Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет13/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

ЕКІНШІ БӨЛІМ 
БІРІНШІ ТАРАУ 
Елу төртінші жылдың күзінде қазақ даласы сары алтынға малынды. Ұшы-қиыры жоқ 
бай  өлкенің  бір  пұшпағы  –  Қызыл  жалаудың  жалпақ  жоны,  төбе-төбелердің  арасы 
жайқалған сары балақ егінге тұнып тұр. 
Орақ  басталды.  Мөлдір  аспан  астында  айнаға  қараған  арудай  сыланған  жер  дүр 
сілкінді. Күні-түні жосылған машина, қаздай жүзген комбайннан көз сүрінеді. Күн сайын 
топ-тобымен  Москва,  Ленинград,  Киев  секілді  алыс  қалалардан  келіп  жатқан  завод, 
фабрика жұмысшылары, қызметкерлер, студенттер. 
Халел  егін  орар  алдында  аудан  орталығында  шоферлік  курсқа  емтихан  тапсырып, 
право алған. Соның артынша-ақ көп ұзамай совхоз жеке машина берді. Содан бері бригада 
басында.  Күні-түні  комбайннан  қырманға  астық  тасиды.  Елгезек  бала  астына  су  жаңа 
машина  тиісімен  тынымсыз  жүріп,  аз  күнде  совхоз  адамдарының  көзіне  түсе  бастады. 
Кеңсе  алдындағы  құрмет  тақтасынан  озат  шоферлермен  қатар  мұның  да  аты  жазылып, 
Морозов  көрген  жерде  оның  арқасынан  қағады.  Бір  жыл  болмай  жатып  кәдімгідей 
ысылған шофер болып алды. 
Бірақ  осындай  ұлы  дүбірде  жүрсе  де  Халелдің  көңілі  жабыңқы.  Жұмыс  басты  бала 
қанша ұмытайын десе де, жол бойында жалғыз келе жатып, есіне үйінің жайы түсе береді. 
Ескілігі ұстап жиі ауыра беретін шешесі Жәміш жаздан бері Қызыл жалаудағы Кәмелдің 
үйінде. Қазір науқастанып ауруханада жатыр. Бұрын сырттан келгенде алысып ойнайтын 
құрбысындай  Дика  үйде  жоқ.  Біржола  кеткен.  Құрылыс  басында.  Ақбөпе  болса,  жат 
адамдай аралары суыған. Сонда да Халел ұзақ уақыт көрмесе, кәдімгідей сағынып қалады. 
Бірақ үйге келгенде, оның жүзіне қарай алмай, сырт айналып үн-түнсіз кете барады. 
Ақбөпе де Халелдің тамағын беріп, өзін осы үйде жүрген масыл адамдай санап ләм деп 
тіл  қатпайды.  Онысы  қабағынан-ақ  аңғарылады.  Шопр  Оспан  айтқандай  ағаш 
бауырындағы өз үйі қазір суырдың ініне ұқсайды. Есік алдында анда-санда көрініп, қайта 
жып  беретін  Япишкина  суыр  сияқты.  Совхоз  асханасынан  қуылғаннан  бері  жұрттың 
көзіне түспейді. Күні бойы ұйықтайтын болса керек. Тек түнгі мезгілін ұйқысыз өткізеді. 
Халел сырттай естіген, «жалғыз үйде тұратын Агафия Япишкина қолдан сыра ашытатын 
көрінеді.  Қайсыбір  жолаушылар  түнделетіп  сол  үйден  сусындайды»  дейді.  Осындай 
әңгімелерді естігенде бетінен басып, өз үйіне жолағысы келмейді. Әйтсе де бармасқа амал 
жоқ.  Ақбөпені  аяйды.  Екі  баласымен  отырған  жеңгесіне  тапқан  табысын  апарып  береді. 
Бүгін еңбек ақысын алған. 
Халел машинасын үйдің алдына тоқтатып, кабинадан енжар түсті. Күн сәскеден ауып 
бара  жатқан  мезгіл  еді.  Үй  маңы  тым-тырыс.  Әншейінде  алдынан  жүгіріп  шығып,  «аға, 
машинаңа  мінем»  деп  аяғына  оралатын  Болат  пен  Рауза  да  көрінбейді.  Тегі  бір  жаққа 
ойнап кеткен-ау. Төбеде жатқан ұяластар да басын енжар көтеріп қарады да, иесін танып 


самарқау  жата  берді.  Дыбыс  беріп  үрген  де  жоқ,  құйрықтарын  бұлғап  алдынан  да 
шықпады. 
Халел жай басып үйге енді. Алдымен үлкен үйге кіріп еді, жан жоқ, тым-тырыс. Үй іші 
бәз-баяғы  қалпы.  Тек  қабырға  сағаттың  шынжыры  шұбатылып,  тасы  жерде  домалап 
жатыр. Масаның да ызыңы естілмейді. Халел жүгіріп шығып, отауға барды. 
Кіріп  келгенде  жүрегі  су  ете  түсті.  Үй  іші  қаңырап  бос  тұр.  Тірі  пенде  жоқ.  Өзі 
жататын кереуеттен басқа ештеме қалмапты. Төсек үстіндегі үлкен жастықтардың бұрыш-
бұрышы делдиіп, «өх, келдің бе?» дегендей, құлақтары елеңдей қалған әлдебір мақұлыққа 
ұқсап кетті.  Ақбөпенің дүниесі  жоқ. Қабырғада ілулі  Жәлелдің үлкен суретінің шегелері 
сорайып  тұр.  Халел  көшкен  жұртта  қалғандай  көңілі  құлазып,  өне  бойы  қалтырап  қоя 
берді. Ақбөпе қайда? 
Халел  қораға  шықты.  Не  істерін  білмей  мең-зең  боп  тұрғанда  әлдекімнің  күмістей 
сыңғырлаған күлкісі келді құлағына. Жер астынан шыққандай алыстан еміс-еміс естіледі. 
Халел құлағын түріп, тағы тыңдады. Жоқ, алыста емес. Мал қора жақтан естіледі. 
Ең түпкі шағын қораның сыртқы албар жағында үлкен қақпа бар. Ені екі метрдей биік 
қақпаға арба түгіл, машина да еркін сыйып кетерлік. Бұл – ана-мына жолаушы ғана емес, 
жақын адамдары біле бермейтін Қарасайдың жасырын есігі. Қыста албар жағына бір мая 
шөп үйілетін де, қашан көктем шыққанша ол есік қайтып ашылмайтын. 
Халел  ат  қора,  сиыр  қора,  тауық  қорадан  етіп,  қақпалы  қораға  келді.  Орта  бойлы 
адамның  өзі  еңкейіп  тапал  есіктің  тұтқасын  ұстай  бере,  арасы  ырсиып  ашылған  жұқа 
тақтай саңылауынан көзі ішке түскенде сілейіп тұрып қалды. Бұтында бір жапырақ труси 
мен  арқасында  қаз-қатар  түймелі  көк  атлас  лифчиктен  басқа  жері  жап-жалаңаш  Ағашка 
Япишкина қабығы жаңа аршыған жұп-жұмыр кескен қайыңдай етпетінен түсіп жатыр. Тас 
төбеден ауған күн сәулесі кең қақпаның маңдайшасынан әйелге тура құйылып тұр. 
Халелдің көзі әйел астындағы төрт бүктеулі  текеметке түсті.  Шешесі  Жәміштің ағаш 
төсегінде жататын оюлы ақ текемет. Жәлелдің сүйегін орап шығаратын текемет. 
Халел  шыдай  алмай  тұтқаға  қолды  сала  беріп  тағы  бөгелді.  Әкесінің  даусы  көрден 
шыққандай тап қасынан күңгірлейді. Батыр-ау, қайда сөйлеп жүр? Ол да осында ма? Онда 
мына әйел ұялмай неғып шалжиып жатыр? 
Бұрыш жақта кең ұра қазылған. Тау-теңіз сары балшықтың бауырында үлкен науа тұр. 
Науа ішінде сумен араластырған қоймалжың цемент. 
– Ағайша, Айша! – деп ұраның ішінен әуелі салтақ-салтақ әкесінің басы, одан соң жап-
жалаңаш  иығы  көрінді.  Ұраның  жиегінен  ұстап,  мықшыңдап  шыға  алмай  жатыр.  – 
Ағайша, қолыңды бер. Тарт. 
Япишкина қолын беру орнына сүмбідей аяқтарын қайшыландыра көтеріп, ішек-сілесі 
қата күледі. 


– Тартыл, тартыл. Шық өзің. Қарның тіреп тұр ғой, кішкене ортаяр ма екен, тартыла 
түс. Хи-хи-хи! 
Қарасай ұра ішіндегі күрекке қолын тіреп, зорға дегенде көлбақаша тырбаңдап сыртқа 
шықты.  Оның  да  бұтында  қара  трусидан  басқа  лыпа  жоқ.  Ішке  кіріп  кеткен  резеңкелі 
ышқырлық  мүлдем  көрінбейді.  Шартиған  мес  қарын  буылтықтанып  екіге  бөлінген. 
Ортасынан бұған ат қоржын секілді. Өгіздің сауырындағы қамшының ізіндей бадырайып 
мықынның  тұсына  теңбіл-теңбіл  қызыл  жолақ  дақ  түсіпті.  Тегі  буындырып  қысқан 
резеңкені  әлсін-әлсін  бір  жоғары,  бір  төмен  ауыстыра  берсе  керек.  Ғұмырында  ұзын 
дамбалдан  басқа  мынадай  киім  киіп  көрмеген  әкесінің  қартайғанда  желіккеніне  Халел 
қайран  қалды.  Және  де  бұлай  жалаңаш  жүргенін  де,  қара  жұмыспен  айналысқанын  да 
бірінші  көруі.  Бұл  екеуі  неғып  бір-бірінен  қымсынбай  жүр?  Ұра  неге  керек?  Халелдің 
ойына  әлі  де  бөтен  жамандық  келген  жоқ.  Әжімді  мойнынан,  іркілдеген  қос  емшектің 
ортасынан  тер  сорғалаған  әкесі  талтаңдай  басып,  Ағашканың  қасына  сылқ  етіп  отыра 
кеткенде  ғана  Халел  жалт  бұрылды.  Жүгіріп  келе  жатып  қараңғы  қорадағы  ашаға 
маңдайын тарс еткізіп соғып, бір түкірді де тысқа ата шықты. 
* * * 
Төбесін  тольмен,  қабырғасын  руберойдпен  жапқан  үйдің  алды  бықыған  адам, 
жыпырлаған  машина.  Машиналардың  беті  адам  көргісіз:  ақ  айран  шаң.  Маңындағы 
шоферлердің  үсті-басы  да  сондай.  Киімінің  кез  келген  жерінен  шертіп қалсаң,  шаң  бұрқ 
етейін  деп  тұр.  Қайсыбірінің  сақал,  шаштары  өскен.  Көздері  қызарған,  қимылдары  ұяң. 
Аяқтарын  зорға  басады.  Екі-үшеуі  келе  кабиналарында  қисайған.  Ыстықта  быршып, 
самайларынан  топырақ  аралас  қара  тер  ағып,  шаштарының  түбіне  дейін  шып-шып, 
ұйықтап  отыр.  Бұлар  сонау  қияндағы  Украина  жерінен  өз  машинасымен  күн-түн  қатып 
көмекке жеткен механизаторлар. 
Қара  үй  –  машина  саймандарының  қоймасы.  Халел  кешеден  бері  қолы  тимей,  стоп 
сигналының  сынған  шынысын  ауыстырып  алуға  келе  алмай  жүрген.  Бүгін  жолай  соқты. 
Он шақты адамның арасымен жылжып алға ұмтылды. Алда тұрған еңгезердей біреу керек 
заттарының тізімін оқып тұр. Артындағылары шешесінің етегінен тартып қыңқылдайтын 
балаларша әлгі адамға қайта-қайта өз мұқтаждарын айтып қояды: 
–  Терентий  Трофимович,  маған  вентилятордың  ременi  керек,  ременім  қырық  құрау, 
үзілейін деп тұр. 
–  Терентий  Трофимович,  мұнда  балондар  бар  көрінеді,  менің  протекторымнан  дым 
қалған жоқ, жап-жалтыр. 
–  Терентий  Трофимович,  чашаның  иісі  шығады,  менің  тормозым  ұстамай  жүргенін 
білесіз ғой, – деп үшінші біреуі кимелей ұмтылып, маңындағыларға көзін қысып еді, қағаз 
жазып отырған қыз: 
– Тормозға құясың ба, әлде көмейіңе құясың ба?  – деп саңқ ете қалды. Тұрғандар ду 
күлді. 


Халел  күлген  жоқ.  Тұла  бойы  дір  етті:  «Батыр-ау,  таныс  дауыс.  Бұл  кім  болды? 
Бұрынғы складшы өзгерген ғой, тегі». Халел  алға ұмтыла түсті.  Склад іші қара көлеңке. 
Сығырайған кішкентай терезелерден сығалаған болмашы сәуленің өз төңірегінен әрі асар 
дәрмені жоқ. 
Оның  үстіне  тар  қоймаға  үйілген  дәу  жәшіктер,  құрсаулы  бөшкелер  жарық  өткізер 
емес.  Төбесінен  күннің  табы  қыздырған  тынысы  тар  қойманың  іші  олиф,  сыр,  солидол 
араласқан ащы иіс. Ә дегенде қараңғыға көзі үйренбей жыпылықтаған Халел: 
–  Маған  стоп  сигналдың  шынысын  беріңізші,  өте  асығыспын,  –  деп  анадайдан  айғай 
салып еді. 
–  Асықсаңыз  жолыңыз  болсын.  Сізден  басқалар  да  қойын  жайып,  қолын  қусырып 
отырған жоқ, – деп қыз басын көтеріп алғанда, Халел сілейіп тұрып қалды: Ақбөпе. Жаңа 
көрді: склад ішінде темір-терсекпен ойнап отырған Болат пен Рауза да орындарынан атып 
тұрып: «Әтәй, әтәйлап» Халелге қарай жүгірді. 
Сүйткенше  болған  жоқ,  арт  жақтан  киіп-жарып,  жолдағыларын  қағып-соғып  біреу 
келді. Дерягин. Аздап тастап алған. Күн ыстықта сүмектей терлеген Васяның аузынан жуа 
аралас  арақ  иісі  бұрқырайды.  Бұл  өңірге  жаңа  келген  бейтаныс  жігіттер  бетіне  қаны 
тамған өңшең әлеуетті ірі болғанмен, Дерягинге қарсы келмей әдеп сақтап қағыла берді. 
–  Дорогуша,  ласточка  моя!  Қане,  ана  тұрған  аккумуляторлардың  біріне  қол  жалғап 
жібер,  –  деп  Дерягин  Ақбөпенің  алдына  шынтақтай  қисайды.  Ақбөпе  тіксініп  қалды. 
Дерягиннің  мына  оғаштығын  ерсі  көріп,  кішкентай  балалардың  да  көздері  шығып,  тесіп 
барады. 
– Жолдас водитель, бұл ара қалжақтайтын орын емес біріншіден, екіншіден, мен саған 
қарлығаш  та  емеспін,  аққу  да  емеспін,  қызмет  орнымдағы  адаммын.  Еңсеңізді  көтеріп, 
адам  сияқты  тұрыңыз,  –  дегенде  Ақбөпенің  сұлу,  жіңішке  қасы  дірілдеп,  қалың  кірпікті 
әдемі қарақат көзі жарқ етті. 
– Құп болады, – деп Дерягин аяғын тарс еткізіп, қолын шекесіне апарды. – Ал ендеше, 
красавица, сенің алдыңда мен кешке дейін осылай тұруға бармын, тек аккумулятор берсең 
болады. 
– Қағазыңыз бар ма? 
– Қол қоямын, пожалуйста. 
–  Жоқ,  қол  қою  жетпейді.  Үлкен  заттарға  бас  инженердің  не  Морозовтың  рұқсаты 
керек. 
–  Не,  не?!  Гражданка,  өзің  сүп-сүйкімді  қызсың.  Суф  десе,  ішке  жылп  ететін  жүзім 
секілдісің,  –  деп  Дерягин  үш  саусағын  сүйіп  алды.  –  Жігіттермен  айтысып,  көңілін 
қалдырма, саған жараспайды. Қане бере ғой. 


– Сізбен көп сөйлесуге уақытым жоқ. Айтылды, маза беріңіз. 
– Сен өзің шын айтып тұрмысың? Қай ақымақ мұндай заң шығарып жүрген? Немене, 
мен  аккумуляторды  өзімнің  артыма  қояды  деймісің,  –  деп  Дерягин  тұрпайы  сөйлеп, 
өрескел кетті. Бірақ Ақбөпе қысылған жоқ: 
– Қайда қойсаңыз онда қойыңыз. Мейлі ана делдиген танауыңызға қойсаңыз  да, оны 
бас инженерден сұраңыз... Әне, өзі де келді. 
«Бас  инженер»  дегенде  жаңа  келген  жігіттердің  бәрі  елең  етіп  тысқа  шықты.  Бурыл, 
сұйық  шашын  желкесіне  түйген,  үстінде  желбегей  кеудеше,  аяғында  жайпақ  табанды 
жұпыны  бәтеңке,  қоңыр  шұлық,  қабағы  кірбің,  бірақ  көзі  отты  мосқал  әйелдің  алдына 
Дерягин бұрын жеткен. Жолын кес-кестеп тұра қалды. Сау күнінде Райханның қаһарынан 
ығып,  өзі  де  тік  мінез  Дерягин  онымен  оп-оңай  сөзге  келіп  қалатынын  сезіп,  алдына 
жоламайтын.  Қазір  бір  стакан  арақтың  екі  стакан  желігі  көтеріп,  суырылып  қоя  берді. 
Билеп тұр: 
– Жолдас бас инженер, мархабатты мейіріміңізбен мына мен секілді күндіз қарақұсша, 
түнде жапалақша тынымсыз жарбаңдап ұшып жүрген пақырыңызға көз қырыңызды сала 
көріңіз. Титімдей зарядка аяқ, қолын матап, сіздің алдыңызға бас игізіп тұр. Маған жаңа 
аккумулятор керек. 
–  Зарядка,  зарядка!  Зарядкамен  тойып  алыпсың  ғой.  Саған  аккумулятор  емес, 
машинаның кілтін беруге болмайды. – Райхан қабағын шытып, кейіп сөйледі. Бірақ қанша 
ішіп жүрсе де жұмысты апай таптырмай істеп, кунтуш тынымсыз астық тартатын алдыңғы 
қатарлы  шоферге  бұдан  артық  ауыр  сөз  айтпады.  –  Аккумулятор  берілмейді.  Ал  қазір 
машинаны  гаражға  қой  да,  тынық.  Ертең  ертемен  маған  кел.  –  Райхан  жүре  беріп  еді, 
Дерягин көзі қызарып алдында тұрып алды. Даусын құбылтып, әдейі шаңқылдап сөйледі. 
–  Сізге  неге  барамын,  жолдас  бас  инженер.  Сізбен  ғашықтық  жырын  шертуге  барам 
ба? Мен әлі жас емеспін бе? – Машина маңында тұрған бөтен жігіттер ду күлді. Дерягинге 
не Райханға күлгені белгісіз. 
Дерягин одан сайын желігіп, көтеріле түсті. 
– Жолдас бас инженер, әлде сіздің қызыңыз бар ма? Айттырайын деп пе едіңіз? 
Жігіттер тағы ду күлді. Райхан үнсіз, тапжылмай, Дерягинге тіксіне қарап тұр. 
–  О-о,  жолдас  бас  инженер.  Айтқандай  сіздің  қызыңыз  жоқ  екен  ғой,  ғапу  етіңіз,  я 
оказывается забыл, что вы старая де-е-ва! 
Жігіттер бұл жолы мырс-мырс етті. Райханның көзі қарауытып, мөлтілдеген жас іркіле 
беріп қайтты. Бір жігіттің «старая дева» деп күңк еткенін де құлағы шалып қалды. 
–  Сіз  өзі  үндемейсіз  ғой,  маған  шын  ғашық  болып  қалдыңыз  ба?  –  Жігіттер  тағы  да 
күлді.  Оларға  бұл  екеуі  қалжыңдасып  тұрғандай  көрінді.  Дерягин  одан  бетер  қызып, 


бұралаңдап, аузын қисаңдатып не істеп, не қойғанын білмеді. Енді Райханға бетін тосып 
тұр. – Олай болса, рұқсат, сүйіңіз. Бірақ бір сүйгеніңізге бір аккумулятор. 
Жігіттер  тағы  да  ду  ете  беріп,  жым  болды.  Дерягиннің  бетіне  шарт  етіп  алақан  тиді. 
Бәрі  ұйқысынан  оянғандай  көздері  шарасынан  шықты.  Ыстық  темірмен  қарып  алғандай 
дуылдаған  бетін  басып,  Дерягин  қалшиып  тұрып  қалды.  Әп-сәтте  мастығынан  айықты. 
Қайта  бойын  жиып,  денесін  тік  ұстаған  қалпы  Райхан  үнсіз  жүре  берді.  Бір  колонна 
машинаны  басқарып  келген  Петухов  ыңғайсызданып,  қыбыжықтап  келіп,  өзін 
таныстырғанда ғана: 
–  Райхан  Сұлтановна,  –  деді  де  Петуховтың  қолындағы  тізімді  алды.  Екі  қағаздың 
бірінде  механизаторлардың  тізімі,  екіншісінде  оларға  қажет  машина  тетіктерінің  тізімі. 
Райхан машиналарының түбінде үрпиісе қалған жас жігіттерге қарап сөйледі: 
–  Жарайсыңдар,  жігіттер!  Сонау  жерден  жұптарыңды  жазбай  тез  жеткендеріңізге 
қуаныштымыз.  Сіздердің  бастарыңызды  қосып  енді  қайтып  сөйлесуге  мұрша  жоқ.  Орақ 
уақыты.  Науқан.  Түсінесіздер.  Ал,  енді  бұл  араға  қонаққа  келмегендеріңізді  естеріңізден 
шығармаңыздар. Абұйырлы келіп, абұйырлы қайтуларыңызға тілектеспін. 
Қазір асханада тамақ әзір. Бірақ мына түрлеріңізбен баруға болмайды. Осы арадан екі 
километр  жерде,  ана  бір  тұста,  –  деп  Райхан  қолымен  нұсқады,  –  көл  бар.  Сонда  барып 
сақал-мұрттарыңызды  алып,  машиналарыңызды  жуып,  тап-тұйнақтай  болып  келіңіздер. 
Бүгін тынығып, ертең жұмысқа шығасыздар. Бригада-бригадаға бөлеміз. Тамақ, киім, тағы 
басқа  қажетті  нәрселерден  мұқтаждықтарыңыз  болса,  мына  басшыларыңызға 
хабарлаңыздар.  Петухов  жолдас,  кешкі  сағат  тоғызда  тізімдеріңізбен  кеңсеге  келіңіз. 
Директор да болады. Ал қазір барыңыздар. 
Бірде-бір адам көлденең сұрақ қойған жоқ. Бір топ машина бірінің соңынан бірі тізіліп, 
көлге қарай кете барды. 
Орақ басталғалы Райханда ұйқы жоқ. Совхоздағы жүзге жуық машинаны әр бригадаға 
бөлгелі  баратын  жерлерінің  арасы  алшақтап  кетті.  «Жаңа  талап»  колхозы  совхоздың 
бөлімшесіне  айналғаннан  кейін,  егістік  жер  де  кеңіп,  машинамен  сырғытып  өте 
шыққанның  өзінде  бар  бригаданы  айналып  түсуге  бір  күн  жетпейді.  Ол  ғана  ма.  Егіс 
даласындағы техника қайда?! Жүзге тарта комбайнның біреуі науқан кезінде тоқтап қалса, 
совхоз  шаруашылығындағы  қан  тамырдың  біреуі  тоқтағанмен  барабар.  Оларды  тікелей 
басқаратын бригадирлер де бар. Бірақ басы-қасында болып, үнемі бақылап отырмаса тағы 
болмайды. 
Ала  көлеңкеде  тұрған  Райхан  қас  қарайғанша  егін  аралады.  Кезектесіп  істейтін 
комбайндардың  басында  да  болып,  талай  адамдармен  сөйлесті.  Райханды  көрсе,  жас  та, 
кәрі  де  өз  жұмысының  жайын  айтып,  балаша  мақтанып  қалады.  Бәрі  де  Райханды  ана 
тұтады.  Тіпті,  елулердің  ішіндегі  кексе  адамдар  оның  алдында  өзін  кішісініп,  інісіндей 
ұстайды. 


Қазір  Райхан  ұйқы  меңдеп,  шаршап,  қажып  оралды.  Үйі  әлі  «Жаңа  талап» 
бөлімшесінде.  «Совхоз  орталығына  көшсек  қайтеді»  дегенде,  әкесі  Күргерей:  «Қызым, 
осы  күні  машинаға  жер  алыс  па,  өзің  келіп  тұрарсың.  Колхозымыз  совхозға  айналмай 
жатып  жасымнан  біте  қайнасқан  ел  адамдарының  арасынан  қалай  жырылып  кетем, 
кейінірек  көрерміз.  Саған  тым  қиын  болып  бара  жатса,  бір  амалын  жасармыз.  Әзірше 
тұрайық, бұл да бір совхоздың жері ғой», – деген. 
Райхан  үйіне тура  бармай,  жолда  шопр  Оспанның  үйіне  бұрылды. Оспанның  шешесі 
Кәміш  Сұлтанмен  түйдей  құрдас.  Балта  аулындағы  Жүсіп  шалдың  қызы.  Райхан  бала 
күнінде  талай  рет  бұл  үйге  келетін.  Кәміш  оны  өз  қызындай  бауырына  басып,  басқа 
балалардың ішінен ала бөтен жақын тартушы еді. Енді, реті келгенде, амандасып шығуды 
өзіне парыз көрді. 
Райхан жеңіл машинасын шатырлы үйдің ығына қойып, ішке енді. 
Оспанның үш баласы бар. Екі ұл, бір қыз. Балаларының алды он үштегі Күләй. Әйелі 
бұдан  екі  жыл  бұрын  ұзақ  науқастан  қайтыс  болған,  содан  бері  жетім  балаларына  өз 
анасындай қамқор, орнықты, жайлы адамның реті келмей жүр. 
Үй  сырты  тап-тұйнақтай,  ықтиятты  көрінгенмен,  ішкі  ауызғы  бөлме  қара  көлеңке, 
ыбырсып жатыр. Қазан аспадан шыққан қою бу бөлме ішінде булығып, тұнып тұр. Қара 
сабынның иісі шығады. Үлкен легенді алдына алып кір жуып отырған Күләй екен. Райхан 
кіргенде  қолындағы  бұзаушығын  үюлі  жатқан  киімдердің  үстіне  тастай  беріп  басын 
көтеріп  алды.  Жер  столдың  айналасында  қағаз  қиып  ойнап  отырған  екі  бала  есік 
ашылғанда  «папам  келді»  деп  орындарынан  өре  түрегеліп,  басында  орамалы  жоқ,  қысқа 
бұйра шаш бөтен әйелді көрісімен, тосырқап, тұрып қалды. 
–  Амансыңдар  ма,  балақайлар,  –  дегенде  барып,  жарма  пештің  қалтарысында  қалың 
көрпе жуып отырған Кәміш кемпір бері шығып, көзін көлегейлей қарады: 
– Иә, аман ба, шырағым. 
– Тәуір, тиышсыз ба, апа! 
–  Шүкір!  Қай  баласың,  қарағым.  Танымадым  ба?  Төрлет.  –  Кірлерді  аттап  өте  алмай 
тұрған  Райхан  Кәмішке  бір  түрлі  аянышпен  қарады.  Отырғанда  бес  биенің  сабасындай, 
мол  денелі,  көрікті  Кәміш,  қазір  тіссіз  аузы  ішке  омырайған,  қатқан  қара  сұр  кемпір. 
Райханның үні дірілдеп шықты. 
– Апа, танымадыңыз ба, мен Райханмын ғой. 
–  Не  дейт.  Бауыр-ым-ау,  құлы-ным,  –  деп  Кәміш  дауыс  қылып,  қолының  суын  да 
сүртпестен  кеп  Райханды  бас  салды.  «Сені  де  көретін  күн  болады  екен»  деп,  өткен-
кеткенді  айтып,  ұзақ  уақыт  жібермей  көрісті.  Райхан  да  мауқын  бассын,  ішіндегі  шерін 
тарқатсын деп құшақтаған күйі жылай берді. Оның көз алдынан да баяғы күндері, ел жайы 
тізбектеліп,  шын  босап  кетті.  Анасы  қайтқанда  көріскен  адамдарды  өріп  қорқып  қалған 


екі-үш  жасар  ер  бала  манадан  бері  көзі  мөлтілдеп,  тұрып-тұрып,  шыр  етіп  жылағанда 
барып екеуі ажырасты. 
Райхан амандық сұрап, Кәміштің келініне көңіл айтты. Осы тұста ауыр бір күрсінген 
Кәміш: 
– О, дүние жалған десейші, – деп қалды. – Тірі адам тіршілігін жасай береді. Әйтеуір 
алла деп отырмыз. Енді мына қарғаларым аман болсын. Күләйім де, міне, ер жетіп қалды. 
Үйді ұстап отырған осы ботам. О, дүние жалған десейші. Кеше ғана құлыншақтай секірген 
бала едіңдер. Міне, бүгін сендер де біздің өкшемізді басып, қуып жетіп қалдыңдар. 
Райхан  қағазға  оралған  кәмпитті  балаларға  ұстатып,  шаштарынан  сипап  жүргенде, 
Кәміш оның бас-аяғынан көзін алмай ұзақ қарады. Ел басқарып, бар жұмысты ер азаматша 
тасқаяқтай  қағып  жүрген  Райханның  тұла  бойына  сүйсіне  түсіп,  бурыл  тарта  бастаған 
шашына, жасына лайық келісті, жарасымды киіміне қарай берді. 
–  Айналайын,  әйтеуір,  аман  оралдың  ғой.  «Ауылдағының  аузы  сасық»  дегендей, 
біреулердің пәле-жаласынан талай азапты тарттың-ау, құлыным. Келгелі естіп жатырмыз, 
бар  орыс-қазағы  бар,  сені  мақтап  ауыздарының  суы  құриды.  Соның  өзіне  төбеміз  көкке 
жеткендей  қуанып  отырамыз.  Мерейің  үстем  бола  берсін,  лайым!  Биыл  қыс  аяғында 
Зерендідегі  төркін  жұртқа  кетіп  ем.  Сол  жақта  науқастанып  жатып  қалдым.  Жақында 
келдім.  Сені  көре  алмай  жатқаным  да  сол,  жаным.  Үйде  болсам,  өлейін  деп  жатсам  да 
кеудемді сүйретіп жетпеймін бе. 
–  Рахмет,  апа,  рахмет!  –  деп,  Райхан  пенжегін  шешіп  тастап,  жеңін  түрінді  де, 
Күләйдің қасына жүресінен отыра кетті. – Кәне, Күләйжан, мен көмектесейін. Сен суыңды 
молырақ ысыт. Бар, кірді әкел. 
Талдырмаш  келген,  екі  көзі  ботаның  көзіндей  сүйкімді  қыз,  не  дерін  білмей  әжесіне 
қарай берді. Кәміш безектеп: 
–  Қой,  балам.  Киіміңді  былғайсың.  Қайтейін  деп  ең.  Өзіміз  де  бірдеңе  етіп  жуамыз. 
Күләйжан, Райхан тәтең қонақ қой. Жай қонақ емес, ел ұстап, ел басқарып жүрген үлкен 
нәшәндік,  ұят  болады,  одан  да  самауырға  от  сал.  Дәм  ауыз  тисін,  –  деп  Райханды  кірге 
жуытқысы келмеді. 
Бірақ Райхан көнбеді. 
–  Ештеме  етпейді,  апа.  Қолға  жұғып  қалмайды.  Кәне,  Күләй,  бүгін  бір  үйді  тәртіпке 
келтірейік, – деп кірісіп кетті. 
Райханның  ұйқысы  шайдай  ашылды.  Кешке  дейін  отырып,  Оспанның  май-май 
киімдеріне  дейін  түгел  жуды.  Бәрінен  де  кішкентай  балалардың  іш  киімдерін  аппақ 
шағаладай  ашып,  өздерін  жуындырып  жүріп,  тағдыр  салмағынан  талай  жыл  бойы 
еркекшора болып кеткен Райханның алғаш рет аналық сезімі оянғандай болды. 


Бағана  қырдан  төмен  түсіп  келе  жатқан  Райханның  машинасын  танып,  Лиза  шешей 
есік алдында күтіп тұрған. Бірақ машина Оспан үйіне бұрылған соң, «жанымау, Райханым 
ба десем, бөтен біреу болды ма», – деп үй шаруасымен айналысып, ұзақ жүрді де, ақыры 
шыдай  алмай  осы  үйге  беттеді.  «Райханым  болса  игі  еді»,  –  деп  қашан  суық  хабарды 
естірткенше асығып, жүгіре басып келеді. 
* * * 
Шопp  Оспанды  бригада  басына  түскі  тамаққа  жиналған  жұрт  ортаға  алып  қаумалап 
кеп,  хан  көтеріп  аспанға  лақтырды.  Денесі  сом,  иықты,  кесек  адам  допша  атылып,  аяқ-
қолы тырбаңдап, қарқ-қарқ күледі. Жел қағып, күнге күйген өңшең жас жігіт ұзақ уақыт 
жерге түсірмей әуелете лақтырып, қақпақылдай берді. 
Аяғы жерге тигенде басы айналып, тәлтіректеп қалған Оспан жұрттың бұл ойынының 
мәнісіне  түсінбей,  әркімге  бір  жалтақтап  қарай  береді.  Төбесін  брезентпен  жапқан  жан-
жағы ашық дала асханасының астындағы столдың маңы толған адам. Орта тұста директор 
Моргун  да  отыр  екен.  Ол  орнынан  тұра  бергенде,  шулаған  көпшілік  су  сепкендей  тына 
қалды. Моргунның қолында газет. 
–  Жолдастар!  –  деді  Моргун.  –  Сіздердің  бастарыңызды  қосып  жиналыс  шақыруға 
қазір  өздеріңе  аян,  уақыт  жоқ.  Сондықтан,  осы  ашық  аспан  астында  бір-екі  сөз  айтуға 
рұқсат  етіңіздер.  Егін  орағын  бастағалы  бір  айдан  астам  уақыт  өтті.  Әзір  қарқынымыз 
жаман емес. Астық  жинауда бар совхоздың алдымыз.  – Жұрт осы арада  «браво!»деп шу 
ете қалды. – Бірақ, «балапандарды күзде санайды» дегендей, әлі көп жұмыс алда. Қазір бір 
айдан  бері  ауа  райы  да  жақсы.  Жауын  жоқ.  Ал  енді,  ертең-ақ  жаңбырдың  басталып,  күз 
айының бүлінбесіне кім кепіл. Сондықтан бәріңіз де мына Оспандай еңбек етсеңіздер, бір 
түйір  дәнді  далада  қалдырмаймыз.  Міне,  өздеріңіз  көрдіңіздер,  облыстық  газет  жиырма 
жылға  жуық  машина  жүргізген  коммунист  шофер  Оспан  Жылқайдаровты  бүкіл  тың 
жердегілерге  үлгі  етіп  жазыпты.  Тұңғыш  рет  бес  прицеппен  астық  тасыған  жерлесімізді 
құттықтап, қолын алуға рұқсат етіңіздер. 
Жұрт тағы да гуілдей жөнелді. Моргун Оспанның кеспелтек қолын құшырлана сілікті. 
Моргуннан  соң  тұрғандардың  бәрі  Оспанның  қолын  алып  құттықтады.  Қырғызстанның 
авторотасынан өз машиналарымен келген жігіттер де: 
– Туышқан жерлеш, мәртәбегіз Алатоодай биік болшын! – деп құшақтап жатыр. 
Оспанның қолына газет жаңа тиді. «Көкшетау правдасының» бірінші бетіне қарап, бір 
қуарып,  бір  қызарады.  Дөңгелек  суретте  күліп  түскен  –  өзі.  Оның  астында  бес  прицеп 
тіркелген «ЗИЛ» машинасы. Шынында да автопоезд десе дегендей. Өзін де, машинасын да 
Оспанның суреттен бірінші көруі. 
Сол  күні  кешқұрым  совхоздағы  кассир  әйел  ток  басына  келіп  жұмысшылардың 
еңбекақысын таратқан. Кезекке тұрып шүпірлеген халық  шопр Оспан келе жатқанда қақ 
жарылып жол берді: 


–  Дядя  Успан,  кезекке  тұрмай-ақ  қойыңыз,  алыңыз.  Келіңіз,  келіңіз,  –  десіп  жастар 
құрмет  көрсетіп  жатыр.  «Бөліп-жарып  қайтем,  бір  айдың  ақшасын  бір-ақ  алармын»  деп 
жүретін Оспан күректей қолымен жіп-жіңішке ағаш сап қаламды икемсіз ұстап, қол қойып 
еңбекақысын алғанда жұрт шу ете қалды: 
– Вот, это зарплата. 
– Вот я понимаю. 
– Министр де мұндай алмас. 
– Е, несі бар, күні-түні Успан ғұсап бес прицеплен жүрсең, сен де аласың. 
– Охо, ол айтуға ғана жеңіл. Бесеуді былай қойып, екі прицепті дұрыс алып жүргізсек 
те жаман болмас. 
– Оның өзі сондай қиын болушы ма еді, – деді машина жайын білмейтін біреуі. 
–  Қиын  болғанда  қандай.  Оған  үлкен  тәжірибе  керек.  Түнеугүні  біраз  шоферлер 
жүргізіп көрем деп, орнынан қозғай алмады. 
– Сен де айтады екенсің. Немене, орнынан қозғай алмағанда оларды Успан өзі сүйреп 
жүр дейсің бе, – деп көлденеңнен екінші бірі қосылды. 
– Мәселе сүйреуде ме екен. Орнынан баяу қозғап бір скоросқа ауыстырғанда машина 
моторын  сөндіріп  алмай,  жұлқымай,  бір  қалыпты  жүру  сен  сияқтылардың  қолынан  келе 
бермейді.  Машина  жайын  білмеген  соң  тыншыңа  тұрсайшы,  –  деп  жас  шофер  ананың 
аузын қақты. 
Оспан шынында да ғұмыры мұндай еңбекақы алып көрген емес. Қазір етектей-етектей 
сықырлаған  жүз  теңгеліктерден  бес  мың  сомды  қалтасына  бүктеп  салып,  тасымалды 
дүкенге беттеді. 
Қызыл  ала  автобус  –  дүкен.  Шофері  де,  дүкенші  де  татар  жігіті.  Автобус  іші  лық 
толған  дүние  –  аузы-мұрнынан  шығады.  Жаннан  өзгенің  бәрі  бар.  Осыншама  дүниенің 
арасынан дүкеншінің екі шекесі, қушиған маңдайы, іп-істік мұрны, тұздай көзі, шикі сары 
секпіл  беті  ғана  жылтырайды.  Екі  бүйірден  қысып,  төбеден  басқан  тар  қапаста  тұрса  да 
дүкенші  жігіт  шотын  сарт-сұрт  қағып,  қутың-қутың  етеді.  Не  нәрсе  сұрасаң  да  қалай 
табатынын білмейсің, айнала беріп суырып алады. 
Оспанның  алмаған  заты  жоқ.  Кәміш  шешесіне  қимал  шапандық  көк  жібек  барқыт, 
қамзалдық ши барқыттан бастап, балалардың басынан аяғына дейін киінетін дүние алды. 
Бәрін  машинаға  салып,  өз  бригадасындағы  шоферлерге:  «Ертең  алагөбеден  тұрамыз. 
Сағат  төртте  бәрің  қырман  басында  дайын  болыңдар.  Прицептеріңді  қараңдар.  Ал  қазір 
тынығыңдар. Келесі жұмаға дейін қайтып отгул жоқ. Күні-түні тасимыз. Қыздарыңды да 
бір жұма бойы қайтып көру жоқ. Оған дейін алаңдап, сағынып жүрмесін, айтып кетіңдер. 
Әлі  уақыт  табылады.  Енді  бір  айға  жарылып  кетпессіңдер.  Байқаңдар,  егер  жол  бойы 


есінеп, қалғып-шұлғып отырсаңдар ренжісеміз», – деп жас жігіттерге қалжыңдап, ауылға 
қарай беттеді. 
Оспан  кабинада  көңілді.  Шаңы  шыққан  айдау  жолда  зырылдаған  төрт  доңғалақ  өз 
көңілі секілді. Бір апта бойы рейсте жүрген қарамағындағы шофер жігіттер құрбыларын, 
қыздарын сағынып, совхозға алақтап тұрса, Оспан ауылға қарай алақтайды: анасыз жетім 
– үш қозысын сағынып, көңілі де босап кететіні бар. 
Міне,  қазір  сол  үшеуі  көз  алдында  тұр.  Ойында  емес,  тап  көзінің  алдында.  Жас 
жігіттердің  кабинасын  қарасаң,  сұлу  актрисалардың  журналдардан  қиып  алған  суретін 
көресің. Қайсыбірі кеудесін жарқыратып, жаңа түйіншектенген тастай қос анардың әдемі 
жықпылына  дейін  ашып  тастаған,  енді  бірі  қылымси  қарап,  аппақ  балтырын  көрсетіп, 
шаштарын арқасына жайып жіберген өңкей мойны құрықтай, көздері тостағандай қыздар. 
Оспан  алғашқыда  мұндай  жеңілтек  жігіттерді  ұнатпай:  «Мыналарды  алып  таста,  қызға 
қарағанша, жолға қара, бақшада отырған жоқсың, жұмыста отырсың, қызға қырындаймын 
деп,  жолдан  қырындасаң,  маслихат  сонда  болады»,  –  деп  ұрсып  тастайтын.  Келе-келе 
жастарға  ерік  берді.  Әлгі  қыздар  жігіттерге  бөгет  емес,  қанаттандыратын  періштедей 
көрініп,  тіпті  өзі  де  солардың  әуенімен  кеткенін  аңдамай  қалды.  Өзі  де  періштелерінің 
суретін  іліп  қойды.  Бірақ  Оспанның  періштелері  басқа.  Кабина  маңдайшаларына  қадап 
қойған үш баласының суреті. Көздері жаудырап, бәрі әкесіне қарап, күліп отыр. 
Оспан  оларды  бір  сүзіп  өтіп:  «Өй,  құлыншақтарым  сол!»  –  деп  енді  жол  бойы 
балаларымен іштей сөйлесіп отыр. – Бүгін сендер көрдіңдер ме, әкелеріңді облыстық газет 
жазыпты. Маңдай терін төгіп еңбек еткенде, елің, халқың сүйінсе, одан асқан абырой, атақ 
жоқ, құлыншақтарым. Естеріңде болсын. Жадыңа мықтап тоқыңдар: әкең – қызметі үлкен 
адам  емес.  Бірақ  дәрежесі  жоғары.  Мына  быржиған  келепандай  күсті  қол  машинаның 
баранкасына  жабысқалы  жиырма  жылға  тақады.  Құр  қаңқасы  қалған  полуторканың 
моторын  қайыспен  байлап,  сына  қағып,  темірден  соғып  жүргізіп,  қалың  жауындарда 
белшесінен  батып,  борандарда  қар  астында  қалған  күндері  де  болған  әкелеріңнің.  Бірақ 
бар тәнімен, жанымен сүйген жұмысын тастаған жоқ. Міне енді, жұлындай ұшқан су жаңа 
ЗИЛ-де  отыр  әкелерің.  Осыдан  артық  дәреже,  осыдан  артық  бақыт  тілемеймін.  Қашан 
қуатым  кемігенше  мына  қол  осы  баранкадан  айрылмаса,  еңбегімнен  танбасам  болғаны. 
Бәрі сендер үшін, боталарым. Бар тілегім – ертең ер жеткенде әкелеріңнің осы адал еңбегі, 
маңдай  тері  сендерге  мирас  болсын,  құлыншақтарым.  Сендер  білесіңдер  ме,  жұмыс 
бабында  бәрі,  бәрі  кездеседі.  Кейде  жапанның  сары  даласында  келе  жатқанда  қапырық 
кабина ішінде барлығып, ыстықтап маужырап, қалғып кетесің. Ондайда машинаның асау 
тайдай бұлтыңдай жолдан мүлт тайып кететіні бар. Алдыңнан кездескен бөтен машинамен 
қақтығыспай  шаң  арасымен  жылт  етіп  аман  өткеніңді  көргенде  «ух»  деп,  маңдайыңнан 
суық тер бұрқ ете қалады. Сонда жалма-жан сендерге қараймын. Үшеуің бірдей қарғаның 
балапанынша  үрпиісіп,  көздерің  жаудырап,  үрейлене  қаласыңдар.  Ұйқым  шайдай 
ашылып,  көзім  шырағдандай  жайнайды.  Кейде,  қалың  батпаққа  машын  күпшегіне  дейін 
батып, үсті-басың малмандай су болып, бір түсіп, бір шығып қатты кейисің. Газды басқан 
сайын  аузыңнан  бейпіл  сөздер  де  еріксіз  шығып  кетеді.  Сонда  жалма-жан  сендерге 
қараймын.  Үшеуің  бірдей  бұртиып,  бас  шайқап  «папа,  мұның  не,  қабағыңды  шытпашы, 
қане күлші» дейсіңдер. Мен салтақ-салтақ батпақтан көзім ғана жылтырап отырып, мырс 


етіп күліп жіберемін. Сосын қайтып кейімеймін де, шаршамаймын да. Сендер маған қуат, 
әл  бересіңдер.  Міне  осылай,  құлындарым!  Сендер  қашан  көзім  жұмылғанша 
қасымдасыңдар,  біргесіңдер.  Көз  алдымда  осылай  тізіліп  отырасыңдар.  Мен  машинамен 
жүйткіп  келе  жатқанда,  сендерді,  құлындарым,  алысқа,  биікке  сүйреп  зымыратып  әкеле 
жатқандай  боламын.  Дені  сау  болса,  сендерді  жетелеуге  әкелерің  шаршамайды, 
қажымайды, қозыларым!» 
Көңілі  тасып,  төбесі  көкке  жеткендей  шалқып,  масаттанып  жеткен  Оспан  Лиза 
шешейдің хабарын естігенде көңілі ортайып қалды. 
Лиза шешей Оспанмен бірге кірген. Сөйлей енді: 
– Қарашығым-ау, сен мұнда отыр екенсің ғой. Бүгін екі көзім төрт боп сенің  жолыңа 
қараумен  болдым,  –  деп  кебісін  босағаға  асығыс  шеше  салып,  сүрініп-қабынып  кеп 
Райханның  маңдайынан  сүйді.  Қобыраған  самай  шашын  шаршы  орамалының  астына 
қарай тығып, сөйлеп жүр. – Бәсе, бағана анау қырдан түскен сені жазбай танып ем. Бүгін 
келмесең,  бір  машынға  отырып  іздеп  барам  ғой  деп,  үйде  тағатым  таусылып  жүр  ем, 
өзіңнің келгенің мұндай оңды болар ма, жаным! 
Райхан шешесінің қабағындағы кірбіңді байқап қалды. 
– О не, апа? Мені жай іздедіңдер ме? 
– Жай болушы ма еді, ботам. Аузы күйген үріп ішеді демекші, кешеден бері ана әкең 
нәр татудан қалды. Тағы бір арам пиғылды біреулер сенің соңыңа жарық алып түсіп жүр 
екен деп, ұзақты күн зығырданы қайнап, үйде аласұрды. Жаңа ғана мал басына кетті. У-
уһ!  Қартайғанда  жаңа  көрдік  пе,  көрмедік  пе  деп  жүрек  дауаламай,  ішкен  ас  батпай 
жүргенде, тағы көпсінгені  ме. Құдай-ай, әйтеуір, қара жүрек залымдардан қашан айығар 
екеміз,  – деп тоқтады. Қолын қазақы камзолының терең қалтасына сүңгітіп, сылдыраған 
бір топ кілттің арасынан бүктелген қағазды алған Лиза шешейдің қуқыл тартқан реңінен 
көз алмай, сөзінің артын баққан Оспан мен Райхан түсініксіз жайды бір жапырақ қағаздан 
іздеді. Шынында да қағазда бәрі жазылған. Райхан көзін жүгіртіп оқыған сайын тынысы 
тарылғандай  демін  алқына  алып,  қабағын  түйгенде,  кең  жазық  маңдайға  түскен  әжім 
сызықтары  жазыла  берді.  Оспан  алыстан  көз тастап,  ұсақ  әріптерді  еркін  жүргізе  алмай, 
қашан  қолына  тигенше  асығып  отыр.  Райхан оқып  болды  да,  әлденені  есіне  түсіргендей 
ойланып қалды. Шешесінің тереңде жатқан көкшіл шүңірек көздері үрейленіп, тапжылмай 
қадала қарағанда барып мырс етіп күлді. 
– Апа түк емес, ит үреді, керуен көшеді, – деп анасын жұбатқанмен жүзіндегі кейістік, 
түйіле  қалған  қабақтағы  күйініш  ізі  тарқамады.  Қолындағы  қағазға  қайта  үңіліп,  түнеугі 
бір жайды есіне алды. 
Егін орудың жаңа қызған кезі еді. Белоруссиядан жиырма шақты семья көшіп келген. 
Қызыл іңір. Жел жоқ. Тас төбеге шығып алып, титімдей болмашы бұлт сіркіреп жауып 
тұр. Әшейін шаң басар ғана. 


Моргун мен Райхан совхоз сыртына тіккен жаңа палаткаларды көруге келген. Төсек-
орын,  ол-пұл,  көр-жер,  ыдыс-аяқтарымен  көшіп  келген  адамдар  түгел  тысқа  шығып, 
совхоз  басшыларымен  танысып  жатыр.  Араларында  басы  жерге  жеткендей  иіліп 
бүкжеңдеген  кемпірлер  де  бар.  Жасы  алпыстарға  таянған  ұзын  тұра  қарт,  ең  ақсақалы 
болар, араларында көп сөйлеп жүрген сол. 
– Бәріміз бір колхоздың адамдарымыз. Тыңға келіп қалдық, ендігі бұйрықты сіздерден 
күтеміз.  Ертеңнен  бастап  жұмысқа  бөлсеңіздер  дұрыс  болар  еді,  –  деп  Моргунға  қарап, 
Райханның басынан аяғына дейін көзімен бір шолып өтті. 
Райханның құлағы бағанадан бері шеткі шатырда. Іңгәлап жылаған жас нәрестенің үні 
әлсіз. Барлыққан, әлсіреген. Сонда да даусы бір семген жоқ. 
–  Ертеңнен  бастап  дейсіздер  ме?  Ертең  емес,  бүгін  түнде  кеңседе  отырып  бөлуге  де 
болады. Адамдарыңыздың тізімі қолда. Жастар жағы түгел механизатор екен. Өте жақсы, 
–  деп  Моргун  сабырмен  сөйлеп,  жылаған  баланың  шатырына  қарай  аяңдай  берді.  –  Ал, 
енді үй жағына келгенде түгелдей қарық қылып тастаймыз деп айта алмаймын. Қарттары, 
кішкентай  балалары  бар  семьяға  әзірше  бір  бөлмеден  тауып  берерміз.  Қалғандарыңыз 
шатырда  уақытша  баспаналай  тұрасыздар.  Сосын  қандай  мұқтаждарыңыз  бар, 
айтыңыздар. 
– Ешқандай мұқтаждығымыз жоқ, бәрі жеткілікті, – деді егде адам. 
Сөзге Райхан араласты: 
–  Емшектегі  балалар  да  бар  екен.  Мына  бала  жолда  ауырып  қалған-ау,  сірә,  уанбай 
жылауын  қараңызшы.  Бізде  дәрігер  бар,  қажет  уақытта  күн-түн  демей  шақыртып  алуға 
болады. 
–  Жоқ,  ол  ауырған  бала  емес.  Дені  cay.  Алты  айлық  бала  ғой.  Біздің  Алеша  Новик 
деген жігітіміздің тұңғышы. Өзі бір алпамсадай ірі туған қомағай неме. Шешесінің сүтіне 
жарымай, түні бойы сілесі қатқанша жылайды, – деп еді, төрт бұрышты жуан кемпір киіп 
кетті: 
–  Жол  бойы  сүт  те  жоқ  екен.  Емізікпен  құр  қара  шай  ішсе,  жыламағанда  қайтсін  о 
сорлы бала. 
Бұл әңгіме Райханның көңілінде ертеден бері жүрген бір ойына түрткі болды. Сол күні 
кеңседе отырып совхоз басшыларымен мәжіліс құрып, өз пікірін ортаға салды. 
–  Менімше,  жаңа  келген  семьялы  адамдарға  мемлекет  бағасымен  сиыр  беру  керек. 
Еңбекақысынан  ұстап  отырса,  бір  жылда-ақ  төлеп  болады.  Қашан  мал  шаруашылығын 
дұрыстап жолға қойғанша, күнде сүтпен қамтамасыз етіп тұру қиын. Қалай қарайсыздар? 
Бұл пікірді бәрі қолдады. 


Ертеңінде-ақ  сиыр  алам  деушілер  көбейді.  Отызға  тарта  бұзаулы  сиырды  «Жаңа 
талап» бөлімшесінен әкеліп, таратып берді... 
Райханның  қолындағы  қағаз  сол  туралы  райкомға  жазылған  шағым  екен.  Қағазды 
Оспан алып оқыды: 
«Біз,  –  деп  басталыпты  арыздың  ұзын-ырғасы.  –  «Жаңа  талап»  колхозының  совхозға 
айналғанын  түгелдей  құптадық...  Бірақ,  қазір,  бір  нәрсеге  өте  реніштіміз.  Отызыншы 
жылдары  он  шақты  қараның  басын  құрап  орталыққа  там-тұмдап  жинап,  жылда  туған 
төлін  пайдаланбастан  мәпелеп  баламыздай  өсіріп,  ақыры  колхозды  мыңғырған  малға 
айналдырдық. Отыз алтыншы, отыз жетінші жылдар әлі көз алдымызда: колхозда бір тал 
шөп  болмай,  бүкіл  мал  аспанға  қарап  азынағанда,  төбе  шашымызды  жұлғандай  үй 
төбесінің  ескі  шөбіне  дейін  бұзып,  малдың  алдына  тосып,  әйтеуір  аман  алып  қалып  ек. 
Енді  міне,  колхозымыз  совхозға  айналмай  жатып,  сол  малды  совхоздың  кейбір 
басшылары  өз  қолы  билеп,  талан-таражға  салып  жүр.  Кейбір  дейтініміз  –  Райхан 
Сұлтанқызы.  Жаңа  туған  әр  төлге  ат  қойып,  баладай  мәпелеп  өсірген  малымыз  көзге 
ыстық.  Маңдай  термен  келген  еңбегіміздің  сетінегеніне  наразымыз.  Райхан 
Сұлтанқызының бұлай талан-таражға салғанына қарсымыз. 
Совхоз  еңбекшілері»,  –  деп  аяғына  бір  адам  төтеше  қол  қойыпты.  Тәшім  молланың 
қолы. 
– Мұны жазғызып отырған дәу де болса Қарабет, – деді Оспан қағаздан басын көтеріп. 
– Одан басқа ешкімнің қолынан мұндай арамзалық келмейді. 
–  Кім  болса  ол  болсын.  Шынында  да  «Жаңа  талаптың»  адамдарының  басын  қосып 
түсіндіру керек еді. Ол қателік бізден. Рас, ол малдың орны ертең-ақ толады. Осы күзде 
Латвиядан асыл тұқымды екі жүз ұрғашы тайынша алмақпыз. Соның бәрі осы бөлімшеге 
келеді.  Бұл  жер  келешекте  мал  совхозына  айналатынына  шәк  жоқ.  Бірақ,  жұртты 
ұғындыру керек еді, – деп Райхан ойланып қалды. 
–  Жұртты  ұғындыратын  дәнеме  жоқ,  Райхан.  Ертең-ақ  басымызды  қосып,  бәріміз 
қарсы арыз жазайық. Қарабеттің лаңы жететіндей болды ғой. Енді оның көзін құртқаннан 
басқа  не  қалды.  Сіз  де  оны  еркінсітіп  қоя  бердіңіз.  Оған  қызмет  бергіздіргенше,  сіздің 
орныңызда мен болсам... – деген Оспанның сөзін Райхан бөліп жіберді. 
– Ештеме етпейді. Жиналып, ұйымдаспай-ақ қойыңдар. Ондай нәрсе ұят болады. Тек 
көпшілік түсінсе болғаны. Ал, мына секілді айырқұйрық арыздардан енді қорқатын заман 
кеткен.  Қазір  басқа  уақыт.  Қарабеттер  қазір  жапандағы  үйдей  біреу-ақ.  Ондай  үйлерге 
босқа  қара  тер  болып  күш  жұмсаудың  қажеті  жоқ.  Жаңа  салынған  таза  үйлерге  қоңсы 
отыра алмай өз-өзінен-ақ құриды. 
Оспан астарлы сөзге қарсы астарлы дау айтты. 
–  Қашан  өз-өзінен  құрығанша,  маңын  ластап  бітеді  ғой.  Ондайларды  бульдозермен 
көшіріп тастау керек, – деп мырс етіп еді, Райхан да қоса жымиды. 


–  Оныңа  қосылуға  болар  еді,  бірақ  қазір  бульдозермен  ескі  үйді  құртуға  кетірген 
уақыттан гөрі, құрылысқа кетіретін уақыт қымбат. Кейін көрерміз. 
Тұспалды  сөзге  аса  түсіне  алмай  екеуіне  алма-кезек  жаутаңдаған  Лиза  шешей  бұдан 
әрі шыдамады: 
– Қарғам-ау, осы елде сенің айтқаныңнан шығатын тірі пәнде жоқ. Оспанның сөзінің 
жаны  бар.  Жұрттың  қолтығына  су  бүркіп,  ушықтырып  отырған  сол  залым.  Әкең  де, 
басқалар да сүйдеп отыр. Ешкім мына қағазға қол қойған жоқ, – деп киіп кетті. 
–  «Колхозда бір шөп болмай, бүкіл  мал  аспанға қарап  азынағанда, төбе шашымызды 
жұлғандай үй төбесінің ескі шөбіне дейін бұзып, малдың алдына тосып, әйтеуір аман алып 
қалып ек», – деп Оспан даусын шығара ежелеп қайта оқыды. 
– Не деген арыз еді. – Оспанның шөген түстес реңі бұзылып, тістеніп отыр.  – Тәшім 
мен  Қарабеттің  жүздері  жанбай  осы  сөзді  айтады-ау,  ә.  Тәшім  ол  кезде  ел  ақтап, 
өліктердің  жаназасынан  күн  көріп,  Қарабет  тірілерге  көр  қазып  жүргенін  біздер  ұмытты 
дейді-ау, ә! 
Оспан, Райхандардың көз алдына сол бір ауыр жыл келді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет