Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет15/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

ЕКІНШІ ТАРАУ 
Биылғы  күз  жазға  бергісіз.  Орақ  басталғалы  жауын  бір  тамған  жоқ.  Қоп-қою  егін 
жапқан  ұшы-қиырсыз  сары  атыраптың  шеті  түріліп,  әр  жері  кетиіп,  күннен-күнге  кеміп 
келеді. Сонау көкжиектен қызыл шар күн төбесі көріне бере маужырап жатқан егістік дала 
да  ұйқысынан  оянғандай  сергіп,  таңғы  самалға  баяу  тербеліп,  ауыр  теңселген  бидай 
сабағы тәжім еткендей болады. Күн арқан бойы көтерілгенде баданадай масақтың мысық 


мұртына түскен жақұт тасындай мөлдір шық домалай үзіліп тырс-тырс тамады. Балтыры 
кеуіп, еңсесін көтерген бидай сабағы енді ширақ билеп, судыр-судыр әнге басады. Әр жері 
иірім-иірім болып, мың құбылып толқыған алтын теңіз тәрізді. Шымырлап қайнаған мыс 
дариясындай. 
Бұдан  әрі  машиналардың  әні  басталды.  Шықтың  кебу  ін  ғана  күтіп  отырған 
комбайндар ағылып, алтын теңіздің тұс-тұсынан алып кемеше қалқып жүре береді. Әлгіде 
ғана тым-тырыс маужыраған көк күмбезі астында енді гу-гу мотор үні естіледі. 
Төртінші  бригада  басындағы  қызыл  вагонда  жататын  Халел  де  осы  кезде  жұмысқа 
шығады.  Ac  ішетін  мерзімнен  басқа  уақытта  тыным  жоқ.  Шық  кепкеннен  түнгі  шық 
түскенге  дейін  комбайннан  қырманға  астық  тасиды.  Сәл  бөгелсе-ак  болғаны  бункері 
толған  комбайн  тағатсыз  күтіп,  бір  орында  тапжылмай  тоқтап  қалады.  Ондайда  әдейі 
шемішке шағып, көзінің қиығымен үнсіз қарап, тосып отырған Тамараның алдында не деп 
ақталарын  білмей  Халелдің  мұрнының  ұшы  тершитіні  бар.  Сонда  да  Тамараның  тұп-
тұнық  көгілдір  көзі  ұрыспай,  зекімей,  қамқор  адамындай  жайдары  қарағанда,  арқасы 
кеңіп, астықты артып алады да, құйындай ұшады. 
Кешкі мезгіл еді. Халел үлкен қара жолға егістік үстімен қиғаштай тартқан. Балқыған 
темірдей  қызарып  бата  берген  күн  жақтан  ұзын  көлеңке  ұшып  келеді.  Қолын  көтеріп 
ербеңдеткенде, көлеңкесі машинаға дейін созылып, жақтауынан ұстап тартқандай болады. 
Ырс-ырс  етіп  жеткен  Дика.  Халелді  көрмегелі  жарты  айдай  болған.  Сары  табақтай 
тершіген  бетін  қалта  орамалымен  сүртіп,  бас  салды.  Құшақтап,  шаң-шаң  бетінен  сүйіп 
жатыр.  Халел  Диканың  он  бойына  көз  жүгіртіп  өтті.  Үсті  мұнтаздай.  Су  жаңа  қоңыр 
костюм жауырыны жап-жалпақ шымыр денесіне қона қалыпты. 
– Отыр машинаға, кеттік. 
Ток басындағы тау-теңіз астыққа жеткенше Дика асығып-үсігіп бар қуанышын айтып 
келеді. 
– Халел, сені искайт етпеген жерім жоқ. Үш бригаданы аралап шықтым. 
– Е, сонша неге іздедің? 
– Ой, Халелжан, не керек, бүгінгі қуанышты сұрама! Совхоз маған квартер береді. 
– Қойшы. 
– Екі комнаталы. Саңғырап тұр. Жақында ғана біздің бргады бітірген. Котенок деген 
бргадірді  білесің  ғой.  Сол  бар,  жұмысшылар  бар.  Бәрі  Моргун  мен  рабочкомға  барып 
отырып  алды.  Холостяк  строитілдердің  бірі  үй  алған  жоқ,  общитада.  Дика  ең  алдыңғы 
қатарлы передовой строитл, осыған үй беріңдер деп қоярда-қоймай... 
– Е, сен де салт басты емессің бе. Әлде... үйленейін деп жүргеннен саумысың?!. 
Дика жымың-жымың етіп төмен қарады. 


– Өй, айтсаңшы. Қызың бар ма? 
– Жоқ... бар... Бірақ, әлі белгісіз. Мен үйді Ақбөпе үшін алдым. 
– Ақбөпе? 
–  Иә.  Ана  Болат  пен  Раузаға  да  трудно  болып  жүр  ғой.  Котенокқа:  «Туысым  бар. 
Осында совхозда істейді. Әйелдердің общитасында екі баласымен қысылып-қымтырылып 
әрең жатыр» деп құлаққағыс қылып ем, ертеңінде бүкіл бригады болып поддержайт етті. 
Рабочком да, Моргун да Ақбөпені айтып, түсіндірген соң против болмады. 
– Ой, мұнауың, тамаша болған  екен. Ал сосын?..  – Орыс өлеңін нобайлап соққанына 
мәз  боп  қуанатын  Диканың  қазір  орыс  сөзін  араластырып,  тілін  шұбарлап  отырғанын 
қызықтап Халел жымиып қойды. Бірер айдың ішінде әжептәуір өзгерген. Бұрынғыдан сөзі 
де пысық. Кәдімгідей ширап төселіп қалыпты. 
–  Міне  ключі,  –  Дика  іш  қалтасынан  алып  бір  сүйем  кілтті  көрсетті.  –  Бағана  көшіп 
кірдік.  Бүгін  кішкентай  ғана  обнимать  жасамақ  едік.  Бригадыдағы  товарищтарды 
пригласить еттім. Түнде, шам жаға келеді. Ақбөпе сені шақырып әкел деді. Өзі үйге барып 
сенің кірлеріңді әкеп, жуып қойды. Ауыстырып кетсін деді. 
Дика осы сөзден соң Халелдің киіміне көзінің қиығын тастады. Халел  жағасы бес елі 
кір көйлегінен қымсынып, бұрын ұялмайтын Диканың алдында өз-өзінен қызарып, тазды 
баса түсті. 
Шық  түсіп,  комбайн  тоқтасымен  Тамараны  қоярда-қоймай  машинасына  мінгізіп, 
Халел совхозға тартты. 
Совхоз таянған сайын екі түрлі ой мазалап келеді.  Бірі:  «Не деп барасың, Ақбөпемен 
әкең  сырттай  қосқаннан  бері  араларың  суып,  бір-біріңе  жат  бауыр  боп  кетіп  едіңдер. 
Ақбөпе  киімге  жұққан  қарағай  шырышынан  жаман  басыңа  қара  қан  жауып,  тіс  жарып 
сөйлеспей  қойып  ең.  Оның  не  жазығы  бар  еді.  Енді  үй  алғанда  не  бетіңмен  көрінесің» 
десе,  екінші  ой:  «Қой,  онда  тұрған  не  бар.  Өзіңнің  туған  жеңгең  емес  пе.  Ана  шиеттей 
балалар  бауырларың  емес  пе.  Олар  мәре-сәре  боп  жатқанда,  қуаныштарына  ортақ 
болмайтын  орның  жоқ.  Айтқандай,  аузының  суы  құрып  жүрген  түнеугі  антұрған 
студенттердің  бірі  жылмиып,  сенен  бұрын  үйде  отырған  шығар».  Осы  ойдың  тұсына 
келгенде,  тақтайдай  жолмен  зымыраған  машина  емес,  өкпесін  қолына  алып  ұшып  келе 
жатқан Халелдің өзі сияқты болды. 
Ойы  дәл  келді.  Үй  іші  толған  адам.  Котеноктың  бригадасы  –  Дикамен  бірге  істейтін 
құрылысшы жігіттер. Тап орталарында Оспан. Оның қасында завгар Морозов та отыр. Бұл 
– Ақбөпе жақтан келген адам.  «Ал мына бір есік жақтағысы кім? Ой, түнеугі  жігіт емес 
пе? Ақбөпеге сырттай ғашық, «көрсеқызар» таңқы мұрын студент емес пе? Тап өзі. Мұны 
кім шақырды екен. Қояр ма еді  жалпайта кеп мұрыннан». Бірақ  Халелге ондай  «өнерді» 
кім берсін. 


Сырттан  жайдары  енген  Халел  мына  студентті  көргенде  өңі  өзгеріп,  жүзі  салқын 
тартты. «Түнеугүні ындының құрып, сілекейің шұбырып еді. Қармаққа оңай іліне салатын 
шабақ балық деп отырсың ғой, жігітім! Әуре болма!» – деген қызғаныш бетіне теуіп шыға 
келді. Тек Ақбөпе ұшып келіп құшақтағанда барып, сасқанынан құлағына дейін қызарды. 
Енді күле береді. Ақбөпе именген жоқ. Бұрынғы әдетінше қайнын бауырына қатты қысып, 
бетінен  сүйіп  алды. Кеудедегі  қос  анар  тығыз  боп қадалғанда,  Халел  әлденеден  дір  етті. 
Ана  бір  жылдардан  туыстай  ойнап-күліп,  алысып-жұлысып  жүрген  кезде  сезбеген  жаңа 
бір сиқыр сезім. Бетіне тиген лебі де ыстық. Бұрын Ақбөпенің он бойынан білінбеген уыз 
жастың желпіп өткен лебі сияқты. Апырау, Халел бұрын қалай аңдамаған. Сонау қыстан 
бері жеңгесі екеуінің бірінші рет жақын келіп, құшақ қосқаны. Ұзақ уақыттан бері бірін-
бірі жат санап кеткендіктен бе екен былай көрінуі. Ақбөпе шын сағыныпты. Бұрынғыдан 
сүйегі  кәдімгідей  іріленіп,  денесі  толып,  сомдана  бастаған  көрікті,  әрі  сүйкімді  Халелді 
бұл  да  іштей  қызғанады  екен.  Алғашқыда  ешкімге  қарамастан  бас  салса,  енді  онымен 
бірге  келген  ақ  сары  шашы  арқасына  төгілген  Тамараға  көз  қиығы  түскенде,  жайдары 
қарақат  көзінің  түкпірінде,  алыста,  қара  бұлт  арасынан  көрінген  нажағай  отындай  өткір 
ұшқын  жылт  етті  де  ғайып  болды.  Соны  сездіргісі  келмеді  ме,  қонақтардан  қысылып, 
Тамараның да бетінен қалай сүйгенін өзі аңдамай қалды. Тамара да мұны күтпеген еді. Екі 
беті өрттей болып кетті. 
Отырған  жігіттер  орындарынан  тік  тұрып,  Тамараны  қаумалап  араларынан  орын 
ұсынып жатыр. Бірақ Тамара Халелдің қасына отырды. 
Бұрын  қырман  басында  кездескенде  тіл  қатып  илікпейтін  студент  енді  Халелді 
Ақбөпенің туысы боларсың-ау деп, асты-үстіне түсіп, жампаңдай қалыпты. Халел ошаған 
көргендей  тыжырынып,  бойын  аулақ  салды.  Енді  үй  ішінің  жасауын  көзімен  бір  шолып 
өтіп, таңданып отыр. Дәл бұрышта биік айна – жұпыны болса да, жүзі жарқыраған биік, су 
жаңа  трюмо.  Екінші  қабырғада  шағын  шифоньер.  Үстіне  жаңа  көрпе-жастық  салынған 
жалтыраған никельді кереует. Ортадағы жазылмалы кең столдың үсті сыңсып тұр. Неше 
түрлі тағам мен коньяк, шампан, шарап бөтелкелері. Сыңғыраған жаңа бөлме мұнтаздай. 
Жылына  бір  қағылатын  ылғи  күрең  қызыл  ауыр  кілемдер  мен  сандық,  абдыра,  чемодан 
сықылды  бұйымдардан  айналып  жүруге  болмайтын  төбесі  басыңқы,  іші  қара  көлеңке  өз 
үйі  есіне  түскенде,  қазір  еңселі  зәулім  үйде,  көңіл  көтеретін  таза  үйде,  жастарға  лайық, 
жаңалыққа  бейім  осы  бөлмеде  отырғанын  ойлағанда,  ішкі  сарайы  да  кеңігендей  болды. 
«Апырау, мынаның бәрі бір күннің ішінде қайдан келген жиһаз?! Шынымен Диканікі ме?» 
Халелдің ойын Котеноктың үні бөліп жіберді. Қолында бокал, орнынан тұрып сөйлеп 
тұр. Көзілдірік астынан көрінген ойлы көз жігіттерді бір шолып өтіп, Дикаға тірелді. 
–  Жолдастар,  –  деді.  Даусы  жіңішке,  ашық.  Әр  сөйлеген  сөзін  нақпа-нақ  қазықша 
қағып, шегеше қадайды. – Тыңға келгелі, міне, біраз уақыт өтіп барады. Кеше ғана ағаш 
бауырындағы жалғыз үйден басқа көзге ілігер қарайған қарасыны жоқ, мидай далаға бүгін 
қараңдаршы. Жалпақ өңір  жайқалған астық,  қаз-қатар тізілген үйлер. Бәрі  де мына күсті 
алақанның  күшімен  келді.  Мұның  иесі  осы  отырған  сендер.  Соның  бірі  мына  Дика.  – 
Қолы босаса-ақ төсегінде теріс қарап жатып алып, бас көтерместен кітап оқитын бұйығы, 
тұйық жігіт қазір асқақ сөйлеп тұр. Онысы мына мәжілісте жарасымды да. – Кезінде қалай 


қойғанын  қайдам,  Дика  деген  ат  дикий  деген  сөзден  алыныпты.  Келе-келе  байқасам: 
Дикада  мына  тусырап  жатқан  дала  қасиеті  бар  екен.  Қазақтың  кең  сахарасындай  мінезі 
кең, жерін жыртып, кенін қазбасаң біле бермейтін, бар алтынын ішке сақтайтын, ғажайып 
бай  жердей,  мақтаншақтығы  жоқ  тұйық,  самал  желіндей,  баяу  тербелген  көліндей  жуас, 
бұлтсыз  мөлдіреген  кіршіксіз  аспанындай  жүрегі  таза,  ақ  көңіл.  Қазақ  даласын  келіп 
көрмей, сырттай еститіндер оның осы байлығын біле бермейді. Не орманы, тауы жоқ бұл 
жер оларға ұшы-қиырсыз жазылып жатқан қу мекиен мидай дала боп көрінеді. 
Дика да сол секілді бір қарағанда көзге түсе бермейтін, тек жүре-жүре іштегі бар асыл 
қазынасы көрінетін қарапайым адам. Еңбекқор адам. Жолдастар, мен осы тосты мінезі де, 
өзі де тың даласындай Дика үшін, Дикаға өз бойындағы қасиетін дарытқан тың дала үшін 
көтеремін. 
– Браво! 
– Хай вично живэ!.. 
Халел жұрт тараған соң естіді. Бүкіл бір бригаданың адамы келіскен екен: кімде-кім өз 
араларынан жаңа үй алса, үйленсе, орталарынан қаражат шығарып, соның жасауын жасап 
бермек.  Үйдегі  мына  су  жаңа  мебельдерді  совхоз  машинасымен  Омбы  қаласынан  алған 
екен. Бәрі енді Диканың дүниесі. 
Бірақ  Дика  соның  бәрін  менің  дүнием,  мына  үй  менің  үйім  деп  бауырына  басып 
иемденіп  отырған  жоқ.  Екі  езуі  екі  құлағына  жетіп,  күле  береді.  Халелге  қайта-қайта 
таянып, бірдеме дегісі келіп еді, ақыры айтты. 
–  Халелжан,  –  деді.  Жүзінде  «ұнатпай  қалар  ма  екен»  деген  жасқаншақтық  бар.  – 
Ақбөпе екеуміз таңертеңнен айтып жүрміз. Апам болса, ауданда сырқаттанып жатыр. Сен 
болсаң,  жаз  бойы  далада  жұмыс  соңындасың.  Анда-санда  үйге  келгенде  кір-қоңыңды 
жуып, тамақ істеп беретін де ешкім жоқ. Апам сауығып келгенше, осында тұрмайсың ба. 
Екеумізге  мына  бөлме  жетеді.  Ақбөпелерге  ана  бөлме...  Денсаулық  болса,  тағы  да 
квартерді кеңіте жатармыз. Биылғы жылы строительдер жүзге жуық үй салмақпыз. Бәрін 
ақ  тастан  қалаймыз.  Райхан  апай  тапқан  бұл  тас  үлкен  береке,  құт  екен.  Тек  екі  қол 
қимылдаса  болды.  Мен  қазір,  Халел,  айына  үш  жарым  мыңға  айналдырамын.  Әлгі 
Котенок  деген  бастығымыз  мені  передовой  строитель  деп  кетті  ғой.  Бас  аман  болса, 
диірмен тартудан қиын болып па. Халел, сені де мақтап жүр ғой, Оспаннан кейінгі шопр 
деп. 


–  Оспанға  жету  қайдан  келсін.  Одан  кейін  де  талай  үздік  шоферлер  бар.  Дерягинді 
қайда қоясың?! Бірақ ол... 
–  Дерягинің  әлгі  сенімен  жүретін  шопр  ма?  Өзі  маскүнем  дейді  ғой.  Қалайша 
передовой болады? 
– Әттең, ішкіш. Әйтпесе Оспаннан кем шофер емес. 
Халел  Дерягиннің  еңбекқорлығын,  оның  машина  жүргізу  шеберлігін  ұзақ  айтып 
мақтады. Бірақ осы түннің ішінде одан түңілерін езі де білген жоқ. 
Түнеугі  жолы  әкесі  мен  Агафия  Япишкинаны  көрісімен  үйінен  мүлдем  безіп,  көңілі 
құлазып,  далада  қалғандай  жалғызсырап  жүретін  Халел  Дика  мен  Ақбөпенің  айтқанына 
келісті. 
– Бірақ, – деді, – «мен жоқта үйден кеттің» деп, апам ренжіп жүрмесін. Әзірше төсек-
орнымды әкеп жатып жүрейін. Егер апам көнсе, біржолата шығармын. 
Халел мен Дика Малжан ағашына келгенде, нағыз ұрлықтың үстінен шықты. 
* * * 
Бұл  кезде  Дерягин  Қарасайдың  үйінде  еді.  Қарасай,  Агашка  үшеуі  стол  басында 
қолдан ашытқан сыра ішіп отыр. Албар жақтан бидай артқан машинасын шегіндіріп әкеп 
іші цементтелген терең ұраға тура тақап қойған. Артқы жақтауын ашып жіберсе-ақ тістің 
суындай қызыл бидай су етіп, ұраға төгілмек. 
–  Ал,  қане,  мына  соңғы  стаканыңды  көтеріп  қой,  сосын  бидайды  төгіп,  бетін  жауып 
алайық.  Бұдан  былай  күнде  тегін  ішіп  тұрарсың,  өзіміздің  баладай  болдың  ғой.  Кунтун 
демей  келе  бер,  –  ден  еді  Қарасай,  Япишкина  оның  сөзін  ойынды-шынды  қалжыңға 
бұрды. 
– Бір машина астықтың құнын екі-үш күнде ішіп қояр Вася. Ол кезде тағы әкеледі ғой. 
–  Ә,  солай  ма?  Сендер  маған  сатып  беріп  отыр  екенсіңдер  ғой,  –  деп  Дерягин 
алдындағы сырасын қағып салып, көзі жарқ етіп орнынан тұрды. – Беретін сыраларыңды 
бұлдамай-ақ беріңдер. 
Орнынан  ширығып  ашулы  тұрған  Дерягиннің  бір  машина  астық  түгіл,  бір  түйір 
бидайды бұл үйде қалдырар гүрі жоқ екенін сезіп, «жарайды, осыған да рақмет! Қанағат», 
– деп Қарасай жуып-шайған болып алдын орап жүр. – Ретіне қарай көрер. Зорлауға бола 
ма? 
Қорада әлдекімнің аяқ тықыры естілді. Іштегілер үрпиісе қалды. Сыртқы есіктің тиегі 
жабық болатын, бұл кім? Ойлануға да мұрша келмеді, үйге Халел кірді. Түсі суық. Жаңа 
тебіндей бастаған сары түбіт мұрт селдірей қалған. Танауы қусырылып, жағы бүлкілдеп, 


отырғандарды үнсіз шолып өтті. Қарасай мен Дерягинде үн жоқ. Япишкина ғана түлкіше 
бұраңдап алдынан шықты. 
– Халелчик, проходи. Отыр, – деп бәйек болып жатыр. 
– Албардағы машина сенікі ме, Вася? – деді Халел бері аттамай сызданып. 
– Д-да, менікі. 
–  Қазір  алып  кет.  Ұраны  неге  қазды  десем,  ұрлық  үшін  қазған  екенсіңдер  ғой.  Ұр-
рылар! 
–  Кім  ұры?!  –  деп  ішіңкіреп  алған  Дерягин  атып  тұрып  Халелге  төніп  келді. 
Жұдырығы түюлі. – Байқап сөйле, көгершінім! 
Халел жасқанған жоқ: 
–  Вася,  баяғы  жалғыз  ағаш  түбіндегі  енді  болмас.  Қазір  бес  минуттың  ішінде  осы 
арадан  кетпесең,  тура  Моргунның  алдында  жауап  бересің.  Қане,  тайып  тур,  –  деді  де 
төсек-орнын алуға шығып жүре берді. 
– Мен өзім де кетемін, сенен сұрамаймын. – Күмілжіп бірге шыққан Дерягиннің алдын 
Қарасай кес-кестеп жүр: 
– Ой, Вася, сол Халелден қорыққаның ба? Төге бер, өзім жайғастырамын. 
Екінші бөлмеден көрпе-жастығын алып жатқан Халелге келіп, Қарасай зеки бастады: 
– Ой, адам болмайтын неме. Мені асырап, көсегемді көгерте ме деп жүрсем, енді үйге 
келген ризықтан айырғың келді ме?! 
– Ұрлық та ризық болып па?! 
– Ризық емей, немене! Ертең қыста ақ нанды аяғыңмен теуіп отырсаң, одан артық не 
керек?! 
– Бұл үйде отырып нан жемей-ақ қояйын. Ана Япишкина екеуіңіз жесеңіздер болар. – 
Халел  Япишкинаны  аузына  алуын  алса  да,  ызадан  ба,  ұяттан  ба,  әйтеуір  екі  беті  ду  ете 
қалды. Бірақ Қарасай баласының алдында ұялғаны былай тұрсын, беті бүлк етпестен: 
– Ағайшада жұмысың болмасын. Сандалма олай, – деп зірк етті. 
Халел  әкесіне  жалт  етіп  қарады  да,  жастықпен  қаға-маға  тысқа  шықты.  Дерягин  де 
машинасын  албардан  шығарып,  алды-артына  қарамай  зытып  барады.  Есік  ашылған  соң 
Дика да Халелмен бірге үйге еніп, төсек-орынды көтеріп, машинаға салыса бастады. 


Жуан белдігі мен құрсаусыз доңғалағы ғана қалған, ыстыққа қаңсыған көк арбада екі-
үш сиыр бұзауымен байлаулы жатыр еді. Халел холмогор тұқымды дәу қара ала сиырдың 
бас  жібін  шешіп  Дикаға  ұстата  берді.  Бұлармен  ере  шыққан  Қарасай  алғашқыда  түсіне 
алмай тұрып қалған. Ұзай бергенде талтаңдай жүгіріп, сиырдың бас жібіне жармасты. 
–  Мұны  қайда  апарасың?  Ой,  ақымақ  неме,  сен  де  тірілейін  деген  екенсің,  –  деп 
Диканы  кеудеден  нұқып  қалған.  Бұрын  бетіне  тура  қарай  алмайтын Дика  енді  елеген  де 
жоқ. Төртбақ ауыр денесі былқ етпей сиырды жетектеп барады. 
–  Сиырда  жұмысыңыз  болмасын.  Ана  Жәлелдің  балаларынікі  бұл,  –  деп  Халел 
сиырдың  сауырынан  алақанымен  салып-салып  жібергенде,  тұяқтары  сыртылдап  марғау 
аяңдаған  үйдей  сиыр  жақтырмай  сулы  танауы  қатты  пысылдап,  басын  шайқап-шайқап 
қалды.  Мүйізге  жармасып  Қарасай  мұрттай  ұшты.  Ерте  туған,  тайыншадай  қара  бұзау 
сиырдың құйрығына байлаулы болатын. Екі жаққа бұлтыңдап, жұлқып қалғанда, енесінің 
құйыршық ұшын жұлып алды. Орнынан қайта тұрған Қарасай бұзаудың сүйретілген бас 
жібіне  ұмтылған.  Бас  жіптен  ұстай  бергенде  мөңки  жөнелген  бұзау  енесінің  алдына 
ойнақтап бір-ақ шықты. Қарасайдың қолында басынан дірдектеп қан аққан үзік құйыршық 
қана қала берді. 
* * * 
Келесі күні Дерягин жұмыстан шықты. 
Халел кешегі көргенін егін басында жүріп бір қаға берісте Тамараға айтып еді, Тамара 
өзіне бас салды: 
–  Сонда  сен  жасырып  қалмақсың  ба?  Одан  асқан  қылмыс  бар  ма?  Сен  үстінен 
шықпасаң ғой, ол бір мaшина астықты төгіп кетпекші. Жоқ, ертеңгі күні ол ашылса көре-
тұра жасырған адам да олармен бірдей жауап береді. 
– Бәрібір  ол бидайды қайтадан алып кетті ғой, – деп Халел аңдамай айтып қалғанын 
Дерягинге өштікпен айтқандай көріп, іштей өкініп еді, Тамара ырық бермеді. Ақыры егін 
аралап жүрген Моргунға жеткізген. 
Моргун  өмірінде  мұндай  күйінбеген  шығар:  Дерягинді  қолма-қол  таптыртып  алып 
жер-жебіріне жетті. – Ұят қайда? Ар бар ма өзіңде? Қазір бір машина астық түгіл бір дәнді 
далада қалдырған адам мемлекет алдында, халық  алдында жауап береді. Ол үшін кімнің 
маңдай тері төгілді? Неге оны аяққа басасың? 
– Мен не істеппін? 
– Не істемедің?! Бір машина астықпен түн ортасында қайда тентіреп жүрсің?! 
– Кім айтты оны? 


– Кім айтқанын қайтесің, қане қазір  кілтті  мына Морозовқа тапсыр. Енді  саған сеніп 
астық тасытуға қақым і;оқ. Биыл Райхан Сұлтановнаның сөзі үшін қалдырып едім. Жетеді 
енді. 
Дерягин қарсыласуға оқтала беріп еді, Моргун орнынан атып тұрды: 
–  Сенімен  дауласып  тұратын  уақыт  жоқ.  Жолдас  Морозов,  мұның  машинасын  басқа 
адамға  бер.  Ал  сен,  Дерягин,  қатеңді  мойындап,  ендігәрі  ондай  қылмысқа  бармаймын 
десең  соңғы  рет  ескертемін,  басқа  жұмысқа  тұр.  Ток  басында,  диспетчерлікте  не 
бензоколонкада істеуіңе болады. 
–  Рахмет!  –  деп  машина  кілтін  стол  үстіне  лақтырып  тастаған  Дерягин  кеңседен 
шығып  жүре  берді.  «Ох,  Халел,  халера,  тұра  тұр.  Кегімді  алдым  деп  жүрген  шығарсың. 
Көрерміз!» – ден тістенген бойы Қарасайдың үйіне беттеді. 
* * * 
Түн  ортасында  совхозға  бір  шақырымдай  жерден  от  шықты.  Лап  еткен  тілсіз  жау 
әлгіндей  болмай  көк  тіреген  бағанадай  созылып  ұзара  қалды.  Аспанға  тік  шапшыған 
қызыл жалын тілі маңынан ештеме таба алмағандай жалмаңдап қызыл ауаны жалап-жалап 
алды.  Төңірек  жап-жарық.  Бригада  басындағы  мен  қырмандағы  жұмысшылардың  ояуы 
аттан  салып  жаяу-жалпылай  жүгірді.  Жол-жөнекей  астық  тасыған  машиналар  бұрылып 
алып, қайсыбірі төтелей түсіп, енді бірі кері айналып, өрт шыққан жаққа қарай құйындай 
ұшты. Абыр-дабыр. Совхоз іші де лезде хабарланды. Сырт киімдерін іле сала, жалаң бас 
жеткендері де бар. Райхан «Жаңа талап» жақтағы алыс бригада басында болатын. Жиырма 
шақырым  жерден  көріп,  алғашқыда  жай  әшейін  біреулер  жағып  отырған  от  шығар,  бір 
орнынан тапжылмайды ғой деп, жайбарақат жүр еді, жалын үдей соққанда барып, мынау 
егінге  тиген  өрт  болмаса  игі  деп,  жүрегі  алып-ұшып  жалма-жан  машинаға  мінді.  Бірақ 
үлгерген  жоқ.  Жол  алыстық  етті.  От  жалыны  басылып,  үңірейген  түндей  қара  түтін 
бықсып  жатқанда  жетті.  Анадайдан  аптабы  бетті  күйдіріп,  көк  ала,  қызыл  жалын 
сумаңдап  тұрғанда  жеткен  Моргун.  Одан  бұрын  келгендер  отты  сабалап  жүр.  От  одан 
сайын өршеленеді. Моргун енді жақындай бергенде әлдене гүрс ете қалды да, қаңғыр етіп 
сандықтай  зат  аспанға  атты.  Қара  түтін  аралас  үйдей  от  бұрқ-бұрқ  көкке  шапшып 
шашудай шашылып, әуеден жалын жауды. Қара жолға жарқ етіп от төгілді. Әу дескендей 
төрт  рет  қатарымен  тарс-тұрс  мылтық  атылды  да,  жанып  жатқан  алып  машина  ыңқ  етіп 
шөгіп  қалды.  Қаңғырлап  аспанға  атқан  –  машина  бүйіріндегі  бензин  құйған  артық  бак 
екен де, мылтықша атылған – отқа күйіп жарылған балондар екен. 
Машинаны айнала қоршап алған адамдардың бірінің есіне келмепті, Моргун: 
– Шофер қайда? Кімнің машинасы, – дегенде ғана екі-үш жігіт кабинаға ұмтылды. 
Лап беріп жанған от лып етіп сөнді. Машинаның құр темірлері, қаңқасы ғана қалған. 
Аңғал-саңғал  сидиған  рама  –  жұртта  қалған  ескі  жадағай  арба  секілді.  Екі  бүйіріне  қақ 
жарыла  төгілген  бидай  қап-қара.  Табаға  май  құймай  қуырғандай  шытырлап,  бетіндегі 
бидайлар шегірткеше шырт-шырт секіреді. 


Екі  есігі  аңқиып  кабина  бос  қалды.  Шоферді  іздегендер  отырғыштың  балқыған 
қошқармүйіз пружиналарын ғана сипалады. Шофер жоқ. Жым-жылас. Тым құрыса жанған 
сүйегі  не  бір  жапырақ  киімі  көрінбейді.  Кабина  ішінен  мақта  күлінен  басқа,  бөтен  күл 
табылмады. 
– Тоқтаңдар, – деген әйел даусы саңқ етті. Бас инженер Райханның даусы. – Маңынан 
аулақ  тұрыңдар.  Жанар  машина  жанған  екен.  Енді  ештемесіне  тиіспеңдер. 
Автоинспекциядан  адам  келгенше,  рама  осы  жерде  тұрсын.  Басқа  машиналар  айналып 
өтетіндей екі жағына белгі қояйық. Ал енді тараңыздар. 
Машина жанған жер – үлкен қара жол. Жолдың екі жақ қапталы қалың боз. Егін бұл 
тұста  жоқ.  Бозға  секіріп  түскен  отты  келгендер  лезде  сөндірген.  Аумағы  екі  метрдей 
қаудың күлі ғана жатыр. «От қалай шықты, бұл кімнің машинасы, шофері қайда?» 
Моргун  қалта  шамын  жағып,  бетін  қара  қожалақ  күйе  басқан  ыстық  қаңылтырды 
жеңімен бір сүрткенде, машина номері иесін айтып тұрды. Қайтып ол жерге ешкім жолай 
алмады. Моргун Райханға күбір етті: 
– Халелдің машинасы екен. Талжанов. 
– Халел Талжанов. 
* * * 
Түн  жарымда  бүкіл  совхоз  адамдары  жанған  машина  дүрбелеңінде  жүргенде  тек 
Малжан ағашының бауырындағы жалғыз үй ғана бұдан бейхабар еді. Өрт сөнер-сөнбесте 
олар  да  естіді.  Әуелі  ала  мойнақтар  шабалана  үріп,  үйді  айнала  жүгірді  де,  лезде 
дауыстары  семді.  Тегі  таныс  біреу  болса  керек.  Ағашканың  тып-тығыз  майлы  жонына 
мұрын тірей қорылдаған Қарасай оянып, басын көтерместен тың тыңдағанша болған жоқ, 
терезе дүрсілдеді. 
Ағашка үшеуі ішкен сыраның ақшасын Васядан санап алуды ұмытпаса, Қарасай – қара 
шұбар  жыландай  іште  иіріле  түсіп  жатқан  сұмдығын  ұмытпады:  «Дерягин  мен  Халел 
арасындағы  жаздағы  төбелеске  Райхан  мән  бермеп  еді.  Ақыр  аяғы  не  боп  шықты?  Мен 
ескерткенмін.  Елемеді.  Міне,  басшылықтың  нашарлығы  қайда?  Мұны  жоғарғы  жаққа 
жеткізу керек», – деп беттегі қара қал мейірімсіз жыбыр етті. «Әзірше ешкімге сездірмеу 
керек. Әйтпесе ұрланған астықтың кесірі тиіп кетуі де мүмкін». 
– Ендеше, Вася, сен қорықпай-ақ қой. Дәнеме де болмайды. 
– Қалайша дәнеме болмайды? Біреудің машинасын жандырып жіберген адамға дәнеме 
болмаушы ма еді? 
– Ол рас, – деді Қарасай Дерягиннің бұйра шашын уыстай тартып. – Бірақ сен екенін 
қайдан біледі? 
– Не деп отырсың өзің? Менің бетімдегі күйікті қайда жасырасың? 


– Күйік қана емес, сенің өзіңді де түгел жасыра аламын. 
–  Жарайды,  жұбатпай-ақ  қой.  –  Алпамсадай  денелі,  мінезі  ұрда-жық  адуын  жігіттің 
еңсесі түскен, мүләйім. Қанша ішсе де серпілер түрі жоқ. 
– Ешқандай жұбату емес. Егер басым аман қалсын десең, менің ақылымды ал... Тұра 
тұр... тыңдасаңшы әуелі: сен мына түріңмен біреудің көзіне түссең, машинаны жандырған 
сен  екенің  бесенеден  белгілі  болады.  Сондықтан  сен  ана  бір  қорадағы  бөлмеде  қашан 
күйігің  жазылғанша  жат.  Соңынан  бір  түнде  жым-жылас  кетіп  қаларсың.  Қосимановтың 
атасының үйіне бейсауат адам келмейді де, ешкім тінтпейді де. 
Дерягиннің ұйқысы ашылғандай, лезде сергіп, Қарасайға бажырая қарады: 
– Сонда оған Халел жауапты болмай ма? 
–  Немене?  Халел?..  Вася,  егер  бұл  ақыл  көкейіңе  қонбайды  екен,  маған  сенің  өлген-
тірілгеніңнен келер, кетер ештеме жоқ. Бар онда, жарқыным! Жөніңді тап. Маған бәрібір... 
Ал осыған көнеді екенсің, – деді Қарасай, – сені іздеп, сұрастырған біреу болса, совхозбен 
есеп айырып кетіп қалған дейміз. Ол үшін былай істе: «Райхан Сұлтановна инженер боп 
тұрғанда,  шоферлік  жұмыс  істеуіме  болмады,  менің  кетуіме  себеп  осы»,  –  деп  ауданға 
жазып  жібер.  Бұл  сенің  кеткендігіңнің  шын айғағы  болады.  Сонда  сені  ешкім  іздемейді. 
Түнеугі складтағы уақиғадан кейін Райханды жазғырсаң, өтінішің сенімді болады. 
Дерягиннің  көз  алдына  Райхан  келді.  Жалын  шарпыған  күйік  беті  ысып-жанып 
күйдіріп барады. Тап қазір де Райхан жағынан тартып жіберген секілді. 
– Жақсы, дядя Карапет! Мен солай деуге бекіндім. 
– Мен  өзің үшін айтамын. Бірақ  есіңде болсын, жігіт болмай кейін бір  пәлесін маған 
аудара салатын су жүрек болсаң, осы бастан менен аулақ. 
Дерягиннің көзі жарқ етті. Қажып, талып қанталаған өткір көзде мағынасыз намыс оты 
бар: 
– Мен ғұмырымда ешкімді ала өлген емеспін. 
– Ендеше, Ағайша, құй қане! Васяның аман қалуы үшін! 
Бірақ  үшеуі  үш  түрлі  тілекпен  ішті,  Дерягин:  «Осыдан  аман  қалсам,  ендігәрі  аузыма 
ұрттап  алмаспын.  Осы  ақыры  болсын»,  –  деп  ішті.  Япишкина:  «Дерягиндер  көбейіп, 
табысым молая берсін», – деп ішті, Қарасай: «Ұйып отырған семьямды быт-шыт қылып ең 
келмей жатып. Саған мысқалдай болса да сөз ере берсін, жамандық жамала берсін», – деп 
Райханға іштей қарғыс айтып ішті. 
* * * 


Тап осы түні Халел бірге туған апасындай аяулы Ақбөпеден айырылатынына анық көзі 
жетпесе де, көңіл шіркін әлденені сезгендей тықыршып жүрегі аузына тығылып, ұйықтай 
алмады. Ақбөпе мана шопр Оспанды аттандырып салуға тысқа ере шыққан. Содан қайтып 
оралмады.  Қою  мақпал  түннің  бояуы  сұйылып  барады.  Ала  көлеңке  тарта  бастаған 
ақтаңдақ таң бозарып, жаңа үйдің биік терезесінен ішке үңілді. Халел басын қымтай түсіп, 
етпетінен  жатып  еді,  жеңгесі  есінен  шықпай  қойды.  Қызғаныш  па?  Балалық  па?  Әлде 
қалтқысыз жастық сезімнің шын оянып, бас көтере бастағаны ма? Тыста өзара сөйлескен 
Оспан мен Ақбөпенің әңгімесі де бұл кезде Халелге тірелген-ді. Бұрын кездескенде көзбен 
ғана  ұғысып,  тағдырларының  ұқсастығын  іштей  сезіп,  бір-біріне  лайық  жандар  екенін 
үнсіз  ғана  түсінісетін  бұл  екеуі  бүгін  бүкпесіз  ашық  сырласты.  Ұяң  қыздардай  ретсіз 
қылымсуды бойына шақ көрмейтін Ақбөпе Оспанмен шын сырласты. 
–  Рас,  –  деді  ол  әңгіме  Халел  жайына  ауғанда,  –  өзім  де  қорқа  бастадым.  Бұрын  бір 
үйдің баласындай болып ойнап-күліп жүретін Халел кейінгі кезде маған басқаша көрінеді. 
Тіпті айтуға аузым бармайды. Іні секілді емес, енді шынында да бір үйдің азаматы, қызға 
сөз салатын жігітіндей көрініп, әлденеден сезіктене беремін. 
– Әрине, адам жаратылысы солай ғой, Ақбөпе. Қанша туыстай болғанмен, келе-келе... 
– дей бергенде Ақбөпе шопр Оспанның аузын тағы қақты. 
– Жоқ, атамаңыз. Оған Халелдің титтей де кінәсі жоқ. 
– Кінәлі болса ше?.. Ол үшін айыптауға бола ма? 
–  Оныңыз  рас.  Бірақ,  Халел  ондай  бөтен  ойдан  аулақ.  Сәбидей  адал  бала.  Екеумізді 
атай сырттай атастырғанда Халелдің не болғанын көрсеңіз. Сол күннен былай сөйлеспей 
қойды. Бүгін ғана шын ашылғаны. Және байқайсыз ба, бүгін маған біртүрлі бөтен адамдай 
қарайтын секілді. 
Ақбөпе тосылып қалды. Оспан да не дерін білмей аз тұрды да, сөзді қайта жалғады. 
– Ақбөпе, сен Халелді шын жақсы көресің бе? 
– Е, ол сұрамай-ақ... 
– Жо-оқ, бар адамнан дегенім ғой. 
– Иә, бар адамнан артық көрем, – деп Ақбөпе қараңғыда Оспанның жаси қалған көзіне 
үңілді. – Сол себепті де оның өзіне тең адам табуын туған апасындай тілеймін. Ал сіз ше? 
Оспан  өзінің  орынсыз  сұрағынан,  орынсыз  қызғанышынан  қысылып  не  дерін  білмей 
тосыла берді де, енді бір сәт Ақбөпені бауырына қысты: 
– Мен де жақсы көрем, мен де інімдей көрін өтер ем, – деп құшағына қарсылықсыз ене 
берген  Ақбөпені  ұзақ  уақыт  босатпай  тұрды.  Бұдан  арғы  үнсіздік  те  ұзаққа  созылды. 
Сонау  алыстағы  жұлдыздар  да  үнсіз  жымыңдап,  қайсыбірі  қуанғандай  секіріп,  ағып 


жатты. Тек шоқ ағаштың бауырындағы жалғыз үйден әтештер ғана дағдылы әдетіне басып 
шақыра бастады. 
Халел тысқа шыққысы келсе де, өзін тежеп жатыр еді, ақыры шыдай алмады. 
Үй  маңында  Ақбөпелер  жоқ.  Батыр-ау,  қайда  кеткен?  Е,  ана  машина  ішінде  болмаса 
игі еді. 
Халел  шопр  Оспанның  машинасына  жақындай  алмай,  ұзақ  тұрды.  Қасына  барса, 
ішінен  Ақбөпелер  шыға  келіп,  «не  іздеп  жүрсің,  саған  не  жоқ»  дейтіндей  көрініп,  бата 
алмады.  Жоқ,  ақыры  туған  жеңгеге  деген  қызғаныш  оты  шыдатпады.  Машинаға  келді, 
таянды. Кабина ішіне мойнын созып қарай бере, өне бойы қалтырап кетті. Жаңа ғана қылт 
етіп  маңдайы  көрінген  отты  күннің  кірпігі  кабина  ішіне  түскен:  балшықтан  құйғандай 
бітімі сом шопр Оспан қызыл күнмен бірге қызарып, алысқа қарап күлімсіреп отыр. Түні 
бойы  көз  ілмеген  адамдай  емес,  сергек.  Үлкен  қуаныш  бар  жүзінде.  Терезеден  үңілген 
адамды да сезген жоқ. Сезсе де мойын бұрып қарар емес. Ақбөпенің ұйқысын бұзар түрі 
жоқ.  Оның  кең  кеудесіне  басын  сүйеп,  жас  баладай  ұйықтаған  Ақбөпенің  жүзі  де  мына 
шығып келе жатқан күндей еді. 
Бір сәт тулай қалған қан бірте-бірте басылып, Халел шегіне берді. Қызғаныш оты ішін 
өртеп,  жүрегі  елжіреп  Ақбөпесін,  Жәлелінің  Ақбөпесін  қимай  үнсіз  жылағысы  да  келді. 
Бірақ бір-біріне сүйеніп, тәтті сезім құшағында үнсіз маужыраған Ақбөпе мен Оспанның 
мазасын алмайын дегендей аяғының ұшымен басып, алыстай бергенін өзі де аңғармады. 
Оның жүрегінде қызғанышпен қоса ең аяулы адамына деген таза, ең жақсы тілектің де 
ұшқыны бар еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет