Түйін сөз: Тұран, тұлға, ұлт-азаттық көтеріліс, қозғалыс, Алаш қайраткерлері, кеңестік тоталитарлық жүйе, Түркісіб құрылысы, геноцид саясаты.
Ұлы Тұранның тарихында саяси қайраткерлігімен тазалығын жоғалт-пай, ұлт алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқарған атақты тұлғалар аз болмаған. Солардың бірі, жоғары ұйымдастырушылық қасиеті мен шеберлігінің арқасында қазақ елінің салт-дәстүрін, тарихи болмысын, ұлттық тұтастығы мен қасиетті тілін, ұлттық менталитетін, теологиялық таным –түсінігін қастерлеген абзал ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов болатын. Белгілі қаламгер Шерхан Мұртаза «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» драмаларында, «Қызыл жебе» романында қоғам қайраткерінің қасіретті ғұмыры мен қызықты қызметтік жолына асқан көрегендікпен үңіле отырып, Тұрар Рысқұловтың әдеби бейнесін ойдағыдай бере білген. Әсіресе «Сталинге хат» пьесасы тарихи фактілерге дәлме дәл негізделген.
Кеңестік һәм қазіргі кезеңдегі әдеби, ғылыми және баспасөз материал-дарын қайта сүзгіден өткізе отырып Тұрар Рысқұловтың ұшан-теңіз риясыз еңбегі аз зерттелді деп те, көп зерттелді деп те айта алмайды екенбіз. Кешегі Кеңестік тоталитарлық жүйеге бағынған жылдары (1917-1918 ж.) Тұрар Рысқұлов қазақ еңбекшілерінің арасында өзінің белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, талантты ұйымдастырушы ретінде көзге түсті. 1918 жылдың сәуірінде Әулие ата кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, Әулие ата мұсылмандары арасында кәсіподақ ұйымын құруға бел шеше кірісті. Осы қызметте жүріп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде көршілес Қытай еліне ауа көшкен аш ағайынды елге қайтару үшін, жұттан қалжыраған қауқарсыз халықты аман алып қалу үшін тамақтандыру тіректерін ашты. Небәрі жиырма төрт жасында осы қызметке тағайындалған Тұрар тәжірибелігі мен талғампаздығын, жоқ-жітіктің жанайқайына жауаппен қарайтын тазалығын талай рет дәлелдеді [1]. Ендеше, тарихи баспасөз материалдарына назар аударайық. 1926 жылдары жарық көрген «Коммунистическая мысль» журналында жарияланған «Очерки революционного движения в Средней Азии» атты мақаласында Г.Туркестанский (П.Г.Галузо) былай деп жазады: «первое, что бросается в глаза при чтении статьи Рыскулова, - это недостаточная оборудованность статьи точными ссылками на источники. Неверно указание товарища Рыскулова, что край уже с первых попыток проникновения в него русских еще со времени Петра Великого является не только объектом эксплуатации для развивавшегося отечественного капитализма, но также и местом для переселения из районов крестьянских волнений, ибо зеселение края всерьез началось только с 1906 года, да и то до 1910 года край для переселения был закрыт и населялся только самовольцами. Борьба киргиз и туркмен против переселенца – мужика фактически была борьбой против русского помещика, поставившего этого мужика в такое положение, что он был вынужден наступать на туземца. Этот элемент противоречий мог разрешиться и разрешился вовсе не на туркестанской арене борьбы, а на арене русской аграрной революции» [2].
Кеңестік отаршылдық идеологияны қолдайтындығын көзқарасымен танытқан автор Тұрар Рысқұлов мақаласының әр сөйлеміне ескертпелер мен түзетулер берген. Қара халықтың жалғыз қазынасы – жерінен айырылуына Кеңес үкіметінің түк қатысы жоқтығын жалаулата сөйлегенімен, ар жағынан империялистік, шовинистік амбициясы байқалып тұрады. Андреевка, Алексеевка, Петропавл, Павлодар, Ванновка т.б. топонимикалық атаулар осыған нақты айғақ бола алады. Ал Н.Кузьмин атты автор «О марксистском понимании восстания 1916 года» мақаласында өзінің сын садағын тағы да Тұрар Рысқұловқа кезей отырып, қазақ қайраткерінің өрелі ойын түсінбеуге тырысады: Статья Рыскулова «Восстание туземцев Туркес-тана 1916 г» полно грубейших ошибок против марксизма. Вся беда Рыскулова в том, что он заранее нарисовал себе какую-то теорию которое заключается в следующем: «Всякое движение угнетенных против угнетаю-щих национальностей непременно носит национальный характер. Утверж-дение Рыскулова не совсем верно. Товарищу Рыскулову необходимо доказать чистоту местной буржуазии для того, чтобы иметь возможность сказать, что движение 1916 года было национально-демократическим. Революционный характер этого движения ясен сам собой, несмотря на то, что оно безусловно национального характера не носило. В общем и целом, картина остается ясной движение не имело ни плана ни руководства» [3]. Басшысы да, бағдары да жүйелі жоспары да жоқ қауқарсыз қозғалыс деп есептеген автор Б.Әшекеев пен А.Имановтартардың саяси-әлеуметтік іс-әрекеттерін елемеуге тырысады. Әр сөйлем сайын Тұрар Рысқұловтың «саяси қателігін» көрсете беруіне қарағанда автор ұлт-азаттық көтерілістін болғаның мойындағысы келмейді. Осы жазбаларға көз жүгірте отырып-ақ Тұрар Рысқұловтың сиясы кеппеген саяси сараптамаларының соққына шам алып түсу «жапондық тыңшыларды тұтқындау» науқанынан әлдеқайда бұрын басталғанын бағамдаймыз.
Тұрар Рысқұловтың пікірінше 1916 жылғы көтеріліс үлкен саяси төңкеріске негіз болған ұлт – азаттық қозғалыс. Ол орыс большевиктері айтқандай байлар мен панисламистердің ұйтқы болуымен басталған және буржуазия ұлтшылдарының идеологиясына қызмет еткен қозғалыс емес [4].
ХХ ғасырдың 1920-жылдары жүргізілген жер-су реформасы кедей кепшіктің қуатты қолдауына ие болғанымен, алғашқы науқанда сансыз сәтсіздіктер мен өрескел қателіктерге жол берілген болатын. Реформа барысында берекеге кенеледі деген елдің басынан өткен бір жағдаятты Тұрар Рысқұлов былайша атап көрсеткен: «Лепсі уезіндегі қайтарылған жерді қазақтарға бергенімен, іс жүзінде орыстар оларды уезде жаппай ұрып-соғып, бөлінген жерді кері алуда. Осы уезде орыстар қолымен он бір адам өлтірілді» [5].
Осы мәлімдемесінен түйгеніміз – Тұрар Рысқұлов секілді көреген тұлғалар «аша тұяқ қалдырмай» асыра сілтейтін белсенділердің дайындықсыз бастамаларына батыл тойтарыс беріп отырған. Кеңестік кезендегі интелли-генцияны жаппай қуғын – сүргінге ұшырату науқанға айналған жылдары сабырлы қалпың сақтап, салмақты ой тастау үшін, «қызыл тулы Кеңестің» «қайырымдылығын» көрген көздердің көз жасын көре білу үшін ерекше білім иесі, асқан ақыл иесі болу керек. Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік бұл үддеден шыға білген. Ташкентте мұғалімдер институты ашылғанда көкірегі ояу қазақ жастары арасында аталған оқу орнына ат басын бұрғандардың арасында Рысқұлов та бар болатын. «Дегенмен, аталмыш оқу орнын аяқтауға мүмкіндік болмады, себебі ақпан төңкерісінен кейін бірден революциялық жұмысқа бас ұрып Әулиеата уезінде Уақытша өкіметке қарсы күресуіме тура келді» - деп өз өмірбаянында өкіне мәлімдеуіне қарағанда, мұнан кейінгі рухани һәм саяси сабақты өзгермелі өмір мектебінен алғандығын аңғарған-даймыз. Кейіннен республиканың басшылық орындарында жүрген кезінде де Тұрар Рысқұлов Кеңес билігі уәде еткен еркіндіктің ауылы алыстағанын, халықтың сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан салт-дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктері ескерусіз қалып, күштеп қолдан ұжымдастырудың арқасында қалын елдің алапат аштыққа ұрынғанын ашына айтып кетті. Ұлтқа қарсы істелген геноцидті ұлы жүректері тоқтағанша таусыла айтып өткен арыстар ақыр соңында өздері де сталиндік саяси қуғын-сүргін жендеттерінің құрбаны болды. Асыра сілтеушіліктің ақыры неге апарып соқтыратынын сезген Тұрар Рысқұлов өз жазбаларында былай дейді: «Мұн-дай асыра сілтеушіліктерге себеп болған негізгі жайттар: коллективтендіру мен малды қоғамдастыруға жоғары процент қуушылық, жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктерін жойып, мал шаруашылығымен шұғылданатын аудандарда барлық жерде бірдей артельдер типті коммуналар ұйымдастыруға, шамадан тыс алып колхоздар ұйымдастыруға әуестенушілік, 300-400 шаңырақты зорлықпен бір жерге жинап, қалашық жасау, қазақ колхоздарын орыс колхоздарына күштеп қосу, колхоз-совхоз комбинаттарын құру, атамекенінен үдере көшкен бай-бағланның төлеуге тиіс салығын көбінесе жарлы-жақыбайларға бөліп салу, бірқатар аудандарда революциялық заңдылықтың жаппай бұзылуы (ұрып-соғу, қамауға алу, біреудің мүлкін иемдену т.с.с.) колхозшылардың тапсырған шикізатына ақы төлемеу, аудандарды жете білмеу....» (И.В.Сталинге жазған хатынан) [6].
Ия мұның үстіне қоңыр төбел тіршілікті қазақтың күн көрісіне күйрете соққы берген ет салығы, жүн салығы, бидай салығынан басқа естіген есті азаматтың зығырданын қайнататын шошқа салығы (иманы айрандай үйіп отырған елде мұнан артық қандай қорлық керек), шаңырақ салығы, киіз үй салығы, ит терісін өткізу салығы (қазақ ешқашан харамға қасапшы болмаған), жылқының құйрық-жалын күзеп өткізу салығы (қазақта о дүниеге аттанған адамның жылқысының ғана құйрық-жалын күзеп, жылына дейін мінбейтін салт болған) секілді сорақылықтарға жаны төзбеген қайраткерлер қарсылық көрсеткен күннен бастап «банды» аталып шыға келген. «Кіші Қазан» доктринасының авторы Ф.И.Голощекин Сталинге жазған хатында «сонғы екі жылда (1930-1931 жж) ірі бандылардың 15 көтерілісі болды. Оларға 34000-ға жуық адам қатысты. Осы екі жылда 1350 контрреволюциялық топтар жойылды және олардың 7,5 мыңдай қатынасушылары қолға түсті» [7] деп («Қазақ тарихы журналы») мақтана-мәлімдеуіне қарағанда мемлекеттің төңкеріс жасамақ болған маңызды «бандыларды» талқандау операциясы ұзаққа созылғанға ұқсайды. Т.Рысқұлов Кеңес үкіметінің Түркістанда түбегейлі орнығуына атсалысқан. Түркістан кеңестерінің VI құрылтайында мүшелікке сайланған, 1918 жылдың желтоқсанында өткен Түркістан компартиясының ІІ конференциясында мұсылман бюросын басқару сеніп тапсырылған. Түрксіб құрылысында да өзіндік қолтаңбасы қалған текті де таптырмас кадр еді [6]. Бұл пікірімізге Түркістан компартиясының мүшесі М.Фрунзенің «крупнейшим представителем этих мусульманских коммунис-тов из киргиз является Рыскулов….помимо ума, обладает большой энергией и недюжинным характером» деген көзқарасы дәлел бола алады [8]. Т.Рысқұлов 1919 ж наурызда Түркістан Кеңестері Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, 1920 ж 21 қаңтарда Түркістан Атқару Комитеті төрағасы И.А.Апиннің Москваға ауысуына байланысты төраға қызметтерін абыроймен атқарды. Ол 1921 – 1922 жылдары РСФСР – дың Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссариатында қызмет атқарды, кейінірек сол Комиссариаттың екінші орынбасары лауазымында істеді. Кейін, Орталық Комитетінің ұйғарымы бойынша, арада жыл өткен соң қайтадан Ташкентке келеді де, 1922 – 1924 жылдар аралығында Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарады [9].
Т.Рысқұлов 1923 ж 5-9 наурыз аралығында Ташкентте өткен Орта Азия республикаларының ортақ суландыру жүйесін қалпына келтіру туралы баяндамасы арқылы өз өресінің тым жоғары екендігін, реформаторлық қасиеттерінің толағай екендігін тағы да бір дәлелдеді [10]. Түрксіб құрылысына тәжірибелі инженер-теміржолшы М.Тынышбаевты тартып, төрт жылға межеленген тарихи құрылысты қысқа мерзімде (1930 жылы мамыр айында, мерзімінен бір жыл бұрын) аяқтады.
Сонан соң, Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының құрылуына байланысты 1924 – 1925 жылдары сонда болып, онда Республика Конституциясын жазуға атсалысумен бірге, ол ел астанасының атын «Ұлан Батыр» деп қойылуына тікелей мұрындық болады. Сондай – ақ Орталық Комитетінің шешімімен ол, 1926 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Өлкелік партия комитетінің қарауына жауапты жұмысқа келеді де, сонда қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, әрі «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Шындығында да қай істе де өзінің асқан табандылығы мен білімділігін, кемеңгер де кемелділігің, биік талғам мен парасаттылығын таныта алған Тұрар Рысқұлов 1926 жылдың 27 мамырынан Орталық Комитетінің қаулысымен РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының үшінші орынбасары болып тағайындалады да, оны 1937 жылдың аяғына дейін жалғастырады [11].
1930–1931 жылдары елді аштық жайлаған кезенде Сталинге келіп жатқан хаттар мен телеграмалардың саны күннен күнге арта түсті. Осы түста Тұрар Рысқұловта өзінің алғашқы екі хатымен нақты деректемелерін жазды. Алғашқысы 1932 жылы қырқүйек айында, кейнгісі 1933 жылғы қаңтар айын-да жолданды. Үшінші хат 1933 жылдың тоғызыншы наурызында жазылған.
Енді хаттарда келтірілген тарихи фактілерге назар аударайық. Ақтөбе облысы бойынша 1 млн 12 мың бес жүз адамнан 1932 жылы 725 мың 800 жүзі ғана тірі қалған, бұл – 71 пайыз ғана деген сөз. Қызылорда аудандық атқару комитеті төрағасының деректері ондағы ауыл советтерінде 15–20 пайыз ғана адам тіршілікте бар екенін айғақтап түр. Өлген кісілердін етін жеген оқиғалар жайында хабар жете бастады. Әсіресе балалар арасында өлім – жетім көп. Қазақ әйелдері балаларын мекемелер мен үйлердің алдына тастап кетуде. 50.000 мың қазақ баласының ешқайда орналастырылмағаны ресми түрде хабарланды. 1932 жылғы ақпан айында жүргізілген бүкілодақтық мал санағының мәліметтеріне қарағанда 40 млн бас малдан санақ кезінде 5 млн 397 мың бас қана мал қалғаны – яғни мал басының 85,5 пайыз кеміп кеткені анықталды. Тұрғылықты халықтың 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл мәселе едәуір дәрежеде ұлттық мәселе болып табылады. 1932 жылы бірқатар қазақ аудандарында егіс көлемін есептеу барысында елеулі қөз бояушылықтарға жол берілгені қазір анықталып отыр. 1932 жылғы көктемгі егіс науқаны барысында колхоздармен көптеген ауданда тұқым себу нормасы туралы жалған ақпарлар жасалып, өрескел бұрмалаушылықтарға жол берілген. Бұл аудандарда тұқым қоры аз жиналған және қарызға алынған тұқым көп жерде елжұртқа жеткізілмеген. Демек, осының өзі жұрттың қонысынан ауып, ашаршылыққа ұшырауына себеп болды.Орталық Комитеттің 1932 жылғы қырқүйектегі қаулысында «200.000 мың қазақ шаруашылығын отырықшыландыру жұмыстары жүргізілген» деген тұжырым бар. Ал іс жүзінде олардың саны 100 мыңға да жетпеген. Қазақтар салған үйлерін тастап – қорек іздеп – босып кеткен. Мысалы, Алматы облысында 2100 үй, Қарағанды облысында 4100 үй, Мақтарал ауданында 250 үй қанырап бос қалған. 1932 жылғы мамыр айында Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 50400 адам болса, содан қараша айының қарса-ңында тірі қалғаны – 15900, ал аудан орталығында күн сайын 15–20 адам өледі. Төрғай, Батпаққара өңірінде халықтың 20–30 пайызы қырылып болған, қалғандары көшіп кеткен. Шалқар ауданындағы әлденеше ауылдарда тұрғы-лықты халықтың 30–35 пайызы қырылып қалған. Осындай аудандар құрамына кіретін Ақтөбе облысы бойынша 1930 жылға дейін өмір сүріп келген. [12].
Алайда Тұрар Рысқұловтың Қазақстан трагедиясы туралы Сталинге жазған үшінші хаты тым кеш жетті. Ол кезде (1933 жылдың ақпаны) қазақ түгелімен қырылғандары қырылып, қалғандары босып, амандары сол жерде қалып, түсініксіз нәубет біржола аяқталып біткен кез еді. Дегенмен, Тұрар Рысқұловтың Мәскеуде ірі қызмет атқара түрып, сол кездегі қазақ халқын ашаршылық апатына ұшыратып, тікелей геноцид жасап отырған Сталинге жүрек жүтқан қаһармандықпен қаймықпай хат жазуы – теңдессіз ерлік болатын.
Жинақтап айтқанда, Тұрар Рысқұловтың қазақ тарихындағы тұлғалық орны мен еңбектерінің жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде атқаратын ролі орасан зор, әлі де талмай зерттеп-зерделеуді талап етеді. Біздің міндет: азаттыққа қол жеткен бүгінгі күнде жалынды жастарға Тұрар Рысқұловтың ғибратты ғұмыры мен өнегелі істерін қаз қалпында жеткізу болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |