Пайдалагылғын әдебиеттер



бет3/5
Дата07.02.2022
өлшемі40,68 Kb.
#88689
1   2   3   4   5
Байланысты:
СОӨЖ

Жаңа дәуірдегі фольклор. Бұл кезең ХVІІІ ғасырдан бергі уақытты қамтиды. Әлбетте, фольклор – өмірдің ағымы сияқты тез өзгере беретін құбылыс емес. Дегенмен, халық тұрмысымен, оның санасымен тікелей байланысты болған соң ол да әр кезде өзгеріске ұшырап отырады. Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен үш ғасырдай жүргізген соғысы халық өмірінің барлық саласына әсер етті, ал рухани мәдениетте ерекше із қалдырды. Фольклор да айтарлықтай жаңарып, оның жанрлық құрамы толыға түсті әрі көркемдік сапасы да артты. Бізге жеткен фольклор нұсқалары, негізінен, осы жаңа дәуірде, яғни ХVІІІ-ХІХ ғасырларда сұрыпталып, көркемдік жағынан әрленіп, жүйеленіп, осы күнгі қалпына жеткен деуге болады. Бұл кезеңде ертеден келе жатқан батырлар жырымен қатар жаңа эпикалық жанр – тарихи жыр барынша етек алып, жеке түр ретінде үлкен қарқын алды. Тарихи жырдың мазмұны да байи түсті. Оның шығармаларында енді тек қана қалмаққа қарсы соғыс жырланып қойған жоқ. Жаңа туындаған тарихи жырда Ресейдің отарлық саясаты мен іс-әрекетіне, сондай-ақ қоқандықтардың шапқыншылығына көрсетілген елдің қарсылығы жырланатын болды. Еліміздің әр тұсында бірінен соң бірі орын алған көтерілістерде қол жинап, ел басқарған қайсар азаматтардың батылдығы мен ерлігі халық санасында тарихи жыр түрінде жаңғырып жатты. Бұл жағдай жаңа жырмен бірге көптеген аңыздарды, өлең мен ән-күйді дүниеге әкелді. Олардың да мазмұны әр алуан болды. Бірде орыс әскерімен ұрыс баяндалса, енді бірде қоқандықтарға қарсы соғыс әңгімеленеді, бірде қазақ қайраткерлерінің елшілік істері айтылады. Сырым бастаған көтеріліс туралы аңыз, әңгімелер, «Ерназар-Бекет», «Досан батыр», «Жанқожа батыр», «Кенесары-Наурызбай» жырлары, Қаздауысты Қазыбектің қонтажыға барған елшілігі жайындағы аңыздар қазақ фольклорына жаңа тақырып пен жаңа түр енгізіп қана қойған жоқ, олар фольклор құрамын өзгертті, фольклорға саяси мағына берді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ фольклоры шешендік сөздермен және шежірелермен молықты, аңыздың ішкі түрлерімен, хикаятпен және әпсаналармен толықты. Тарихи жырдың тағы бір түрі – реалды тарихи эпос қалыптасты («Қаншайым-Наурызбай», «Айман-Шолпан», «Сұраншы батыр»). Бұл жанр, негізінен, Қытай жерінде қалған қазақтардың да «Мырзаш батыр», «Түкібай-Шолпан» сияқты жырлары түрінде айқын көрінді. Халық поэзиясының шағын түрлері де туындап жатты. Атап айтқанда, тарихи өлең мен қара өлең өмірде болып жатқан алуан түрлі оқиғаларды қамтып, халық санасына, эстетикалық талап-талғамына сәйкес баяндады. Атақты «Қаратаудың басынан көш келеді» мен халық тұрмысында 23 жиі қолданылатын әдет-ғұрыптық мәндегі өлеңдер ел қажеттілігін өтеді. Мәселен, ел басына түскен қиын-қыстау сәттерде қоштасу сияқты жанр пайдаланылғанын айтуға болады. Кей жағдайларда тарихи өлең, қара өлең, қоштасу, – бәрі араласып, астасып кетеді де, бір өлеңде бірнеше жанрдың белгісі бірігіп кеткені байқалады. Жаңа дәуірдегі фольклорлық дәстүрдің өрлей түсуіне ақындар мен жыршылар ерекше үлес қосты. Олар өмірде болған ірі оқиғалардың арасында болып, соның ізімен көргендері мен естігендері туралы неше алуан әңгіме, аңыз, өлең тудырып отырған. Олар тудырған шығармалар ауызша туып, ауызша тарағандықтан бірте-бірте фольклорлық айналымға түсіп, алғашқы авторлық шығарма халық дүниесіне айналған. Бізге жеткен көптеген жырдың, өлеңнің, ән-күйдің фольклорлық сипатта болуының басты себебі – осы. Әрине, фольклорлық циклге түскен шығарма айтыла-айтыла әрленеді, қосымшалармен толығады, сөйтіп бірнеше орындаушының шлифовкасынан өткен соң халықтың түсінік-пайымын бойына сіңіреді әрі дәстүрлі түрде айтылып, даралықтан айырылады. Сондай халді тек өлеңдер ғана емес, бұрыннан келе жатқан эпостар да бастан кешірді, сол себепті де олар біздің заманға көп вариантты болып жетті. Ақындар мен жыршылар жаңа оқиғаны ғана сөз етіп қоймай, олар ежелгі жырларды да бірде жаңғырта, бірде дәстүрлі түрінде жырлап, ескі мен жаңаны қатар өзінің жадында, репертуарында сақтап жүрді. Қазіргі кезде оқып жүрген классикалық эпостар, әсіресе батырлық және ғашықтық жырлар осы күнгі қалпына сол ХVІІІ және ХІХ ғасырда жеткен. Әйгілі Жанақ, Шөже, Марабай, Мұсабайлардан ХІХ ғасырда жазылып алынған мәтіндер – ойымызға толық дәлел бола алады. Айтылмыш кезеңде қазақ фольклорына исламның, Шығыс фольклоры мен әдебиетінің әсері күшейеді. Ғұрыптық фольклорға енді мұсылмандық нышандары молдап еніп, тұрақты белгіге айналады. Ел арасына қисса, хикаят деген атаумен Шығыс дастардары кеңінен тарайды. Солардың үлгісімен ақын-жыршылар дәстүрлі қазақ сюжеттерін дастанға айналдырып, ұлттық фольклорда дастан жанрын қалыптастырады. Осының ықпалымен хикаялық (новеллалық) ертегі өріс алды. Ежелгі қиял-ғажайып пен батырлық ертегілер жаңа көркем сапаға көшеді, олар мазмұн мен идея жағынан хандық мемлекет ауанына ыңғайландырылады. Жаңа заманғы ұғым-түсініктер талабына сай ескі кейбір наным-пайымдар қайта қаралып, жоққа шығарылады, сыналады. Соның нәтижесінде сықақ күшейіп, сатиралық ертегі бой көтереді. Осындай сықаққа негізделген өтірік өлең ерекше көрініс береді. Өтірік өлеңде ежелгі ритуалдық күлкінің орнына әжуа-сықақ орнығып, күлкі үлкен сатиралық мазмұнға, аллегориялық мағынаға ие болады. Жаңа жұмбақтар мен жаңа мақал-мәтелдер де пайда болып, дидактикалық қызмет атқарады. Балалар фольклоры да осы кезеңде орнығады. Сөйтіп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ фольклорының барлық дерлік жанры даму үстінде болды, олар халықтың рухани қажетін толығымен өтеп отырды. Эпикалық жанрдың бұрынғы да, жаңа түрлері де, шағын жанрлар да, жаңадан пайда болған жанрлар да, – бәрі біртұтас көркем жүйеге айналды, қоғамның мәдени сұранысын мейлінше 24 қанағаттандырды. Фольклор толық сөз өнері ретінде авторлық әдебиетпен қатарласа өмір сүрді, әдебиеттің біраз қасиетін қабылдады, ал дастан сияқты жанр әдебиетке жақындай түсті. ХІХ ғасырда қазақ даласына тіршіліктің жаңа бір түрі – үлкен өндірістік өмірдің енуіне байланысты фольклор құрамында «жаңа бір сала жұмысшы жырлары туып, дами бастады... Күнделікті тірлік, азапты ауыр тұрмыстан туған әңгіме-жырлар мен мақал-мәтелдерден жұмысшының ой-пікірі, қоғамдық құрылысқа деген көзқарасы да аңғарылады» . Қазақ жұмысшы фольклорын зерттеушілер оны «тақырыбына, дәуіріне қарай үш салаға жіктейді: 1) ауыр еңбек, азапты өмір жайындағы өлең жырлар; 2) орыс-қазақ жұмысшыларының достығы мен ерлік күресі туралы жырлар; 3) империалистік соғыс дәуіріндегі және 1916 жылғы көтеріліс жырлары» . Әрине, бұл жіктеудің негізінде Кеңес өкіметінің саяси-идеологиялық ұстанымы жатқаны анық. Дей тұрғанмен, зерттеушілер қазақ фольклорында мүлде жаңа жанр пайда болғанын дөп басып, көре білген, оның ерекшеліктерін де аша алған. Сол себепті де біз ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ фольклоры тағы бір жанрмен толыға түскенін айтуға тиістіміз. Жалпы, фольклор – табиғатынан консервативті руханият, ол қоғамдағы өзгерістер мен тіршілік ағымында үнемі ілесіп отырмайды, жедел өзгере қоймайды. Бірақ соған қарамастан дүбірлі ХХ ғасыр фольклорды да айналып өтпеді, оған да өз ықпалын жасады. Күллі мәдениет сияқты, фольклор да Кеңес өкіметі мен компартияның саяси-идеологиялық қыспағына түсті. Ең алдымен, фольклор екі жікке бөлініп қаралды. Оның біртұтас руханият екендігі жоққа шығарылып, оны бағалауда таптық көзқарас негізге алынды да, фольклорды «халықтық» және «халыққа жат» деп тану орнықты. Мұның өзі фольклорды біржақты жинап, зерттеуге әкеліп соқты. Соның салдарынан фольклордың дінге, әдет-ғұрыпқа байланысты салалары назардан тыс қалды, ал классикалық фольклор жазба әдебиеттің заңдылықтарымен зерттелді. «Совет фольклоры» болуға тиіс деген идеологиялық ұран ежелгі фольклордың өзін бұрмалауға және жаңадан жыр, дастан, тіпті жаңа ертегі мен әпсаналарды ойлап шығаруға, орындауға, жинауға, зерттеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, халық ақындары «жаңа» фольклорлық шығармалар туғызды, таптық-әлеуметтік жырлар мен дастандарды шығарды. Партия көсемдері туралы жасанды әңгімелер мен ертегілер дүниеге келді. Бұл жасанды фольклор ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ сынға ұшырады, оның қате екені мойындалып, ғылым енді біртіндеп, негізінен, халықтың өткен замандарда тудырған фольклорын бөлмей-жармай, біртұтас мұра деп бағалап, тереңдей зерттеуге бет бұрды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет