* * *
Тұрар қуанып қалды: Степан Кнутович ояу екен. Мұны жақсы
нышанға жорыды. Осындай жорықты жағдайда жайбарақат
ұйықтап жатқан жаман ырым ғой. Балауыз шырағданның тұнжыр
сәулесі бір парақ ақ қазға түсіп тұр. Қағаз бетінде түсініксіз
шифрлар, Тұрардың таңырқаған түрін байқап, Хмелевский қою
мұртын ширатып қойып:
– Қару-жарақтың қамы ғой. Аздау болып тұр, бауырым. Өте
аз, – деді.
– Демек, сен біледі екенсің ғой?
– Нені, бауырым?
– «Нені-нені» деп мені баласына берме, жолдас төраға. Мен
совдептің мүшесі екенім рас болса, шыныңды айт: не болып
жатыр мына әлемде? Не хабар? Петербургте, Ташкентте?
Тұрардың қараторы реңі күреңіте бастағанын байқаған
Хмелевский де енді салмақтана қалды. Езуіндегі шала күлкі
бірден лып етіп қою қара мұрттың астына тығылып қалғандай,
өңі қатулана берді.
– Ешқандай хабар жоқ, бауырым. Тым-тырыс. Жаңа Ташкентпен
хабарласпақ болып көрдім – тырс етпейді. Телеграфтың тілі
байланып қалған сияқты.
– Телеграфтың тілі байланып қалған жоқ, үзіліп қалған, жолдас
төраға.
– О не дегенің?
– Даладағы дауылды көрмейсің бе, сезбейсің бе? Телеграф
бағаналары құлап жатыр.
Хмелевский Тұрардың бетіне ежірейе қарап қалды:
– Онда – шатақ, бауырым. Енді мүлде хабарсыз қаламыз.
– Түк те шатағы жоқ. Тек ат жеккіз. Станцияға жету керек.
Темір жол телеграфы істеп тұруы мүмкін.
– А, бәлкім, таң атқанша күте тұрсақ қайтеді? Қалалық
телеграф қалпына келгенше...
– Жоқ, жолдас төраға, дәл қазір жүрейік! – Тұрар үні қатаңырақ
шықты да, басшы адамның алдында тым ірі кету артық екенін
аңғарып қалып, жайлап қана:
– Степан Кнутович, жүрегі бар болғыр бірдеңені сезеді,
осы түн тегін емес. Жүрейік, а, Степан Кнутович, – деп сөзін
сыбырмен аяқтады.
Хмелевский тоқпақтай жуан жұдырығын мұртына еріксіз
апара берді де:
– Дұрыс, бауырым. Мен де елегізіп, ұйықтай алған жоқпын.
Жүргенге жөргем ілеседі, айда, кеттік! – деп Тұрардың
жауырынынан жалпақ алақанымен сарт еткізіп салып қалды.
– Әйткенмен, сен бауырым, балуанға ұқсайсың, – деді
Хмелевский өзінің әлуетті қолы тұтасқан тасқа тигендей
болғанын сезіп. – Жотаң мықты екен.
– О, Степан Кнутович, менікі тек балуандықтың жұрнағы ғана
ғой. Нағыз балуан менің әкем еді ғой, – деп Тұрар көзілдіріктің
аржағынан қара барқын мұнарда жанары жасаурағандай болып
көрінді.
– Да-да, – деп Хмелевский де мұңайғандай кейіп танытты.
– Қайран әке. Менің әкем де күшті еді. Жалғыз атымыз әбден
арығанда, кейде соқаны өзі сүйрейтін. Жер тістелеп жүріп,
жоқшылықпен арпалысып жүріп, о да өтті дүниеден... Жә! Жетер!
Өткен-кеткенді кейін еске ала жатармыз. Кеттік станцияға. Грач!
Аттарды дайында! – деп гарнизон қарауылына айқай салды.
* * *
Арыстан тартылған темір жол мың да тоғыз жүз он жетінші
жылдың жазында Шақпақ асуынан өтіп, Жуалының жонарқасы –
Боранды деген жерге келіп тоқтап қалған. Әуелгі ниет бойынша
бұл «шойын жол» әлдеқашан Әулие-Атаға жету керек еді. Болашақ
станцияның үйлері салынып, жұмысшылар құралып, Әулие-Ата
жарықтық «отарбаны» қарсы алуға қамданғалы қашан?! Бірақ
дүниежүзілік соғыстың ботқасына малшынып қалған патшалық
Ресейдің қазынасы қағылып, қаржы жетпей темір жол өкпек
желдің өтінде, Талас Алатауын бауырлап, қасиетті Қаратауды
сауырлап, Жуалы жерінде қақалды да қалды. Кейіннен сол бекет
«Бурное» аталып кетті.
Бірақ Әулие-Атаға темір жол жетпегенмен, телеграф бағандары
қағылып, сымы тартылып, Ташкентпен байланыс орнап үлгірген.
Телеграф әкімшілігі Әулие-Атадағы уақытша үкіметтің қолында
болатын.
Станцияға жету ақырет болды. Дауыл бұрынғыдан да үдей
түскендей еді. Көлденең құлап жатқан теректер мен бағандардан
өте алмай, ат айдаушы Грач арбаны келесі көшеге бұруға мәжбүр.
Арба үстіндегілер бір-бірімен айқайлап сөйлеспесе, бірін-бірі
естімейді.
– Степан Кнутович, үстімізге ағаш құласа қайтеміз? – деп
артына бұрылып айқайлады Грач.
– Қорықпа, Грач, дауылдан тек қаңқылдақ қаздар, маймақ
пингвиндер ғана қорқады. Сен Грачсың ғой, – деп күлді Тұрар. –
Максим Горький деген жазушыны білесің бе?
– Білмеймін, жолдас Рысқұлов.
– Білмесең, Горький деген революция жазушысы бар.
«Дауылпаз» деген жырын тауып оқығын. Рас, ондағы герой –
Дауылпаз құс, сенің фамилияң сияқты – ұзақ қарға емес. Бірақ
ұзақ қарға жақсы құс. Ол – көктем құсы ғой, солай емес пе,
Степан Кнутович?
– Дәл солай. Грач – птица весенняя. Оның да Дауылпазға
айналып кетуі әбден ықтимал.
Өзін Дауылпазға теңегенге көңілі өсіп қалған Грач аттарды
сауырлап, жүрісті өндіре түсті. Ақыры станцияның жел шайқаған
фонарының дірілдек сәулесі де көрінді.
Жатаған үйлері дауылдан жер бауырлай түскен ұзын, бұралаң
көше кенет кілт үзіліп, малта тас төсеген жол шорт кесілді де,
Грачтың арбасы ойқы-шойқы жолсыз жермен сықырлап барып,
оқшау тұрған ақ үйдің алдына тоқтады.
Телеграфист мұрны қолағаштай, сол мұрын жайғасқан беті
асқабақтай ірі кісі екен. Совдептің басшыларына қомсына қарап,
айылын жияр емес.
– Уақытша үкіметтің бастығы рұқсат етпейінше, телеграф
іске қосылмайды. Әуре болмаңыздар. Тіпті телеграф үйіне енуге
қақыларыңыз жоқ. Шығып тұруларыңызды сұраймын, мырзалар.
– Біз «мырзалар» емеспіз, «жолдастар» деп атауыңызды
өтінеміз, – деді Хмелевский сабыр сақтап. – Сіз қай партияның
адамысыз?
– Ешқандай партияны мойындамаймын! – деп гүжілдеді дәу. –
Мен үкіметті мойындаймын. Партия дегеніңіз көп. Үкімет біреу.
Кімді мойындау керек? Ойлаңызшы өзіңіз, мырза...а жолдас...
ғафу етіңіз...
– Жолдас Хмелевский.
– Иә, жолдас Хмелевский.
– Сіз солдаттар, жұмысшылар, шаруалар Кеңесі дегенді
естіген шығарсыз... кешіріңіз, аты-жөніңіз?
– Павло Сахно. Павло Кондратьевич.
– Жолдас Сахно, солай деуге рұқсат етіңіз, өйткені сіз, қанша
дегенмен жұмысшы таптың өкілісіз...
– Жоқ, мен қызметшімін, кешіріп қойыңыз.
– Мейлі, қызметші бола қойыңыз. Мен совдептің
председателімін. Мына Рысқұлов жолдас менің орынбасарым.
Уақытша үкімет бізбен санасады. Сондықтан жанжалсыз тез
Ташкентті қосыңыз.
– Өйтіп қорқытпаңыз. Кеңесіңіз өзіңізге. Кеңес деген үкіметті
мен білмеймін. Менің білетінім – Әулие-Ата уезінің уақытша
үкіметі, оның бастығы – Астахов. Әне, мен соның бұйрығын
мойындаймын. Егер қорқытсаңыз, қару жұмсауға мәжбүр
боламын, – деп Сахно шоқпардай кольтті үстелдің тартпасынан
суырып алып, алдына қойды.
– Онда біз де күш жұмсауға мәжбүр боламыз. Далада қарулы
үш солдат тұр. Қала берсе, бүкіл гарнизон біздің қолда. Не
тиімді? Ойланып көріңіз. Ал сіз адал қызмет еткіңіз келетін
Уақытша үкімет шынында да уақытша ғана. Соның атына мән
берген жоқсыз ба, осы кезге дейін. Уақытша ғана, бәлкім, ол
уақыты таусылған да болуы. Біз тез ғана Ташкенттен соны білуге
тиіспіз. Түсіндіңіз бе, жолдас Сахно?
Сахно бұқа құсап мойнын ішіне алып кольтті тоқпақтай
қолымен қыса түсті. Телеграф аппаратына бір, совдептіктерге бір
алара көз тастап қойды.
– Грач! – деп Хмелевский артына бұрылмай, қалтасынан қолын
шығармай айқай салды. Сахно түксиген қалың қастың астынан
бәрін байқап отыр: Хмелевскийдің қолы қалтасында, Рысқұлов
деп таныстырған дембелше жас жігіттің де оң қолы қалтасында.
Ол қолдар, сөз жоқ, қару ұстап тұрған қолдар.
Есікті серпе ашып, штыкты винтовкасын ұмсына ұстап Грач
пен екі солдат енді.
– Бұларыңыз зорлық, мырзалар... жолдастар, – деп Сахно
дауысы бұрынғыдай барқырамай, күңкілдеп қалды.
– Революцияға қарсылық болған жерде, амалсыз зорлық та
болады. Зорлық тудырып отырған өзіңіз ғой, – деп тұңғыш рет тіл
қатты Рысқұлов. Көзілдірік киген қараторы қазақтың орысшаны
мұншама мүдіріссіз сөйлегеніне Сахно таңданып, таңдайын тақ
еткізіп, басын шайқап қойды да:
– Жарайды, жанжалдаспайық. Ташкенттен кімді шақыру
керек? – деп телеграф аппаратына қарай қол соза берді.
– Ташкент совдепі! – деп Хмелевский енді Сахноға төніп
келіп, келтектей кольтті Сахнодан алысқа ысырып қойды.
Морзе дыбыстары шиқ-шиқ етіп, аппарат тұмау тигендей
біраз қақалып-шашалып барып, кенет сақылдап ала жөнелді.
Аппараттан ақ лента атқылап шыға бастады.
Хмелевский лентаны ұшынан ұстай алып, жазуға үңілді.
Тұрар да көзілдірігін нықтап қойып, жіп-жіңішке ақ лентаның
жазуына телміре қарады.
...Ахат атасы айтар еді: «адамның пешенесінде жазуы болад.
Әркімнің тағдыры анадан туасы, сонда жазылып қойылған. Оның
атын – жазмыш дейді. Ал сондықтан: жазмыштан – озмыш жоқ, –
деп. Бірақ ол не жазу екенін оқып білген ешкім жоқ. Пешенедегі
жазуды күні бұрын оқып білу ешкімге де бұйырмаған».
Мына жіңішке ақ лента Ахат атасының айтқанын жартылай
жоққа шығарып тұрғандай. Мұның пешенедегі жазудай екені
рас, ал бірақ оны оқып-білуге болмайды деген тұжырымы бекер
екен, оқуға болады екен.
– Мен – Першин, – деді лентадағы жазу. – Ташкент совдепінің
мүшесімін. Сіз кімсіз? Не керек?
– Біз – Әулие-Ата совдепінің басшылары Хмелевский және
Рысқұлов. Мемлекеттік телеграф жұмыс істемей тұр. Сондықтан
темір жол телеграфымен жалғасуға мәжбүр болдық, – деді
Хмелевский телеграфиске. Сахно оның айтқандарын телеграф
тіліне аударып жатты. – Дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз
қалдық. Ташкентте не болып жатыр?
Сәл кідірістен кейін ақ лента тағы да аппараттың аузынан
ирелеңдеп шыға бастады. Хмелевский жайшылықта сыр
бермейтін Тұрардың алқына дем алғанын байқап қалды.
Көзілдірігі түсіп қалатындай бір қолымен көзіне тақай ұстап
алыпты. Телеграфист Сахно да лентада өз тағдыры жазылып
жатқандай оны гүрілдек дауысымен ежіктеп оқи бастады:
– Ташкентте өкімет Кеңестер қолына көшті. Уақытша үкімет
құлады. Жеті адамнан Бүкіл түркістандық атқару комитеті
құрылды. Жұмысшы және солдат депутаттары Өлкелік Кеңесінен
– үш адам, эсерлерден – бір адам, социал-демократтардан –
бір адам. Петроградта да Уақытша үкімет құлады. Өкімет
Кеңестердің қолында. Мәскеуде қарулы көтеріліс. Одан арғы
жағдайды біз де білмейміз. Толық нұсқау алу үшін совдеп атқару
комитетінің бір мүшесін Ташкентке жіберіңіздер...
Ақ лентаға одан әрі түсініксіз көп нүкте түсіп кетті де аппарат
солқ етіп, ақырғы демі таусылғандай тым-тырыс бола қалды. Ә
дегенде ешкім де тіл қатпады. Бәрі де әлгі хабардың әсерінен
арыла алмай қалшиысып қалған. Қуанған да, қорыққан да бірдей.
Бір адамның ғана емес, бүкіл ғаламның пешенесіндегі жазуды
оқып қойған соң, естері шығып кеткендей бір заман.
Кенет Хмелевский үн-түн жоқ, жанындағы Тұрарды қапсағай
денесімен бас салып, құшақтай алды да, сол құшағын жазбай
теңселіп тұрып қалды. Солдаттар шыдай алмай «Ура!» деп
айқайлап, олар да аймаласып жатты. Үстел үстінде жайында
қалған кольтті Сахно кідіріссіз алып, қолымен салмақтап қойып,
зымиян ойдың толғағында тұр. «Мына большевиктерді жайратып
салсам ба екен?» – деген жаман ой сумаңдап көңілін бұза бергенде
Хмелевский Тұрарды құшағынан босатып, Сахноға қарап:
– Ал, бауырым, құттықтаймын! Революция жеңді! Рақмет
саған! – деп телеграфистке қолын соза берді.
Сахно большевиктерді атудың орнына, оларға еріксіз қол
ұсынды. Бірақ әлі де түнеріп тұрып:
– Революция жеңсе, басқа жақта жеңіп жатыр. Ал Әулие-Ата
кімнің қолында сонда? Әлі белгісіз емес пе? – деді.
Мына тосын сауал әлгі ағыл-тегіл қуанышты сезімді лезде
өшіріп алғандай. Хмелевский мен Тұрар бір-біріне қарап
«мынаның сандырағы рас» дегендей бір-бірін іштей ұғынысты.
– Қам жемеңіз, жолдас Сахно. Петроград пен Ташкентте
құлаған уақытша үкімет мұнда да жойылды деп есептеңіз. Ал cay
болыңыз! Жолдастар, тез қалаға жетейік!
Осыны айтып Хмелевский есікке қарай бет алды.
– Тез арада Совдеп мүшелерін шақыру керек! – деді Хмелевский
арбаға отырып жатып. – Грач! Барыңды сал! Тез айда!
Достарыңызбен бөлісу: |