Өсімді мүшелер Қоршаған орта жағдайларының әсеріне байланысты ұзақ жылдар бойы өсімдіктер біртіндеп жеке-жеке мүшелерге жіктелді. Өсімді мүшелер тек гүлді өсімдіктерде жақсы дамыған.
Өсімді мүшелер екі түрлі жүйе құрайды: өркендер жүйесі (сабақ, жапырақ), тамырлар жүйесі (тамыр). Олар өсімдікке өсу, қоректену, көлемін ұлғайту және тіршілігін сақтап қалу үшін қажет.
Тамыр және тамыр жүйесі Тамыр – өсімдіктің жер асты мүшесі (1-сурет). Қызметі: а) тамыр – топырақтан сіңірілген суды және онда еріген минералды тұздарды сабаққа өткізеді; ә) өсімдікті топыраққа берік орнықтырады; б) қоректік заттарды қорға жинайды (сәбіз, қызылша, шалқан, шомыр және т. б.); в) көбеюге қатысады. Тамырлар шығу тегіне қарай негізгі, жанама, қосалқы деп бөлінеді. Негізгі тамыр тұқымның ұрық тамыршасынан дамиды. Ол төмен қарай бағытталып, топыраққа тереңдей береді. Негізгі тамырдың жан-жағынан жанама тамырлар таралады. Топырақтан қоректік заттарды соруға қатысады.
Қосалқы тамырлар сабақ пен жапырақтан өсіп шығады. Өсімдіктің топыраққа берік орнығып, қоректенуін күшейтеді.
1-сурет. Тамыр типтері. 1. Негізгі тамыр. 2. Жанама тамыр. 3. Қосалқы тамыр. 4. Сабақ.
Тамыр жүйесі деп бір өсімдікте болатын әр түрлі тамырлардың (негізгі, жанама, қосалқы) жиынтығын айтады.