Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет7/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

ТӨРТІНШІ ТАРАУ 
Түске таман күн ысып, қайнап кетті. 
Бүгін  жексенбі.  Қызыл  жалау  селосының  орта  тұсындағы  шағын  базардың  маңында 
сапырылысқан халық. Бұрын маңайдағы деревнялардан бірен-саран шал, кемпірлер арбаға 
тиеген  қапшықтарымен  келіп,  жергілікті  адамдардың  жеңсігі  –  шемішке,  қияр,  сәбіз 
сияқты  жемістерді  сатып  отыратын.  Қазір  тың  жерге  келген  адамдар  осы  аудан 
орталығының  үстімен  күнде  лек-легімен  өтіп  жатады.  Жолға  азық  алатын  ондай 
жүргіншілер  дүкендерді  аралай  өтіп,  осы  базарға  да  соға  кетеді.  Келімді-кетімді  кісі 
көбейгеннен  бері  қоңылтақсып  тұратын  базар  сөрелері  де  бұрынғыдан  молыққан.  Тіпті 
бүйірлеріне ақау түскен Алматының апорты да бір-екі жерден енші алыпты. Қала шығып 
келген адамдардан жылына бір ауыз тиетін арқаның балалары  соның маңында шүпірлеп 
айналшықтап жүр. 
Тумысында  тұңғыш  рет  сауда  жасай  келген  Халел  дәу  қара  сабамен  қымыз  сатып 
отырған  кемиек  шарқы  шалдың  қасынан  орын  алған.  Алдында  борша-борша  бөлінген 
аппақ қардай семіз қойдың еті. Үстінде қара көк костюм, ақ көйлектің жағасын сыртына 
шығарған. Базардағы адамдарға жасқаншақ қарап, ұялыңқырап, сасқалақтай береді. 
– Ей, балақай... 
– Әй, Халел, етіңнің бағасы қанша? – деп алушы сұрағанда барып селк етіп, е, мен ет 
сатып  тұр  екем  ғой  дегендей  есіне  түседі  де,  .еттің  нарқын  мұрнының  астынан  ғана 
естілер-естілмес айтып, күбір етеді. 
Бұрын  сырттай  қарағанда  ет  сатудың  онша  қиындығы  да,  өрескелдігі.  де  жоқ  секілді 
көрінуші  еді.  Халел  бұл  кәсіптің  қиямет-қайым  екенін  бірінші  рет  көрді.  Аудан  ішіндегі 
таныс  адамдары  келсе,  маңдайынан  шып-шып  тер  шығып,  шашы  дудырап  берекесі 
қашады. 
Оның үстіне көлеңкеге жиналған бір топ шалдар да қызара бөртіп отырып: 


– Әй, Мәшрәп, сенің қай атаң қымыз сатып күнін көріп еді. Көктемдегі уыз қымызды 
базарға сатып не күн түсті басыңа. 
– Адал асты саудаға салмай, құй, кәне. 
– Байиын деген екенсің, 
–  Төріңнен  көрің  жуық  отырып,  қайдан  таптың  бұл  кәсіпті,  –  деп,  қымызшы  шалды 
ортаға алып, ойынды-шынды тілін батырып, керіп әкетті. 
–  Енді  кәйтейін...  кәйтейін,  кемпіріме  қант-шайлық  бірдеме  болсын  деп...  –  дегеннен 
басқа  кемиек  шал  сөз  таба  алмай,  он  тал  шоқша  сақалы  шолтаңдап  құрдастарына 
қымызынан құя берді. 
Сары  қымызды  сапыра  отырып  ішіп,  біраз  желігіп  алған  шалдар  әлден  уақытта 
Халелге тиісті. 
– Әй, қарағым, сен Қарабеттің баласымысың, осы? 
– Иә. 
–  Қарабет  Омбының  базарын  түгесіп,  енді  Қызыл  жалаудың  базарына  да  салды  ма 
ауызды. 
– Eh, бұл жаһаннамдағы мөрі бар ақша Қарабеттің қалтасынан құтылған ба. 
–  Үйлеріңде  кемінде  бір  сандық  ақша  бар  шығар,  ә,  балам?  О  бар  болғырды 
шірітесіңдер ме, қайтесіңдер жинай беріп. 
Халел не дерін білмей бетіне қаны теуіп, көзіне жас кеп қалды. Сандық дегенде үйдегі 
сары жез белбеулі сандықша есіне түсіп, шалдар тап сол сандық туралы айтып отырғандай 
өне бойы шымырлап қоя берді. Бұдан әрі ақсақалдар өзді-өзі сөйлесіп кетті де, Халел тек 
сырттай тыңдап, мұрнының үстіне меруерттей мөлдіреп тер шықты. 
Әкесі туралы айтылған сөздер жүрегіне мірдің оғындай қадала берді. 
–  Қарабеттің  ақшасында  қисап  жоқ.  Ол  кәззап  шылқыған  бай  емес  пе?  Қора  толған 
мал. Шытырлатып сатат та жатады. 
–  Қанша  сатқанмен  тап  мынадай  шілдеде  базарға  ет  шығармаушы  еді,  соған  да  бір 
тықыр тақалған-ау, сірә? 
–  Е,  мың  тасқанға  да  бір  тосқын  демей  ме.  Қазір  «Малжан  ағашына»  совхоз  орнап 
жатқан көрінеді. «Жаңа талап» колхозын да совхозға айналдырыпты. Малын жайып салып 
отыра алмайтын шығар енді. 


Шалдар Қарабетте өші бар адамдай, тістерін қайрай түсіп сөйлеп отыр. Халел кірерге 
жер таба алмады. 
Дүниеде  өз  ата-анасын  жек  көрер  бала  бар  ма?  Халел  де  өз  әкесін  жанындай  сүйеді. 
Оның  мінез-құлқын  өмірі  сарапқа  салып  көрген  емес.  Халелдің  ойынша  ол  бүкіл  ел 
сыйлайтын  қадірменді  адамдардың  біріндей  көрінуші  еді.  Ал  қазір  алғаш  рет  сол  әкенің 
атына айтылып жатқан жиіркенішті сөздерді өз құлағымен естіді. Қарабет деген ел қойып 
алған  атын  айтқанда  шын  қара  бет  адамды  атағандай  сезілді.  Шалдардың  сөзін  қанша 
ұнатпағанмен азамат боп ер жетіп қалған Халелдің алдында жасырын, тұйық жатқан бір 
сырдың беті ашылғандай болды. 
Халел  бұдан  өрі  базарда  көп  тұра  алмады.  Түс  ауа  сөредегі  етінің  бетін  жапты  да, 
қымызшы шалға тапсырып, шашлықханаға келді. 
Бұл  өңірдің  халқы  бұрын-соңды  шашлықтың  атын  естігенмен,  өзін  көрген  емес. 
Биылғы көктемде ғана осы базардың бір түкпіріне шашлықхана орнады. 
Бұл  бұрын  көркем  әдебиет  кітаптары  мен  мектеп  балаларының  оқу  құралдарын 
сататын  саманнан  салған  жайдақ  төбелі  бәкене  үй  болатын.  Қазір  жаңадан  үлкен  кітап 
дүкені  ашылды  да,  бұл  үйдің  маңдайшасына  екі  тілде  «Шашлықхана»,  «Шашлычная» 
деген  бадырайған  жарнама  ілінді.  Қазір  мұның  іші  адамға  лық  толған.  Өткен-кеткен 
адамдардың  бәрі  шашлықты  таңсық  көріп,  бұл  араны  соқпай  кетпейді.  Оның  үстіне  дәу 
ағаш  бөшкелермен  сонау  Армения  колхоздарынан  келген  арзан  шараптар  бокалдармен 
сатылады. Ақ халатты екі армян жігіті жалынға қызара бөртіп, қас қарайғанша тынымсыз 
сауда жасайды. 
Халел  көпшіліктің  арасымен  сығылысып  алға  таман  өтпекші  болып  еді,  бірақ 
тұрғандар жуыр маңда жібере қоймады. 
– Ей, жігітім, қайда барасың кимелеп?! 
–  Мұрындықсыз  өгіз  құсамай  кезекке  тұр,  –  деп  кейбірі  дөкірлеу  үнмен  иығынан 
жұлқып тастаған соң, шашлықхананың сыртқы есігіне барды. 
Бағана дүкенші армян бір қағаберісте ет сатушыларға келіп, айналдырып кеткен. 
– Мына күн ыстықта еттерің бүлініп кетеді, одан да маған сатыңдар, тік көтере алам, – 
деп  төрт  қойдың  етін  әкелген  Халелге  өз  бағасын  айтып  біраз  дөңгелеткен.  Ол  жолы 
көнбеген Халел, енді өзі іздеп келіп тұр. 
Ашық есіктен сығалаған Халелді көрсе де көрмегендей болып біраз уақыт саудасынан 
бас  көтермеген  қырықтардың  ішіндегі  армянин  әлден  уақытта  барып  бүкіл  алтын  тісін 
ақсита бұрылды: 


–  Кел,  кел,  балақай.  Отыр  мына  бөшкенің  үстіне.  Шөлдеген  шығарсың,  мә,  тартып 
жібер,  –  деп  Халелге  бір  бокал  шарап  берді.  –  Ал,  ал,  ақысын  сұрамаймын.  Етіңді  де 
алмаймын, қорықпай-ақ қой, ал, мә! 
Жеме-жемге  коймай  қолына  ұстата  салған  тобылғы  түсті  шарапты  қалай  алғанын  да 
аңдамай  қалды.  Енді  бокалды  қайда  қоярын  білмей  жан-жағына  жалтақтай  қарағанша 
болған жоқ, иісі бұрқыраған шашлықтың да бір талын ұстата салды. 
–  Ішіп  жібер,  жұртқа  бокал  керек,  тез  босат,  –  деп  үсті-үстіне  жеппелетіп,  Халелдің 
аузын аштырмады. Сатушының сөзін құптағандай, кезекте тұрғандар да: 
– Жолдастар, ыдыстарыңды тез босатыңдар. 
– Ырғалып-жырғалып тұратын бұл ресторан емес. 
–  Әңгімені  кейін  сөйлесесіңдер.  Қане,  тездетіңдер,  ай,  анау  жақтағылар...  –  десіп, 
шулап кетті. 
Халел өмірінде бір-ақ рет, мектепті бітірген жылы тойда отырып бір стакандай шарап 
ішкені  бар.  Онда  мас  болмақ  түгіл  титімдей  де  сезген  жоқ-ты.  Содан  былай  «егер  мен 
ішсем, тегі көп көтеретін болармын» деп жүретін. Бірақ ішімдікке әсте тәбеті шаппайтын. 
Ал,  осы  жолы  бұлай  отырып  қалуды  лайықсыз  көріп,  қолындағы  шарапты  сыздықтата 
жұтып, бүйірлі бокалды бір-ақ төңкерді. 
Осында келіп жүретін адамдардың талайының аузынан: «Ой, шарабының шарап сияғы 
жоқ, құр су», – дегендерін талай естіген. Халел ішіп салып ернін жалады. Қант салған шәй 
секілді тәтті дәм мен сәл кермек дәмінен басқа ештеме сезбей, «расында да осал екен, әлде 
бар шараптың ашуы осындай бола ма?» деп ойға қалды... 
Ол  осыны  ішкен  сайын  ойлады.  Қолы  саудадан  босамаған  армян  жігіті,  Халелмен 
сөйлесуге мұрсаты келмей, анда-санда шарап берумен болды. Жүзі ақ жарқын сатушының 
қонақжай  бауырмал  ниетіне  риза  болып,  салқын  күбінің  үстінде  бойы  балқып, 
маужыраған Халел ұзақ күннің қалай батқанын білмей қалды. Бүгінгі  саудасын аяқтаған 
сатушы,  үйдің  ішкі  тиегін  іліп  алып  бір  қоржын  ақшасын  санауға  кіріскенде  де  Халелді 
қуған  жоқ.  Қызғылттау  алтын  тістерін  бағанағыдай  ақсита  күліп,  оған  өзінің  бір  жақын 
адамындай қарады. Тек Халелге ғана бұл жолы оның тістері ерекше жарқырап, құбылып, 
бір  бетінде  бірнеше  ауыз  өзіне  қарап  ақсиғандай  көрінді.  Халел  бұған  ішек-сілесі  қатып 
күлді. Ол енді мына кісінің аузы өмірі жабылмайтын шығар деп те ойлады. Расында да ол 
қабақ шытып ренжуді  білмейтін адам екен. Халел сөзін әрең құрап,  өзінің неге келгенін 
айтқанда да, аузын жиған жоқ. Азу тістеріне дейін жарқылдай күлді. 
–  Дорогой,  сен  кешігіп  қалдың.  Бағана  айтқанда  неге  бермедің.  Енді  ала  алмаймын, 
ренжіме.  Бір  адамның  затына  келісіп  қойдым.  Дорогой,  ғапу  ет!  –  деп,  тағы  бір  бокал 
ұсынды.  –  Мына  күн  ыстықта  көп  алуға  болмайды.  Сақтайтын  жерім  де  жоқ.  Оған 
ренжіме... Ішіп жібер, Кавказ шарабы... 


Халел ақырлап келгенде жыларманға келді.  «Мына базарда тұрар жайым жоқ, қанша 
берсеңіз де алыңыз», – деп жалынды. 
Ақыры,  сол  түні  шашлықхананың  иесі  Халелдің  бүгінгі  қалған  еті  мен  үйіндегі  екі 
қойын түгел алды. 
–  Дорогой,  өзің  бір  жақсы  жігіт  екенсің.  Сені  ұнатқандықтан  ғана  қол  ұшын  беріп 
тұрмын.  Ал,  кейінде  де  көрісеміз  ғой.  Бұдан  былай  дос  болайық.  Тек  бар  сұрарым, 
малынды  маған  сатқаныңды  тісіңнен  шығарма.  Үйіңе  де  білдірме.  Үйткені  қолдан  алуға 
хақым жоқ, потребсоюз білсе... – деп, бағанағы күлкісінен жазбай қала берді. 
Бар  қойын  жарты  бағасына  тастап,  Халел  көшеде  ыңырсып  өлең  айтып,  өмірінде 
тұңғыш рет қисалаңдай басып аудандық клубқа беттеді. 
* * * 
Халел өстіп жүргенде төркініне кеткен Ақбөпе жалғыз үйге қайта оралып, Қарасайдың 
көңілі  сабасына  түскендей  болып  еді.  Бірақ  сол  күннің  кешіне  жетпей,  қайта  арнасынан 
асып, дауыл соққандай бұлқан-талқан болды. 
Жауын  астында  Қарасайдың  кезбеген  жері  жоқ.  Маңайдағы  көлдер  мен  қопаларды 
тегіс сүзіп шықты. 
Таңертеңгі  ашықта  үй  маңында  жайылып  жүрген  бір  топ  қойы  ұшты-күйді  жоғалды. 
Жер жұтқандай жым-жылас. Қой соңында жүретін Дика да жоқ. Қойларды алысқа ұзатпай 
күн  ұзақ  қайыра  жайып  кешке  таман  үйге  әкелуші  еді,  бүгін  өзі  түгіл  ізі  көрінбейді. 
Қарасай үй маңында біраз айғайлап жүрді де, Дикадан еш дыбыс білінбеген соң, шыдамы 
таусылып атқа қонды. 
Малжан  ағашынан  ұзаған  сайын  жүрегі  әлденеден  секем  алып,  өз-өзінен  үрейленіп 
атын  тебіне  түсті.  Бірақ  қанша  шоқырақтап,  асыққанмен  ымырт  үйіріліп  көз  байлана 
берді. 
Дика  шаруамен  айналысып  жүріп,  анда-санда  зыр  қағып  үй  маңынан  ұзап  кеткен 
қойларды ағаштың бауырына иіріп тастайтын. Бүгін өз-өзінен желігіп, ақ тастан салынып 
жатқан  қаз-қатар  үйлерге  беттеді.  «Райхан  тапқан  ақ  тасты  қазір  Айсарының  іргесіндегі 
Тұғыржаптан  бар  совхоз  тартып  жатыр.  Бұрын  қалай  білмегенбіз.  Бірақ  алыс  қой,  оны 
тасуға көліктің күші қайдан жетсін. Өзі саманнан да жеңіл екен. Шіркін құрылысқа дәйт», 
– деп жұрт шулап, аузының суы құрып жүретін ақ тасты көруге Дика да құмар еді. 
Әлі  сырты  сыланбаған,  төбесі  ашық  он  шақты  тас  үйдің  орта  тұсындағы  жартылап 
қаланған  ұзын  барактың  іргесінде  үйілген  ақ  тас.  Үй  қабырғасын  көтеріп  жүрген 
жұмыскерлерге Дика қараған жоқ. Келе үлкендігі диірмендей тастарды қозғап көріп еді, 
жеп-жеңіл. Дика үюлі тастарды шетінен көтерді. Бәрі жеңіл. Тіпті ең үлкендерін де онша 
қиналмай қақпақылдай атуға болады. Жоқ. Ана бір жатқан үлкендігі құнан қойдай тасты 
көтеру  оңай  емес  шығар.  Дика  енді  соны  көтергісі  келді.  Жақпар  тастың  астына  қолын 


сұғып жіберіп күшене тартып еді, ауыр екен.  Бар күшін салып тізесіне дейін апарды да, 
салмақтап тұрып тастай берді. 
– Әй, джигит, тал түсте тас ұрлайын деп жүрмісің?! – Дика дауыс шыққан жаққа жалт 
қарап еді, қолында қалағы бар, мұрны қолағаштай, қасы қап-қалың, құс тұмсық жігіт екен. 
Кедір-бұдыр  тастардың  қиюын  келтіріп  түп-түзу  қалаған  қабырғаға  атша  мініп 
алыпты. Дика сөздің сыңайы қалжың екенін түсінсе де не дерін білмей сасып қалды. Шала 
орысшасымен: 
– Жоқ, жай әшейін, – деп жымың етіп, ернін бір жалады. 
– Әлде күшің тасып тұр ма? Онда ана бір тасты әперіп жіберші. Толик, сен демала тұр. 
Мына дала джигитінің күшін сынайық, – деп әлгі дөң мұрын ішкі жақта тас әперіп жүрген 
жолдасына көзін қысып, жіп-жіңішке ғып бастырған әдемі қияқ мұртын үлкен қолғабымен 
сипап қойды. – Ал, кәне. 
Дика қуақы жігіттің қалжыңын шын көріп, оның нұсқаған тасын әперді. Кесек мұрын – 
армян жігіті: 
– Әй, джигит, асықпа, шаршап қаласың. Бір-екі әперіп кете қоям деп тұрған шығарсың. 
Енді кету жоқ. Кешке дейін сені жібермейміз. Күшіңді үнемде, сарқып алма,  – деп күліп 
қояды. 
Дикада үн жоқ. Ақ тасты биікке әперіп, жүгіріп жүр. 
– Атың кім сенің? 
– Дика. 
– Дика? Дик десейші одан да. Атың қандай әдемі еді. Ал, Дик, мына шелекті алып, ана 
жерден  лай  әперіп  жібер...  Әне-әне,  алдында,  науаның  ішінде...  Тым  толтырма,  көтере 
алмайсың. 
Дик  құм  араластырған  қоймалжың  цементті  шелектің  аузы-мұрнынан  шығара 
шүпілдетіп,  Радиктің  қолына  ұстата  берді.  Цемент  емес,  бір  шелек  мақта  көтергендей 
биікке лып еткізеді. 
–  Дик,  сен  өзің  шынында  да  мықты  екенсің.  Бірақ  ана  шалбарыңды  көтере  бермей, 
жақсылап байлап ал. Семіз қыздардай мықының жоқ қой өзіңнің. 
Дика  қас  қарайғанша  жұмыс  істеді.  Кешке  қарай  қатты  нөсер  басталғанда, 
құрылысшылар  төбесі  жабылған  үйлерге  жүгірген.  Әйтеуір  жұмыс  тоқталған  жоқ.  Енді 
жабық үйдің ішін майлап жүр. 
Бір  бригададағы  тоғыз  жігіттің  тоғызы  да  Диканың  қарулылығына  қайран  қалды. 
Алғашқыда: 


– Әй, бұл бірінші күн істеген соң күшті болып тұр ғой. Екінші күні көрер ем... 
– Таза ауада әбден шиыршық атып жүрген екен. Күшін де үнемдеуді білмейді. 
– Өзі шылым да тартпайды, алқынбайтыны содан ғой, – десіп, маңдайы да жіпсімеген 
Диканың келесі күні бұлай қимылдайтынына күмәнданған. Бірақ жауырыны жап-жалпақ, 
кесек денелі жігіттің алып күштің иесі екеніне соңынан көздері жетті. 
Бәрі үзіліс жасап, демалып отырғанда бригадир Котенок Диканың қасына отырды да, 
сөз бастады. 
– Дик, сен ана жалғыз үйде тұрамысың? 
– Иә. 
– Кәсібің не? Не жұмыс істейсің? 
–  Не  жұмыс  істесін.  Постоялый  двор  емес  пе.  Жолаушылардың  көлігін  күтіп  ақша 
алатын  шығар.  Жалғыз  үйде  басқа  не  шаруа  болушы  еді,  –  деп  армян  жігіті  Дикаға 
бұрылды. – Әйелің бар ма? 
Дика тұнжырап төмен қарады. 
– Әне, айттым ғой. Бұл не істеуші еді. Қыз аулайтын бұл маңда қыз да жоқ. 
–  Қалжыңды  қоя  тұршы.  –  Котенок  шын  сөзге  ауысты.  –  Жолдастар,  осы  жігітті  біз 
бригадамызға қоссақ қайтеді? 
–  Пожалуйста.  Үнемі  бүгінгідей  жұмыс  істесе,  осы  совхоздағы  ең  алдыңғы  қатарлы 
боларында дау жоқ. 
– Ал, Дик, – деді Котенок. – Сен жұмысқа тұрғың келе ме? Бүгінгі істеген жұмысыңа 
елу сом ақша жазам. Киімің де жүдеулеу екен. Егер бізбен бірге болсаң, айына кемінде екі 
мың, үш мыңнан айналдыратыныңа сөз жоқ. Ойланшы. 
–  Ойланатын  несі  бар.  Үйінің  іргесінде  тұрған  жұмысқа  ерінер  деймісің,  –  деп  тағы 
бірі кие жөнелді. 
Бірақ Дика үндеген жоқ. «Осылар шын айтып отыр ма» дегендей ернін бір жалап алып, 
маңайындағыларға көзінің астымен сүзіле қарап өтті... 
Дика шам жаға үйіне қуанып оралды. Жәміш апасына жеткенше асығып келеді. «Апа, 
мен  ертеңнен  бастап  жұмысқа  тұрсам  қайтеді.  Аянбай  жұмыс  істесең  көп  ақша  табуға 
болады екен. Ай сайын өзіңнің қолыңа әкеп берер ем. Өміріңде бірінші рет еңбек ақы алу 
деген қандай жақсы еді, апа. Бүгін жарты күннің ішінде елу сом ақша таптым. Жігіттердің 
бәрі мені көкке көтере мақтады. Бар күшіңді салып еңбек еткенде мақтап, арқаңа қаққанда 
көңілің көкке жеткендей болады екен, апа. Шіркін-ай, ғұмыр бойы осылай жұмыс істер ме 


ем.  Апа,  мені  ертең  жібересіз  бе?  Үй  шаруасын  да  арасында  істеп  тастар  ем.  Бәріне  де 
үлгерем. Әрине, сен қарсы емессің, апа, білем! Бірақ, Қарасай ағатайым ше?!» 
Үсті-басынан  жауын  сорғалап  суға  малшынса  да,  қуанышы  қойнына  сыймай  келе 
жатқан Диканың көңілі қораның табалдырығын аттай бере су сепкендей басылды. 
Қорада аспа шам тұр. Қарасай қой бауыздап жатыр. Жауында ығып кеткен қойларына 
қасқыр  шауып,  жан-жаққа  бөліп  әкеткен.  Атпен  шапқылап  жүріп  зорға  дегенде  жинап 
алып  еді.  Екі  қара  қойды  таба  алмай  қойды.  Қалғандарының  өзі  өлім  халінде. 
Құйрықтарын қасқыр тартып, дала-даласын шығарған. Дірдектеп қан ағып тұр. 
Қарасайдың  жауатын  бұлттай  түнеріп,  тұлданып  отырғанынан  сескеніп,  Дика  отау 
үйдің есігіне қарай жылыстай беріп еді. 
– Әһ, келдің бе, әкеңнің... қу жетім, – деп Қарасай пышағын қан жылым терінің үстіне 
тастай  беріп,  ашада  ілулі  бишігін  ала  ұмтылды.  –  Тойынайын  деген  екенсің.  Мәһ  саған, 
мәһ саған! 
Өзі іріп тұрған жұқа көйлек қамшы астында тілім-тілім айырылып кетті. Төрт қырлы 
сегіз өрім бишік ұшындағы май сіңіп шираған өткір таспа мойнына шып етіп оралып, оң 
жақ көзіне тигенде Дика өкірген бойы, бетін басып етпетінен құлап түсті. Қамшыға айызы 
қанбағандай  Қарасай  Диканы  тепкінің  астына  алды.  Басын  қорғаштап,  бүк  түсе  құлаған 
Дика «ағатай-ай, ағатай!» дегенде, құлындағы даусы құраққа шығады. «Мә, саған ағатай, 
ана  екі  қоймен  бірге  сені  де  өлтіремін,  иттің  бал  асы!»  деп  Қарасай  одан  сайын 
өршеленеді.  Неше  жылғы  қатқан  тулақты  тепкендей,  бұзау  тіс  етік  Диканың  арқасына, 
белдемесіне  сарт-сарт  етеді.  Бағанадан  бері  сойылған  қойдың  қанынан  дәметіп  отырған 
ұяластар  да,  өздеріне  соққы  тигендей  белі  қайысып  қыңсылап,  құйрықтарын  бұттарына 
тығып  мал  қораға  жып  етіп  қойып  кетті.  Иесінің  қаһарынан  шошып,  қайтып  көрінбей 
қойды. 
Отау үйден жан ұшырып Ақбөпе шыққан. Жүгірген бойы бар екпінімен келіп, атасын 
қағып  жіберді.  Қолынан  бишігі  ұшып  түскен  Қарасай  сүрініп  барып  қайта  еңсесін 
көтергенде Дика да жан дәрменде қорадан ата шығып, бас сауғалап зытып отырды. 
* * * 
Дика  «Малжан ағашының» қараңғы бір түкпіріне барып жуан қайыңға арқасын тіреп 
бүрісіп отыра кетті. Жауын құйып тұр. Ағаш арасы шылқылдаған су. Тек қалың бұтақты 
қайыңның  бауыры  ғана  сәл  паналау.  Анда-санда  жапырақтардан  тамған  тамшы  мұп-
мұздай болып мойнына құйылса да Дика елер емес. Солқылдап жылап отыр. Қамшы тиген 
көз көнектей боп ісіп шыға келді. Кілбиген жарымжан көз одан сайын жұмылып,  ыстық 
темір басқандай қыздырып-жандырып барады. Отыз-отыз бестерге келген дардай жігіттің 
жылағаны тосыннан көрген адамға қандай ерсі. Бірақ қазір Дика ересек адамша емес, сәби 
балаша  көзінің  жасын  төге  берді.  Қаршадайынан  көрген  азабы,  тартқан  мехнаты  есіне 
түсіп, егіліп отыр. 


Диканың  шын  аты  –  Тұрсын.  Ата-анасы  зарығып  көрген  ұл  екен.  Балалары  тұрмай 
бірінен соң бірі өле беріп, ақыры осы баланы көріпті. Енді осы жалғызым тұрса екен деп, 
әкесі  азан  шақырып,  атын  Тұрсын  қойыпты.  Бірақ  көп  ұзамай  жалғыз  ұлының  тілеуін 
тілеп  жүрген  әкесі  мен  шешесі  бір  жылдың  ішінде  дүние  салып,  Тұрсын  екі  жасында 
жетім  қалған.  Жетімнің  күні  қараң.  Ауылдағы  жекжат,  туыстары  үйіне  алып,  қанша 
асырағанмен  ата-анадай  қайдан  болсын.  Бұрын  жарғақ  құлағы  жастыққа  тимей,  желге, 
күнге  тигізбей  мәпелеп,  алақанға  салып  өсірген  бала  бір  жылдан  кейін-ақ  қайтадан 
құйрығын  басып  отырып  қалады.  Бес-алты  жасқа  дейін  мешел  болып,  ақыры  жансебіл 
бала адам болып жүріп кетеді. Екі аяғының арасынан ел көшкендей қамыт аяқ болуы да 
содан болса керек... 
Тұрсын мектеп жүзін он-он бір жасында көрді. Соған орай оқуға деген құмарлығы да 
онша болмады. Тұрмыстың жайсыздығынан ба, әлде жасынан аурулы болып кісі қолына 
қарап  жасқаншақ  тартқаны  ма,  әйтеуір  жасық.  Тіпті  ынжықтау  болып,  сабақты  үлгере 
алмады. Бір класта екі жыл, кейде үш жыл отырып әрең көшеді. Ол кезде ауыл ішінде оқу 
ағарту  жұмысындағы  ондай-ондай  сорақылықтарға  онша  мән  бере  қоймайтын.  Ақыры 
төрт  класты  өлдім-талдым  деп  жүріп  бітіріп,  Тұрсын  мектептен  мүлдем  қол  үзді.  Оған 
себеп  болған,  біріншіден,  жиырмаларға  таяп  қалған  жігіттің  кішкентай  балалардың 
арасында  дөңкиіп  отыруы  өрескел  көрінсе,  екіншіден,  оның  мұндай  «еркелігін»  көтере 
беретін  туысқандары  да  болмады.  Оның  үстіне  сәл  миында  да  зақым  бар  еді.  Сонымен 
ауыл ішінде әр жұмыстың басын шалып, жүре берді. Өстіп жүргенде соғыс басталды. Ел 
азаматтары  кетіп  жатты.  Жасында  екі  көзі  бірдей  қарығып  шала  көретін  Тұрсынды 
военкомат  та  керек  етпеді.  Ел  іші  тарыға  келе,  елу-алпыс  үйлі  шағын  ауылға  да  масыл 
бола  бастады.  Ақыры  ол  бір  жолаушыға  еріп,  халқы  көбірек  аудан  орталығына  келген. 
Қызыл жалауда соғыстан бұрын кішігірім от диірмен болатын. Соғыстың алғашқы жылы-
ақ бұзылып, көп ұзамай қаңырап бос қалды. Бірер жылдан соң ғана Саратовтан бір неміс 
келіп,  село  сыртына  қараторғайдың  ұясындай  кішкентай  жел  диірмен  орнатты.  Оның  да 
тастары шақырлап, шайнасып, жиі науқастанып, желсіз күндері мүлдем былқ етпей төрт 
қалағы  селтиіп  тұрып  алады.  Содан  үй  басы  тастан,  ағаштан  жасаған  қол  диірменге 
ауысқан. 
Аудан орталығына келген күннен бастап Тұрсынның кәсібі диірмен тарту болды. Үй-
үйді ақтап жүріп, екі-үш күн бір жерде изең-изең тас айналдырып, ас-суына ортақ болады. 
Аз күнде Тұрсынның аты диірменші бала атанды. 
Жасынан жетімдігіне қоса мешел болып, әркімнің қасы мен қабағына жаутаңдап өскен 
Тұрсынның  мінезі  де  жуас.  Басынан  қанша  сөз  асырып  ұрсып,  зекіп  жатса  да,  аузының 
жігін ашпай тұқыраңдап төмен қарай беретін жасқаншақ. Жаратылысынан мүләйім. Осы 
мінезімен ол жүрген жерінде жағып, көрген адам оны аяп, мүсіркейді. Оның үстіне тәп-
тәуір  сызылған  даусы  бар.  Ертеден  қара  кешке  диірменнің  ырғағына  қосып  баяулатып 
өлең  айтып  отырғаны.  Бұрын  сабаққа  зеректігі  болмағанмен,  өлең,  әнге  ұғымтал-ақ.  Ел 
арасында айтылатын ескі әндер мен әскерге кеткен адамдарға шығарған өлеңдерді қағып 
алып,  келесі  күні-ақ  айтып  отырады.  Сөзінің  көбін  тура  айта  алмағанмен,  кей  жерін  өз 
жанынан қосып, әйтеуір сүйегін бұзбайды. Бірінің баласы, бірінің ері кеткен елдегі көңілі 


жарым  қатын-қалаш  қазандық  аузында  жүріп  Тұрсынның  мұңлы  өлеңдеріне  көз  жасын 
сығып-сығып алады. 
Жаңа  өспірім  бозбалалар  жинала  қалған  жерде  Тұрсынды  айналдырып,  ортаға  алып, 
қалжыңдап,  мәз-мейрам  болып  жатқаны.  Ондай  жерде  диірменші  баланың  орысша, 
қытайша  айтқан  өлеңдері-ақ  ішек-сілеңді  қатырады.  Он  екіде  бір  нұсқасы  келмейтін 
өлеңдер  кімді  күлдірмесін.  Табиғатында  бет-аузы  жып-жылмағай  бала  тәрізді  көсе  жігіт 
бір жағы ел арасындағы шут секілді. Соғыс ауыртпалығынан еңсесі түсіп жүрген жас та, 
кәрі  де  онымен  құрдасындай  ойнап,  көңілдерін  көтереді.  Бірде  бір  топ  жыртақай 
бозбалалар өзін кеу-кеулеп ортаға алып, қатты қалжыңдағаны бар. 
– Әй, Тұрсын, осы сен неге үйленбейсің? 
– Саған ана Сәруар да, Меңсұлу да ғашық. Солардың бірін неге қағып түспейсің. 
– Ой, бұл әлі сәби емес пе, әйелді мұрты шыққасын алады да. 
– Ха-ха-ха! 
– Өй, мұның мұрты шыққанша, әйелдердің отыз екі тісі түгел түсіп болмай ма? 
– Хһа-ха-ха! 
– Әй, шынында Тұрсынға неге мұрт шықпайды, осы қызтекеден сау ма, жығып салып 
көретін екен. Ха-ха! 
– Қойшы, мұрт шықса, диірменнің қасында қырынып отыру қандай жараспас еді. 
– Еһ, оның несі бар, алпамсадай жігітке неге жараспасын. 
Ойын-күлкіге масығып, қызып алған бозбалалар енді оның мүсініне жабысты. 
–  Шынында  осы  Тұрсын  сеп-семіз-ай,  тіпті  өзінде  мықын  жоқ,  шалбарының  белдігі 
әсте ұстамайды. Үнемі құйрығының жықпылы жылтыңдап жүргені... 
– Ха-ха-ха! 
– Осы тегінде уайымдау дегенді де білмейді ғой деймін. Уайымсыз адам өмірі қоңын 
бере ме? 
–  Еһ,  уайымдайтын  мұның  несі  күйе  кетіп  жүр.  Құлағы,  лепілі  түзу,  шыңдалған 
диірмен болса болды, басқа нені ойласын. Жүрген бір дикий жан емес пе? 
– Иә, бұл бір дикий адам ғой. 
Ақыры  біраз  жерге  шауып  тоқтаған  бозбалалардың  қайсыбірі  соңғы  сөзді  ауыр  алып 
қалды ма деп, іштей аяп: 


–  Әй,  Тұрсын,  сен  біздің  айтқанымызға  ренжіп  қалма,  әшейін  қалжың  ғой,  –  десіп 
тарасқан. 
Сол күннен бастап кейбір адамдар, «әлгі дикий бала қайда?» «дикий баланы шақырып, 
өлең айтқызатын екен» дейтін болды. Оны құлағы шалып қалған кемпірлер тілі келмейтін 
сөздің тамырына түсінбей, Тұрсынның өзіне «Диқай бала»,  «Диқай» деп ат қойып алды. 
Келе-келе Тұрсын – Дика атанып кетті. 
Дика  диірмен  тартумен  күнелтіп,  әр  үйді  сағалап  жүріп,  соғыс  жылының  да  қалай 
өткенін білмей қалды. 
Соғыс  аяқталып,  елге  ер-азаматтың  көбі  қайта  оралып,  белі  шойырылған  тұрмыс 
біртіндеп еңсесін қайта көтере бастады. Бұрын диірмен тартуға шақыратын үйлердің саны 
да  азая  берді.  Енді  Дика  кейбір  шақырмаған  жерге  өзі  барып  ол-пұл  жұмысына 
көмектесіп, кейде шоп басын сындырмаса да бірер күн қонып кетіп жүреді. Аудан ішіне 
әбден  бауыр  басып  алған  жарымжан  мүсәпір  жігітті  ешкім  ауырсынбайды.  Қайта  соқа 
басты  жетімді  мүсіркеп,  бәрі  іш  тартады.  Қай  үйге  барса  да,  кішкентай  балаларға  дейін 
еркелеп,  өзімсініп  мойнына  асылып,  жатар  уақытқа  дейін  қасынан  шықпайды.  Дика  да 
оларды  аймалап,  түйе,  ат  болып,  арқасына  мінгізіп,  асыр  салады.  Оның  үстіне  тағы 
жұғымдылығы  –  Диканың  тазалығы.  Қайда  барса  да  төс  қалтасынан  сынық  айна,  жан 
қалтасынан  сабынның  таусыншығы  түспейді.  Мезгіл-мезгіл  жуынып  жатқан  Диканы 
көресің. Қай үй болмасын оған төсек орнын аямайтыны да содан. 
Осы мінезінің бәрін сырттай бақылап, шаруаға қажымайтын күшіне қызығып жүретін 
Қарабет бір күні оған «құда түсті». Дика ол күні Қосимановтың үйінде болатын. Шам жаға 
қазандық аузында Кәмел мен ауыл үйдің келіншектерінің арасында әңгіме дүкенін құрып 
отырған.  Келіншектер  онымен  қалжыңдасып,  ән  салғызып  мәре-сәре  боп  жатқан  кезде, 
тор үйге Қарабет шақыртып алды. 
Төр үйде біраз адам, іңірден бері баппен бүлкілдеп қайнаған қазандағы қой етін күтіп, 
көздеріне ұйқы тығылып, маужырап отыр екен. Бәрі  де Дика келісімен көздері  шырадай 
жайнап, гуілдеп кетті. 
–  Ау,  осы  сен  келіншектердің  арасынан  шықпайсың,  үйленейін  деп  жүргеннен 
саумысың. 
–  Е,  үйленсе  несі  бар.  Мұндай  жігітке  кім  қызын  бермейді.  Өзі  әнші,  өзі  шаруақор, 
деген бір сырлы, сегіз қырлының өзі емес пе?! 
– Рас, үйлендіріп жіберу керек. 
– Әй, Дика, өзің айтшы, кімнен ойың бар? Осы сен бастықтардың әйелінің бірін қағып 
кетуден  саумысың.  Ана  Күміс,  Шәрипа,  Зылихалардың  үйінен  шықпайсың,  –  деп 
Қосиманов  өзінің  құрдастарының  әйелін  тізе  жөнелді.  –  Сен  қу  біреуімізді  тақырға 
отырғызып тотитып кетіп жүрме. Байқа, көзіңді жылтыратып қаматқызып қоям! 


Дика жымың-жымың етіп төмен қарап күле береді. 
– Әй, осының күлкісі жаман, шынында да осында бір кәкір бар. 
–  Өй,  қойыңдар.  Дика  оларды  менсіне  ме.  Бүлдіршіндей  жас  қыздар  тұрғанда,  кәрі-
құртаңды қайтсін. 
Бағанадан  жастыққа  шынтақтай  жатқан  Қарасай  орнынан  тұрып  әңгімеге  араласты. 
Қалжыңсыз, күлкісіз отырып, Дикадан көзін алмай жанашыр адамдай, байсалды сөйледі. 
– Сендер не десеңдер, о деңдер. Шынымды айтайын, өзім осы Диканы жақсы көрем. 
Байқаймын, әттең бағы ашылмай жүрген бала. Өзіне бір шүйке бас алып берсең, үй болып 
кетейін деп-ақ тұр. Диканы мен өзіме әрі бала, әрі іні етіп алсам ба деймін. 
Көздері күлімдеп, жетім жігітпен ойнап отырғандар тыйыла қалды. Бәрі де шын сөзге 
ауысып: 
–  Қареке-ау,  мынауыңыз  табылған  ақыл  екен.  Жалғызілікті  жігіттің  бір-ақ  күнде 
маңдайы ашылар еді ғой. 
– Алыңыз, Қареке, бала қылып алыңыз. Сіздей қамқор адам тапса Дикаға одан артық 
не керек. 
– Ой, Дика, бағың ашылсын, бағың! 
Диканың да іші жылып кетті. Қанша бауыр басып үйренгенмен көрінген үйде тентіреп 
жүру де қолайсыз-ау. Өз үйіңе, өз қара лашығыңның болғанына не жетсін. «Осылар шын 
айтып отыр ма» дегендей, Дика айнала көзінің қиығын тастап, үнсіз томсара қалды. 
– Міне, мен бүгін Дикаға дүкеннен әдейі киім алдым. Үсті де жыртыла бастаған екен 
пақырдың, – деп Қарасай төсек астынан бір бума қағазды алып ашты. Ішінен бомазидан 
жасаған арзан шалбар мен қызыл сәтен көйлек алып, Диканың алдына тастай берді. – Мә, 
киіп ал, жарқыным. 
Дика бір қызарып, бір қуарып не істерін білмей қибыжықтай берді. Ине-жіптен жаңа 
шыққан  киімді  соғыс  жылдарынан  бері  бірінші  көріп  отырғаны.  Онша  да  мұнша  жүріп, 
тап  Қарасайдай  мейірімді  адамды  бұрын-соңды  көрмегендей,  Диканың  өне  бойын  ып-
ыстық қан аралап, көзіне жас іркіліп қалды. Жарым көңілі босап кетті. 
Отырғандар да жамырай сөйлеп: 
–  Киіп  ал,  ки!  Ана  үстіңдегі  шоқпыттарыңды  таста!  –  десіп  қоярда-қоймай,  көз 
алдында жаңа киімді кигізді. 
Көк бомази шалбар мен оттай қызыл сәтен көйлектің ішінде Дика әп-сәтте жұтынып 
шыға  келді.  Тек  шалбардың  белі  кеңдеу  екен.  Әшейінде  шалбардың  ышқырлығын 
ұстамайтын беліне шүберек белбеуін қайта байлап жатыр еді, Қосиманов: 


–  Таста  оны,  бүтінделген  соң,  түгел  бүтіндел,  –  деп  орнынан  атып  тұрып,  қатардағы 
есікке кіріп кетті  де, әр жері  сынған, көнетоз офицер белбеуі мен  ескі  фуражкасын әкеп 
берді. – Мә! 
Дика  әскер  киіміне  өлгенше  құмар  болатын.  Аяқ  астынан  қарық  болып,  жалпақ 
төбесіне батпайтын тар фуражкені қоқита киіп, жымың-жымың етті. 
– Ойбай-ау, өзің қабығын аршыған жұмыртқадай жылтырап шыға келдің ғой. Енді сені 
көрген қыз-қырқын талып түсетін болды, – деп қонақтың бірі ішін тартты. 
–  Жұмыртқадай  жұтынғанды  әлі  көрерсіңдер.  Өзім  Диканы  жеке  отау  етіп  шығарам. 
Кім бұған оң жақта отырған қызын бермес екен. Құдайға шүкір, бір жігіттің қалың малына 
қыңқ  етпеймін.  Ондық  дәулетім  жетеді,  –  деп  Қарасай  Диканы  мүлдем  мас  қып,  алды-
артын орап алды. 
Бірақ  не  керек,  ол  сөздің  бәрі  жүре-жүре  ұмыт  болып,  Дика  бұрынғы  таз  қалпына 
қайта  түсті.  Малжан  ағашының  бауырындағы  жалғыз  үйге  келген  алғашқы  кезде 
әжептәуір көңілі өсіп, шынымен қатарға қосылып үй болам ба деп үміткер болып жүруші 
еді, келе-келе оның бәрі келемежге айналды. 
Содан бері талай жыл зымырап өте берді. Мал соңында салпақтап, осы үйдің отымен 
кіріп, күлімен шыққан Дика, сағымдай бұлдыраған алдамшы үміттен мүлдем күдерін үзді. 
Олай-бұлай өткен адамдар бұрынғы әдетпен Диканы ортаға алып, әйел жайын сөйлесе 
қалса,  Қарасай  олардың  бетін  қайырып  тастайтынды  шығарды:  –  Сендер  де  еріккен 
екенсіңдер. Бұл дүлейге не қылған тегін жатқан қатын. Өзі аяғын әрең алып шұбатылып 
жүрген  бұл  кещені,  шалық  болмаса,  есі  дұрыс  адам  қайтсін,  –  деп  Диканы  мүлдем  іске 
алғысыз етіп, жерлеп тастайды. Дика да келе-келе «қатын түгіл бас қайғы» деген қамытты 
біржола  киді.  Бірақ  оны  сыпырып  тастар  дәрмен  жоқ.  Барар  жер,  басар  тау  табу  оның 
ниетіне де келмеген нәрсе. Әйтеуір ас суы мол үйде түйтпектеп тіршілік ете берді. 
Қазір  осы  өмір  жолын  көз  алдынан  өткізіп,  таусыла  егіліп  отыр.  Мына  қара  жауын 
астында  саясыз  қалған  Дика,  өмірде  де  еш  панасыз  екенін  ойлағанда  іші  одан  сайын 
қалтырайды. 
Нөсер бағанағыдан да қатты. Ағаш іші енді алаңқы жердей тасырлап кетті. Омырыла 
құлаған  құз-жартастай  төніп  келген  қошқыл  бұлт  арасынан  құлақты  жарып  жіберердей 
шатыр-шұтыр  етіл  от  жарқылдайды.  Аспанды  тіліп  өткен  жай  оғы  оң  жақ  бүйірдегі 
жылғаға барып түсті. Малжан ағашының іші де күндізгідей жарқ еткенде, қалбаңдап келе 
жатқан әлдекімнің тұлғасы көрінді. Үрейлі адам ащы үнмен: 
– Дика, қайдасың, Дика, – деп қалды. Әйел даусы. 
Бұл  Ақбөпе  еді.  Диканың  ұзай  қоймайтынын  білетін  Ақбөпе  ауыз  үйде  ілулі  тұрған 
шекпенді қарына іле салып іздеп шыққан. Бар ағаш түбін үнсіз тінтіп келе жатқан Ақбөпе, 
күн жарқ еткенде барып даусын шығарды. 


Жауын  астында  қара  түнді  жамылып,  жалғыздықтан  құлазыған  Дика  артынан  іздеп 
шыққан  Ақбөпені  көргенде,  мұңын  шаққан  сәби  балаша  кемсеңдеп,  мүлдем  босап  кетті. 
Өрім-өрім  көйлекпен  ғана  отырған  Диканың  үстіне  шекпен  жауып,  Ақбөпе  де  онымен 
қоса егілді. 
– Екеуміз де құдай аямаған сорлы екенбіз, бағымыз ашылмаған сормаңдай екенбіз,  – 
деп, Диканы өзінің туған ағасындай құшақтап, іштегі жалынды көз жасымен шығарды... 
–  Қайтейін,  менің  қолымнан  не  келеді?!  Мен  секілді  алды-артыңа  қарайтын,  аяғыңа 
оралғы болар ешкімің жоқ. Кет бұл үйден. Ана шал отырған жерде бұл үйден енді еш опа 
таба алмайсың. 
Ақбөпе тұңғыш рет ашына сөйледі. 
* * * 
Халел  жауынға  малшынып,  лайсаң  жолда  титықтап  үйіне  зорға  жетті.  Үш  аяқты 
мотоциклін  биік  қақпаға  мұрнын  сүздіре  тақалтты  да,  фар  үстіндегі  кілтін  алып,  қораға 
итеріп  кіргізді.  Үш  доңғалаққа  бірдей  сірескен  құм  батпақ  доңғалақ  түбінде  шайнасып, 
шықыр-шықыр  етеді.  Зілдей  ауыр  машинаны  есіктің  қалтарысына  апарып  қойғанша 
Халелдің маңдайынан ащы тер бұрқ ете қалды. Ас үйдің табалдырығынан аттай бергенде 
алдынан безектей шыққан шешесі Жәміш қана. От көсеп отырған шімшуірін тастай беріп, 
баласына ұмтылды: 
– Құлыным-ай, аман жеттің бе?! Мына құдайдың күні де бүгін селдетіп кетті ғой. Бір 
жерде  құлап  қалып,  жазым  болды  ма  деп  зәрем  ұшып  отыр  ем.  Ой,  құлыным  сол. 
Шешінші  тез.  Жаным-ай,  су  өтіп  кетті-ау.  Құрғақ  киімдеріңді  ауыстырып  киші. 
Айтқандай, Ақбөпе де келген. 
–  Әһ,  Ақбөпе?  –  деп  әуелі  ащы  дауыстап  қалған  Халел  лезде  суып,  қолындағы 
қоржынын ұсынды. – Апа, саған цейлон әкелдім. 
– Сейлоның не, қарағым-ау? Ондай да бар ма еді? 
– Ауданда жұрт жабыла алып жатыр екен. Индийскийден де артық дейді. 
– Ой, қарашығым сол. 
– Балалар қайда, анау үйде отыр ма? Оларға алма алдым. 
– Алма! 
– Иә, андағы қоржынның ішінде. Қызыл жалауға жәшік-жәшігімен келіпті. Жұрт талап 
алып жатыр. 


–  Ие-е;  енді  бәрі  болады  ғой  бас  аман  болса.  Мына  Слина  келгеннен  бері,  тіпті, 
адамның  жанынан  басқаның  бәрі  түсетін  болыпты  ғой,  –  деп  Жәміш  қоржынды  шеше 
бастады. 
– Апа, әкем қайда? Үйде ме? 
Қоржынға  қолын  сұға  берген  Жәміш:  –  ойбай  үндеме,  –  деп  астыңғы  ернін  тістеді. 
Қолымен ымдап, Халелді қасына шақырып алып, сыбырлай сөйледі. – Әкең ана төр жақта 
жұлын тұтып жатыр. Осы үйді бүгін алапатымен көшіріп жібере жаздады. 
– Иә, не боп қалды?! 
–  Сұрама.  Осы  бір  малы  бар  болғырдың  жүрген  жері  бізге  сор  болып  тиген  жоқ  па. 
Қойлар  жауында  ығып  кетіп,  бес-алтауын  қасқыр  тартыпты.  Құйрықтары  жалбырап 
пішенде  тұр.  Екеуі  жоқ.  Әлгі  Дика  байғұс  соры  қайнап  таяқ  жеп  қалды.  Үйден  қашып 
кетті. 
– Қайда кетті?! – Халелдің даусы ащы шықты. 
– Қайда кетсін, о сорлы. Үй маңында төңіректеп жүрген шығар. 
–  Іздеу  керек  қой.  Мына  жауын  астында  қайда  барып  паналайды,  –  деп  жүресінен 
отырған Халел ұшып тұра келді. 
– Іздемей-ақ қой, жаным. Ақбөпе әкелген болу керек. Сонда тығылып жатқан шығар. 
Келінге де бүгін шалдың тілі тиді. О жалған, десейші, бұл шал бәріміздің түбімізге жетер 
әлі,  –  Жәміштің  есіне  Жәлел  түсіп,  көзіне  жас  іркіліп  қалды.  Халелге  сездірмейін  деп, 
қазандық астындағы отты үрлеген болып күйбеңдеп бетін бұрып әкетті. 
Қарасай  көрпе-жастығы  мол  биік  кереуеттің  үстіне  етігін  де  шешпестен  құлапты. 
Үстіне  қара  тұлып  жамылып,  теріс  қарап  жатыр  екен.  Халел  кірген  соң  басын  көтеріп, 
бұзау тұмсық етігінің жұлығына қарап, түнере түсіп отырды. Халелге көпке дейін мойын 
бұрған жоқ, біреу ұрып-ұрып тастағандай мең-зең. 
Әлден  уақытта  барып  қалтасынан  мүйіз  шақшасын  алды.  Өкшесін  бір-екі  рет 
тықылдатып ұрды да: 
–  Әй,  түкіргішім  қайда?!  –  деп  ауыз  үйдегі  Жәмішке  айғай  салды.  Бетіндегі  қара 
қалдай  етіп  алақанына  салған  бұйра  насыбайдан  бір  шымшып  алып,  үстіңгі  ерніне 
танаулата тықты да, Халелмен тілге келді. – Иә, мал базарлы болды ма? Сауда қалай? 
«Сауда»  дегенде  кешегі  базардағы  шалдар  көз  алдына  қайта  келіп  Халел  үндемеді. 
«Саудаң құрысын» дегісі келіп еді, бірақ қара түндей түнеріп отырған әкесінен қаймықты. 
Қарасай да қайтып сұрамады. Биік төсектен ауыр денесімен еңсеріле сырғып түсті де, 
терезе түбіндегі үлкен абдыраға барды. Құлпы дызың етіп, қақпағы көтеріліп, ар жағынан 


ырсиған  тістері  көрінгенде  арандай  аузын  ашқан  айдаһарды  көргендей  болды  Халел. 
Қарасай түбіне дейін қолын сұғып жіберіп, кішкене сандықшаны алып шықты. 
Сары  жезбен  құрсаулаған  жылтыр  сандық,  тура  ертегідегі  сиқырлы  сандық  тәрізді. 
Аузын  ашса-ақ  ішінен  көк  ала  түтін  бұрқ  етіп  шығатын  сияқты.  Халел  ондай  ертегіден 
қорқатын шақтан кеткен. Бірақ осы сандықты көрген сайын тітіркейді. Оның есіне ағасы 
Жәлел түседі. 
Әкесі сандықты алып жатқанда, Халел төс қалтасындағы бір уыс он сомдықтарды стол 
үстіне тастаған. 
Қарасай  саусағына  түкіріп,  сан  қолдан  өтіп  ескі  шүберекше  босаған  бір  топ  ақшаны 
майыстырып,  асықпай  санады.  Ең  соңғысын  қайырғанда  бетіне  қан  теуіп,  қалы  жыбыр 
етті. Тағы санады. Беті тағы бүлк етіп, басын оқыс көтеріп алды: 
– Қалғаны қайда?! 
Халел үндемеді. 
– Қалғаны қайда деймін?! 
– Бары осы. 
– Не дейт... Есің дұрыс па?! 
– Апама біраз шай алдым, балаларға алма алдым. 
– Мен сені соған жіберіп пе едім? 
– Базарда ет арзан екен. Ыстықта саситын болған соң, арзанға бердім. 
–  Не  дейт...  Ақ  адал  малдың  етін  арзан  бердім  дегенше,  менің  етімді  арзанға  бердім 
десейші.  Енді  сен қалып ең бұл  үйде менің етімді  жемеген. Шық үйден. Шық деген соң 
шық! Батыр қараңды. 
Жармалы есіктен сығалап тұрған Жәміш төрге жүгіре кіріп, баласына ұмтылды. 
– Жетті, жетті. Бала емес пе. Сауданың жайын қайдан білсін. 
– Кет әрмен сандалмай, – деп ақырған Қарасай әйеліне түкіргішті бір-ақ атты. Даңғыр 
етіп  домалап,  ауыз  үйге  шыққан  консерві  қаңылтыры  қисалаңдап  барып  жарты  шеңбер 
дөңгеледі де, етпетінен түсті. – Сенен мән сұраған кім бар. «Бала емес пе?» Тапқан екенсің 
баланы.  Не  қылған  бала.  Он  үште  отау  иесі.  Иегіне  сақал  шыққанша,  миына  ақыл 
дарымаған  кеще.  Сенің  тәрбиең.  Қаздың  балапанындай  үлпілдетесің  келіп.  Жұрттың 
мұндай  ұлы  ойдағыны  орап,  қырдағыны  қырады.  Мен  болмасам  көрер  едім  күндеріңді. 
Ауыздарыңнан ақ май ағызып отырған соң көкіріктерің азған екен. 


– Жәрәйді, жәрәйді. Бүкіл ғаламда үйін асырап отырған еркек сен ғана ма екенсің. 
–  Әй,  не  тантып  тұрсың.  –  Қарасай  атып  тұрып,  босағада  ілулі  тұрған  қамшыға 
ұмтылды. Қалш-қалш етеді. Шашақтатып өрген тобылғы сапты бишікпен Жәмішке төніп 
келді.  Жәміштің  көзі  жасаурап  баласының  ығына  тығылды.  Дене  бітімі  нәзік  болғанмен 
сұңғақ  бойлы,  сирақты  Халел  бірінші  рет  анасының  алдына  қалқан  болып  тұра  қалды. 
Әкесінің жағасынан ала түспесе де, шешесіне қол салғызар түрі жоқ. «Түкке қауқары жоқ 
дімкәс анамды зәбірлегенше мені ұр!» дегендей қасқиып, кірпігін сирек қағып жасқанбай 
тұр. Қызыл шырайлы, бәденді Жәміштен айнымаған, сойып қаптағандай Халелдің көзіне 
көзі түскенде Қарасайдың жүні жығылып, тауы шағылып қалды. Сонда да көмейіне келген 
сөзден аянған жоқ. – Құтырайын деген екенсіңдер. Көрер ем ана басқалардың тұрмысын 
сендерге  берсе...  Жатырға  тартқан  жігіт  оңбас.  Жатырың  жаман  ғой,  жатырың.  Нағашы 
жұртыңнан бір жібі түзу адам шыққан жоқ. Сен қайда барып оңарым дейсің. Жәлелімнің 
ширегіне  татымайтын  шірік  неме.  Болар  бала  боғынан.  Әу  баста-ақ  білгем  сенің  адам 
болмасыңды. Ата балаға сыншы... 
Жәміш пен Халел сөздің артын естіген жоқ. Ауыз үйге жылысып шығып кеткен. Төргі 
бөлмеде жападан-жалғыз Қарасай қалды. 
Ерніндегі  сағыздалып  қалған  насыбайды  саусағымен  сыпырып  алып,  есікке  қарай 
атты. Төсек үстіне шығып иығы құнысып, түнеріп отыр. 
Ұрыс  шыққан  үйдің  қазіргі  түсі  де  Қарасайдың  өңіндей  қара  көлеңке  тартқан. 
Сәукелесінің  бір  жақ  бүйірін  қара  ала  күйе  басқан  аспа  шамның  жарығы  да  көмескі. 
Терезе  шынысына  сырт-сырт  тиіп,  төмен  сорғалаған  жауын  тамшылары  да  Қарасайдың 
ұнжырғасын түсіріп екі иінін басып барады. 
Сырт қарағанда Жәміш көп нәрсенің жетесіне жетіп түсіне бермейтін, ашуының алды 
бар, арты жоқ, әшейін бір парықсыз жан секілді. Қарасаймен қазір сөзге келіп қалса, енді 
бір айналғанша соның бәрін ұмытып, қашан ерінің көңілін тапқанша бәйек болып, соның 
қасы  мен  қабағына  қарап  жүргені.  Бірақ,  сырт  қараған  көзге  ғана  осылай.  Ал,  шындап 
келгенде  ол  мүлдем  басқаша:  Жәміш  ұзақ  жыл  отасқан  Қарасайдың  бар  мінезін,  бар 
қасиетін  бес  саусақтай  біледі.  Оның  талайға  жасаған  зәбіріне  де,  жұртқа  деген  арам 
пиғылына  да  кәнігі.  Әйтсе  де  соның  бәрін  сыртқа  шығармай,  ішке  түйеді.  «Маңдайға 
жазған,  құдай  қосқан  қосағым,  енді  қартайғанда  одан  кетіп  қайда  барам»  деп,  бірнеше 
баланың  анасы  болған  әйел,  ендігі  жерде  от  басы,  ошақ  басының  бүтіндігін  ойлайды. 
Қарасайдың бар қылығын кешіретіні де осыдан. 
Ауыз  үйге  шығып,  кең  ағаш  табаққа  ет  түсіріп  жатқан  Жәміш,  қазандық  астында 
жанған қи отына су шалбарын кептіріп отырған Халелге ақыл айтып жүр: 
– Балам, өз әкең ғой. Ренжіме. О байғұс та қайтсін. Оған да кінә жоқ. Қайтіп сендерді 
жеткізем деп біреумен ұрсысып, біреумен жұлысып күн кешіп келе жатқан жоқ па. Бүгін 
өзі қатты кейіп отыр. Кейімегенде қайтсін. Биылдыққа осы қораның астына құдай тағала 
кәрін  аямай-ақ  төгіп  тұр.  Жәлелім  кеткеннен  бері  бір  оңбай  қойдық.  Бізге  дегенде 
жасағанның желі де үнемі терісінен шығып тұр ғой. Бүгін әне, бар қойды қасқыр тартып 


кеткені. Әкең тауып алмаса, түгел айырылады екенбіз... Саған ұрысса, балам деп ұрсады, 
үйренсін, ысылсын деп ұрсады. Кім баласын жек көреді дейсің. 
Қайтымы  шапшаң  Халел  анасының  сөзінен  соң  үнемі  жадырап,  әлденеге  ашулана 
қалса  артынша-ақ  ұмытып  кететін.  Бұл  жолы  қанша  жұбатса  да,  үй  ішіне  найзағай 
түскендей ойран-топан болған жаңағы жай көз алдынан кетпей, томсырая берді. Балқыған 
темірдей қып-қызыл қи шоғына тесіле қарап, ұзақ ойға түсті. 
Тамаққа  да  томсырайып  келіп  отырды.  Стол  басында  үш-ақ  адам.  Үйеме  табақ  семіз 
қой  етін  қылпылдаған  ұстара  бәкімен  жартылай  турап  болған  соң,  Қарасай  Жәміштің 
жүзіне қарамай күңк етті: 
– Осы үйдің басқа жанын жер жұтқан ба? 
– Ақбөпе басы ауырып, жатайын деп жатыр. Балалар ұйықтап қапты. Жаңа ет апарып 
келдім, – деді Жәміш бір шара сорпаны суытып отырып. 
– Дика қайда? – деді Халел. 
Жәміш  Қарасайға  көз  қиығын  тастады  да,  үн-түнсіз  сорпа  сапыра  берді.  Халел  де 
қайтып сұрамады. Қарасай да ләм деген жоқ, қолын табаққа салды. 
Үшеуі  де  осылай  ұзақ  үнсіз  отырып,  ет  жеді.  Халел  мен  Жәміш  қолының  ұшымен 
анда-санда  бір  жапырақ  етті  шымшып  алады  да,  ұзақ  толғап,  зорға  жұтады.  Табақтағы 
еттің жартысын еңсеріп барып Қарасай тағы да күңк етті: 
– Машинаң қалай, жақсы жүре ме екен? 
Халел өзіне қойылған сұраққа бірден жауап бере қоймай, әкесі іш тартып жібіген соң 
барып басын самарқау изей салды. Әңгіме басы жылы басталғанына Жәміш іштей қуанып, 
әке мен баланы табыстыруға асығып, әңгіме жібін үзіліп қалмаса екен деп жалғай түсті. 
–  Неше  жылдан  бері  «мотосеклет,  мотосеклет»  деп  қоймай  жүруші  ең,  ақыры  алып 
тындың  ғой.  Өзі  де  машинам-ақ  екен.  Тіпті  жүргенде  көз  ілеспейді.  Мен  ылғи,  қашан 
көзден  таса  болғанша  жығылып  қала  ма,  қайтеді  деп,  зәреқұтым  қалмай  артыңнан 
қарайлап  тұрам.  Халелжан-ау,  байқап  жүрсеңші.  Кім  біледі,  сенім  жоқ.  Тайып  кетіп, 
жазым боп жүрме. Былтыр Себкрай жақта бір жігіт мотосекілден құлап өліпті. Алла оның 
бетін аулақ қылсын. 
Халел үндемеді. Қарасай кемпірінің жайма-шуақ сөзіне іштей риза боп, ендігі сөзді ол 
сабақтады. 
–  Сөзіңнің  жаны  бар.  Бұл  ана  бір  екі  аяқты  мотоциклден  гөрі  орнықты  болғанымен, 
бұдан да құлап қалуға болады екен. Қобди жағы жолдың қырына килігіп қалса, аударылып 
кететін көрінеді. Байқап жүру керек дегенің жөн. Күзге дейін аман-есен тебе тұр. Оқуыңа 
барарсың. Бармасаң денің сау болса, күзде бір машина алып берем. 


Қай адамның болмасын әдеті емес пе, мұндай сөз айтқанда жымың-жымың етіп, іштей 
мақұлдап,  қуанып  отыратын.  Халел  қуанған  жоқ.  Әп-сәтте  өзгере  қалған  әке  мінезіне 
таңырқап,  көзінің  астымен  ұрлана  қарады.  Бұрын-сонды  әкесінен  мұндай  сырды  көрмеп 
еді. Неге бүйтіп отыр? 
Халел көп ойланып, бас қатырған жоқ. Әкесінің өзі-ақ бұл  сырдың жұмбағын  шешіп 
берді. 
– Ал енді, Жәміш, дастарқаныңды тезірек жинап, төсек сал. Халел ұйқысын қандырып 
алсын.  Ертең  алагөбеден  тұрып  жолға  шығамыз.  Ана  қойларды  сойып,  үйтіп-бүйткенше 
де біраз уақыт өтер. 
Халел  басын  көтеріп  алып,  әкесіне  таңдана  қарады.  Бірақ,  «қайда  барамыз?»  деп 
сұраған жоқ. Оны да Қарасайдың өзі айтты: 
– Қазір қара жолдың үсті әрлі-берлі жүріп жатқан құжынаған машина болса да, бірінен 
пайда  жоқ.  Бір  жерге  барайын  десең,  шоферлер  қиқайып,  аяғын  қия  баспайды.  Оның 
көбінен  не  пайда,  –  деп  тоқтады.  –  Ана  мотоцикліңнің  қобдиына  төрт-бес  қойдың  стәгі 
сыятын шығар. Ертең, амандық болса таң сәріде шығып кетсек, Омбыдағы ет базарының 
дәл қызған кезінде жетіп қалармыз, ө? 
– Құдай сәтін салса де! – деп Жәміш тәңіріне бір жалбарынып қойды. 
–  Иә,  өзім  де  айтып  отырмын  ғой.  Қызыл  жалауға  Халелді  бекер-ақ  жіберіппін.  Есіл 
мал  текке  ит  жемеде  кеткен  жоқ  па.  Омбыға  барсақ,  иншалла,  ақшаны  күреп  аламыз. 
Сауданың  да  көзін  үйретейін  бір.  Кейін  өзің-ақ  барып  орындап  қайтатын  боласың. 
Қашанғы  сақалым  сапсиып  жүгіре  берем.  Айтқандай,  Жәміш,  алжапқыш,  майлық-
сулықтарыңды жуған шығарсың. Ұмытып кетпейік. Қазірден бастап буып-түйіп қой. 
– Көке, мен енді базарға бармаймын, – деді Халел тосыннан. 
– Не дейт! – беттегі  қара қал дір етті.  Екі көзі  бірдей қанталап, бүйі шағып  алғандай 
Қарасай ыршып түсті. Бірақ «не дейт» дегеннен бөтен ештеме айтпады. Бұрқ етіп тасыған 
ашу  әп-сәтте  қайта  сабасына  келді.  Орнынан  тұрып  ауыз  үйге  беттеген  Халелді  бөгеді. 
Үнінде зіл жоқ. – Халел, тұра тұр. Бері кел... Отыршы мына араға... Мен саған әке боп бір 
ақыл айтайын. Тыңда. 
Жәміш те иегімен ымдап, «отыр» деген ишарат білдірді. 
– Иә, не айтасыз? 
–  Сен  ғой,  енді  базарға  бармаймын  деп  ат-тоныңды  ала  қашып  тұрсың.  Сөзіңнің 
төркініне  түсінемін.  Алғашқыда  сен  түгіл  мына  мен  –  әкең  де  көндіге  алмағанмын. 
Тұқымымда  бұл  кәсіппен  айналысқан  адам  болмаған  соң  мен  де  тосырқап  жүретінмін. 
Бірақ маңдайға жазған кәсіп жоқ. Қазіргі заман ақша заманы. Кімнің қалтасы қалың, сол 
беделді, сол өтімді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді қазақ. Бұрынғылар білмей 


айтпаған.  Ендеше  ақшаның  көзін  табатын  жігіт  базардан  безбес  болар.  Ағаң  Жәлел  тірі 
болғанда, қайда барам десең де ерікті өзіңе беретін едім. Басың ауған жаққа тарта берер 
ең.  Жас  болса  келіп  қалды,  осы  қара  орман  енді  саған  қалмағанда  кімге  қалады.  Мен  өз 
қарақан  басымның,  мына  Жәміштің  қамын  ойлап  жүргем  жоқ.  Ойлайтыным,  түсіне 
білсең, сенің қамың. Шаңыраққа ие болар шаққа жеттің. 
–  Базарсыз-ақ  үйді  асырауға  болады  ғой.  Сауда  жасамағандар  да  аштан  өліп,  көштен 
қалып жатқан жоқ. Бүкіл ел болып, абыр-сабыр жұмыс соңында жүргенде, мен осы үйдің 
шаруасымен  ғана  жүрмекпін  бе,  Былтыр  мектепті  бірге  бітірген  балалардың  бәрі  қазір 
совхоздарда жұмысқа орналасыпты. Тың көтеруге келіп жатқан жастар анау. Тіпті ұят өзі, 
– деп Халел қабақ шытты. 
Қарасай  оның  сөзін  салғырт  тыңдап,  жымиып  отырған.  Шыдай  алмай  мырс  етті. 
Күлкісінде ыза бар. 
–  Халел,  сен  өзің  әуелі  осы  үйдің  ішіне  көзіңді  салшы,  –  деп  төрт  қабырғадан  ине 
шаншар жер қалдырмай ұстаған қызыл ала, көк ала батсайы, масаты кілемдерді қолымен 
айнала  көрсетті.  –  Құдайға  шүкір,  бұл  байлық  ешкімнің  үйінде  жоқ.  Жаңағы  айтқан 
балаларыңды  білем.  Оларды  қайбір  жетіскеннен  жұмысқа  беріп  отыр.  Тумысында  ішсе 
асқа,  кисе  киімге  жарымаған,  сіңірі  шыққан  немелер  қаршадай  балаларының  көзінен 
сорасын ағызып қара жұмысқа салып қойыпты. Өйтпесе қайда барып күн көреді. Ал сенің 
ішкенің алдында, ішпегенің артыңда, олар саған тең бе. Теңіңді тауып сөйле. Целина деп 
келіп  жатқандарды  да  көріп  жүрміз.  Олар  да  қайбір  қимасы  қышып  келді  дейсің.  Бәрі 
әйтеуір  бір  құлқынның  қамы.  Қарасай  «сен  де  мақұлдап,  бірдеме  десеңші»  дегендей 
Жәмішке оқты көзімен бір қарап қойып еді, ол да жалма-жан қосыла кетті: 
– Иә, балам, қолға күрек ұстадың не, сауда жасадың не, бәрі бір көмейдің қамы. 
–  Апа,  –  деді  Халел.  Енді  ол  әкесіне  батып  айта  алмай  отырған  көңіліндегі  ойын 
шешесіне жайып салды. Еркін сөйледі. – Мен де бала емеспін, түсініп отырмын. Бәрі күн 
көрістің  қамы  дейсің.  Егер  құр  ішкен  ас,  киген  киімге  мәз  болып  өзімізбен  өзіміз  бола 
берсек, онда адамдық қасиеттен не пайда. 
– Сеніңше адамдық қасиет неде сонда? – деді Қарасай. Жай, сабырмен отырып сұрады. 
Халел әкесіне қараған жоқ. Жәмішпен ғана жеке әңгімелесіп отырған секілді, содан көзін 
алмай сөйлей берді. 
–  Апа,  мен  алдың  күні  айдалада  балоным  жарылып  ұзақ  отырып  қалдым.  Жолдан 
шығып,  доңғалаққа  мантировка  деген  болады,  соны  жасай  алмай  отыр  ем,  «Жаңа 
талаптағы»  шопр  Оспан  машинасымен  келе  қалмасы  бар  ма.  Екеулеп  отырып  лезде 
жөндедік.  Оспан  шылым  тартып  отырып,  мотоциклдегі  етті  көріп  қалды.  «Е,  ет  сатуға 
барады екенсің ғой. Жәлел өлгесін, енді Қарекең сені баули бастаған екен. Шіркін-ай, сен 
де қор болмасаң игі еді» деп мені қолға алды. Мен не дерімді білмей сасып қалдым. 


–  Е,  не  сасатыны  бар.  Ондайларға:  «сенің  шаруаң  қанша»  деп  сазайын  бермейсің  бе. 
Ол бір жүрген қарамай шелек. Көре алмаса, тұз жаласын!  – Қарасайдың зығыры қайнап, 
көзі шатынап кетті. 
– Содан, – деді Халел тағы да шешесіне, – маған көп ақыл айтты. Сендердей күнімізде 
осы  колхозды  құрып,  ыстығына  күйіп,  суығына  тоңып,  кешегі  соғыста  да  талай 
қиыншылықты бастан кешірдік. Ал сен болсаң дардай жігітсің. Бір жылдай құр салпақтап 
жүрдің. Еліңе, жұртыңа тигізер пайдаң жоқ. Бұл қалай? – деп өзімді қатты ұялтты. 
Қарасай төмен қарап үндемеді. Өңі  өрт сөндіргендей түтігіп барады. Тістеніп отырса 
керек, жақ сүйегі бүлк-бүлк етеді. 
Сол  далада  отырып  Оспан:  «Ананы  көремісің»,  –  деп  Халелге  жыртынды  түбінде 
жүрген саршұнақты көрсетті: «Таңның атуы, күннің батуы онда дамыл жоқ. Қарашы өзін, 
қазір де ол шөп тамырын жинап жүр. Ертең егін шыққанда бидайды ұртына салып тасып, 
қысқы  азығын  үйіп  алады  да,  қыс  бойы  інінде  жем  жеп,  жазға  қоңын  бермей  шығады. 
Оның азығынан, істеген еңбегінен басқа хайуанатты былай қойғанда, өзінің көршілеріне 
титімдей пайдасы жоқ. Нағыз паразиттер. Сен совет мектебінен оқыған баласың, ойлашы 
өзің. Сіздің үй де осы саршұнақтың ініне ұқсамай ма? Ойлан. Халқына пайда келтіретін 
азамат болуды ойла!» – деп, машинасын мініп жүріп кетті. Бірақ қазір мұны Халел айтқан 
жоқ. Үнсіз ойлап отырды да: 
– Шынында да шопр Оспан ақыл иесі адам, – деді үлкен кісіше. 
– Қысқарт енді, – Қарасай бұдан әрі тыңдауға шыдай алмай ақырып жіберді.  – Үйіне 
жетпей  жатып  төбетше  маңқылдауын  мұның.  Мұның  білгішіне  не  бересің.  Ақылшыны 
тапқан екенсің. Ғұмыр бойы маңынан бензин иісі аңқып жүретін Оспаннан өнеге алғанша, 
жібі  түзу  біреу  аузыңа  түспегені  ғой.  Жауыр  атқа  қотыр  ат  үйір.  Жаман  шопр  Оспан 
ақылшы  болған  соң,  заманның  азғаны  да.  Былшылды  доғар  да,  ұйықта.  Ертең  жолға 
жүреміз. 
– Жоқ, мен енді бармаймын, көке. 
– Бармасаң бұл үйдің де қарасын көрме! Кет онда бұл үйден. 
* * * 
Отау  үйде  ондық  шам  сөнбепті,  білтесі  төмен  түсіп  сығырайып  тұр.  Бұрыштағы 
никельді кереуетіне қисайған Халел шамды үрлейін деп қайтадан орнынан тұрып еді: 
–  Сөндірмей-ақ  қой,  тұра  берсін,  –  деді  Ақбөпе.  Әлі  ұйықтамапты.  Әр  жері  қопсып 
түскен төбе сылауына тесіле қараған қалпы ұзақ жатты. Не ойлап жатыр екен? Атасымен 
бүгінгі  түс  шайысып  қалғаны  есінен  шықпай  жатыр  ма?  Әлде  төркінінде  көп  аялдамай 
қайта  оралғанда  Халелдің  келе  кіріп-шықпағанына  ренжіп  жатыр  ма?  Арасына  шылау 
тұра  бастаған  төбе  сырғауылдарымен  өзінен  әлдебір  ұқсастық  тапқандай  қарап,  қара 
көлеңке  бөлме  ішіндей  көңілі  күңгірттеніп  жатыр-ау.  Халел  осыны  ойлап  ұйықтай 


алмады. Ақбөпені біресе аяйды, біресе әке қосқан қосағынан жас бала қысылады. Не істеу 
керек? 
–  Халел!  –  деді  бір  кезде  Ақбөпе.  Халел  өз  атын  тұңғыш  рет  естігендей  тосырқап, 
сұмдық бірдеменің аты аталғандай үндемеді. – Әлі ұйықтаған жоқсың ба? 
– Жоқ... Ұйықтай алмай жатырмын... 
– Мен де. 
Халел енді Ақбөпе кінәласатын шығар деп ойлады. 
– Халел, сен бүгін осы үйде не болғанын білдің бе? 
– Білдім. Мен де біраз сөз естідім. Көкем біртүрлі боп кетіпті. Аузына базардан басқа 
сөз түспейді. 
Ақбөпе күрсінді. 
– Көкем ғана емес, менің әкем де... Екеуін де бір қалыппен соққандай. 
Тағы да үнсіздік. Жер майы азайған шам өлусіреп, мысықтың көзіндей жылтырайды. 
Ақбөпе төсек үстінен қолын созып, білтесін шығарды. 
– Иә, саған не қылмайсың дейді. 
–  Сауданың  қыбын  білмейсің,  нашар,  ынжықсың  дейді.  Онысының  жаны  бар. 
Шынында да базарға қырым жоқ. Ертең Омбыға барамыз деп отыр. 
– Сен барасың ба? 
– Жоқ. Бармаймын дедім. Сол үшін ғой ұрысқаны. Бармасаң, кет бұл үйден дейді. 
– Кеткенде қайда барасың? 
Халел үндемеді. «Аспан асты кең ғой» деуді лайықсыз көрді. 
–  Өзің  біл,  Халел.  Кісі  ақылымен  бай  болғаннан,  өз  ақылыңмен  жарлы  болғаның 
артық.  Маған  салсаң  айтарым:  кешегі  Жәлелдей  қор  боп  өткенше,  көпшілікпен  бірге 
берекелі бір жұмыстың басын шалғаның дұрыс. Бала емессің. Келешегіңді ойла. – Ақбөпе 
тағы күрсінді. Ұзын іш көйлегінің етегінен толық ақ балтыры жалтырап төсегінен түсті де, 
шамды  үрледі.  Жата  беріп  тағы  күңк  етті.  –  Аяғыңа...  оралғы  болар  деп  ойлама.  Есіңде 
болсын. Ендігісін өзің біл. 


* * * 
Халел  алагөбеден  оянып,  киініп  алды.  Кеш  тұратын  үйінің  таңертеңгі  асына  да 
қарамай, тура совхоз директорының кеңсесіне беттеді. 
Бұл  кезде  совхоз  басшыларының  төрт  көзі  түгел  екен.  Бәрі  де  Моргунның  столын 
қоршап, әлдебір жоспар жайын сөйлесіп отыр. 
Есік қағып, сыпайы басып кірген Халелді көріп, басын көтерген директор: 
–  А,  наш  заготовитель,  біз  қазір  мәжіліс  құрып  отыр  ек.  Асхана  бастығымен  барып 
сөйлес. Ет мәселесін сол адам шешеді, – деді де, қайта қағазына үңілді. 
Халелдің  беті  ду  етіп,  есікті  тарс  жауып  шыға  жөнелгісі  келді.  Директор  оны  мазақ 
еткендей көрінді. Шынында да «заготовитель» деген сөздің астары жаман, кекесін сөз еді. 
Әйтсе  де,  жұқа  танауын  кеулеп  келе  қалған  ашуын  тежеп,  Халел  үнсіз  тұра  берді. 
Тығылып, булығып тұр. 
Отырғандар  оның  шыққан,  шықпағанын  байқаған  жоқ.  Құрылыс  материалдарының 
жетіспеуі  туралы,  Тұғыржаптан  ашылған  карьерден  ақ  тас  тарту  жөнінде  ұзақ  әңгімеге 
кірісіп кетті. Әлден уақытта барып шыдамы таусылған Халел, өзін «менсінбей», көзіне де 
ілмей отырған бастыққа ащы тіл қатты. 
– Мен де адаммын ғой. Бір минут уақытыңызды неге бөлмейсіз?! 
Ашына сөйлеген балаға бәрі де жалт қарады. Бірақ мұрнынан шаншылып, әр минутын 
бір сағатқа балап жүрген директор онымен сөйлесіп отыруға уақыты жоқтығын. сездіріп 
тағы да қысқа жауап берді. 
– Қымбаттым, мен саған айттым-ау деймін. Асханаға бар да... 
– Асханаңыздың маған қажеті жоқ. 
– Енді не керек? Мясокомбинат ашайын ба? 
Халел  жылап  жібере  жаздады.  Намысқа  булығып  көзіне  жас  үйіріліп,  аузына  сөз 
түспеді. Сонда ғана Моргун өзінің ағат кеткенін түсініп, енді жұмсақ сөзге көшті. 
– Иә, айта ғой, не туралы келіп едің? 
Халел бөгеліп тұрып, зорға дегенде жөнін айтты. 
– Сізден қызмет сұрай келдім. 
Отырғандар бір-біріне таңырқай қарасты. 


–  Сен  Қарабеттің  баласымысың?  –  деп  Райхан,  бас  изеген  Халелдің  тұла  бойын  бір 
сүзіп өтті. Бойы биік болғанмен сүйегі нәзік, қызыл шырайлы  Халелдің түсіне қарағанда 
қыз мінезді, жуас әрі сабырлы екені көрініп тұр. Тек кішірек келген қалың кірпікті көзінің 
түкпіріндегі  ұшқындаған  от  қана  томаға-тұйық  іште  жатқан  жігер  барын  сездіргендей. 
«Өңің Жәмішке тартқан екен» деді іштей. 
– Иә, бізге адам керек. Не қызмет істегің келеді? Сен секілді жас жігіттерге зәруміз. 
– Өзім де білмеймін, қандай жұмыс істерімді. Егер шоферлік жұмыс болса... 
– Правоң бар ма еді? 
– Жо-жоқ, – деп Халел күмілжіп қалды. – Былтыр мектепке машина жүргізу үйірмесіне 
қатысып ем. 
–  Шынында  да,  бізге  шоферлер  жетіспейді.  Жақында  тағы  жиырма  шақты  жаңа 
машина  аламыз.  Тегі  біздің  совхоздан  авторота  ашылмақшы.  Егер  осы  секілді  жастарды 
жедел  оқытып  жіберіп  шоферлер  дайындамасақ  болмайды,  –  деп  Райханға  қарады 
Моргун. 
– Ендеше бұл баланы бір-екі ай тәжірибелі шоферге қосу керек, егер талабы болса, ар 
жағында өзі жеке машина алып, жүргізіп кетпей ме, – деп Райхан қолына қағаз алып жаза 
бастады.  –  Бұйрықты  директор  кейін  шығарар.  Қазір  мына  қағазды  Морозов  деген 
завгарға  апар.  Әзірше  көмекші  болып  істейсің,  жарты  еңбекақы  аласың.  Қалай,  оған 
разымысың? 
–  Әрине,  –  деп  Халел  көзі  күлімдеп,  қуанып  кетті.  Тап  бұлай  тез  орындалар  деп 
ойламап еді. 
Кеңседен шығысымен тұра жүгіріп Тамараға барып, қуанышын жеткізгісі келіп тұрды 
да, жоқ, кейін айтармын деп гаражға тартты. 
Морозов көзілдірікті, қасқа бас, тапал адам. Көзілдірігінің үстінен қағазға бір, Халелге 
бір тесіле қарап сәл ойланып тұрды да: 
–  Сырттағы  машиналардың  ішінен  Дерягин  деген  жігітті  шақырып  әкел,  әлі  рейске 
кете қоймаған болар, – деді. 
Қаз-қатар тұрған су жаңа машиналардың қасында шоферлердің бірі су құйып, бірі от 
алдырып  жанталасып  жүр.  Жолға  шығар  алдындағы  әдеттегі  әбігер.  Халел  әрқайсысына 
бір  барып,  Дерягинді  іздеп  жүр.  «Ана  жақта,  13-номер»  деген  сілтеумен  машиналардың 
арасына кіріп кетті. Бір гараждың машиналарының алғашқы номері көбінесе бірдей болып 
келетіндіктен,  шоферлердің  тек  соңғы  номерін  ғана  айтатынын  Халел  білетін.  Енді  сол 
«чертова дюжинаны» іздеп тапты. Үлкен темір  кузовының сыртына 10–13 деп жазылған 
ЗИЛ  машинасының  радиатор  қақпағы  ашық,  шофері  астында  шалқасынан  түсіп  жатыр. 
Тәрізі  еңгезердей  жігіт  екен,  келепандай  аяғы  сыртта  салаңдап,  винт  бұрағанда  бірге 


қимылдайды.  Халел  жүрелей  отырын,  еңкейіп  қарап  еді.  Әуелі  көрікше  көтерілген  өр 
кеудесіндегі  бұйраланған  сабалақ  жүнге  көзі  түсті.  Майкешең  жігіттің  білегінің  бұлшық 
еті  бұлтың-бұлтың ойнақшиды. Халел атын  атай беріп, жүзіне көзі  түскенде тілін тістей 
қойды.  Жүрегі  мұздап  кетті.  Түнеугі  жолы  трактор  қасында  кездескен  жігіт.  Тап  соның 
өзі.  «Сен  боқмұрын  қолыма  бір  түсерсің»  деп  кіжінгені  әлі  құлағында  тұр.  Қазір  көрсе 
машинаның астынан гүр етіп арыстанша едірейіп шыға келетін секілді. Халелдің манадан 
бергі қуанышы әп-сәтте су сепкендей басылды. 
Еркін  жұмыс  істеп,  ел  қатарлы  жүрем  деген  ойын  мына  жатқан  аюдай  жігіттің  сұсы 
басып кетті. 
Халел  бойын  жазып,  кері  шегініп  кетпекші  болып,  ойға  қалды.  Бірақ  сол  түні 
Тамараның айтқаны да есінде:  «Сен олай қорқытпа, бұл да сен секілді жігіт, байқа!» деп 
Халелді оның алдында көтере сөйлегені қайда. 
– Сенің фамилияң Дерягин ба? – деп, ол тістене тұрып шофердің аяғынан түртіп еді: 
– Дерягин болса ше?! – деп машина астындағы жігіт гүр ете қалды. 
– Сені Морозов шақырып жатыр. 
–  Е,  мені  сағынып  отыр  ма  екен?  Өзі  неге  келмейді,  немене,  сен  курьермісің?  –  деп 
машина астынан созалаң тұра берді. 
Халел іштей: «бармасаң, бармай-ақ қой» деп оның жүзін көргісі келмей, сырт айналып 
жүре  берді.  Тезірек  барып  басқа  адамның  қасына  қос  деп  Морозовтан  өтінбекші.  Бірақ, 
артынан ерген Дерягин: 
–  Әй,  тоқтай  тұр!  –  деп  бөгеді.  Қолының  майын  шүберекпен  сүртіп,  қатарласа  бере 
Халелді көргенде бажырайып, көзі жыпылық атты. 
– Көгершінім, мен сені бір жерде көрген секілдімін, ұмытпасам... 
– Көрсек көрген шығармыз... 
Морозовтың сөзін естігенде Дерягин көзін сығырайта, сүзіле қарап, миығынан күлді: 
– Вот тебе на, сюрприз! Немене мен жалғыз өзім бір машинаға жетпеймін бе? Бұл кім, 
маған көмекке келген адам ба?! Бұл не мазақ? Мен надзирательсіз-ақ жұмыс істей алам. 
–  Вася,  мен  сені  тәжірибелі  шофер  деп  әдейі  қасыңа  қосып  отырмын.  Бір-ақ  ай 
үйретесің. Содан соң өзі жеке машина алып жүргізіп кетеді, – деп Морозов көзілдірігінің 
үстінен салқын қарап, бір жағы өтініш етіп сұраса, екінші жағынан әмір ете сөйледі. Кіші 
қолтоқпақтай болса да, тілді, сұсты адамның алдында шоферлер ығып жүретін. Қанша бір 
езу болғанмен Вася Дерягин да енді қарсы дау айта алмады. 


Өзінің  иығынан  ғана  келетін  Халелдің  басынан  аяғына  дейін  өткір  көзімен  жаратпай 
бір шолып өтті де: 
– Жүр! – деп қоңқ ете қалды. 
Мойны  құрықтай,  кесек  денелі,  жауырынды  Васяның  соңынан  мәстектің  қасындағы 
тай құсап Халел ерді. Бойында сәл үрей бар. Бірақ онысын сездіргісі келмей кең адымдап, 
еркін басып, қабақ шытпай жайраңдаған болады. 
Вася  машинаның  қасына  келісімен  кабинадағы  кішкентай қобдишадан  путевка  алып, 
Халелге бұрылды: 
–  Ана  отырғыштың  астында  шприц  бар,  заправщикке  барып  май  толтырып  ал  да, 
машинаны түгел майла, – деп дүңк етіп, диспетчер бөлмесіне қарай аяңдады. 
Халел  машина  майлауды  білмеуші  еді,  шприцке  май  толтырып  алған  соң  машина 
қасында  дағдарып  тұрып  қалды.  Мотоцикл  рулі  мен  артқы  ершік  астындағы 
амартизацияларға, доңғалаққа май жіберуді білгенмен, машинаның жөні бір бөлек. Бірақ 
Вася  өзі  біліп  түсіндірмеген  соң,  одан  сұрауға  намыстанып  үнсіз  қалған.  Қазір  таудай 
ЗИЛ-дің асты-үстіне шығып, моторына басын тығып, маңдайынан шып-шып тер білінді. 
Дерягин қайта оралғанда үсті-басы май-май болып, машина астынан еңбектеп шыққан. 
Пенжегінің  сыртына  шығарған  ақ  жағалы  көйлегінде  сау-тамтық  жоқ.  Бет,  мұрын, 
маңдайына салидолды әдейілеп жаққандай айғыз-айғыз, екі көзі ғана жылтырайды. Сонда 
да сыр бермей тұр. Вася да оны сезбеген қалып білдірді. Машинаны қалай майладың деп 
те сұраған жоқ, кузов жақтауына ілген бүйірі майысқан қаңылтыр шелекті алып Халелдің 
алдына даңғыр еткізіп лақтырып жіберді. 
– Бар, су алып кел. Радиаторға су құй. 
Халел  жүгіріп  барып  жаңа  қазған  құдықтан  су  әкеп,  радиатордың  тұрбасына 
лықылдата  құйды.  Жарты  шелек  құймай  жатып  аузы-мұрнынан  шығып  шүпілдеген  су 
турбадан асып кетті. 
Дерягин Халелдің нәзік білегінен шап беріп ұстай алып: 
– Арақ ішіп көріп пе едің? – деді бетіне зәрлене қарап. 
– Жоқ, иә... – Халел оны неге сұрағанын түсінбей қалды. 
– Егер ішсең, аузыңа лықылдатып құя бересің бе, әлде жұтасың ба? 
Халел не деп жауап берерін білмеді. 
–  Радиатордың  тұрбасы  да  сенің  ана  көмекейің  секілді.  Сауылдатып  құя  берсең 
шашалып қалады, сыздықтатып құй, – деді Вася кабинаға кіре беріп. 


Шынында да тұрбадағы кеңірдектен толған су бір-екі бүлк-бүлк етіп сақиналана беріп, 
ішке қарай қорылдай жөнелді. Халел енді шелектің майысқан жағымен сыздықтата құйып 
еді, радиатордың кеңірдегі тарсылдап жұта берді. 
Бір шелек суды бір-ақ сімірді. 
Дерягин  Халелге  қайда  баратын  жөнін  де  айтқан  жоқ.  Қасына  салып  алып,  тартып 
отырды. Халел таңертең оразасын да ашпаған, бірақ оны айтқысы келмеді. 
Сүйтіп,  тұңғыш  рет  рейске  шықты.  Осының  бәрі  ойламаған  жерде  аяқ  астынан 
болғаны  сонша,  Халел  тіпті  жұмысқа  орналасқанына  сенер-сенбесін  білмей,  үйіне  бас 
сұғып кіруге де мұршасы келмей жолға шығып кете барды. 
Тұғыржаптың  жалаңаш  бұйраттары  гүрс-гүрс  жарылып  жатыр.  Динамит  қойған  жер 
астынан ақ тастар кесек-кесек атылып, аспанға бұрқ етіп шашудай шашылады. Тұс-тұстан 
ағылған  «Қызыл  жалау»  совхоздарының  машиналары  сары  бауыр  қырқалардың  үстін 
шимайлап, айқыш-ұйқыш жол тартып тастапты. 
Дерягин мен Халел карьерден бір машина таспен қоса, табыт ала қайтты. Табыт ішінде 
адамның қураған сүйегі. 
Жапан  түздегі  жалғыз  моланы  аршып,  лақатсыз  тік  қазған  тайыз  көрден  терісі  ағып 
кеткен  ақ  қаңқаны  қапқа  орап  салған  Күргерей.  Аудан  орталығына  баратын  Mopгунның 
машинасын бұрып әдейі келген қарт, ауыр табытты жалғыз өзі иығына көтеріп Дерягиннің 
ЗИЛ-іне салды. Өзі кабинаға отырған. 
– Иә, балам, сен қай жердікісің? – деді жолға шыққан соң Халелге бұрылып. 
– Күргерей ата, мен Қарасайдың баласымын ғой. 
–  Ә-ә,  –  деп  жол  бойына  қараған  Күргерейдің  жүзі  салқындай  қалды.  –  Қарабеттің 
баласымын де! Жәлелден кейінгісін бе? 
– Иә. 
–  Жәміш  шешең  аман  шығар?  Не  бұл?  Совхозға  жұмысқа  тұрғаның  ба?  Әлде  мына 
карьерді қызықтап, көруге келдің бе? 
– Жұмысқа тұрдым. Бүгін орналастым. Тас тасимыз. 
– Солай де. 
– Ата, табыттағы кімнің сүйегі, бұл маңда неғып жалғыз жерленген адам, – деді Халел. 
– Е-е, балам, қай жердің суы тартса, сол жерде қала бермек адам баласы. Бұл менің бір 
туысым  еді.  Талай  жылдан  бері  қазақшылықпен  ала  алмай  келіп  ек.  Енді  мен  де  қанша 
жасар дейсің. Тым құрыса екеуміздің зиратымыз бір жерде болсын деп әкеле жатырмын, – 


деп  Күргерей  қарт  жеңіл  күрсінді.  Туысының  кім  екенін  Халелге  айтпады.  –  Карьер 
ашылғаннан  бері  Тұғыржаптың  жерін  шұрық-шұрық  тесіп  жатқан  көрінеді.  Байқамай 
таспен бірге моланы да қопарып жіберуі мүмкін ғой. Содан қорқып жүруші ем, бүгін сәті 
түсіп әдейі келдім. 
Бұдан  әрі  Күргерей  қарт  үндемеді.  Жол  бойында  ағылып  жатқан  машиналарға  қарап 
отырып осы далада сонау бір жылдардағы жанын шүберекке түйген кезі, табыттағы адам 
өмірі көз алдына келді. Түнеугүні оны да Жантасқа жыр ғып айтып еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет