КIРIСПЕ Әрбір мемлекеттің болашағы – жастар екені даусыз. Елдiң елдiгiн көрсетiп, мемлекеттiң мерейiн өсiретiн, халықты мұратына жеткiзiп, қажеттiлiгiн қанағаттандыратын - жан-жақты жетiлген, парасаты мен пайымы мол, асқақ рухты, туған елi мен Отанын сүйетiн ұлтжанды әрi үйлесiмдi дамыған азамат тәрбиелеу заман талабы.
Мұндай азаматты тәрбиелеуге жетудiң кепiлi – заман талабына сай, таным қажеттiлiгiн қанағаттандыратын, елiмiздiң ұлттық идеологиясы негiзiне сәйкес келетiн, жоғары сапалы әрi ыңғайлы оқу қолданбаларын жарату.
Қазiргi қазақ әдеби тiлi курсы - тiл және әдебиет мамандарын дайындау үшiн оқытылатын лингвистикалық пәндердiң негiзгi салаларынан саналады. Бұл оқу қолданба бүгiнгi күнi жалпы халық қолданып жүрген қазақ әдеби тiлiнiң лексикалық жүйесiн ғылыми теориялық негiзде танытуды мiндет етедi. Қазiргi қазақ әдеби тiлiнің әрбір саласына (оқу қолданбада үш тарауға бөліп қарастырылған) теориялық тұрғыдан тереңірек мәлімет береді. Фонетика саласы – сөз және оның дыбыстық құрамы, дыбыстардың акустикалық және артикуляциялық ерекшеліктерін, сөздің ішкі және сыртқы формаларын, буын мен тасымалдың айырмасын, қазақ тіліндегі екпіннің маңызын, графика, орфография, орфоэпия мәселелерін толық қамтиды.
Сөздiк қор мен сөздiк құрамның ерекшелiгi, олардың әрбiр адам үшiн маңызын ескере отырып, студенттерге де өз сөздiк қорларын байыту жолдары жайлы екінші тарауда, яғни лексикада мәлiмет берiледi. Сонымен қатар, лексикология саласында студенттерге қазақ тiлi лексикологиясының негiзгi стильдiк топтары, фразеологизмдердiң түрлерi, қолдану аясы, негiзгi мағынасы мен олардың маңызы, лексикографияның тiл бiлiмiндегi орны туралы мәлiметтер берiледi.
Сөзжасам жүйесі, сөздің морфемдік құрамы, морфеманың түрлері мен олардың өзіндік ерекшеліктері айқындап көрсетілген. Жалпы алғанда, үшінші тарау морфология саласына арналып, сөздерді таптар мен топтарға бөлу қағидалары мен зерттелу тарихы, сөз таптарының түрлері мен жасалу жолдары, әрбіріне тән категориялар мен мағыналық топтарына сипаттама берілген.
Бұл салада қазақ тiл бiлiмi мамандары елеулi еңбектер жасаған. Жалпы, тiл бiлiмiнiң мамандарынан К.Аханов және Ә.Хасеновтар қазақ әдеби тiлiн әрi туыс болған, әрi туыс емес тілдермен салыстыра зерттеген болса, Ә.Болғанбаев, Ғ.Мұсабаев, I.Кеңесбаев, С.Мырзабеков сияқты ғалымдар өз еңбектерiнде қазақ тiлiнiң фонетика, лексика салалары жайлы ой-пiкiрлерiн көрсетiп өткен, А.Ысқақов, С.Исаев, М.Оразов, Н.Оралбаева т.б. сөзжасам мен морфологияның қыр-сырын терең зерттеп, жоғары оқу орындарының филология факультеттерiне арнап бiрнеше оқулық, оқу-көмекшi құралдар да дайындаған.
Бұл оқу қолданба да жоғары оқу орындарының филология факультеттерiне арналған бағдарламаға сәйкес жоғарыда көрсетiлген авторлардың еңбектерiнен пайдалана отырып құрастырылған. Оқу қолданбаның оқулықтан ерекшелiгi берiлген материалдар ықшамдалған формада берiлген.
Бiрақ елiмiздегi бүгiнгi жаңалықтар мен ұлттық идеологияға сүйене отырып, кейбiр материалдарға өзгертулер енгiзуге мәжбүр болдық. Әрбiр бөлiм бойынша студент меңгеруi тиiс болған материалдар негiзiнде соңында студенттер бiлiмiн тескеру үшiн сұрақтар мен тапсырмалар берілді.
Оқу қолданбада әрбiр тақырыпты студент қай дәрежеде меңгергенiн бақылау және алған бiлiмiн пысықтау үшiн берiлген сұрақтар мен тапсырмалар студенттер мен оқытушыларға жеңiлдiк туғызары даусыз.
І БӨЛІМ
ФОНЕТИКА