БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
Күн бесіндіге таяна таңертеңнен бері жапалақтап жауған қардың арты боранға
айналды. Мана бір кезде қоп-қою қарлы бұлт бүркенген зеңгір аспан аз уақыт көгілдір
түске боянып ысқаяқтана ашылған да, ендігі кезекті арқаның желінен күтіп тым-тырыс
монтанси қалған.
Дәл осы мезетті аңдығандай кешеден бері демін ішіне тартқан ызғырық өткір жел де
баяу көтеріліп, ұртын томпайта қойды. Алғашқыда сұлық жатқан жалпақ өңірдің ақ
көрпесін қай жағынан түрерін білмей, мың құбылып тұрды да, терістікке қарай біржолата
жонын бере бұрылып алған соң, ішін тартып, зор уілге басты. Жаңа түскен ұлпа қар ен
даланың бетінде жыланша ирелеңдеп, жер бауырлай тіміскілеп кезіп жүр. Жел гүлеген
сайын қарлы жыландар бастарын қайта-қайта көтеріп алып, естері шыға ойнақшып мидай
араласа жөнеледі. Көкке шапшып шаншылып, бір-біріне айбат шегіп ысылдап, арбасып
тұрады да, жерге сылқ етіп құлап, мың бұратылып, ұмар-жұмар домаланған күйі қайта
жоғары шиыршық атылады. Боран көтеріліп кетті.
Қысқа күн етекке қарай жақындап, түтеген ақшаңдақ боранның арасынан қызыл күлгін
түспен көмескі сығалап тұрды да, ұйқыға маужыраған сары мысықша көзі кілбиіп барып,
біржола жұмылды.
Сабалақ жүнді жұмсақ терімен қаптаған қайқы бас жеңіл қашабаға жегілген пар ат бұл
кезде алғашқы қарқынынан айырылып, бүлкекке түскен. Тәует басын бір жағына бұрып
тастап, мойнын садақша иіп жұлынып келе жатқан парайдағы ақбақай тор дөнен, енді
қарға жиі омбылап, қабырғасымен жетекті сықыр еткізе қағып, тар жолға таласып келеді.
Ортадағы жал-құйрығы төгілген қабырғалы биік қара ат оңай ойыса қоймай, жеңіл
лықсытып жіберіп тор дөненді күртікке қайта түсіреді.
Жастайынан жылқы бағумен көзі шығып келе жатқан атшы қысқы жолдың сырына да
кәнігі. Жолдағы «Бірлік» колхозынан өткелі қос аттың жүрісін аңдып отырған. Ат құлағы
көрінбейтін дүлей боранның ішінде сыралғы тор дөненнің болдыра бастағанын сезіп,
аттарды тоқтатты:
– Тр-р-р!
Қалың қарды таспаша тіліп келе жатқан темір табанның бір қалыпты сырылы төбеге
ұрғандай тынды да, жолаушылардың алды-артын орай соққан бұрқасын шананың қуыс-
қуысына лап қойды. Көзі бір ашылып, бір жұмылып ұйқы буып маужырап отырған екінші
жолаушы селк етіп, басын тұмшалап алған қасқыр ішіктің жағасын ашып жіберді. Салалы
сабалақ жүннің ішінде булығып тұрған қапастағы арақ иісі мүңк ете қалып еді, ұйтқыған
есірік боран көз ілестірмей қағып әкетті. Жып-жылы жағаның терең қуысынан:
– Келдік пе? – деген қарлыққан үн шықты.
– Жоқ, әлі он-он бес шақырымдай жер бар, – деді атшы шанадан еңсеріле түсе беріп.
Қасқыр ішік солға қарай икемсіз аюша қисайып, шананың алдына қолын созды.
– Ау, әлгілер қайда, салып па ең?
Қос аттың түндікше желпілдеген жылы танауына тұрған сүңгіні алып жатып, атшы
селсоқ жауап берді:
– Шананың алдыңғы жағында, кілемнің астында. – Қасқыр ішік кілем астындағы
шөпке қолын үңги тығып жіберіп еді, шыны шөлмектер сыңғыр етті.
Атшы парайдағы тор дөненді түсіріп, шананың артына байлады да, күміс шілиялы
қамыт-сайманын шананың алдындағы қуысқа әкеп тықты. Қалың ішіктің салақтаған ұзын
жеңінен қолын шығара алмай, қорбаңдап жатқан әлгі жолаушыдан бөтелкені алып, аузын
алақанымен басып тұрып, шоқпардай күсті қолымен түбінен бір қойғанда тығын атып
шығып қолына келді...
Бағанадан бері жас дөнен жолдың екі езуіне алма-кезек бұлтыңдап, титықтатқан
омыраулы қара аттың арқасы кеңіп, маңдайынан қарсы соққан өткір желді қайықша сүзіп,
жосылтып келеді.
Жалпақ жатқан қазақ даласының терістік жағын мекендеген Қызыл жалау ауданының
қысы ежелден қатты. Ақ десең түкірік жерге түспейтін бет жалаған қызыл шұнақ сары аяз
бен екі үйдің арасы көрінбес алай-түлей түтеген ақ боран – осы өлкенің еншісі. Екі жүз,
үш жүз шақырымға созылған мидай ен далада шашыла қонған ауылдарға қысты күні алыс
сапарға шығу жолаушы үшін үлкен әбігер. Бұл жолға көзсіз батырлықтан гөрі киім мен
көліктің мықтылығы ғана төтеп береді. Сондықтан да осы жақтың халқы жылқы малын
қадірлеп, жақсы ат болса күтімін тауып, бабымен мінуге машықтанған.
Қызыл жалау ауданындағы мақтаулы жылқының бірі осы қара ат. Алып-жұлып бара
жатқан ақпа, ұшқырлығы болмаса да, бір қоналқы жерге құлағының түбі де жіпсімей
жететін нағыз ұзақ жолдың аты. Оның үстіне көзге түртсе көргісіз айсыз түнде де, түтеген
боранда да бір адаспай, көздеген жеріне салып отырып алып баратын жолшыл, сенімді
мал.
Осы қасиетіне қанық атшы тор дөненді парайдан алған соң-ақ тізгінді бос қоя беріп,
қара атты өз еркіне жіберген. Жол үстіне түскен жал-жал оқапты бұрқыратып, борт-борт
желіп келе жатқан тізелі атқа қарап, «жануарым-ай, бір жігітке серік боларлық малсың-ау»
деп іштей риза болып отыр. Тілерсектен келер омбыға малтығып, жолдан мүлт тайып
кетсе-ақ, қара ат шоқ басып алғандай орғып түсіп жол табанына қайта шығады.
Бір стаканды тастап алған соң, шанамен бірге шайқатылып манаурап отырған қасқыр
ішік, құлаған тамдай жақтауға қисая беріл қалғып кеткен. Тосыннан шәуілдей қалған
иттердің даусы құлағына тұншыға жеткенде барып бойын түзеді.
Қара ат үйреншікті биік қақпаға келіп бір-ақ тіреліпті. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан
көл-көсір аранына зәулім бір мая шөп үйілген шатырсыз бәкене жер үйдің маңы алай-
түлей. Дала да аппақ, үй де аппақ. Есік алдына тоқтаған шананың сырылына елеңдеп,
тарбақ бұтақ қадаға ұйлықтыра қаңтарған үш-төрт жылқы қатарымен оқыранды. Анадай
жерде басын кекжите байлаған шана арыстарының басы ғана қылтияды. Үстінен қар
жүріп кеткен. Ішін үңги алған шөптің жылы қуысында бұйығып жатқан ала мойнақ көрі
қаншық бар күшігімен өре түрегеліп, қораның үстін басына көтерді. Күн-түн демей
қатынап, ағылып өтіп жататын жолаушыға әбден еті үйренген сары тоқаш мұрын көсе
жігіт шілтерлі қол шаммен ырғалып-жырғалып шыққанда барып жым болған ұяластар
енді сырттағы жүргіншіде жұмыстары болмай, күнде жылы сорпа, жуынды құятын иесіне
дәмелене ұмтылып, алды-артына асылып, кескестеп аяғына оралды. Қара шана ат-
матымен кең қораға кіргенде ғана жол соғып тастаған қасқыр ішік өз-өз боп орнынан
созалаң тұрып:
– Ay, Дикамысың, мұның не, осыншама бипазданып. Бізді суыққа ұстап сынайын
дедің бе... – деп тілге келді.
Сары жігіт ернін бір жалап алып шамын көтере жолаушыға төне қарады да, лез қайта
тартып алды. Жауап қатпастан ыржың етті. Не мазақтағаны, не кінәсін мойындап ұялғаны
белгісіз. Тек жолаушының тұлыбын алып жатып қана мұрнының астынан естілер-естілмес
күбірлеп жүр.
– Мен басқа біреулер ме десем. Қайдан білейін... Бұл үй – осы жапан түзде қалқиған
жалғыз қора.
Бұдан бөтен бұл маңда қыбырлаған тіршілік жоқ. Арасы алпыс шақырымдай жырақ
жатқан екі колхоз аулының тап ортасында «Малжан ағашы» деп аталатын шоқ ағаштың
бауырына салған, жолаушылар ат шалдырып, түнейтін қоналқы бекет. Жергілікті халық
мұны «постаял» дейді.
Қора астында үш үй бар. Бірі – Қарасай тұратын үлкен үй де, екіншісі – Қарасайдың
үлкен баласы Жәлелдің отауы. Енді бірі қазанаспасын ішіне бірге салған кең бөлме. Қонақ
үй. Қазір бұл үйдің іші лық толы адам. Әңгіме шертіп дуылдасып отырған жолаушылар
жаңағы сары жігіт бір құшақ аязды ала кіргенде бастарын көтеріп елеңдеп:
– Кім ол келген?
– Қай ауылдың адамы, – десіп, Дикаға қарады. Дика жұрттың сұрағына іле жауап бере
қоймай, мұрны пышылдап жүріп қол шамын екі-үш рет үрлеп зорға сөндірді де, беті
ойдым-ойдым жіліншік без, тобылғы түстес қақ ашаға қайта ілді. Жолаушылардың аяқ
жағын ала әңгіме тыңдап отырған жеріне қайтадан келіп етпелей түсіп жатты да, жымың
етіп, төмен бұқты.
– Оу, қарағым-ау, айтсаңшы, кім ол келген, – деп төрде отырған балуан денелі, қалың
қабақты адам гүр ете қалғанда барып Дика:
– Нәшәндік, – деп тағы да жымың етті. Жарыққа жасқана қарайтын мысықтың
баласынша отырғандардан бетін бұрып әкетеді. Үй ішіндегілер:
– Қосиманов шығар қайындап жүрген, – деді де әңгіме айтып отырған қалың қабаққа
бұрылды.
Жасы қырықтарға тақаған алып тұлғалы кесек мұрынның өңі қайтадан жылып сәл езу
тартып, әңгімесін жалғай түсті. Былайда шөгендей қара қошқыл түсі желге тотығып,
қаракүреңденіп кеткен. Оның үстіне алақандай-алақандай боп үсік шалған шилі беті өңін
алып тұр. Өзі жымиғанда олар да қоса жиырылып, бір беттің үстінде бірнеше ауыз езу
тартқандай болады.
– Содан «Бестерек» колхозынан он-он бес шақырымдай шыға бергенде болу керек, –
деп қасындағы жамбастай жатқан шоқша сақал шарқы шалға еңсеріле бұрылды.
– Шамасы сондай болар. Ана бір қалың шіліктің тұсы ғой, – деп шал да орнынан бір
қозғалып қойды.
– Көз байлана бастаған кез. Далада алағаншық жаяу борасын ғана бар. Біз
көліктерімізді тізбектей тіркеп ілбіп келе жатқанбыз. Бір мезетте артымыздан гүрілдеген
дауыс шықты. Машинаның гүріліне ұқсамайды. Жақындай бергенде аңғардық. Трактор
екен. Трактор болғанда да біздің ауылдардағы кәдімгі Нәтидің тырылы емес. Бүкіл даланы
жаңғыртып келе жатқан жойқын бірдеме.
– Тіпті қара жерді қақ айырғандай. Жер солқ-солқ етеді, – деп шал да әсірелеп қойды.
– Бір кезде ақ түтек боран ішінен жылтыраған оттары да көрінді. Әлгіндей болмай
бүкіл жон күндізгідей жап-жарық болып кетті.
– Ине түссе көрінер!..
– Келе жатқан бір трактор емес, адам айтқысыз көп трактор екен.
– Жер қайысады-ау. Осы өмірімде ондай көп машина көрген жоқ шығармын.
– Иә, олар кімдер екен? – деп тыңдаушының бірі естігенше асығып, киіп кетіп еді:
– Асықпасайшы, айтады ғой, – деп өкінішті жолаушы оның аузын қақты.
Дәу қара да оларға көңіл бөлген жоқ, әңгімесін сабақтай берді.
– Қасымызға жақындай бергенде-ақ, біз де шанамыздан түсіп, көліктерді жолдың оң
қапталына бұрып тоқтадық. Бір кезде үйдей-үйдей алып тракторлар қайтқан қаздай
тізбектеліп өтіп жатыр, өтіп жатыр. Әрқайсысының артында екі-екіден тіркеген дәу
шанаға қондырған ағаш үй...
– Үй болғанда қандай дейсің. Оймақтай етіп жасаған, – деп шоқша сақал сығырайған
тышқан көзі жайнап орнынан түрегелді. – Шіркін-ай, ойыншық секілді-ау, ойыншық...
Кәдімгі терезесі бар. Төбесінен шығарған темір турбасынан түтін будақ-будақ шығады.
Соғып тұрған боранын да елең қылатын емес. Жердің түбіне жіберсең де, қыңқ етіп
кәперіне кіріп шығатын түрі жоқ. Жып-жылы үйдің ішінде қыз-қыз қайнап, сырнай-
кернейлетіп өтіп жатқандарға аузымыздың суы құрып, суыққа бүрісіп біз тұрмыз.
Осы арада дәу қараның әңгімесін киіп, ағат кеткенін аңғарып шоқша сақал кінәсін
мойындағандай сылқ етіп құлай кетті.
– Ендігі сөзді саған бердім, шалым, – деп дәу қара да қалтасынан шылымын алып
шегіне берді. Бірақ жүзінде, сөзін бөліп кимелеп отырған бәкене шалға деген реніш ізі
жоқ. Қайта, жасы алпыстан асса да көмірдей шашына әлі бір тал ақ кірмеген тоқпақтай
осы бір пысық қарттың сәби мінезін қызықтаған нышан бар. Және өздері аңғармай
отырған, тек сырт кезге ғана көрінетін екеуіне де тән бір ортақ қасиет сезіледі. Ол – ел
ішіне келген қуанышты хабарды ауыл арасына тез жеткізуге деген құштарлық. Өзі тұстас
адамдардан сәл бұрын көрген жаңалыққа балаша мақтанатын адал, таза жүректен шыққан
ақ жарқын мінез.
Шорт кесілген әңгіменің соңын естігенде үздігіп отырған жолаушылар да «қап» деп
өкініп қалды. Әйтсе де енді сөзді қайта тірілтпекші болып, бәрі де жамырай сөйлеп кетті.
– Сонда, үйдің ішіне пеш орнатып алған-ау, тегі.
– Енді ше! Ол кәдуілгі үй ғой.
Сонау облыс орталығынан сельпоның жүгін түйемен тартқанша, әр колхоз сондай бір-
бір үй жасап тракторға неге тіркеп алмайды десейші?!
– Қашанда әр нәрсеге кеш қимылдайтын әдетіміз емес пе, – десіп, өткен өкініштерін
айтып, жаңағылардың кім екенін тап басып сұрай алмай, әңгімені орағытып кетті.
– Е, ондайды біздің мықтылар біле ме. Өгіз бен түйе болса болады, – деп дәу қара
үндемей отыруға шыдай алмай қайта кірісті. Бұл жолы қалың қабағы түйіліп, қияқ қасы
тікірейіп кетті.
Бұл – осы постаялдан жиырма бес-отыз шақырым тұратын колхоздың Оспан деген
шофері. Ауыл ішінде оны «шопр Оспан, орыс Оспан» деп атайды. Оның себебі бар.
Біріншіден, сол колхозда үш Оспан бар. Үшеуін бір-бірінен ажырату үшін олардың мінез-
құлқына, қызметіне қарай жеке-жеке ат қойып алған. Колхоз ұйымдасқалы бригадир,
полевод болып екі аяғы салақтап үнемі ат үстінен түспей шапқылап жүретін ұзын тұра,
қаз мойын Оспанды жұрт кеңірдек Оспан дейді. Кеңірдек десе кеңірдек. Мойнының
рабайсыз ұзындығын былай қойғанда, қашан көрсең жұмыстағы адамдармен керісіп
қызыл кеңірдек боп қатқаны. Екінші Оспан – маңайдағы колхоздардың тері-терсек, жүн-
жұрқасын жинайтын агент. Сондықтан да оны әгінт Оспан дейді. Ал мына Оспанның жөні
бір бөлек.
Осы өңірдегі ең бір шаруашылығы да, мәдениеті де төмен колхоз осы Оспан тұратын
«Жаңа талап» колхозы. Aты дардай болғанмен колхоз тұрмысы әсте алға жылжып, өсу,
өркендеу дегенді білген емес. Атам заманда салынған шым үйлер мен сабан үйлер
жылдан-жылға шөгіп, мыжырайып, беті қара-қожалақ, сатпақ-сатпақ болып тұрғаны.
Колхоз аулын ертеден басқарып отырған Салық та, ауыл адамдары да бұған мән бермейді.
Тек екі-үш үй ғана әлгі мегежін үйлердің арасында еңселі, биік көрінеді. Солардың бірі –
Оспанның үйі. Тырнақтап жиып жүріп, төбесін де қаңылтырлатып алған. Анда-санда ел
арасында Оспанның үйі жайлы сөз бола қалса-ақ: «Е, ол пысық неме емес пе», – деп
кейбіреулер мақтай сөйлесе, енді бір күншілдер: «Ол секілді қолымда машинам болса, мен
де көрер ем», – деп сырттан кіжінеді. Машина дейтіні Оспан жүргізетін колхоздың
полуторкасы. Ең алғаш колхозға осы машинаны алған күннен бастап, оның билігі
Оспанның қолына тиген. Хат танитын ғана шала сауатты болғанмен, көкірегінде
саңылауы бар, әр нәрседен хабардар Оспан көп ұзамай-ақ оны игеріп кеткен. Әлі күнге
дейін оның бөлшектерінің атын жарытып білмесе де сынып қала қалғандай жағдайда
ешкімнің көмегінсіз-ақ өзі жөндеп ала береді. Тіпті моторының зіркілін тыңдап тұрып,
оның қай жерінде ақауы барлығын қолмен қойғандай анық таниды. Сол себепті де әлгі
полуторканы үздіксіз жүргізіп келе жатқанына, міне, табаны күректей он бес жыл. Бүкіл
аудан бойынша әлгі қаңқасы сүйретіліп жүрген де жалғыз осы полуторка. Ана-мына
жеңіл-желпі бөлшектер табылмай қалса, темірден соғып, қайыспен байлап жүргізіп кете
барады. Оның «маңдайына жазылған» шопр Оспан дейтін аты осыдан.
Ал орыс Оспан дейтіні мінезіне қарай қойылған болу керек. Көңіліне жақпаған
нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей жарып салатын тік мінез. Ел арасындағы қысыр
әңгіме, қақ-соқта жұмысы жоқ. Өз жұмысын біліп, шаруасын тындырып жүре беретін
еңбекшіл бір жан. Жаз шыкса-ақ машинасымен күн-түн демей жолға шығып, үйінде бір
күн босқа отырғанын көрмейсің. Ал қыс түсіп, жол жабылысымен колхоз түйелерімен екі
жүз, үш жүз шақырым жердегі облыс орталығынан сельпоның жүгін тасиды. Осы жолы да
бес-алты күн жол жүріп келе жатқан беті.
Оспан әңгімеге де сараң болатын. Бірақ қазір өз-өзінен серпіліп, көңілді сөйлеп отыр.
Әйтеуір қанағатшыл бір халықпыз ғой. Қолда барға тоқмейілсіп отыра береміз.
Өздерің ойлашы, біздің колхоздың қаншама жері пайдаға аспай, жай жатыр.
– Есіл жер-ай. Біздің Салық секілді бастықтарымыз баяғының байларынша жерге
тасбақаша жабысып айырылмайды. Іске асыратын басқа көрші колхоздарға бергісі
келмейді. Шамасына қарап тон пішу дегенді білмейді.
Оспан шылымын қомағайлана сорып, тұнжырап отырып қалды. Осыдан бірнеше жыл
бұрын колхоз жерлерін қайта бөліс болғанда, Сілеті теңізіне қарай жатқан «Жаман түз»
алқабын Зерен ауданының мал совхоздарына беру керек деген ұйғарымға келген-ді. Сонда
Салық басқарма «жоқ, ол жер өзімізге керек, сасыры мол, татырлы қыраттың қары
қашанда жұқа болады. Қысқы тебінге қолайлы» деп маңайлатпаған. Оспан бастаған біраз
колхозшының «осы тиесілі жердің тең жарымын іске асырып алсақ та қанағат. Беру
керек» дегеніне құлақ аспай, Салық жағы көпшілік дауыс алып, Зерен ауданына болмашы
ғана үлес берген. Оспанның айтып отырғаны – осы жер бөліс.
– Енді жерді қалай іске асыруды көрсін біздің Салықтар. Жаңағы келе жатқандардың
бәрі де қылшылдаған жастар...
– Пой-пой, бәрі де бір беттерінен қан тамған сүйріктей жігіт пен қыздар, – деп жаңағы
бәкене шал Оспанның ендігі айтар сөзін түсініп, тағы да киіп ала жөнелді. Оспан
мақұлдамаса да «мақұлдатып» қойып жөнеп берді. – Біз олармен аудан орталығына таяу
«Жаңа жолда» кездестік. Тура сол колхоздың Қараой жағы қайда, солай деді білем, Оспан,
ә? Иә, сол тұстан жаңа совхоз ашатын көрінеді. Әй, жайнап тұр-ау, жайнап тұр. Қызыл
шұнақ аязың түк емес, асыр салып, билеп, жұмыс қайдасың деп жұлынып тұр...
– Келесі жылы... – деп Оспан шалға тағы да ескерте қарады. Ол қайтадан тізесін
бауырына алып қисая кетті. –... Біздің ауданның бір өзінде 14 совхоз ашылмақшы. Неше
мыңдаған адамдар келіп, тың жатқан жерді көтермекші.
Үйде отырған адамдардың алдында сауаттырақ шопр Оспан болған соң, газет,
радиодан хабары аз түкпірде жатып ауыл шалдары жаңалық жөнінен ештеме қосып айта
алмады. Тек бастарын шұлғысып:
– Иә, иә.
– Тамаша, тамаша! – деп құптай түсті.
* * *
– Ау, Дика қайда осы, Дика, – деп жастыққа жамбастай түсіп шай ішіп отырған
Қосиманов екі-үш қайталағанша болған жоқ, кілбие қарап жымиып, Диканың өзі келді.
– Е, жаңа дұрыс болды ғой. Отыр. Көне, Дикаға құйып жіберейін, – деп Қосиманов
қазақы дөңгелек столдың шетіндегі ақ мойыннан стаканға толтыра құйды.
Үй ішінде қаймығатын Қарасай болмаған соң, Дика столдың шетіне ұялшақ қыздарша
бүгіліп келіп отыра кетті.
– Ал, кәне, осы үйдің мал-басының амандығы үшін тартып жіберейік! – Бағанадан бері
өзіне серік таба алмай екі беті нарттай қызарып жалғыз ішіп отырған Клейманов қырлы
стаканды Диканың қолына ұстата берді.
Тұңғыш рет зорлап отырып Дикаға арақ ішуді үйреткен осы Қосиманов. Содан бері
дәнігіп алған Дика, бұл үйге күйеу келді дегенше, мұрны жыбырлай қалатын.
Шүпілдеген бір стаканды тастап алған соң, бұйығы жігіттің басы көтеріліп, қаптың
аузы шешілді. Қонақтар көп қинап, қолқа салмай-ақ өзінің күндегі айтып жүретін
өлеңдерін мұрнынан тізіп ағыта жөнелді. «Аққұм», «Жайдарманнан» бастап, ауыл
арасында айтылып жүретін соғыс жылдары шыққан өлеңдерге дейін тіркеп, соғып отыр.
Өлең айтқан сайын даусы ашыла түседі. Алғашқыда өлеңнің нәшіне қарай ырғалып,
басын сәл қозғап отыр еді, қыза келе бар денесімен қопарыла теңселіп, изеңдеп кетті.
– Пәлеу деген. Әй, мына диірменнің құдайы қайтеді-ай. Өзінің даусы дәл қыздың
даусындай. Қыз болсаң, оллахи, саған үйленер едім, – деп Қосиманов шай құйып отырған
келініне қарады.
– Жезде-ай, бір тойда екі жарлық болушы ма еді. Бір апамызды азсынып, енді Дикаға
ауыз салғыңыз келді ме, – деп жас келіншек сылқ-сылқ күлді. Орынды қалжыңға ән
тыңдап отырған атшы да, Қосимановтың өзі де қосыла күлісіп, үй іші мәз боп қалды.
Әйтсе де бір ауыз тілдеспей жатып сөзден сүрінген Қосиманов, әшейінде жөпшендіге жол
бере қоймайтын ауыздықсыз асаулығына басып, тосылып қалуды бойына шақ көрмей
дөрекілеу жауап берді.
– Е, Ақбөпе-ау, бір апаңа алдырып қалатын сіңіріне ілігіп өле алмай жүр деймісің.
Жездеңді сынға салып көр, әлі де болат сындыратын қауқары болмаса, мүрдем кетсін. Ха-
ха-ха..
– Өгіздің өзі қартайса да, мұрны қартаймайды деуші еді, әйтеуір мұрныңыздың жақсы
иістен қалмағанына да шүкіршілік, – ден келіншек те іле қағып түсті.
Қарқ-қарқ күлген Қосиманов «Ақбөпе секілді тамаша келіншектер үшін көтерейікші!»
деп тағы да құйды.
Ақбөпе бұрынғы әдетімен бүгін де біркиер тәуірлерін киген. Қандай қонақ келмесін үй
ішін, ыдыс-аяқты кіршіксіз таза ұстап, өзі мұнтаздай боп қарсы алу оның оң жақта
отырғанда-ақ алған тәрбиесі. Жапырақ гүлді, көкшіл крепжоржет көйлегі мен басына
тартқан ақ жібек орамал ақ маралдай көрікті әйелді одан сайын сұлуландыра түскен.
Орамал астынан көрінген қою қалың шаштың бос өрген тоқпақтай бір бұрымы мойынға
орала келіп, аққу төсті аймалап, толқынданып тұр. Ақбөпе шай құюға еңкейе берсе-ақ,
үлбіреген балапан тамақты қытықтап, сипап қалады.
Дика тағы бір стаканды аударып тастаған соң, жымың-жымың етіп отырды да:
– Енді орысша өлең айтайын ба, – деп үйдегілерге еркелегендей басын көтерместен
мұрнын уқалай берді.
– Айт, айт. Шәупәле! Әй, орысша да үйреніп алған ба өзі? Дика үйренбейтін дүние
жүзінде ештеме болмас, шіркін, зерек қой бұл, – деп Қосиманов миығынан күліп кителінің
жағасын ағытты.
– Мен қытайша да айта аламын, – деп Дика одан сайын еліріп, биыл боранда екі күн
түнеп кеткен орыс жігіттерінің аузынан «қағып алған» өлеңдерін шырқай жөнелді. Үй іші
тағы да ду күлкі. Қосиманов шегі түйіліп, жастықты бауырына басып домалап қалды.
Атшы жігіттің екі иығы селк-селк етіп, көзінен жасы ақты. Орысша әннің он екіде бір
нұсқасы келмейді, анда-санда кейбір сөздердің нобайын әрең аңғарып қалмасаң, басқа түк
түсініп болмайды. Бірақ оны сезіп отырған Дика жоқ. Қызып алған.
– Әй, осы Бәйтөбетің нешеге келді екен. Ай, біздің өкшемізді басып жүрген шығар-ау,
қашанғы Дика бұл...– деп Қосиманов көсе жігітке қарап ойға кетті. Оның ойында отырған
Диканың жас мөлшерін есептеп білу емес еді, онымен қалжыңдасып отырып Ақбөпемен
бетін біржола ашып алу болатын. Сол ойына жеткен секілді.
– Дика, осы сен нешедесің?
Жігіт төмен бұғып, жымыңдай береді.
– Әй, айтсаңшы.
– Сиыр жылы туыпсың деп жүретін. Қайдан білейін...
– Жалақ болғаның содан екен ғой. Ха-ха-ха!.. Ал сиырың, қай сиыр? Жә, қойшы соны.
Өзің бір 30-40-қа келген шығарсың, ә?
– Келдік қой, – деп Дика байсалдана қалды.
– Ал енді, шыныңды айтшы, осы күнге дейін өзің жігітшілік құрып көрдің бе? Ха-ха-
ха!..
Диканың сары табақтай жалпақ беті түгел күліп жаялықтай боп кетті.
Ақбөпе сәл ғана езу тартып:
– Жезде-ай, сіз де сұрамасты сұрайды екенсіз, – деп шай жинай бастады.
– Сұрамағанда қайтейін, өмірдің ең бір шырынын татып көрді ме екен, білейін дегенім
ғой. Шіркін, біз де бір күні тұғырдан таямыз-ау, – деп Ақбөпеге қисая жатып қарап сөз
тартты. Бірақ бұл жолы жауап болмады.
Қосиманов Ақбөпеге қарап, шын ынтығып жатыр. Көз алдынан кешегі соғыс
жылдарындағы оқиғалары да өте шықты. Елде жігіт жоқ. Қыз-келіншек көп. Қырдың
қызыл түлкісінше, көрінген жерде көлденеңдеп, кес-кестеп өте береді. Қосиманов
өкілдікпен ел аралап жүріп, мұндай түлкілердің талайын-ақ қарға аунатып, ұмар-жұмар
соғып алатын. Тіпті ұзақ сонарға түсіп қиналған күні де кемде-кем. Көбінесе «қан сонар»
мен «келте сонардан» асырған жері жоқ. Енді, міне, алдында бұлаңдап, тағы бір түлкі
отыр. Бұған үлкен айла-қақпан керек. Шошытып алса, түлкіден айырылып қана қоймай,
күлкіден айрылуы да хақ.
Ақбөпе осы үйдің келін баласы. Қазір жесір отыр. Күйеуі Жәлел боранда суыққа ұшып
өлгелі, міне, табаны күректей бір жыл өтті. Қарасай іштегі құдандалы адамдары мен көрші
ауылдарда отырған жақын жұрағаттарының басын қосып, баласының жылын беріп
аттандырды. Әшейінде қайда жиын-той болса, тағы бұғыларша елеңдеп отыратын кәрі-
құртаң, кемпір-шал қақаған қыстың суығын елемей, жайдақ шанаға таласа-тармаса
отырып келді де, асқа сойған көк бестінің еті мен аста-төк тағамға дән ырза боп, елдеріне
тарасты. Ертең өздерінің де көз жұмары естеріне кіріп шығар емес, қайсыбірі қутың-
қутың етіп, өмірі көрмегендей астың етін өлермендене, құныға жеп, кете-кеткенше кәрі
езулеріне дамыл берген жоқ.
Бәрінен де пайдалы оралған Тәшім молла болды. Осы маңда өлім-жітім бола қалса-ақ,
кәрі құзғынша ұшып жететін молла, осы жолы да өзінің жуас торы биесіріс салт міне
салып, сәскеде аттың басын осы үйге кеп бір-ақ тіреген. Көптен бастары қосылмай
ындыны кеуіп, «сусап» жүрген кәрілерге күні-түні шариғат айтып, шөлдерін қандырған.
Енді аулына қарай ұзай бере-ақ тарамыс қолын қойнына сұғып жіберіп, ішкі
қалтасындағы «құдай жолымен» деп тапқан бір бума ақшасының сыртынан сытырлата
басып-басып қойды. Үстіне киген қаракөл жағалы әлі міні құрамаған бір қаралық қара көк
драп пальтосының етек-жеңіне шүңірек көзін бір жүгіртіп өтіп жымың етті. Қалың қаптал
шапанының сыртынан тырсылдата зорлап киіп жатқанда пальтоның қолтығы айырылып,
бырт-бырт сөгілген. Анадай жерде көзі жаудырап қарап тұрған Жәлелдің тұңғыш ұлы
Болат жүгіріп келіп, аяғына оралып, «ағамның пальтосын шеш, бұл ағамдікі» деп өксіп-
өксіп жылап жіберіп еді. Бір жағынан қожалығы да бар Тәшім молла баланың басынан
сипап тұрып, «ой азамат, өзі азамат боп қалыпты, жылама, қайтсін, пақыр, – деп жұбата
келіп, – тағы бірде әдейі соғып, сүндетке отырғызам өзім», – деп ендігі жылы-жұмсақтың
орны боларсың-ау дегендей, сәбидің насыбайына сұғанақ көзімен еміне қарай қалған.
Бұрын да ол жөнінен құлаққағыс бала шыр етіп, қайта бұрылып, әжесінің бауырына
тығылған.
Кісі аяғы басылған соң, «Малжан ағашының» бауырындағы жалғыз үй бұрынғы
кәсібімен күн кешіп, бәз-баяғы қалпында өзгеріссіз тұра берді. Жылы қорада қанатын
қағып-қағып алып, тамағы жыртылғанша қосыла шақыратын балапан ақ әтеш, аяғы үсіген
шойнақ қызыл әтешпен бірге алакөбеде оянатын осы үйде Дика ғана. Өзінің күндегі
әдетімен ауыз үйдегі қақ ашаға ілулі қол шамды жағып алады да, қап-қараңғы ат қораға,
содан соң сиыр
қораға барып күн көтерілгенше тықыр-тықыр мал жайлап жүргені.
Абажадай қораның ішіндегі үш-төрт бөлменің бірінде жібі түзу сағат жоқ. Үлкен үйдің
қолмен сылаған бұжыр-бұжыр қоңыр қабырғасында жиектерін тот басқан атам заманғы
темір сағаттың қаңылшықтай тілі тоқтағалы қашан. Салмағын арттыру үшін винт
байлаған сағат тасының шынжыры қарны жарылған қойдың ішегінше шұбатылып
тұрғалы, міне, төрт жыл. Жәлелдің қол сағаты болушы еді, бұрнағы жылы отын кесіп
жүріп ағашқа соғып алып, бетінің күлпаршасы шыққан. Содан бері еш жөндеусіз,
абдыраның түбінде жатыр.
Бірақ сол үйге сол сағаттың тіпті қажеті де жоқ. Бұл үйдегі Дикадан басқа адамдар
бастары іскенше ұйықтап тұрады да, жайланып отырып шайға қанып алған соң, әркім
өзіне меншікті жұмысымен айналысады. Шай жиналып болысымен Жәміш шешей мен
Ақбөпе қазандықтың астына қиды толтыра қалап, кешке дейін семіртіп тұрған соғымдарға
жем дайындаумен болады. Сонау Малжан байдың үй мүлкінен қалған ескі көзі, берекелі
жұртының құты – дәу тай қазан ертеден қара кешке бұрқ-тарқ қайнап, буы аспанға шығып
жатқаны. Дүниеге келгелі төңкерілген мес қарнын жалын жалай қаймыжықтай жұқартып,
жылда шұрық-шұрық тесілсе де, Қарасай жылда қайта жаматып оттан бір түсірген емес.
Мал жайлап келген соң Дика өзінің құтты орны – қазандық бөлменің қара көлеңке
бұрышындағы темір құрсаулы тас диірменіне отырады. Табиғат қол диірменге лайықтап
бергендей доғал біткен қамыт аяғын бауырына ып-ықшам жинап алады да, арпа мен
бидайды диірменнің үңгісіне толтыра салып, жарма ғып түсіре береді. Анда-санда тамақ
ішуге тұрғаны болмаса, бөлменің ішіне лық толған қою будың ішінде диірменнің әуенімен
бірге ыңылдап әнге салып, қас қарайғанша ырғаңдайды да отырады.
Жалғыз үйдің тіршілігі осылайша ақырын мимырт жылжып өте береді. Қазандық
басында күйбеңдеп мал қамымен жүрген әйелдер мен Дика күндерінің қалай өткенін де
байқамайды. Әйтеуір қас қарая ұшып жығылады. Күн шықса-ақ болды, күн батады» деген
сөз осы үйдің кесімді уақыты, өз сағаты секілді.
Жәлел қайтыс болғаннан кейін де жылап-сықтап азынаған қаралы үй қайта сабасына
келіп, күн көрісі бірқалыпты өте беріп еді, бірақ күйеуінің жылын берген күннен былай
Ақбөпе үшін бұл тұрмыстың арқауы үзілгендей болды.
Ең алғаш қалың ауыл ортасынан шығып, осы жапан түздегі жалғыз үйге келін боп
түскенде, Ақбөпе «елсіз-күнсіз жерде бұл үй қалай тұр. Бұл арада іш құса болып жарылып
өлетін шығармын» деп іштей толқыған еді. Бірақ күн артынан күн өтіп, уақыт өткен сайын
тіпті елін, төркінін сағынуды қойды. Тек Жәлел жолаушылап кеткенде ғана үй ішінде бір
нәрсенің орны жоқтай ойсырап, жас көңіл тағат таппай, әлденені аңсап, сағынып қалатын
кездері болмаса, ері қасында жүргенде көңіліне титімдей уайым-қайғы келмейтін-ді.
Жасынан қазақ ауылында ескі әдет-ғұрыптың кейбір сарқыншағына етене боп өскен қыз,
келіншек боп түскен соң да, сол салтты сақтап, қазақ ғұрпының табалдырығын аттап
өткен күні болған жоқ. Сондықтан ба, жас келіншек жолдасының жылын күтіп, ел ішінен
бата оқи келген адамдар болса, даусын шығармай ғана сыңсып жылап, ерін жоқтағаннан
басқа көңіліне бөтен ой алған жоқ-ты. Енді, міне, соңғы кезде өз-өзінен қоңылтақсып,
көңілі құлазып, үй ішінде бір бұраудың басын сындырмай, тапжылмастан жатып
алатынды шығарды. Бұрын Жәлелдің сүйегін көзі көрсе де өлгеніне көңілі сенбей, әлде
бір жаққа жолаушылап кеткендей қимайтын ыстық сезімнің оты сөніп, ерінің жылын
берісімен соңғы ақтық үміт біржола үзілді. Жәлелдің бар кескін-кейпі, ыстық жар құшағы
әркім бөліп әкеткен киім-кешегімен бірге кетіп, енді келместей, орны суи қалды. Тек қана
қабырғада ілулі тұрған Жәлелдің үлкейтілген кәртішкесі ғана қаңыраған үй ішіне мұңая
қарап, қыршын кеткен адал достың аянышты кейпін сездіргендей.
* * *
Жығылғанға жұдырық дегендей, бүгінгі Қосимановтың қылығы Ақбөпені одан сайын
ойға салды.
Қап-қараңғы бөлме іші тым-тырыс. Тамақ піскенше ұйқы меңдеп қалғып отырған
атшы басы жастыққа тиісімен қор етті. Қонақ үйге лық толған жүргіншілердің арасынан
шопр Оспан бөлініп, отауға келген. Ақбөпе салып берген төсекте біраз дөңбекшіп жатты
да, ол да ұйқыға кірді.
Далада боран күшейе түскен секілді. Ышқына соғып тұр. Қиыршық қар қырау басқан
аласа терезені ұрғылап дамылсыз ысылдайды. Тар қуысқа жиналған қар ұйтқи соғып,
мұздай тілімен әйнекті жалап-жалап алады. Төбесі жабылмаған пеш мойны іштегі
жылуды суыра тартып гуілдеп тұр. Үй ішінде ұйықтамай жатқан екі-ақ адам. Қосиманов
пен Ақбөпе ғана.
Аппақ мамық төсекте жатқан Қосиманов қалың атлас көрпені серпіп тастап, жағын
таянып, шынтақтай түсіп жатты. Болар-болмас ағараңдап көрінген Ақбөпенің
шымылдығынан көзін алмай, оның әрбір дем алысын, тынысын тыңдап, аңға түсетін
бүркітше қомданып-қомданып қояды. Дүниедегі бар қызық, бүкіл ләззәтті сол шымылдық
ішіне қамап қойғандай жұтына қарайды. Бақандай бір жыл бойы ер адамның ыстық
құшағын көрмей жесір отырған келіншектің созыла түсіп жатқан аппақ жұмыр балғын
денесі көз алдына елестеп, құлағының түбінен, тамағының астынан мап-майда ыстық лебі
шарпып өткендей болады да, өн бойы шым-шым шымырлап, тамыр-тамыры солқ-солқ
етеді. Сол мезетте атып тұрып қасына жетіп барғысы келіп ұмтыла береді де, әлдебір
алпамсадай қуатты қол екі иінінен басып, шектіріп тастағандай болады. Аздан соң бар ой,
ыждаһат тек шымылдықтың ішіне біржола ауып, құс төсектің үстінде тізерлей түсіп, ін
аузында кірпік қақпай тышқан аңдыған мысықша шоқиып ұзақ отырып қалды.
Ақбөпе болса Қосиманов елестеткендей алшая түсіп, ашық жатқан жоқ, кішкентай
Раузасын бауырына қысып, ұзақ ойда бүк түсіп жатыр. Сыртта ысылдаған, суылдаған ақ
боран өзін тұмшалап орап алғандай өне бойы қалтырап, бүрісе түседі. Түтеген боран
Жәлелді шыр көбелек айналдырып, дедектетіп ұшырып әкетіп бара жатқандай болады. Екі
қолы көкке қарай ербеңдей беріп Жәлел сүрініп құлайды. Ұйтқыған есірік боран
тұншықтыра тап беріп үстінен баса береді. Ақыры Жәлелді жермен-жексен етіп көміп,
әрмен қарай бірін-бірі қуалай ойнақ салып ұзап кетеді. Жан түршіктірерлік осы бір елес
боран болса-ақ Акбөпенің көз алдынан әсте кетпейді. Жасынан не ішейін, не киейін
демей, ерке өскен ашық мінезді, ақ жарқын Ақбөпенің көңілі бұл кезде жаси қалады.
Етегінің ашылған, жабылғанын әлі біле қоймаған бүлдіршіндей жас күнінен тұрмысқа
шығып, келе екі құрсақ көтеріп, аналық сезімі оянған шағында үлкен бақытсыздыққа
кезіккені есіне түсіп, көзіне мөлтілдеп шық үйіріледі. Құдайға не қылығым жақпай
осынша бақытсыз бола қалдым деп, өртеніп бара жатқан іштегі дертті. сыртқа шығарып
қатты күрсініп қалды: «һ-оһ».
Сәл сыбысқа елеңдеп жатқан Қосимановтың көзі шырадай жайнап, ұйи бастаған
денесін лезде жинап алды.
– Ақбөпеш, әлі ұйықтаған жоқсың ба?! – деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін
де аңғармады.
Жас келіншектің ішінен шыққан ащы жалынды, арзан нәпсіні аңсаған ыстық жалын
деп ұқты.
Ақбөпе дыбыс бермеді. Өзінің естірте күрсінгеніне қысылып, ыңғайсызданып қалды.
Лезде көрпемен басын тұмшалап алып, көзін тарс жұмды.
Бірақ Қосиманов мұны да өзінше жорыды: бұрын ағасындай көріп жүрген үлкен
адамға көңілін бірден сездіре қою да оңай болып па. Әлгі белгіден артық не керек.
Ендігі жатыстың реті жоқ. Жасықтық. Реті келген ыңғайлы кезеңді суытып алмау
керек.
Түні бойы ішкен арақ одан сайын желіктіріп буындары сырт-сырт етіп орнынан тұрды.
Ақбөпенің төсегіне қарай Қосиманов батыл жылжыды.
* * *
Ұйқысы сергек шопр Оспан Ақбөпенің ащырақ шыққан үрейлі даусынан оянып кетті:
– Бұ кім?!
– Мен ғой, Ақбөпеш, айғайлама, – деп сыбыр еткен Қосиманов көрпе сыртынан түртіп,
Ақбөпенің денесін тінте бастаған қолын лезде тартып ала қойды.
– Не іздеп жүрсіз?! Есік ана жақта.
– Есік іздеп жүрген жоқпын.
– Енді не керек?
– Ақырын сөйлеші, Ақбөпеш, жұрт оянып кетер. Аяқ жағыңа отырайын ба? – деп
Қосиманов төсекке отыра бергенде, Ақбөпе кірпіше жиырылып көрпесін тұмшалап алды.
– Барыңыз.
– Ақбөпеш, бір сөз айтайын деп ем.
– Осы жарым түнде не қылған сөз?
– Енді... енді өзің білесің ғой.
– Мен түкті де білмеймін, барыңыз, ертең айтарсыз.
– Ай, Ақбөпеш-ай, бала емессің, білесің ғой, тым құрымаса білегіңнен ұстайыншы, –
деп Қосиманов көрпе астына қолын жүгірте бергенде, Ақбөпе шоршып кетті. Қосиманов
«бұл әшейін үйреншікті қарсылық» деп батыл қимылдай беріп еді, жас келіншек төсектен
қарғып түсіп, есікке қарай ұмтылды. Қосиманов білегінен шап беріп жібермей тұр.
– Не деген ұятсыз едіңіз, мені кім деп тұрсыз, – деп Ақбөпе қолын жұлып алып ауыз
үйге шыққанда, Қосиманов та ілесе кетті.
Шопp Оспан бұдан әрі шыдамады. Орнынан атып тұрып ауыз үйге ұмтылды:
– Бұл не жанжал?!
– Жанжалы несі, – деп мастығы лезде тарқаған Қосиманов төр үйге қарай жылыса
берді.
– Ар, ұят қайда? – деп шопр Оспан гүр ете қалғанда көрпенің астына кіріп те кетті. Тар
үйдің төрт қабырғасы бірдей жаңғырығып, «ар, ұят қайда!» дегенді шопр Оспан емес,
көмейі кең, жалпақ пеш, Жәлелдің үлкен суреті айтып тұрғандай болды.
Айдалада өкшелеп қырғи қуғанда жан дәрменде жолаушы адамның қолтығына жып
беріп паналайтын боз торғайша Ақбөпе шопр Оспанды бас салды. Жәлел өлгелі аға-аға
тыйылған жас қайтадан сорғалай жөнелді. Ызадан, намыстан шыққан жас.
– Жесір деп басынатын шығар. Жәлел өлген соң, енді мені бөтен санағаны ғой. Не
деген мазақ, не деген азап, ері жоқ адамды қорлауға болады дейтін шығар, – деп күйініп
жылады.
Дір-дір еткен жас әйелдің ыстық, балғын денесін бауырына басып, жұп-жұмыр
иығынан құшақтап, «жаным, жыламашы!» – дегеннен басқа жұбату айта алмай, өне бойы
қалш-қалш еткен шопр Оспан қалың шашына ернін тақағанда, бұлшық етті, сом
жауырынды, ірі жігіттің лебінен Ақбөпені жалын шарпығандай болды. Шопр Оспанның
аузынан еріксіз шыққан «жаным» деген сөз Ақбөпені одан бетер тебірентіп жіберді.
Жәлел осылай деуші еді. Ып-ыстық жас, темір төске тамған қорғасындай Оспанның
кеудесіне құйыла берді.
* * *
Ертеңіне, алагөбеден тұрған Қосиманов Ақбөпеге көріне алмай, бетінен басып
оразасын да ашпастан кете барған. Қайын жұртына қайтып келместей боп, жерге қарап
кетті.
Осы түннен кейін Ақбөпе мүлдем өзгерді. Жапандағы жалғыз үй маңайдағы ауыл
өмірінен қандай бейхабар жырақ жатса, бұл да осы үй ішіндегі тұрмыстан алшақтанып
жеке қалды. Жәлелмен отасқалы жастық қызығын бірге өткізген өзінің отауы салқын
тартып, бөтен адамның үйіндей сезіледі. Өзі ертең кететін бір күндік қонақ секілді.
Оның осы халін үй ішіндегі үлкендер де сезе бастаған. Ақбөпемен ашық сөйлеспесе де,
оның «бұзылып» жүргенін іштей ұғынып, әркім өз ішіне түйіп, ендігі жайдың сыңайын
аңдумен ғана болды. Және ерінің артында бақандай бір жыл тапжылмай отырып
шаңырағын ұстап келген жас келіннің ендігі «құбылуын» ешқайсысы ағаттыққа жори
алмады. Басу айтып, ақыл берудің де реті жоқ. Оның үстіне, үй ішіне қатал, тымырсық
Қарасайдың алдында Жәміш те тайқақсып, Ақбөпе жайлы тіс жарып сөйлесуге батпады.
Өз семьясындағы адамдардың қымс еткенін қас-қабағынан аңғаратын Қарасай да отау
үйдегі салқындықты бірден сезген. Әйтсе де, басына қандай ауыртпалық түсіп, көңіліне
небір жаман ойлар оралса да, әсте жамағатымен ақылдасып істеуді ер адамның бойындағы
ездік, қасиетсіздік санайтын ол осы жолы да Жәмішпен ләм деп сөйлескен емес. Тек іштен
тынып, күн ұзын түнеріп қана жүретін. Түн болса-ақ қашан көзі іліккенше әлдебір ойлар
қамап, жүрегінің қалтарысында бұғып жатқан жасырын бір сыр мазалап шығатын.
Тереңінде жатқан осы бір сыр бүгін суырша бас көтеріп, батыл байламға келетін күн
туды. Оған себеп болған Ақбөпенің хаты.
Түнеугі Қосиманов түнеп шыққан күннен бері толқып жүрген Ақбөпе бүгін белін
бекем буды. Қолына қалам алып мүдірмей жаза берді.
«Әке, апа, – деп басталған хаттың артынан көңілдегі бар ой бірден ақтарыла кетті. –
Тағдыр салған іске ара түсуге болмайды деуші едіңдер. Рас, менің басыма түскен сол
тағдыр салмағынан мені ешкім арашалап алып қалуға шамасы келмеді. Жәлелдің артында
қалған екі жетімекпен бірге шырылдап мен де қала бердім. Амал не. Міне, содан бері
оның орнын жоқтатпайын деп әлі отырмын. Оған ренжімеймін де. Өзі болмаса да, аруағы
риза болсын дедім.
Тірі адам тіршілігін жасай береді екен ғой. «Өлмегенге өлі балық» дегендей. ендігі
ойым – екі кішкентай бөбектің қамы. Солар адам болса екен, жетім атанып қағажу
көрмесе екен деймін. Мұндағы ата-анасы да оларға Жәлелдің орнын сездірмейді. Әйтсе де
туған әкедей қайдан болсын. Жәлел кеткелі мен де өзімді осы үйде отырған бөтен адам
секілді санаймын. Үй ішінің маған деген көңілінің алалығы болмаса да, тыстағы адам
жатсына қарайтын секілді. Тіпті айтуға да ұят, мені жұртта қалған жесірге ғана балайды.
Рас, тағдыр салған соң, оны көтеремін де.
Ендігі ойым көзге түскен ноғаладай жапандағы үйде жалғыз отыра бермей, елімді
тапсам деймін. Екі қолға бір жұмыс, ел қатарлы түртініп еңбек етіп, кішкентай сәбилерді
жеткізсем деймін. Елге барғанның енді айыбы жоқ шығар. Көптен бері қатынамай да
қойдыңдар. Осы хатты алысымен, мені көшіріп алыңдар. Елді де, жерді де сағындым. Енді
бұл арада отырудың еш реті қалмады. Тез, хат жетісімен келіңдер. Мұнда мал да бар. Тірі
адам болған соң оны да ойламай...»
Осы жерде хат шорт үзілді.
– Ақбөпеш-ау, үй іші азынап кетіпті ғой. Балаларды ауыртып аларсың. Қазіргі кез
нағыз жаман уақыт, – деп үйге Жәміш кірді.
Расында да таңертеңнен от жағылмаған бөлме іші салқын. Терістік жақтағы кішкене
терезеге тұрған жұқа қыраудан ызғар еседі. Төрдегі алаша үстінде ойнап отырған
Болаттың нәзік саусақтары қызарып, желке шашы үрпиіп, өңі бозарған.
Ақбөпе пеш мойнын ашуға жер үйдің төбесіне шықты. Ішіне құм толтырып тіккен киіз
жастықшаны алып, қалқан қою үшін желдің аңғарын байқады.
Далада үп еткен жел жоқ.Тым-тырыс. Түнеугі қатты бораннан кейін аяздың сағы
сынып, күнге жан кіре бастаған. Әбдікей күні қой құмалағы қарға батты, енді қыс ұзақ
болмайды десіп, тәжірибелі қарттардың болжау айтқаны шын болды. Бір-бірімен бой
таластыра созылған жалжал қыраттар ақ жаулығын жарым-жартылай шешіп тастап,
қарайып жатыр. Бұрын қайраңға жақындай алмайтын кемеше алыстан орағытып
жылжитын күн енді бері қарай өрмелеп, күміс қарға кірпігін шанша бастапты.
Қыстағыдай сезімсіз, салқын қарамайды, реңінде жылы шырай бар. Қазір күн ұясына
қарай еңкейіп батуға жақындаса да, бойындағы қызуы кетпеген. Үстінен жаяу борасын
арылмайтын сірескен ақ қардың беті қабыршықтанып, әр жері сетінеп, сөгіле бастаған.
Анда-санда жерде сояу қурайлар қылтияды.
Ақбөпе Малжан ағашының терістік жағындағы тақия төбенің басына қойған молаға
қарады. Қыстай ұйтқи соққан толассыз сапалақ боран ішінде аппақ боп көрінетін төрт
құлақты зираттың күнгей беті еріген. Ық жағы қалың қар. Бұл – Жәлелдің бейіті. Үнсіз
қалғып тұрған зираттың маңы бір кезде шықылық-шықылық ете қалды. Қалақ құйрығын
жыпың-жыпың еткізіп шыға келген ала сауысқан зираттың бір құлағына барып қонады.
Жаны шығып безектеп жүр. Бұл неге шыжалақтап жүр деп Ақбөпе көз алмай қарап еді.
Әлден уақытта зираттың тасасынан қылт етіп қырдың қызыл түлкісі шықты. Зады ақ
тышқан ұстаған болуы керек. Тышқанды қоя береді де, қап-қара сүйір тұмсығын арасына
тығып созыла түсіп аңдып жатады. Әбден сілесі қатқан тышқан енді жылжи берем
дегенше атылып барып бас салады. Тышқан бүлк етпей есі шығып жатса, аяғымен
қақпақылдап одан сайын зықысын шығарады. Тіпті болмаса ұп-ұзын күлте құйрығын өзі
тістелеп, айнала шауып асыр салады. Тоңқалаң асып ойнайды. Күнге шағылысқан ақ
қардың үстінде аунап-аунап, жүні бұрынғыдан да құлпырып, қайтадан тышқанды
әурелейді.
Ен далада емін-еркін жайбарақат жүрген осы түлкі мен уайымсыз ала сауысқаннан
бөтен қыбырлаған қара-құра жоқ. Сонау алыстағы «Қыземшек» дөңінің бауырына
жеткенше көрініп жататын айдау жолдың үстінде қатынаған бірде-бір жолаушы
көрінбейді. Жапан түз сұлық жатыр.
Ақбөпенің көңілі бұрынғыдан да жабырқап, төбеден түсті. Қараңғы қораның
бұрышына тақталап үйген кебу қайыңнан бір қолтық алып үйге ене беріп еді, тап алдынан
атасы қарсы шықты. Келінінің жүзіне қарамай, тұқырайған бойы өз үйіне барып кірді.
Бұрын отауға сирек келетін Қарасайдың мына жүрісінен сезіктеніп, Ақбөпе қолындағы
отынын пештің аузына тастай беріп, дөңгелек столға жүгіріп келді. Хат жазған қағаз
жерде жатыр.
– Мынаны түсірген сен бе? – деп хатты жерден көтеріп алған Ақбөпе Болатқа бас
салды.
Өзімен өзі боп, ойнап отырған жазықсыз баланың көзі жыпылықтап, аузына сөз
түспей:
– Жоқ... білмеймін... – деп, онда тұрған не бар дегендей анасына қарады.
– Енді кім, сайтан ба түсірген?!
– Иә деген, сайтан емес, атам оқыған жаңа. Ақбөпенің жүрегі су ете қалды. «Масқара-
ай, оқып қойған екен ғой.
Далаға шығарда бір жерге жасырып кетпегенімді қарашы. Ұят болды-ау».
* * *
Қарасай аудан орталығында екі-үш күн жатып, Қосимановтың үйіндегі Халелді үйіне
алып қайтты. «Шешең науқастанып жатыр, сені көріп кішкене көңілі көтерілсін» деп,
өтірік сылтау айтып, былтыр мектепті бірге бітірген жолдастарымен жоғарғы оқуға
дайындалып жүрген баланың аяғын жерге тигізбеді.
Дүние жүзінде Халел үшін бір ыстық жер – құрбыларымен қатар ойнап-күліп, бірге
өскен «Қызыл жалау» мен өзінің үйі тұрған «Малжан ағашы». Жазғы демалыс күндерінде
өзімен кластас жолдастары кейде сол «Малжан ағашына» бара қалса, бір-екі күннен кейін-
ақ зерігіп, кете-кеткенше асық болатын. Дарияның ортасындағы меңіреу аралда қалғандай
аласұрып, жол тосып, жүргінші күтіп әлекке түсер еді. Ал Халел болса жазғы
каникулының қалай зымырап өте шыққанын да аңғармай қалады.
Халел сыртта жүргенде әке-шешесін баласы есебінде сағынса, Ақбөпе жеңгесі мен
Диканы құрбысы, туысқаны ретінде сағынады. Ақбөпе оның алдында өзін жеңге есебінде
ұстамайды да, Халел өзін қайны есебінде ұстамайды. Бір-бірімен жарқылдап ашық ойнап-
күліп мәз-мейрам боп алысып-жұлысып жатқаны. Тіпті, кейде бір класта оқитын қатар
құрбыларынша жоқ нәрсеге таласып қалып, лезде қайта татуласады. Олардың ашуының
басы – алысып жүріп Халелдің қолы батып кетсе, ойнап отырып Ақбөпенің сөзі батып
кетеді. Ақ жарқын, ақылды жеңге тілге де ұста, айтыса қалғанда бір сөзбен шоңқитып
отырғызып кететін. Ондай жерде сөз көтере алмайтын Халел қызарақтап мұрны қусырыла
қалады. Бірақ қайтымы шапшаң ақкөңіл бала артынша-ак қайта жадырап, өзінің осал
жерінен басқан Ақбөпені ренжітіп алдым ба деп, қашан көңілін тапқанша қипыжықтап
бітеді.
Ал Дика ше. Халел үйде жүргенде Диканың екі құлағы езуінде. Үй шаруасымен
қаншама қажып жүрсе де, Халелге қосыла қалса шаршағанын ұмытып кетеді. Қысты
күндері шөптің қуысында, жазды күндері ағаштың бауырында қып-қызыл нарттай болып
терлеп, ырс-ырс алысып жүргендері. Қашан үлкендер үстінен шыққанша ұмар-жұмар
домалайды да жатады. Бұларды көбінесе аңдып жүретін кәрі әжесі. Диканың ойнап
жатқанын көре қалсақ: «Ой есалаң неме, баламен бала болып, жаман түйенің жабуынша
жарбаң-жарбаң алысқанша, жұмысыңды істесейші», – деп үйге қуып тығады. Мәз-мейрам
боп арсалаңдап жүрген Дика, лезде өзгеріп, қабағына түн орнай қояды. Үнемі мықынынан
темен сырғи беретін жамаулы шалбарын бір көтеріп, шаруасына зытып отырады. Ал
жақын маңда Қарасай жүрсе, Дикамен ойнамақ түгіл, оны күлдіре де алмайсың. Үй
иесінің қабағынан-ақ ығып жүреді. Ондайда Халел қасында тұрса да, оған көз тоқтатып
қарамайды. Танымайтын адамындай онымен тілдеспей, митың-митың өз шаруасымен
болады.
Екі-үш күннен бері оңтүстік жақтан өкпек жел тұрған. Дала алай-түлей. Қарасұр бұлт
жөңки аунап, бауырымен жер сызып, терістікке қарай үдере көшіп жатыр. Аспан
аласұрып дөңбекшіген секілді. Жел кеулеген ұлпа қар сығымдалып, шөгіп қалған жұқа
жерлеріне су түсіпті.
Қау шөпті көпірте салған жалпақ шананың оң жағында отырған Қарасай терең ойда.
Жалбыр тонға ұқсаған аспан астындай іші алай-түлей.
Соңғы бір жыл Қарасай үшін төбеден жай түскендей, құдай тағаланың оңдырмаған
жылы болды. Талай жылдан бері шашау шығармай жиған мал, маңдай тер, қыруар еңбегі
бір-ақ күнде еш болып, от басы, бүкіл қара орманы аңырап, адыра қалғалы тұр. Бар
сүйеніші, шаңырақ иесі екі ұлының бірін сұм ажал тамырымен суырып алып кетті.
Соңында қалған екі сәби де ертең бұл үйден мүлде кетпекші. Шешесі олардың біреуін де
тастамайды. Арада бір-екі жыл өткен соң-ақ, олардың көңілі суып, жат бауыр болып
кететініне күмән жоқ. Бәрінен бұрын Ақбөпе бұл үйден кетті дегенше, оның әкесі Қапыш
та жонын сыртқа салып, аулақтай береді дей бер. Бүкіл Омбы ішіндегі ақшаның көзін
табатын әйгілі саудагерден айырылған соң, Қарасайдың шаруашылығынан да мән
кететініне шәк жоқ. Қапыш – үлкен қалаға баратын өткел. Қарасайдың саудасының ретін
келтіретін сол. Қызы бұл үйден кетсе, Қапыш пысқырып та қарамайды. Бәрінен бататыны
осы. Оның үстіне Ақбөпе тағы да біреудің етегінен ұстайтын болса (басы жас адам жесір
боп отыра берер дейсің бе) балалардан күдеріңді біржола үзе бер. Балаларымен кетсе,
Ақбөпе оң жаққа түскендегі әкелген өз жасауымен ғана кетпейді. Жәлелге, балаларға
тиісті еншісін біржола алып кетеді. Оған айылын да жимайды. Заң орны да ара түседі. Ал
ендігі сенетіні мына Халел болса, оның да осы шаңырақтың астында малын малдап,
жанын жандап отырар беті көрінбейді. Ендігінің баласына сенім жоқ. Ертең оқуын бітіріп
алған соң, үлкен қалалардың біріне білім қуып кете барады. Оны шешесі де қолдайды. Екі
жақтап отырып алса, қанша адуын болғанмен Қарасайдан биліктің кететініне имандай сен.
Бала уысыңнан бір шығып кетті дегенше, оған сөзің өтіп, дегеніңмен жүргізем деп ойлама.
Ертең өз қолы өз аузына жетіп алған соң. өзі секілді оқыған бір тік бақайды алады да, басы
ауған жаққа тартып жүре береді. Сонда бүгінгі күні шалқып тұрған Қарасайдың тұрмысы
не болмақшы. Жоқ, өл, тіріл, қайткенде де Халелдің аяғына тұсау салу керек. «Құланның
қасуына, мылтықтың басуы» дөп келіп тұр. Әрі енші алып Ақбөпе кете алмайды, әрі өз
бетімен қағусыз Халел кете алмайды. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Қызыл жалауға
жүрер түні Жәмішпен күңкілдесіп: «Ақбөпеге сездіріп қой. Тосыннан естісе, шоршып
кетер. Құлағына құя бер»,– деп кеткен. Бірақ Ақбөпе қарсы болар деймісің. Егер баласы
көнбесе ше? Қарасайдың өне бойы қалтырап, мұздап кетті. Тесігі кең, жұқа кертпіш
мұрнының ұшы дір-дір етті. Сояуланған сирек қыл басқан жалпақ беті жыбырлап,
«шынымен әкенің айтқанынан шығар ма екенсің» дегендей, үлкен отты көзінің қиығымен
баласына қарады.
Халелдің көңілі – қамажай.
* * *
Ақбөпе жазған хатын еліне жібере алмады. Төркін жағына қарай жүретін жолаушыны
күтіп жүргенде, ойламаған жерден әкесі Қапыштың өзі келіп қалды.
Көңілі жарымжан боп, өзін далаға тастаған шіріген жұмыртқаға балап, қайғы жұтып
жүрген Ақбөпе бүкіл үй іші көшіп келгендей қуанып, бір жасады. Әсіресе әкесімен ере
келген кішкентай бауыры Маратты қайта-қайта құшақтап сүйіп, мауқын баса алмай жүр.
Қыз күнінде туыс қадірін білмейтін еді, енді он үш жасар баланы артынан іздеп келген
дардай азамат көрді.
Бірақ бұл қуаныш та ұзаққа бармады. Жаңа ғана көз байлана бере пеш мойнын жабуға
тысқа шығып, қабырғаға сүйеген ағаш сатыға аяғын салар-салмаста қайта тартып алды.
Үй сыртындағы жапырақсыз сидам қайыңдардың ұшар басында қара құзғындар тым-
тырыс мүлгіп, құжынап отырған. Кенет дауыл соққандай бәрі ду етіп ұшып, бақ-шақ
болып, кешкі даланы басына көтерді. Қара бұлттай қаптап, шыр айналып жүр. Сүйткенше
болмай ағаштың бауырынан қылт етіп шаналы жолаушы шыға келді. Төбеге ұрғандай не
істерін білмей аңырып тұрып қалған Ақбөпе, үйдің тұсына жете берген ат оқыс
пысқырынғанда барып бойын жиып, үйге жып беріп еніп кетті. Есіктен шәуілдеп шұбыра
шыққан бір қора иттің лезде үндері өшіп, шананың айналасында жарыса секіріп, иесіне
арсалаңдап келеді.
Үйден шапшаңдатып Дика да шықты. Халел үстіндегі тұлыбын шешіп үлгірмей, бас
салып құшақтап, қалың жағаның ішінен бетін таба алмай аймалап жатыр. Ұяластар да
иесін танып, қара тұлыптың өңірін, арқасын тырналап, қайта-қайта асылады.
Қарасай болса қадаға бастарын түйістіре байлаған қос күреңді таныса да, танымаған
адамдай тосырқап, кірпік қақпай қадала қалыпты.
– Бұлар кім? – деді әлден уақытта. Дика не дегенін ести алмай, қипыжықтай басып
қасына келді. Бірақ қайтарып сұрай алмады.
– Сен, немене, керең болғансың ба өзің?! Аттарды доғар!
Дика бүгежектей басып, тас қып ораған тамақ бауға бір, құлақ бауға бір жүгіреді.
– Әуелі божыны ағыт, көтермені түсір, дүлей. Қашан ұғар екенсің!
– Ағатай, үйге құда келіп жатыр. Бүгін келді. – Қарасай Қапыштың келгенін біліп
тұрса да, құда деген сөзді естігенде, кірпідей жиырылып, қойнына бір кесек мұз тастап
жібергендей тітіркеніп кетті.
Қатал иесінің алды-артына секіріп еркелеуге бата алмай қашанда құйрығын бұтына
тығып мүләйіммен қалатын кәрі қаншық, осы жолы да жол жүріп келген Қарасайдан
қаймыққанмен, жаратылысындағы иттігіне бағып, тілерсегі майысып келіп, аяғына
оралған. Қарасай әлі қата қоймаған қаз-қатар салбыраған болжыр емшегінің тұсынан теуіп
қалып, қаңқ еткізді.
– Әне бір сілімтік кімдікі. Сұлыны сен бердің бе, есуас! – деп үй алдындағы биік қарды
шұңқырлап ойып, соған төккен сұлыны күрт-күрт жеп тұрған кебеже қарын, мегежін
биеге қарап, зірк етті.
– Жоқ, мен бергем жоқ. Сұлы өзінікі. Тәшім молла ғой, – деп Дика көзі жыпылықтап
тұрды да қайта жымыңдады. – Болатты отырғызып койған.
– Не дейт?! – Қарасайдың өңі өзгеріп сала берді. – Аттарды мықтап байла. Қар жеп
қоймасын.
Тыста қабағы қарс жабылған Қарасай үйге жайраңдай енген. Төрде, қалың бөстек
үстінде мамық жастыққа шынтақтай жатқан құдасына құшақ жая ұмтылды. Қапыштан
төмендеу отырған Тәшім моллаға бас изей салып, құдасынан құшағы ажырасымен ақ
шымылдық ұстаған болскей ақ кереуетке барып, Болаттың үстіне түсіп құлындай қалды.
Сұп-суық тарамыс қолымен тізесінен басып үстіне мал бауыздайтын қасапшыдай
өңмеңдей төнген қожадан үрейленіп, жүрегі қозғалған бала, екі күннің ішінде қу
шүберектей бозара қалыпты. Қанаты қатпай тұрып, терек басындағы ұясынан құлаған
қарғаның дәрменсіз сарыауыз балапанынша екі көзі жаудырап жатқан мүсәпір бала
атасын көргенде мұңын шағып шыр ете түсті. Тығылып-ақ жатыр екен. Өксіп-өксіп
жылайды.
– Өй, қарашығым сол, зекетің кетейін, құрмалдығың болайын. Міне, енді азамат болды
деген осы емес пе, – деп асты-үстіне түсіп айналып толғанған Қарасайдың мына
қылығына қазандық аузында жүрген Жәміш тіксініп қалды. Әшейінде балаларының
маңдайынан да иіскеп, еміренбейтін қатал әкенің жоқ жерде өзеурей кеткені ерсі, оғаш
көрінді.
Халел сырт киімін сыпырып тастап, жүгіріп отау үйге кірген. Жеңгесін сағыныпты.
Теріс қарап отырған Ақбөпені бара бас салып құшақтады. Бұрынғыдай алыса түспекші
еді, бірақ Ақбөпе ту сыртын беріп бұрылмады. Иығын ішіне тартып, жүзін алып қашады.
Халел әуелде әдейі істеп тұр екен деп, жұлмалап жүріп өзіне қаратып еді, мұңды көзін
көріп сескеніп қалды. Жүрегі әлденеден секем алып, аузына сөз түспеді. Көптен
көрмегендікі ме, Ақбөпенің өңі өзгерген секілді. Сәл жүдеген бе, қалай? Жапырағы
ашылып, күліп тұратын қызғалдақша үнемі жайраңдап жүретін жеңгенің жүзі жадау.
Қарашығы үлкен аялы көзінің астындағы әдемі меңі де суық. Шашырай шыққан күн
шапағына малынған көктем даласындай үнемі нұрланып, шуақтанып тұратын өңі, қазір
сұлық жатқан бұлыңғыр күз даласындай да, уыз беттің тап ұшындағы қап-қара мең сол
далада, көшкен жұртта иесіз қалған төңкерулі ескі қазан секілді.
– Акбөпе, мен саған бірдеңе әкелдім, көрсетейін бе? – деп Халел қойнына тыққан
затты көлегейлей аша беріп, қайта бүркеді. Бұрынғы әдетінше Ақбөпе бас салып, жармаса
түседі ғой деп ойлап еді. Ол үндемеді.
– Сенбей тұрмысың. Қарашы өзің. – Ақбөпеде үн жоқ.
Бұдан өрі Халелдің шыдамы таусылып, қойнынан бүктеулі бір затты суырып алды.
Ауданнан шығар алдында: «Ақбөпенің көңілі жарым ғой, мынау әйелдердің жақсы
көретін матасы, ала бар», – деп әкесі дүкеннен панбархыт әперген. Халел жарқыратып
жаза бастады.
Ақбөпенің мұңды көзі жасқа толып, мөлдіреген екі-үш маржан үзіліп-үзіліп түсті.
* * *
Қарасайдың адам тұратын үй санынан мал тұратын қора саны көп. Бір-біріне
тіркестіре салған баспа қоралар қоянның жымы секілді. Қуыс-қуысына қараңғыда еніп
кеткен бөгде адам бір қалтарысында қалып қойса, таң атқанша тауып шығуы неғайбіл.
Қазір ауыз қораның жуан арқалығына қос тілерсегінен қыл арқанмен асып қойған қара
қойдың терісін Тәшім молла жалақтаған ағаш сапты бәкісімен сырылдатып,
жұдырығымен іреп түсіріп жатыр.
Жаңа Қарасай:
– Уа, Жәміш, қазаныңдағы иісі шығып жатқан ненің еті? – деп төр үйден дыбыс
берген.
– Ненің еті болушы еді. Шошқаның етін әкелген жоқ ең ғой? – деп, еттің иісін сезсе де
сезбегендей әдейі қиястанып сұраған Қарасайдың сөзінде бір кәкір барын түсіне қалған
Жәміш те алдын ала жұмсақ кекесінмен жауап берді. Қашанда ұрыс шығарып, үй ішіндегі
адамдарды қуырдақша қуырар алдында, Қарасай осылайша белгілі нәрсені түсінбегендей
жорта қазбалап сұрап, соқтығуға қара іздейтін. Бірақ бұл жолы ол Жәміштің сөзін шам
көрмеді. Қайта жайраңдай күліп:
– Біздің кемпірдің осындай ілмешегі бар. Тілі жай тіл емес, шотаяқ қой, шотаяқ! – деп,
құдасының алдында қалжыңға басқан. – Жәміш-ау, қазанға жылқы етін салыпсың.
Соғымның сыбағасы өз алдына. Құдаға тартар басың қайда?
– Уа, қойыңыздар. Сыбағадан артық не керек. Әуре болмаңыздар, – деп Қапыш
шынымен азар да безер боп шоршып түсіп еді.
– Жоқ, ол болмайды. Біз өзіміз сіздің үйге барғанда май берсеңіз де жей береміз, – деп
Қарасай оның сөзін құлағына ілмей, Тәшімді ертіп қораға шыққан.
Қазір сойылған қойдың маңында Қапыш та, үйдегі бір-екі қонақ кемпірлер де тұр.
Сабалақ жүн сеңсең қара тері екі жаққа түріліп, қойдың еті жалаңаштана бере, қонақ
кемпірдің бірі қызыл көзін шам жарығынан алақанымен көлегейлей түсіп, ине сабақтай
алмаған адамша сығырайып кеп үстіне төне қарады да, басын қайта көтеріп алды:
– Түһ, жарықтық-ай, өзі де аппақ қардай болған екен. Бауыздарының өзі май ғой
тұрған, – деп арық қолымен бір-екі шымшып қалды.
– Ықылас түзу ғой, ықылас! – деп Қарасай қой қасында енді аялдамай, Қапышты ертіп
қол шаммен қораларын аралап кетті. Шым-шытырық қораның асты толған аша. Ара-
арасымен келе жатқан екеуі әуелі сиыр қорадан өтті. Өңкей кебеже қарын мама сиырлар
сағыз шайнағандай баппен күйіс қайырып, ыңқылдап-гүрсілдеп, қайсыбірі пысылдап,
жалпайып-жалпайып жатыр. Қабырғаның ұзына бойына тартып, екі басын қайыс
ілмешекке ілген сырғауылда иін тіресіп, қаз-қатар қонақтап тауықтар отыр. Қасына келген
адамдарды сезген кейбірі көздерін ашып қырылдап, мойындарын созып-созып қояды.
Жып-жылы ұядай қораның іші мұнтаздай. Сиырлар жатқан тақтайдың айналасында бір
қиқым шөп жоқ. Тап-тақыр ғып сыпырып тастаған. Әйтсе де, мұқият жиналған шашаусыз
дүниеден бір кінәрат таппай қоймайтын әдетіне басып, Қарасай Диканы кінәлап,
күстаналай жөнелді.
– Мына қарашы енді, істеп қойғанын. Малдың астындағы көңге шөп жіберме, жіберме
деп неше қақсаса да құлағына кірмейді. Сиырлардың астына дейін шөпті көпіртіп салады,
әлгі дүлей. Жылда шөптің тең жарымын рәсуә ғып жүрген бір су ми.
– Е, Қареке, сонда да шөбіңіз қашанда мұрты қисаймай артылып қалады. Колхоз аман
болсын, – деп Қапыш жымың етті. – Ертең ол тезек болады. Әйтеуір, үйге қайта кіретін
кіріс қой.
– Ол рас, – деп арқасына батып, белі қайыспайтын дүниеге қайта оралмай, Қарасай
жылқы қорасына беттеді.
Қысқы түгі қалыңдаған атандай жылқылар буы бұрқырап күрт-күрт жем жеп тұр.
Тебісіп қалмасын деп әрқайсысын бір-бірінен алшақтап, араларын ағашпен бөлген.
Әшейінде адам қасына келсе оқыранатын аттардың әдеті жоқ бұларда. Кісі келді-ау деп
мойын да бұрған жоқ. Тоқмейіл.
– Шіркін, жылқы баласы басқа малдан ерекше-ау. Күні-түні ауыздарында дамыл жоқ.
Биылғы төгіп алған төрт машина ақ сұлы қазір бітуге тақады. Қисапсыз жейді ғой жылқы
малы, – деп Қарасай бір көтеріліп қойды.
– Мына бір тұрған қайсы, мен көргем жоқ білем, – деп Қапыш дөңгеленген семіз
байталды нұсқады.
– Е, бұл анада Малтайдан сатып алатын арық көк емес пе.
– Батыр-ау, сол ма?! Қысқа қарай көк тартып құлпыруын қарашы патшағардың.
– Айтқандай, сіз іші қабысқан осы да мал боп кетер ме екен деп күмәнданып едіңіз-ау.
Жем шіркін қойсын ба. Және өзі бір түріне қарамай жемқор неме екен. Алдына не төксең
де шыдатпайды, нағыз қазанат болып шықты. Бір ішкенде бес-алты шелек суыңды бір-ақ
сыңғытады.
– Құда-ау, осының өзін қаншаға алып едіңіз.
– Бір жарым сұрап, мәгерешін айтып, арақтың иісін сездірген соң, бірге түскені қайда.
Ащы судың атын естісе кейбіреу от көрген көбелектей жалп етіп уысыңа түсе кетпей ме.
Енді, көре қалыңыз. Жұрттың қысқы соғымы азайып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің
үзілер шағында бұл төрт жарым, бесеуіңе сөз айтқызбайды, – деп Қарасай күректей
алақанын ысқылап-ысқылап алды. – Биыл төрт-бесеуін тоғыттым. Қалғанын жақында
орындаймын. Осы жолы келісіп келген жерлерім бар.
– Пай-пай, мына буырыл ат та жарылайын деп тұр екен. – Қапыш өзінің аңғармай
сұқтана сөйлегенін сезе қойып, құдасының көңіліне келмесін дегендей, бір-екі түкіріп,
бурылдың жалына салды қолды. Атандай биік аттың үстіне қонған маса тайып
жығыларлық жұп-жұмыр. Шоқтықтағы бір уысын ғана қалдырып, қалғанын күзеген
кереге жал былқ етпейді. Бүкіл мойын етпен тұтасып кеткен. Тастысына қол батпайды.
Ұма майы кіндікке тіреліпті.
Қарасай да аттың алдындағы науаға қарап жеусіз тұрған сұлыны керді.
– Кейінгі кезде бұл жемнен де қалды. Сере шығарына күмән жоқ, – деп енді құдасын
қой қораға бастады.
Екі құда бірінің үйіне екіншісі келе қалса, байлықтарын көрсетіп, шаруашылығын
мақтан ететін әдеттері. Бір-бірінің алдында байлығымен ғана беделді екенін екеуі де іштей
ұғынады. Өздерінің өресі, жетер жері осы жиған-терген малының, саудасының төңірегінен
аспай жатса да оны мешеулік емес, өткерілген пысықтық, істің ойы-қырын білетін, әр
нәрсенің көзін табатын өнерлілік деп түсінеді.
Қой қора – төбесін қолдың саласындай етіп балапан қайыңмен жауып, маямен
тіркестіре салған кең албар. Малға шөп салатын жалғыз Дика болғанмен, ішін қуыстай
алған маяның әр жерінде ағаш сапты жұлғыштар салбырап тұр. Шөпті мал басын таптамас
үшін алдын сырғауылдармен бекіткен. Жиырма шақты қой ұзын жәшіладан оттайды.
Қарасай мен Қапыш төңкерулі жатқан үлкен науаға кеп отырды. Екеуі қашанда осы
араға келіп ақыл қосуды ұнататын. Қапыш күзенмен астарлаған қаракөл жағалы
пальтоның өңірін айқара түсіп жайғасты. Елулердің мол ішіндегі оның бетінде осы күнге
дейін бір сызат әжім жоқ. Бір кезде Омбы төңірегіне аты мәлім болған қарағайдан қиып
салған он екі бөлме үйі бар аты шулы Ғабиболла саудагердің Сәлимә атты сұлу қызынан
туған Қапыш та ақ сарының көріктісі, түгел алтындатқан күрек тістері шам сәулесіне
жалтылдай түсіп, құдасына күле қарап отыр. Тамағын кенеп алып, әңгімені Қарасай
бастады.
– Иә, Омбы ішінде не жаңалық бар?
– Омбы іші бәз-баяғы қалпы. Жақында ғана барып қайттым. «Казачийде» екі күн
болдым. Осы соңғы бір жұманың ішінде еттің қаны жерге тимей кетті. Мясокомбинаттың
қоры азайыңқыраса керек. Колбасаны көп шығарады да, етті дүкендерге баяғыдай мол
түсіре алмайды. Оның үстіне қазір қалаға келушілер көбейіп кетіпті. Тың көтеру үшін
Алтайға, Қазақстанға тіленіп шыққан жолаушылардан көзің сүрінеді. Вокзал басы
құжынаған халық. Содан болар, мясокомбинаттың еті асханаға, ресторанға түседі де,
дүкендердің сөрелеріне жайылған азын-аулақ ет қала халқына шақ келмейді. Түскенін
түскенінше бөліп әкетеді.
– Е-е, базардағы еттің көтерілуі де содан екен ғой, – деп Қарасай базар нарқын
естігенше асыға түсті.
– Көтерілгенде қандай, күйіп тұр. Семіз қойлардың еті 30-35-тердің үстіне шығып
кетті. Сауданың дер кезі. Әттең жол бұзылғалы тұр, әйтпесе, – деп Қапыш басын
шайқады.
Жаратылысында кербез, паң Қапыш қазір құдасының алдында өз-өзінен асығыс
сөйлеп, тым жайдары күледі.
Көмейіне тығылып, жұмырланып отырған бір сырын бүгіп, шығара алмай отырған
адам секілді. Қарасайдың жүзіне көзінің қиығымен ұрлана қарап, сыңайын аңдып отырған
қалып бар. Мұндай арбасудың талайын басынан өткерген әккі Қарасай да мұны сезіп,
қашан айтар екен деп жүрегі дауаламайды. Оның ойындағы тек Ақбөпе жайы.
Қазақ ғұрпында ерін бір жыл күтіп отыру әйел затына шарт болса, ол сыннан Ақбөпе
өтті. Ендігі Қарасайдың күтетіні келінінің рұқсаты болмақ. Мына аласапыран кезде
құдасының аяқ астында келе қалуы да тегін емес. От ала келгендей, ертең қайта жүрем
деуі де сол болса керек.
Біраз әңгіменің басын шалып, орағытып кеп, ақыры Қапыш құдасы үрейлене күткен
сөзге ауысты.
– Ал, Қареке, мен енді амандық болса, ертең жүремін. Өте асығыспын. Сізге үлкен бір
қолқа сала келдім, – деп қалтасынан алтын жалатқан жалтыраған жұқа портсигарын алып,
шылым тұтатты. Қарасай біреу жұтқыншағын сығып жібергендей, үні шықпай демі бітіп
сұрланып отыр. Құдасына айтар сөзді алдын ала дайындаса да, ә дегенде не дерін білмей,
әлден уақытта барып тілге келді:
– Иә, рұқсат, айт қолқаңды. Әр нәрсенің уақыты бар деген. «Құдай салды, біз көндік».
Бірақ біздің де айтар базынамыз бар. Біздің де ойымыз...
– Сіздің базынаңызды көтермеген күніміз бар ма, Қареке. Ал бұл жолы шын салмақ
сала келдім. Шын сеніп келіп отырмын. Жағдай былай, – деп Қапыш енді, төңірегін
ұстарамен қырғандай мінсіз сұлу қасының ұшын одан сайын шалқайта керіп, әңгімені жай
бастады.
Осы күні, қарап отырсаңыз адам баласының дүниедегі бар өнері аз ғана ғұмырын
қызықты өткізе білуінде екен ғой. Бұрын жігіттің қанаты ат деп небір жүйрік жылқыларды
ұстаушы ек. Қазір машина шықты. Ана бір машинаны алғаннан бері бармаған жерім,
баспаған тауым жоқ. Тіпті шаруашылыққа да іздесең таптырмайтын дүние. Барам деген
жеріңе дыз еткізіп жетіп барасың.
– Туһ. Машинаға не жетсін. Мен де Халеліме біреуін алып берем бе деп жүрмін.
Ақбөпеш екеуі сайранды салып жүрер еді, – деп Қарасай Қапыштың тамырын бір басып
өтті.
Құда сөз сыңайын аңғармады ма, аңғарса да қолайсыз әңгімені айналып өткісі келді
ме, бұған мән бермеді.
– Бірақ, сол машинамыз көне тартып ескіріңкіреп те қалды. Оның үстіне, Қареке, бір
істің сәті түсіп тұр, – деп Қапыш бір тоқтады. Шылымын баппен сорып, түтінін
сыздықтата шығарды да, сөзін қайта жалғады. – Осы күні машина алу да оңай емес.
Омбыда машинаның өшіретіне тұрған адамда қисап жоқ. Былтыр Куломзинодағы
Жұмабай інішек екеуміз өшіретке жазылып ек, қазір жетіппіз. Ескі машинаны сатып
жіберем. Табан аузында жаңа күніндегі құнына қағып әкетеді. Ондайлар өріп жүр.
Қарасай: «Осының бәрін неге айтып отыр. Ақбөпе жайына көшпей ме», – деп іштей
шыдамы таусылып, сөздің артын тағатсыз күтті.
– Ал, енді... Соған... Қареке, бірер айға азбыншы ақша керек. Сол үшін ат сабылтып
әдейі келдім, – дегенде барып Қарасайдың жүрегі орнына түсті.
– Қанша керек, – деді ол жұлып алғандай.
– Бір, жиырма мыңдай болса, жетеді. Көп ұзамай қолыңызға қайта салам.
– Өй, ол не дегенің. Екеуміздің арамыздағы ауыс-түйіс құдай жолы емес пе. Қалта
түбін қағып көрейік.
– Еһ, бәсе. Ай, Қареке, өлсем аруағым ырза. Сіздей құдасы бар адамның арманы не?
– Илаһи амин! Алла-тағала осы құда деген сөзіңнен жаңылдырмасын. Жәлелім кетсе
де, сен дегенде көңілім баяғыдай.
– Ойбай-ау, о не дегеніңіз, құда мың жылдық емес пе.
– Оның рас. Ақбөпе де өзімізге Жәлелден артық болмаса кем емес, іштен шыққан
баладай болып кетті ғой.
– Әрине, әрине...
Әдейі келген шаруасы тап осылай жылдам оңға баса қояр деп Қапыш ойлаған жоқ еді.
Сөзді алыстан орағытып, қармақты тереңге салып отырғанда, тоқ етерін айтуы мұң екен,
Қарасай уысына түсе кетті.
Қарасайдың өз есебі өзінде. Құдайдың дес берісі – Қапыштың өзі келіп қолға қонды.
Енді осы арада амал қолданып қалу керек.
Шаруасын тындырып, көңілі жай тапқан соң:
– Ал, енді үйге кірмейміз бе, – деп Қапыш орнынан көтеріле беріп еді, Қарасай
етегінен басты.
– Қапыш, сәл бөгелші. Енді сен мені тыңда. Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан
шығады дегендей, құдай оңдап, дәл келе қалуыңды кермейсің бе. Өзім әдейілеп барам ғой
деп отыр ем. Өз үйімде айтуға тура келді.
Қапыш: «Тағы да сауда жайы болар», – деп басқа ештеме кәперіне келмей шылым
тұтатты.
– Құлағым сізде, құда.
– Басқа түссе баспақшы дейді. Пәнде басына не түссе де жұмыр бас көтере береді екен
ғой. Былтыр Жәлелім суыққа ұшып өлгенде мен енді ұзақ жасамаспын, сары уайыммен
баламның соңынан мен де аяңдайтын шығармын деп ойлап ем. Бірақ «өлгенмен бірге өлу
жоқ» деген рас екен.
– Е, қанша қиындық болса да тірі адам тіршілігін жасай береді де. Қаза жолы бір басқа.
– Жәлелімнің өлімінен де, міне, түн жамылып отырмын, бір аллаға аян, маған ауыр
тиіп жүрген бір нәрсе бар еді. Ол Ақбөпе жайы болатын. Шыным сол, енді Ақбөпе қайтер
екен, бізді тастап кетер ме екен деп ішім удай ашып жүруші еді, көңілім жай тапты.
Қапыштың жіңішке қасы дір етті.
– Үйде жүрміз демесе, кәрілер не біле береміз. Жәміш сезіп маған осыдан бір ай бұрын
айтты. Ана кішкентайларды жетімсіретпейік, жат жұрттың қолына қаратып жүдетпейік
деген болулары керек, – деп Қарасай әңгімені алыстан орағытып, бықсытып отырды да,
әлден уақытта барып лап еткізді. – Балалар бізден де зерек, бізден де ақылды ғой. Өздері
қорытса керек. Тек бізге айта алмай жүріпті. Олардың қолын кім қағады. Бақытты болсын
дегеннен бөтен не дейік. Халелім де ер жетіп, ақылы толысты. Отау иесі болатын шаққа
кәміл жетті. Әмеңгерлік құдай жолын түсінген екен. Айналайын Ақбөпе екеуі, аман болса,
елдің алды болатынын өзім сезем. Беттерінен жарылқасын, батаңды бер. Илаһи амин!
Қарасай бетін сипады. Шоқырақтатып сөйлеп сөзінің соңын шала-пұла бітіріп, қолын
жайса да Қапыш ишарат жасамады. Іштей қарсы да емес. Әйтсе де Халелден мұндай
әрекет шығар деп ойламаған Қапыш тілі күрмеліп не дерін білмеді. Оның үнсіз отырып
қалғанынан қысылған Қарасай тағы да жуып-шайып желпелдете түсті.
– Ал енді, жер дегдісімен Мәлике екеуің тез жетіңдер, балаларды қызықтап, тойын
тойлайық. Осы кетеріңде оң батаңды бер, Ақбөпе де, Халел де өзіңнен ұялып, не істерін
білмей жүр. Естігеніңді білдіріп, ризалығыңды беріп кеткейсің.
Қапыш басын үнсіз изеп, үйге беттеді. Ол кетісімен Қарасай қараңғы қораның
түпкіріне, жаңа Қапыш отырған орынға Халелді алып келді.
– Отыр мына араға, – деп шілтерлі қол шамның көмескі жарығының астында қасынан
орын ұсынды.
Қатал әке кенже ұлымен бұрын-соңды бұлай жеке отырып, жасырын сөйлесіп көрген
жоқ еді. Халел енді өзін тұңғыш рет үлкен азаматқа балап құпия әңгімеге шақырғанын
сезіп, байсалды қалыппен құлақ түрді.
– Сен осы мына құданың мезгілсіз уақытта неге келгенін білдің бе?
Халел әңгіменің басы бұлай басталар деп ойламап еді. Оның аяғы қайда сайып, неге
тірелерін де түсінбеді.
– Білмедім, көке... Жай әшейін қыдырып келген шығар, – деп Халел сөз төркінін
аңдамай салғырт жауап бере салды.
– Жоқ, балам. Жай келмепті ғой. Жәлелім өліп, бір жақ қабырғам түгел сөгіліп
отырғанда, жығылғанға жұдырық деп, тағы да осы үйдің орнын ойсырата келіпті...
Қарасай қараңғы қорада түнере түсіп, ауыр күрсінді. Шөп қуысына қарай иілген ірі
көлеңкесі маңдайын сүйеп жылап отырған секілденді.
– Ол не, көке, ойсыратқаны қалай?! – деп аңғал баланың көзі шарасынан шығып,
үрейленіп қалды.
– Қапыш Ақбөпешті кішкентайларымен қоса осы үйден мүлдем алып кетуге келіпті.
Халелдің төбесінен жай түскендей болды. «Ақбөпешті», «мүлдем» деген сөздер бүкіл
өн бойын суық кесірткеше аралап өтті. Бұрын Ақбөпені өзімен бірге туған қыздай көріп
бауыр басып, оның жеңге деген атын сарапқа салмаушы еді. Енді аңдаса, Ақбөпе осы
жұрттан мүлдем кетуі де мүмкін екен ғой. Халел тұңғыш рет Ақбөпенің қасиетті орнын
жаңа сезді. Жапандағы жалғыз үйдің бар қызығы да, қуанышы да осы Ақбөпенің бойында
екен-ау. Егер ол болмаса бұл үйде не қасиет, не жақсылық қалмақшы. Бәрі де жайдақ
төбедегі сорайған пеш мойнынан шығатын түтінше сұйылып, тап-тұйнақтай жиналған
жып-жылы бөлме іші азынап бос қалатындай көрінді. Халелдің көңілі де бір сәт құлазып,
жүрегіндегі бар аяулысын біреу алғандай сілейіп отырып қалды.
Иә, Қапыш Ақбөпешті ғана алып кетуге келмепті, осы үйдегі бар қызық, бар
жылылықты түп орнымен жұлып әкетуге келіпті. Бірақ оған қарсы тұрар не айла-амал
бар? Тағдыр салған іске кім ара тұра алады? Қарасай Халелдің балалық сезіміне осылайша
от тастап алды да, енді намысына тие сөйледі.
– Қапыштың ниетін ертеден-ақ сезгем. Былтыр Жәлелдің жамбасы жерге тиер-тиместе,
қабірі құрғамай жатып-ақ іштегі жақын жұрағаттары Ақбөпеге құда түсіп қойыпты деп өз
құлағыммен естігем. Бірақ сені жүдетпейін деп айтпап едім. Түріне ақылы сай Ақбөпедей
адамға кім қызықпайды. Молдабай деген Омбы ішіне аты шулы бір саудагердің жалғыз
ұлына береді екен деп жақында ғана біреулер өсектеп жүр еді. Ақыры шын болды. Оны
бүгін Қапыштың көмейінен сездім. Ертең Болат пен Раузаны Қапыш өз бауырына салып,
Ақбөпені ұзатады да қоя береді... Шіркін-ай, Молдабайдың да тасы өрге домалап тұр-ау, –
деп Қарасай қынжыла отырып, шырт түкірді.
– Онда балаларды біз алып қалсақ қайтеді, – деді Халел. Бірақ осыны айтарын айтса да
шынымен Ақбөпе мүлдем кетпекші ме, бөтен үйдің келіні атанып, аз күнде жат адам
болмақшы ма? – деген ой түскенде көңілі жасып қалды.
– О-ой, қарағым-ай, осы күні балаларын қай әйел тастап кетуші еді. Жәлел болмаған
соң, қайын жұрттан гөрі төркін жақын емес пе. Оны атама. Одан да басқа амалын
ойластыру керек, – деп Қарасай тағы да шырт түкірді.
– Енді қандай амал бар?.. – Халел шын қынжылды. Ең болмағанда әлі де біраз күнге
дейін кетпей, Ақбөпе тұра тұрса екен деп, сол аз күннің өзін медеу көріп қимас көңіл
толқи берді. «Шынымен алып қалар амал бар ма, шіркін-ай, табылса ғой, сол амал», –
дегендей әкесіне үміттене қарады. Қарасай да Халелдің аузынан осы сөзді күтіп отырған.
– Амал бар. Ол амал сенің қолында. Егер сен бел шешіп кіріссең, Қапыштың аузына
өзім-ақ құм құям, – дегенде, Халел:
– Менің қолымда? Менің қолымда не бар, мен не істеймін? – деп таң қалды.
Қайран, мөлдір бұлақтай таза көңіл. Қазір әкесі айтар сұмдыққа оның аузы бармақ
түгіл, үш ұйықтаса ойына кірер ме. Әлі қаймағы бұзылмаған адал көңіл ондай ойдан аулақ
еді ғой. Егер әке қолында ғана талай қулықты жадына тоқып, басқа таза дүниені көрмей
жырынды боп өссе, салған жерден-ақ әке сөзін емеурінінен білер еді-ау.
– Ал, Халелжан, көптен бері көмейімде тіреліп жүрген бір сөзім бар еді. Ол – менің де,
ақ сүтін берген анаңның да тілегі, – деп Қарасай етпетінен сүйеулі тырнауышты алып, жер
тырнап отырып сөйледі. Жәлелжан біздің баламыз болса, сенің бір құрсақтан, бір
шаранадан шыққан бауырың. Ең жақының. Екеуің тел қозыдай бірге өсіп, біріңе-бірің
арқа сүйеп өтетін едіңдер. Бірақ сұм ажал дегендеріңе жеткізбеді. Ана кішкентайлары да
тірі жетім. Енді оларды біреуге телміртіп, жаутаңдатып қоюдың реті болмас. Олай болған
күнде Жәлелдің де аруағы ырза емес. Ендігі айтарым, оларға аға ғана емес, Жәлелдің
орнына қамқоршы бол. Қанатыңның астына ал. Ақбөпештей бала ілуде кездесер. Атадан
қалған мирас бар. Оны да тентіретіп жіберу атымызға лайық емес.
Халелдің денесі мұздап, жүрегі үрейленіп, тоқтап қалғандай болды. Сөздің сыңайын
түсінсе де, ондай жамандыққа бұруға дәті шыдамай Халел үнсіз қалды. Аузына лайықты
сөз түспеді. Әкесі сояу тіс тырнауышпен жер емес, оның құйқа тамырын тырналап
отырғандай болды.
Оның үнсіз қалған қалпын келіскенге жорып, Қарасай енді ашық сөзге көшті.
– Оқимын десең оқы. Оқуыңа Ақбөпеш те, біз де қарсы емеспіз. Тек аяулы жеңгеңді
жат жұртқа жіберме. Өмір бақи жылаумен өтпесін. Бүгін Қапыш көнсе көнді, көнбесе
Ақбөпенің өзіне айтып, алып қалам, бұл үйден жібермеймін. Енді өзің адам ет.
Халел жаңа ғана ұйқысынан оянғандай селт етіп, күрмелген тілден ащы үн атылып
шықты:
– Жоқ, жоқ, көке! Мұныңыз масқара ғой. Атамаңыз, не деп отырсыз?
Оқыс шыққан дауыстан елең еткен қойлар да бастарын көтеріп алып, күйістерін доғара
қойды. Қараңғы шөп қуысында жұлдызша жылтыраған жап-жасыл көздерін бері бұрып,
олар да үрейлене қарады. Тек аздан соң барып, ә жай әшейін екен ғой дегендей сүйір
тұмсықтары қайта қисаңдап, бырт-бырт күйіске ауысты.
Бағанадан мәймөңкемен отырған Қарасай да енді даусын көтеріп, баласына зеки
сөйледі.
– Масқарасы не? Мен сені жарға итеріп отырғам жоқ. Әке сөзін тастайтын қайдан
шықтың. Жәлелдің балаларынан сен безгенде бөтен жұрт не істемейді. Сен түгіл, жер
ортасы жасқа келген мосқал адамдар да әйелін тастап, басқа біреудің әйеліне үйленіп
жатқан жоқ па. Ондайлар аз ба. Сен немене, солардан әулиемісің?!. Әлде Ақбөпешті
қораш көремісің. Әне, ана Молдабайдың өзің сықылды алтын асықтай баласы қыстай
Қапышқа сөз салдырып қолы жетпей отырған жоқ па. Қиқаңды қой. Қолда барда
алтынның қадірі жоқ. Ақылға сал. Ақбөпеш өз адамың, – деп Қарасай тағы шырт түкіріп,
қайтадан жуаси сөйледі. – Тап осы жолы Ақбөпештен айрылудың жөні келмес, балам.
Ертең-ақ оқуға кетесің. Егер ұнамаса кейін рұқсат берерсің. Оның ешқандай айып-шамы
жоқ. Саған жабысып қалатын талақ емес. Әзірше Жәлелдің орнын жоқтатпа. Оның үйдегі
орны да көрдей боп суып, қаңырап бос қалсын демесең, балалықты қой! Кейінгісін көре
жатармын. Әзір осы айтқаным болсын. Соңғы тілегім. Ендігісін өзім-ақ жайғастырамын.
Қарасай орнынан ширақ тұрып, талтаңдай басып қараңғыға сүңгіп кетті. Халелдің екі
беті дуылдап шөп қуысында қала берді. Не ойлап, не қойғанын өзі де білмейді: жаңа әкесі
тастап кеткен тырнауыштың басын басып қалып, сабы маңдайына сақ ете қалғандай мең-
зең.
Келесі күні Ақбөпе ерте тұрып, мұздай киініп алды. Шай қойып, түнгі асты жылытып
жүрген Жәміш оны көргенде не дерін білмей, шымшуырмен отты қағыстыра берген.
– Апа, – деді Ақбөпе. – Әкем бүгін жүретін шығар.
– Иә, қарғам, қазір тамақ іше салып аттанады. Таңғы қатқақпен кетпесе, кешеден бері
даланың қары күрт еріді ғой.
Жәміш одан әрі ештеме демеді. Қазандық қасында үнсіз сілейіп тұрған Ақбөпе:
– Апа, ренжімесеңіз, мен де... – дей бергенде:
– Жаным-ау, не дейсің. Қалай ғана қиып сені жіберем. Шынымен осы үйді тастап
кетпекпісің, – деп Жәміштің ерні дірілдеп қоя берді. Белін жазып, орнынан ұшып тұрған
Жәміштің қолынан шымшуыры да түсіп кетті. Ұзын бойлы, ақсары ененің бозара қалған
өңінде, жасаурай қалған мейірімді қой көзінде қызындай тәрбиелеген аяулы келінін қимас
белгі бар. Ақбөпе де анасындай болған Жәмішті өкпелетіп алғандай қипақтап кеп,
мойнынан құшақтай алды.
– Апа-ау, қайтып келем ғой. Мені мүлдем кетеді деп тұрмысыз. Ешқайда да кетпеймін.
Тек қар кетіп, жер аяғы кеңігенше, біраз елге барып, сергіп қайтсам деймін.
– Өй, қарашығым сол. Бара ғой онда, бара ғой, – деп Жәміш аппақ сазандай Ақбөпенің
мөлдіреген көзінен сүйді.
– Онда мына асты қамдай бер. Мен құдағидың қысқы сыбағасын салайын. Қапшық
қайда екен, қапшық?
Бәйек болып, шошалаға қарай ұмтылған Жәміштің coңынан Қарасай да шыққан.
Жарма есіктің сыртынан келін мен ененің сөзін тындап тұрған Қарасай шошаланың кілтін
аша берген Жәміштің білегінен ұстай алып зірк етті:
– Өй, есуас неме! Ми бар ма сенде өзі. Мына басыңда бір шайнам ақыл болса
бұйырмасын. Неменеге апың кіріп, күпің шығып аптығып жүрсің. Қайда жібермексің
Ақбөпені?
– Қайда жіберуші ем, үйіне барып келеді.
– Ешқайда да бармайды. Отыр әрі, желіктірмей.
– Желіктіргені несі, – деп Жәміш шырт еткізіп кілтті ашып жіберді. – Бір жыл бойы
қара жамылып отырғаны да жетер. Барсын. Біраз серпіліп қайтсын.
– Серпілетін не сонша, осы үйде біреу оны қамауда ұстап отыр ма екен. Түнде ғана сен
су миға айтпадым ба. Халел екеуін бүгін ғана қосып отырғанда, арасын суытайын деп пе
ең. Біраз бауыр басып үйреніп алсын, сосын мейлі.
– Кейін де үйренер. Бірін-бірі ұнатса, өзі де қайтып келеді. Зорлап қосайын деп пе ең.
– Өй, өзің не айтып тұрсың, – деп шошала ішінде күңгірлеп, әйеліне дігірлей жөнелген
Қарасай, Қапыш үйден жөтеліп шыққанда барып тына қалды. – Осыдан, Акбөпеден қол
үзіп, Қапыш секілді құдадан айырылайық, сонда болсын саған!..
Қарасай қанша шыжалақтағанмен келінге тосқауыл бола алмады. Кішкентай қызын
киіндіріп, шанаға орап отырғызған Ақбөпе төркініне кете барды. Жасынан ерке өскен,
бірбет қызына Қапыш та ештеме деуге бата алмады. Тек бір қаға берісте Қарасайға күңк
еткен:
– Қареке, Ақбөпе менің қызым болса, сенің де қызың. Құдай қосқан баланы бұл үйден
әкетіп, қайда апарады дейсің. Барам десе барсын. Шешесін сағынған шығар. Кейін Халел
екеуі бір-бірімен жарасып кетсе, менде бөтен ой жоқ.
– Олай болса, Халел де бірге барсын. Шанаға сыймаса атқа салт мінер. Жер қарайып
дегдігенше бірге болып қайтсын. Тойларын кейін жасармыз, – деген еді Қарасай, бірақ ол
айтқаны да болмады. Халел орнынан тұрған жоқ. «Ешқайда да барарым жоқ, ауырып
жатырмын» депті шешесіне.
Пар ат жеккен жеңіл қашаба үй алдынан жылжып бара жатқанда ғана Халел іш
киімімен орнынан атып тұрып, терезеге жабысты. Жұқа қырауды демімен үрлеп, аяулы, ақ
жарқын жеңгесі қашан көзден тасаланғанша оймақтай тесіктен сығалап ұзақ қарап қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |