Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй


Күргерей қарттың үшінші жыры



Pdf көрінісі
бет8/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

Күргерей қарттың үшінші жыры 
Егін  өртеніп  кеткен  жыл  Балта  аулына  аса  бір  ауыр  жыл  болды.  Ел  қатты  тарықты. 
Соқада ыңыршағы айналған кедей аулының біразы Сұлу мұрттан іргесін аулақ салып, енді 
қайтып оның ырқымен жүрмейтін болды. 
Өрттің  Малжан  аулынан  келген  суық  қолдан  шыққаны  айдан  анық  еді.  Бірақ  көзбен 
көріп, қолмен ұстамаған соң не дейсің. Іштен тынғаннан басқа шара жоқ. 
Сол  жылы  Сұлу  мұрт  та  амалсыздан  айлаға  көшті.  Зәредей  өкпе,  кегі  жоқ  адамша 
Малжанды сағалап, қысты күні жылқышы болып алған. Біраз жүріп сеніміне кірген соң, 
жұма  сайын көп жылқының ішінен ең семіз деген екі-үшеуін ұрлап, түнделетіп жеткізіп 
тастайды. Мен жирен атқа қосақтап алып бір түннің ішінде Шарбақкөл, Молтайға апарып, 
астық,  ол-пұлға  айырбастап  тоғытып  жіберемін.  Тағы  да  ұры  болып  алдық.  Малжаннан 
осылай  кек  ала  бастап  ек,  мұнымыз  да  ұзаққа  бармады,  сезікті  боп  қалдық.  Ақыры,  бір 
қатты  боранда  Сұлу  мұрт  бір  үйірлі  жылқымен  ығып  кетіп,  бір  жұмадан  соң  табылды. 
Жылқысы  жоқ.  Текенің  сорына  түсіп  кетіпті.  Сұлу  мұрттың  бұл  соңғы  амалы  екен.  Бір 
көлдің  қамысына  матап  кеткен  жылқыларды  екі-үш  әкеп,  сол  түннің  ішінде  жайратып 
сойып тастадық. Әр үй мүшелеп бөліп алып, жерге көміп, терілерін өртеп жіберді. Бұл да 
болса талғажау. Жазға шығуға сеп. 
Малының  төлеуін  ала  алмай  кіжініп,  ізінен  адасқан  Малжанға  келесі  жаз  іздегенге 
сұрағандай болды. Атақты июнь жарлығы бұрқ ете қалған, у-шу боп баласынан айрылған 
аз ауылда не қауқар бар, еш қарсылық көрсете алмады. Ызалы Малжан ең бірінші тізімге 
Сұлу мұртты іліктіріп қоя берді. 
– Енді елге сен бас-көз бол. Райханжанымды саған тапсырдым. Хат танып қалып еді. 
Шамаң  келсе  қаладағы  оқуынан  қалдырма,  –  деп  ол  кезде  онға  келіп  қалған  Райханды 
маған тапсырды. Сұлу мұрт кете барды. Содан хабар-ошарсыз кетті. 
Күргерей  қарт  терең  күрсінді.  Әлдебір  ауыр  оқиға  есіне  түсіп,  жалпақ  жауырыны 
гүдірейіп үнсіз отыр. Тағы да трубкасын алып темекі тартты. 
Енді саған Сұлу мұртпен соңғы кездесуімді айтайын. 


Уақыт жылжып өте берді: патша тақтан тайды, уақытша үкімет құлады, большевиктер 
келді  үкімет  басына.  Азамат  соғысы  басталды.  Осының  бәрі  мойны  алыс  жатқан  Балта 
аулына алыстағы әупілдек үніндей талып, талмаурап жетеді. 
Он сегізінші жылдың қара суық күзі еді. Бір күні Омбы жақтан сау етіп бір топ солдат 
жетті.  Бір  тықырдың  таянғанын  іш  сезеді.  Бірақ  кімнен  сұрарсың.  Тіпті  ақ  жақсы  ма, 
қызыл жақсы ма, қараңғы елге айыру қиын. Келген солдаттардан шет пұшпақтап сұрайын 
десең, олардың өзі көзге көп түсе бермейді. 
Аз әскер бай аулында жатыр. 
Бір күні мені сол ауылға шақыртты. Екі солдатпен Қарабет келді. Ол кезде он сегіз-он 
тоғыздардағы  Қарабет  әкесіне  үлкен  ұлық  қонаққа  кеп  жатқандай тыраштанып,  маң-маң 
басады.  Паң.  Басына  ақтың  фуражкесін  қоқырайтып,  беліне  қылыш  асынып  алған. 
Сарайда іс соғып жатыр ем, елеурей кірді: 
– Әй, Күргерей, таста андағыларыңды. Офицердің өзі шақырады. Тез жетсін. Әйтпесе 
желкесін қырқып басын әкеліңдер деп жіберді, – деп ыржың етіп қасындағы солдаттарды 
арқаланып қоқиланып қояды. 
Малжан аулына қарай келе жатып қасындағы солдаттардан сұраймын: 
– Сендер кімсіңдер? Қайдан келген солдаттарсыңдар? 
–  Біз  белогвардеецтерміз,  –  дейді  біреуі  масаттанып.  –  Колчактың  солдаттарымыз. 
Большевиктерді құртып, орыс империясын қайтадан қалпына келтіреміз. 
Тегі  жаттап  алған  сөздері  болуы  керек,  аузы-аузына  жұқпай  асқақ  сөйлеп  келеді. 
Маған  бәрі  қараңғы.  Тек  «орыс  империясын  қайтадан  қалпына  келтіреміз»  дегеніне 
таңмын. «Қалпына келтіргені» қалай? 
Малжанның  жер  үйіне  жете  бергенде  әлгі  солдат  Қарабеттің  беліндегі  қылышын  өзі 
алып: 
– Сені офицер Куропаткин шақырған. Осы үйде отыр, – деп сыртта қала берді. 
Төргі  үйге  кірдім.  Жер  столдың  қасында  астына  екі  жастық  салып  отырған  таудай 
офицер мені көргенде, орнынан ұшып кете жаздады. Менің де тұла бойым түршігіп кетті. 
Самогонды қымызбен араластырып ішіп көзі қанталап отырған тыртық бет Кабан. 
– Кабан? 
–  Иә,  баяғы  Омбыдағы  ұрылардың  атаманы  Кабан.  Баяғыда  із-түзсіз  кеткенімді 
ұмытқан адам секілді. Ол туралы ештеме қозғаған жоқ. 


–  Ой,  Гриша,  сен  екенсің  ғой.  Отыр  мына  жерге,  –  деп  қасынан  орын  ұсынды.  Мені 
көзіне  де  ілмей,  сәлемімді  де  керек  етпей  ерніне  насыбай  сала  берген  Малжан  бай қолы 
жез мұртына жабысып қалғандай кірпік қақпай маған тесірейіп барады. 
– Күргерей, сен мына бастықты біледі  екенсің ғой,  – деп маған лезде жылы ұшырап, 
Кабанға қарап жымыңдай бастады. – Он наш ауылный шалабек. Қароши мұжық, қароши! 
– Гриша, сен ұста көрінесің, – деп Кабан енді түсін суыта сөйледі. – Сенен жасыратын 
не бар. Біз большевиктермен қарсы соғысамыз. Осы бай аулында, сен туған ауылда киргиз 
жігіттері  көп  көрінеді.  Ертеңгі  күні  оларды  да  бір-бір  атқа  мінгізіп  соғысқа  саламыз. 
Соларға сен бүгіннен бастап қылыш соғуың керек. 
– Мен өмірімде қылыш соғып көрген емен. 
–  Гриша,  ондай  бос  сөзге  қазір  уақыт  та  тар.  Мына  бай  айтып  отыр:  былтыр 
батрактарға  орақ  соғыпсың.  Coлай  долбарлай  салсаң  болады...  Жоқ,  басқа  сөздің  қажеті 
жоқ, – деп, аузымды қағып, енді қалтасынан жарқ еткізіп алтын білезік алды. Маған қарай 
бір  жамбастап  қисайып,  сыбырлап  отыр.  –  Мынаны  кердің  бе,  киргиздер  мұның  қадірін 
біле  бермейді.  Осы  үйдің  шымылдығынан  алдым  жаңа.  Алтыны  бар  үйді  айт.  Сақина, 
жүзіктерді түгел сыпырып алу керек. Сен де үлестен қалмассың. 
«Е, – дедім ішімнен. – Колчактің офицері мына ұры Қабан болса, солдаттары да қайбір 
жетіскен адамдар дейсің. Ақтардың сыры белгілі болды». 
Осы кезде тыстан бір солдат жүгіріп кірді. «Келіп қалды, келіп қалды» деуі мұң екен, 
Кабан атып тұрып тысқа ұмтылды. Мен де шықтым тысқа. Салт атты солдаттар қоршаған 
қара бәуескеден жарқ-жұрқ етіп мұртты біреу түсіп жатыр. Кабан етігін сарт еткізіп қолын 
шекесіне апарды: 
–  Ваше  превосходительство,  господин  полковник,  бұл  жерде  большевиктерден  еш 
сыбыс жоқ. Жергілікті киргиздарды дайындап жатырмыз. Ат жеткілікті. 
Мен өз жайыма қалған соң, ақырын жылысып көлігіме міндім де, ауылға қарай аяңдап 
жүре бердім. 
Сол  күні  ештемеге  зауқым  соқпай,  үйде  аласұрып  біраз  жүрдім  де, ақыры  сарайдағы 
күндегі  жұмысыма  кірістім.  Сарай  толған  кедей  ауылдың  ескі-құсқы  дүниелері.  Құлағы 
түскен  самауыр,  тесік  шелек,  мойны  сынған  кәпкір,  ожау.  Соларды  жөндеп  отырғанда, 
есік  сықыр  етіп  ашылды.  Көзі  жаудырап,  еппен  басып  кірген  Райхан.  Келе  бас  салатын 
қызым,  жасқаншақтанып,  аузына  сөз  түспей  үрейленіп  тұр.  Жан-жағына  ұрлана  қарап, 
құлағыма сыбырлады: 
– Аға, Жүсіп атамның үйіне жүріңіз. Шақырады. 
– Кім? 
– Әкем келген, әкем шақырады. 


– Не дейсің, Сұлу мұрт па? Рас па? Қашан келді? 
Сұлу  мұрт  Жүсіп  шалдың  үйінде  отыр  екен.  Қасында  екі-үш  ауыл  адамы.  Орнынан 
құшақ жая тұрды. 
Сұлу мұрт бұрынғыдан гөрі таралып ысылған. Үстінде әскери киім. Шинелінің өңіріне 
бастырған екі жапырақ Қызыл шүберек оның қызыл әскер екенін айтпай-ақ танытып тұр. 
– Күргерей, әңгімені кейін шерте жатармыз, қазір әңгіменің уақыты емес,  – деп Сұлу 
мұрт  отырғандарға  қарады.  –  Мен  елге  аңдамай  келіп  қалдым.  Бұл  ауылға  ақтар  жете 
қоймаған шығар деп ойлап ем. Енді түн жамылып отрядыма қайта кетуге тура келіп тұр 

Сұлу мұрт ішкі қалтасынан шиыршықталған газет алды. 
–  Мынау  большевиктердің  газеті,  –  деді  маған  ұсынып,  алдында  тұрған  Райханның 
шашынан  сипап,  маңдайынан  иіскеді,  –  кейін  Райхан  жаным  оқып  берер.  Ал  ендігі 
айтарым  мынау:  Омбы  жақта  отырған  іш  қазағы  әлі  көп  нәрседен  хабарсыз.  Ақ  пен 
қызылдың өзін айыра білмейтіндер көп. Естерінде болсын, кедейге теңдік әперіп жатқан 
қызылдар.  Ақтар  бұрынғы  тәртіпті  қайта  орнатқысы  келеді.  Қазірден  бастап  әрқайсың 
жан-жақтағы  ауылға  барып,  жансыз  хабар  салыңдар.  Ер-азамат  қадар,  халінше  ақтарға 
бөгет жасауға тырыссын. Қызылдар алыс емес. Колчак бандаларын құртқан соң... 
Сөз шорт үзілді. Сыртта қарауыл қарап тұрған жігіт үйге жүгіріп кірді: 
–  Ойбай,  келіп  қалды...  Осылай  қарай...  –  деп  сасқалақтап,  көзі  шарасынан  шығып 
барады. 
Біз  бірден  ұқтық.  Өйткені  қауіп  біреу-ақ.  Жалма-жан  Сұлтанды  жасырып,  басқамыз 
алдымызға  шай  жасата  беріп  ек,  тысқа  шығып  кеткен  Жүсіп  қарт  келіп  қайтадан 
аяғымыздан тік тұрғызды. 
– Султан қарағым, енді қайттік? Күргерей-ай, не де болса алыспай беріспелік. Мүмкін 
таба алмас та, Сұлтанды шошалаға тығу керек, – деп Жүсіп қарттың да өңі қуарып кетті. – 
Ауыл  үйдің  шетінен  тінтіп,  сүзіп  келеді.  Тегі  біреу  жеткізген  ғой.  Және  өздері  қақ 
жарылып ауылдың екі жақ басынан түсіпті. 
«Масқара-ай,  енді  не істедік?  Талай қырғыннан  елге  аман  оралғанда  ажал  аузына  өзі 
кеп түскендей болды-ау. 
Ақтар ұстаса, Сұлу мұртты сөз жоқ табан аузында атып тастайды». 
Сұлу мұрт жасырынып жатқан орнынан шықты. 


–  Ата,  атыңыз  ерттеулі  ғой,  бұлай  қолға  түсіп  қор  болғанша  атысып  өлейін.  Не  де 
болса  қашып  көремін.  Өз  атым  ұзақ  жерден  келген,  жарамайды,  –  дегенше,  маған 
тосыннан бір ақыл түсе кетті: 
– Сұлтан, шеш шинеліңді, мә, мынаны ки,  – деп үстімдегі  түйе жүн шекпенді тастай 
бердім де, басындағы шлемін киіп алдым. – Тез, тез, уақыт тығыз. 
Сұлу мұрт түсінген жоқ. Шекпенді киіп алды. Мен оның шинелін киіп, есікке ұмтыла 
бергенімде ғана, иығымнан ұстап жібермей тұр: 
– Қайда барасың, таста киімдеріңді. Мен өзім-ақ көрейін, не көрсем де. 
– Жоқ, сен шықсаң, бәрібір олар тексермей жібермейді, біліп қояды. Одан да мен қазір 
ауылдың шығысына қарай қашамын. Бәрі соңыма түсіп қуғанда, сен екінші жаққа тартып 
отыр,  –  дедім  де  Сұлу  мұрттың  сөзін  де  тыңдамадым,  қорада  байлаулы,  сүмектей  атты 
алып шығып жөнеле бердім. Қысылшаңда тапқан әдісіме қуаныштымын. 
Үйлерді тінтіп келе жатқан солдаттар екен. Жүсіп үйіне дейінгі аралықта екі-үш-ақ үй 
қалған.  Қарасы  он  шақты  солдат  мені  алғашқыда  байқамады.  Желе  шоқытып  екі  жүз 
метрдей ұзай бергенімде айғай, оның артынан іле гүрс етіп мылтық даусы шықты. Мен де 
атты  тебініп  қалдым.  Қанша  қажығанмен  жорықта  оқ  даусына  үйренген  ат  ышқынып, 
шаба жөнелді. Соңыма бір рет көз тастадым, солдаттардың бәрі тырақайлап қуып келеді. 
Аттары  қарқындағанша  әжептәуір  жер  сытылып  шығып  ем,  тағы  да  гүрс-гүрс  мылтық 
атылғанша болған жоқ, астымдағы ат мұрттай ұшты. 
«Қап,  тым  құрымаса  ұзай  алмадым-ау»  деген  өкінішті  ала  құладым.  Одан  арғысы  өң 
мен түстей: ет қызумен атып тұра бергенімде екпіндей жеткен бір ат омырауымен қағып 
өтті... 
Көзім  саңылауланып  ашыла  беруі  мұң  екен,  әлдекімдер  дедектете  жөнелді.  Аяғым 
анда-санда жерге бір тиіп сүйретіліп келемін. Қолымнан, қолтығымнан тартып, сүйреткен 
төрт  жігіт  жер  үйге  алып  кірді.  Таныдым:  үй  –  Қарабеттің  отауы.  Таңертең  пәуескемен 
келген  полковник  отыр.  Қасында  Қабан,  Қарабет.  Стол  үсті  самогон  құйған  бөтелкелер 
мен  туралған  етке  сыңсып  тұр.  Мезгілі  түн  екен.  Бестік  шам  ақтардан  жасқанғандай 
мүләйімсіп  сығырайып,  анда-санда  ықылық  атады.  Көзімнің  астымен  Сұлу  мұртты 
іздедім. Жоқ. 
– Аулыңа келген қызыл большевик кім? – болды полковниктің алғашқы сұрағы. 
Денем қозғалтпайды, аузым да икемге көнбейді 
– Қайдағы... большевик, – дедім сөзімді зорға құрап. 
–  Андағы  үстіңдегі  шинельдің  иесін  айтамын,  –  деп  өрім-өрім  шинельге  жеркене 
қарады. 
– Өзімдікі. Түнеугүні бір жолаушыдан сатып алғам. 


–  Ә...  –  деп  Кабан  орнынан  атып  тұрды.  Қолында  қылыш,  тізерлей  отырған  менің 
қасыма  келіп  төніп  тұр.  –  Сені  таңертең  аман-сау  жіберіп  ем.  Енді  құтыла  алмайсың. 
Қызыләскер неге келіпті? Басқалары қай ауылда жатыр? 
– Білмеймін. 
– Қызыл большевиктің өзін алып келіңдер, – деп еді төрдегі полковник. 
– Жолдас полковник, әуелі мұның өзінен сұрап алайық, – деп Кабан қайта төнді. 
«Эх, құрыған екеміз. Сұлу мұртты да ұстап алған екен ғой. Ендігі амал – үндемеу». 
Мен жағымның жігін ашпай қасарып отырып алдым. 
Талай  сұрақ  қойды.  Былқиып  үндемедім.  Бір  кезде  ашу  қысқан  Кабан  темірдей 
қолының  қырымен  желкемнен  тартып  жібергенде  етпелей  беріп  қайта  басымды 
көтергенімше  сарт  еткізіп  иегімнің  астынан  теуіп  қалды.  Құлап  түстім.  Бірақ  есімнен 
танғам  жоқ.  Тамақ  тасып  жүрген  Қарабеттің  келіншегі  Жәміш:  «Өлтірді-ау  мыналар,  не 
деген хайуандар!»  деп шыр ете қалып еді,  «Кет, бар ана үйге, сенің шаруаң қанша, өлсе 
өрем қапсын!» – деген Қарабеттің даусынан соң жым болды. Басыңа екіталай күн туғанда 
жанашыр жылы сөз жүйкеңді де босатады, әл, қуат та береді. Жәміштің бір ауыз сөзінен 
кейін  бар  күшімді  жиып  тістеніп  жатыр  ем,  Кабан  еденді  дүңк-дүңк  еткізіп  мені  бір 
айналып өтті де, шинельдің жағасынан бүре тартып жұлқыды. 
–  Жарайды,  қайтесің.  Таң  атқанша  ойлансын.  Соған  дейін  айтпаса  атып  тастаңдар,  – 
деген полковниктің үні шыққанда мен де орнымнан лып етіп тұра беріп Кабанды баспен 
ұрдым.  Шалқалай  барып  столға  кескен  ағаштай  құлады.  Үй  іші  опыр-топыр.  Ұрысып 
жүріп  есікке  қарай  ұмтылдым.  Бірақ  жете  алмай  мұрттай  ұштым.  Дәл  шекемнен  тиген 
ащы соққыдан есім ауып кетті. 
Мені басқа бөлмеге апарып тастапты. Еденіне шөп төсеген жер үйде қаз-қатар сұлап, 
сөреге  жайған  қазақ  ауылының  сықпа  құртындай  тізіліп,  киімшең  солдаттар  ұйықтап 
жатыр. Мылтық құшақтаған біреу менің қасымда қалғып-мүлгіп отыр. Дене шымырлатар 
неше түрлі қорылдан жер үй дірілдегендей болады. 
Артыма қайырып тас қып байлаған қолым бір кезде босай беріп еді, қалғыған солдат 
көзін ашып алды. Ұйқылы-ояу мәңгіріп меңіреу адамша мен жаққа тесіліп отырды да, баж 
етіп  мылтығына  жармасты.  Бірақ  кезей  алмай  қалды.  Менің  артымда  қисайып  жатып 
қолымдағы  қыл  арқанды  шешкен  адам  менен  асып  түсіп,  көзді  ашып-жұмғанша  күзетші 
солдаттың  төбесінен  қойып  жіберді.  Бақ  еткен  солдаттың  дымы  өшті.  Бірақ  басқалары 
оянып қалды. 
–  Тұр,  кеттік,  –  деп  еңгезердей  адам  есікке  ұмтылды.  Түгел  шешілмеген  қайырулы 
қолмен  мен  де  тысқа  аттым.  Абыр-дабыр  оянған  солдаттар  сүрініп-қабынып  шыққанша 
атқа  қарғып  мінген  әлгі  адам  мені  алдына  өңгеріп  алып  шаба  жөнелді.  Төрт-бес  аттылы 
айдалаға бытырай қаштық. Гүрс-гүрс мылтық атылды. Шапқан бойда білегімді қиған қыл 


арқанның соңғы ұшын ағытып жіберген адам бір сәт шалқая беріп ер үстінен ауып кете 
жаздады да, шоқтықта етпелей жатқан маған шынтақтай құлады. 
–  Ал,  тізгіннен  айырылма,  –  деп  шылбырдың  бір  жақ  ұшын  ұмсына  берген 
құтқарушының Сұлу мұрт екенін сонда білдім. 
Өзі  құтылғанмен  қолға  түскен  мені  өлтіріп  тастар  деп  қорқып,  ауыл  маңынан 
ұзамапты. Елден төрт-бес жігіттің басын құрап, бай аулын торуылдап жүріл, ақыры мені 
аман алып шыққандары осы болды. 
Ақтар  қараңғыда  бізден  көз  жазып  қалды.  Шамасы  отыз  шақырымдай  жердегі 
Тұғыржапқа  суыт  жеткенде  Сұлу  мұрт  атқа  отыра  алмады.  Қараңғыда  жобалап  атқан 
ақтың оғы белдемеден тиген екен. Тегі жұлынын үзіп жіберсе керек. Бұл жерге жеткенде 
ат  та  зорығып,  алпамсадай  екі  адамға  шыдамай  төбеге  ұрғандай  тұрып  қалған.  Белінен 
шойырылып қансыраған Сұлу мұрт келесі кешке дейін жатып, қас қарая бере мәңгі көзін 
жұмды. 
Өле-өлгенше  қабақ  шытқан  жоқ,  аспанда  жыпырлаған  жұлдыздарға  қарап  сөйлей 
берді. Арманшыл, қиялшыл адам екенін тұңғыш рет, соңғы рет білдім. 
«Шіркін-ай,  ерте  кетіп  барамын.  Дүние  жаңа  түзеліп,  көзімді  жаңа  ашқанымда  кетіп 
барамын. Тым құрымаса, бір-екі жыл тұра тұрсам етті. Жаумен көзбе-көз ұстасып өлмей, 
әлдебіреудің қаңғыған оғынан жер жастанатын болдым-ау... Күргерей, тыңда, саған айтар 
бір-ақ тілегім бар: ендігі арманымның сабағы Райханымның қолында. Шамаң келсе, оқыт. 
Мына  түн  куә  болсын,  сен  әкесі  бол.  Жетімсіретпе.  Менің  орныма  әке  бол...  Райханым, 
жаным, жалғызым...» – деп қашан көз жұмғанша аузынан тастамады. 
Мен  Сұлу мұрттан жапан түзде айырылып, жалғыз қалдым. Сол түні  жаңа заманның 
жаршысындай  алыстан  қызылдар  атқан  зеңбірек  үні  естілді.  Сол  түні  ауыл  жақтан  бұрқ 
етіп,  өрт  шықты.  Қызыл  жалынға  оранған  Балта  аулы  еді.  Ақтар  өртеп  кетті.  Қазір 
Малжан  ағашының  тұсында  ескі  жұрт  жатыр.  Сол  түні  күлі  ғана  қалған  Балта  аулының 
жұрты. Адам баласының бір-біріне деген қаскөйлігінің ізі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет