1.Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи еңбектерінің қазақ тіліне аударылып, қайта басылуы. 2.Тәуелсіз Қазақстанда халықтың ауызша тарих айту дәстүрінің, шежіренің, жазбаша тарихнаманың: М.Х.Дулатидің, Қ.Жалайридің аса көрнекті еңбектерінің маңызының жаңаша бағалануы. 3. ХІХ -ХХ ғғ. қазақ қайраткерлерінің рухани мұрасы.
1.Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи еңбектерінің қазақ тіліне аударылып, қайта басылуы. Ислам діні мен мәдениетінің қазақ жеріне келуі мен орнығуы рухани өркендеуге жол ашты. Ислам діні мен руханиятын қабылдаған түркі халықтары ислам мәдениеті мен ғылымына өз үлестерін қосты. Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары арабтық ассимиляцияға ұшырамай, төлтума тілі мен әдебиетін өркендетіп, әлемге әйгілі болды. Түркі тілі мен әдебиетінің, түркі философиясы мен руханиятының дамыған кезеңі ислам діні мен мәдениетінің кең қанат жаюымен етене байланысты. Ежелгі түркілер ислам діні мен ілімін қабылдағаннан кейін түркі әлемінде өрлеу байқалып, ортағасырлық мұсылмандық ренессанс атауына ие болды.
Тарихы тереңде жатқан халқымыздың орта ғасырлық тарихы мен мәдениеті ислам діні мен мәдениеті негізінде дамыды. Орта ғасырлық қазақ жеріндегі Отырар, Кедер, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Баласағұн, Сайрам-Исфиджаб, Тараз, Меркі қалалары мәдениет пен ғылым ордалары болды. Орта ғасырлық ойшылдар өз шығармаларында ислам ілімі мен ғылымының мәселелерін көтерді.
Орта ғасырда қазақ даласынан шыққан ғұламалар Әл-Фараби мұралары, Махмұт Қашқаридің «Диуани лүғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы»), Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік»), Ахмет Йасауидің «Диуани Хикмет» («Хикметтер жинағы»), Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих и Рашиди», «Жаһан-наме» еңбектері, Ахмед Йүгінекидің «Хибат-ул Хақаиқ» («Ақиқат сыйы»), Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырған кітабы», Хусам ад-Дин Сығанақи еңбектері ислам мәдениеті аясында жазылған жәдігерлер. Түркі ойшылдары ислам мәдениеті мен ғылымының өркендеп өсуіне елеулі ықпалын тигізді. 960 жылы Қарахан мемлекетінің ресми діні ислам болып жарияланды. Қарахандықтар дәуірінде қала мәдениеті дамып, мұсылмандық сәулет өнерінің ескерткіштері Алаша хан кесенесі, Әулие Ата, Айша Бибі кесенелері, мешіттер мен медреселер, кітапханалар Қарахан мемлекетіндегі рухани-мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары болғанын дәлелдейді.
Орта ғасырларда қазақ елі мұсылмандық мәдениеттің аясында дамып, есімдері әлемге белгілі ойшылдар мен ғалымдарды тарих сахнасына шығарды. Араб халифаты аясындағы сан түрлі тілде сөйлейтін және алуан түрлі мәдени ұстанымдағы халықтарды біріктерген ислам мәдениеті ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің үлгісіне айналды. Орта ғасырлық мұсылман мәдениеті мен философиясы, ғылымы мен өнері түркі, араб, парсы тілдес сан алуан халықтардың жасаған ортақ еңбегінің нәтижесінде әлем мәдениетінің алтын қорына айналды.
Ислам діни сенімі және ислам құндылықтарының қазақ даласына енуі қазақ мәдениеті мен әдебиетіне Құран Кәрім қиссалары мен араб әдебиетінің үлгілері де ене бастады. Ортақ рухани құндылықтар негізінде мұсылмандық шығыс мәдениетінің жәдігерлері қазақ мәдениеті мен әдебиетіне ауызша аңыз-дастандар жолымен, яғни, жыраулар мен термешілердің қызметі арқасында, екіншіден, қолжазбалық түрде тарала бастады.
Ислам діні түркі халықтарының тілі мен ұлттық әдет-ғұрыптарының, дүниетанымдық ерекшеліктерінің сақталып, дамуына кедергі келтірмеді. Түркі ойшылдарының шығармашылық ізденістерінің негізгі арқауы бұл – ислам мәдениеті мен құндылықтары болып табылады. Өйткені түркі ойшылдарының өмірі мен шығармашылық қызметі ислам мәдениеті мен өркениетінің аясында өрбіді.
Ислам дінінің негізгі ұстанымдары рухани құндылықтар жүйесі түркі ойшылдарының дүниетанымында нақтыланып, заманына сай бедерленеді. Түркі ойшылдары өз заманының перзенттері болғандықтан, өздері өмір сүрген қоғамның құндылықтарын шығармаларында айқындап отырды.
Қазақ даласындағы ғылым, мәдениет, руханият орталығының әйгілісі Отырар (Фараб) қаласы болды. «Отырардың еліміздің әдеби, мәдени, ғылыми, діни-руханият, тіпті сауда-экономика саласындағы да орны мен рөлі алабөтен еді».
Отырар – ұлттық мәдениеттің, әріден тарқатсақ ислам өркениетінің рухани, мәдени, ғылыми орталығы. Отырар қаласынан табылған тарихи, мәдени жәдігерлер Арыс өзенінің Сырдарияға құятын тұсында сауда-саттық дамыған, бай кітапханасы бар, ғылым мен руханият орталығына айналған Отырар өркениеті қалыптасқанын байқаймыз. Отырар қаласының ұлт тарихы мен ұлт мәдениетіндегі орны ерекше. Отырар және оның маңындағы қалалары табылған археологиялық қазба байлықтары осы алқаптың сол заманның ғылыми мәдени жетістіктерін игерумен қатар, адамзат өркениеті үшін жетпес үлес қосқан ғылым мен руханияттың түрлі салаларында жемісті еңбек еткен ғылымдар шыққандығының айғағы. Ортағасырлық көне жазбаларда Отырар қаласы туралы деректер кездеседі. VIII ғасырдан бастап ежелгі Қазақ топырағына ислам діні мен ғылымы, рухани құндылықтары келуімен, далада ғылым мен руханият орталықтары Отырар, Оқсыз, Түркістан, Сығанақ, Сайрам, Тараз, Баласағұн т.б. шаһарлары қазақ жерінің ортағасырлық мұсылмандық мәдениет пен ғылымның дамуына қосқан өзіндік орны болғандығын дәлелдейді.
Әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн және т.б. мұралары бүкіл ғалам мен адамды жаратушы Аллаһқа деген махаббат пен ғибадатты, рухани жетілуді насихаттаған туындылар. Аталған ойшылдар исламның діни-этикалық құндылықтарын түркі халықтарына түркілік дүниетаным мен ділдік ерекшеліктеріне сәйкес таратқан. Орта ғасырлық түркі ойшылдары дүниетанымдық ізденістерінде Құран құндылығы мен даналығын, білім мен ғылымды, әдептілік пен әділеттілікті, ізгілік пен мейірімділікті насихаттаған еңбектерінде үйлесімді түрде көрсеткен.
Орта ғасырлық мұсылман философтары ислам дінін білім мен ақыл-парасат негізінде, ғылыми тұрғыда түсініп, пайымдаған. Мұсылман ойшылдары мен ғалымдары ислами дүниетаным негізінде ғылыми ізденістер жүргізді. Ислам мұсылмандық философияның мәйегі. Араб тілінде берілген қасиетті Құран Кәрім ислам әлемі ойшылдары мен ғалымдарының шығармашылық және дүниетанымдық көзқарастарының түпкі қайнар бастауы болды.
Исламның монотеизмі мен гуманизмі, өміршең идеясы әлемдік мәдениеттің өркендеуіне зор ықпал етті. Орта ғасырлық араб тілді философияның сол дәуірдің және кейінгі замандардағы рухани және материалдық мәдениеттің, әсіресе ислами ой-сананың дамуында өзіндік орны бар.