә, е, о, ы дауыстылары жиі қолданылады, әрі олар семантикасы жағынан мағынаға бай келеді.
Тілде тұтас ойға қатысты адамның әр түрлі сезімдерін білдіретін одағайлар құрылысы жағынан жеке сөз болғанымен, жалпы ойға қатысты мағына жағынан бір тұтас сөйлемге де ұқсайды. Мысалы, «қап» одағай сөзінің «ойыну» мағынасы - «байқамай қалған екем!», «ишша» одағайының жиіркену, тітіркену мәні - «ишша, күннің суығын ай!» сөйлемінде айтылатын оймен тең. «Алақай, бәрекелде» сөздерінің мағынасы да хабарлау жағынан сөйлем сияқты.
Одағайлардың адамның көңіл-күйі, сезімімен байланысты эмоциональдық мағынада жұмсалатын заттық ұғымдар мен түсінікгердің аттары емес, адамның ішкі дүниесі арқылы берілетін ишараттарды білдіруі және өзі жарыса қатысқан сөздермен грамматикалық байланысқа түспеуі, белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін атқара алмауы, басқа атауыш сөздер сияқгы түрленетін грамматикалық формасының жоқтығы оны сөйлемде басқа сөздерден оқшауландырып ерекшелендіріп тұрады, сондықтан ол оқшау сөздерге жатады және басқа сөздерге қарағанда интонацияға бай келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |