Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет59/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

* * *


«Большевиктер  аш-жалаңаштар  үшін  Атшабарда  баспана 
ашыпты»  деген  хабар  жер-жерге,  ел-елге  лезде  тарап  кеткен. 
Осы  хабарды  естіген  кембағалдар  Әулие-Ата  уезінің  түкпір-
түкпірінен Атшабарға ағыла бастаған. Атшабар деген есім нәубет 
жалмауыздың  басын  шабатын,  ертектегі  батырдай  естіледі. 
Әулие-Атаның қақ ортасында, биік жардың басында тұрған осы 
ежелгі базар қазір ауқатсыз әлсіздердің киелі Меккесіндей болып 
тұр.
Большевиктер  фракциясы  бұл  пунктті  ашуын  ашқанмен 
уақытша үкімет қолдамай, аштарды асырау үшін қор жиналмай, 
пункт бастығы Мирза-ауфтың шыр-пыры шыққан кез еді. Мирза-
ауф осы Атшабардың қой базарында шағын шайхана ұстайтын. 
Дәу қара қазанда бұрын жұпар исі бас айналдырып, көз тұндырып, 
базаршыларды  еркінен  айырып,  сиқырымен  тартып  палау 
пісіріліп жататын. Кішігірім кісі бойлы, жуан сары самаурындар 
сексеуіл шоғынан ысылдап, иінінен дем алып Тұрар еді.
Енді  дәу  қара  қазанда  қатықсыз  қара  суға  арпа  мен  сұлы 
ұнынан атала қайнайды. Ертеден кешке дейін үзбей қайнайды. 
Әуелі Мирза-ауф аштарға аталаны шөміш толтыра құюшы еді, 
жеткізе алмайтын болған соң, шөмішті қысып ұстап, жартылай 
құятын болды. Сонда да жеткізе алмайды. Кенеуі кепкен, араны 
ашылған  адамдар  арпаның  аталасына  тегі  тоймайды.  Оның 
үстіне сағат сайын ісіп-кепкен адамдар сүйретіліп келіп жатыр, 
келіп  жатыр...
Міне, қызыл бет, қаба сақал әлдебіреу тағы да екеуін әкеліп, 
арбадан  түсірді.  Мирза-ауф  қызыл  бет,  қаба  сақалға  дүрсе  қоя 
берді.
–  Әй,  өзің  сеп-семіз  болып,  жақындарыңды  ашықтырып, 
мұнда  әкелгенің  не?  Апырай,  ұялмадың  ба?  Не  деген  ұяттан 
безген,  құдайдан  қорықпаған,  адамнан  ұялмаған,  бетіңнің  көні 
бес  елі!
– Ө-ө-ей! – деп қаба сақалда да жан бар, өкіре ұмтылған. – 
Рысқұловты  білмейтін  неткен  найсапсың?!  Соның  парманы!
«Рысқұлов»  дегенде  Мирза-ауф  райынан  лезде  қайтып, 
сабасына  түсті.  Сол  арада  Тұрар  да  келіп  жеткен.
– Иә, ортақ Мирза-ауф, қалай, қиын болып жатыр ма?


– Жүдә қиын, ортақ Рысқұлов, жүдә хиямет! Мені бұл тозақтан 
құтқарыңыз,  ортақ  Рысқұлов!  Азық-түлік  басқармасы  бес  қап 
арпа ұн, бір түйенің етін берген еді. Таусылды. Енді мені пісіріп 
жемесе, тегі түк жоқ...
–  Жұмаққа  бару  үшін  әуелі  тозақтан  өт,  Мирза-ауф.  Бұл 
рахым  ісіне  өзіңнен  басқа  лайық  ешкім  жоқ.  Ал  кәне  мына 
әйелді баласымен қабылдап ал да, өзегін жалға. Әсіресе балаға 
ыхтият  бол.  Сақта  баланы!  Кім  білген,  бір  заманда  осы  бала 
жақсылығыңды  еселеп  қайтарар.
– Құдайдан қайтсын де, ортақ Рысқұлов. Адамнан жақсылық 
қайтар  деп  көп  дәмеленбеймін.  Бұл  бала  өсіп,  өрлеп,  менің 
басыма  көк  тас  қояр  деймісің...  –  деп  Мирза-ауф  баланың 
сүлдерін арбадан көтеріп алып, дуалдың түбіндегі арпа ұнынан 
босаған  қаптардың  үстіне  отырғызып  қойды.  Ішкі  үйге  өзі 
кіріп,  қол  бақырмен  атала  алып  келіп,  баланың  аузына  тосты. 
Сонда  салғырт,  самарқау  сүйек  кенет  тіріліп,  шидей  қолымен 
қолбақырды қарыса ұстап, тұмсығын сұғып кеп жіберді. Мирза-
ауф  баланың  басын  бақырдан  әрең  ажыратты.
–  Бірден  көп  ішуге  болмайды,  бейшара!  Көтере  алмай  өліп 
қаласың.
–  Көтере  алмайтындай  майы  кілкіп  тұр  ма  еді?  –деп  ызалы 
мысқылмен  Тұрар  бір  түйреп  қалды.  Бұл  кезде  Мирза-ауф 
қолбақырды әйелдің аузына тосқан. Әйелдің көнектей күлкілдек 
ерні  икемге  келмей,  аталаның  бірер  қасығын  омырауына  төгіп 
алды.  Анаған,  анаған  бер  деп  ишара  етті  байғұс  ана  баласын 
меңзеп.
Осы  кезде  екпіні  үй  жыққандай  ойқастап  бір  топ  адам  cay 
ете қалды. Ортасындағы ақ шекпенді, құндыз бөрікті Айбарды 
Тұрар бірден таныды, басқаларын түстей алмады. Бірақ түрлері 
өрт  сөндіргендей  түтікпе  екен.
–  А-а,  Тұраржан,  Меркені  бүлдіргенің  аз  еді,  енді  қасиетті 
Әулие-Атаға ауыз салдың ба? Бұл киелі шаһар, әулиелер жайлаған 
мекен. Сендей ібіліс арамдамаса керек еді бұл қасиет ордасын! – 
Айбардың сол көзінің алды ырбаңдап тарта беретін болыпты.
– Ақсақал, Меркені бүлдіріп болып, қасиетті Әулие-Атаға ана 
алты қарыс азуыңызды салып тұрған өзіңіз емессіз бе? Аузыңызда 


сәлеміңіз жоқ, бірден қабатын әдетіңіз әлі қалмаған екен. – Тұрар 
айылын жимай, сескенбей сөйледі.
–  Сәлем  сенің  не  теңің,  бәтшағар.  Кісімси  қалуын.  Әкеңнің 
соңынан  кетейін  деп  жүрген  жүгермексің  ғой.  Өлетін  бала 
молаға қарай жүгіреді. Маған тиісіп нең бар еді? Енді оңбайтын 
болдың ғой. Әлі де болса, тәубеңе кел де, ана Кәрімбай, Төребек 
деген  төбеттеріңе  менің  мал-мүлкімді  талаттыруыңды  тоқтат! 
Естимісің-ей,  мұртың  өрге  шаншылып  тұр  ғой  өзіңнің!
Тұрар  тікірейген  бармақ  мұртын  саусағымен  сипап  қойып, 
мырс  етті.
– Ақсақал, үп-үлкен кісісіз, әдептен адасасыз. Мәмілеге келетін 
келелі адам бұлай сөйлеспейді. Ал қоқан-лоқыдан қорқатын кісі 
біз емес.
–  Ал  мәмілеге  келгенде  былай,  көбегім.  Осы  Әулие-Атада 
менің  үш  жерде  маһазинім  бар.  Меркеде  де  бар,  өзің  білесің. 
Мұндағы  маһазиндеріме  әлгі  айтқан  Кәрімбай  Қошмамбетов, 
Төребек Исабеков дейтін бірі қазақ, бірі қырғыз, Гурбенко дейтін 
орысы және бар, міне осылар тиісті. Меркедегі мүлкіме Мақсұт 
Жылысбаев, Қабылбек Сармолдаев дейтіндер қол салды. Олар да 
сенің адамдарың. Барлығын айдап салып отырған сен. Неге екенін 
түсінем: менің ұлым, Атамырзамен ата жау болып алдың да, енді 
сол жаулығыңды маған да салдың. Атамырзаның да түбіне сен 
жеттің. Дүниеден Атамырза жойылып, сен жайбарақат тайраңдап 
жүре алмассың. Ана дудар басыңды қан тартып тұр. Енді менің 
соңыма түстің, бәтшағар. Осының әділет пе? Қасқыр тартып қан 
шығарса, жаман иттер жұлмалап жей бастайды. Сен аузыңды бір 
салып едің, енді Әулие-Атаның күллі жоқ-жұтаң қарабақырлары 
сені көріп, туталақай қылмақшы. Уақытша үкімет мені қорғайды, 
білесің. Енді болмаса, тура Керенскийдің өзінен бір-ақ шығамын. 
Ал, оған дейін бәленің бәрін бастаған сенің желкеңді желкектей 
қиып, ана дудыраған басыңды ағаштағы алмадай жұлып аламын, 
найсап!
Айбар  шал  шоқпар  шүйдесі  ісініп,  қалшылдай  бастады. 
Қасындағы ерткендері де арс-арс етіп қалып, көздері қанталап, 
шатақ  іздеп  шатынап  тұр.


–  Ақсақал,  ел  ішін  аштық  жайлап  тұр.  Былтырғы  ылаңда 
көтеріліске қатысты деген желеумен жұрттың малын сыпырып 
алғандардың ішінде орыстың ұлықтарымен бірге сіздің ұлыңыз 
Атамырза да, сіз өзіңіз де болдыңыз. Атамырза ажалға өзі килікті. 
Оның қанына қолым былғанған жоқ. Қазақ пен қырғыздың егін 
салып  отырған  тоқымдай  құнарлы  жері  болса,  переселендерге 
тартып әперіп, бай-кулактардан пара алғандардың ішінде сіз де 
барсыз. Ол даусыз. Ал, енді халық ашықты. Сол халықтан алған 
малдың ең болмаса бір мысқалын қайтарсаңыз, сізге қылаудай да 
зиян келмейді. Бұл жалғыз менің тапқан емес, кеңестің қабылдаған 
қаулысы.  Біз  тек  сол  совдептің  ұйғарымын  орындаушы  ғана. 
Біздің  есебімізше,  Әулие-Атадағы  дүкендеріңіздің  қамбасында 
басқа мүлікті былай қойғанда, тек бидайдың өзі үш мың пұт. Ұн 
да сондай. Міне, осы астықтың ең кемі үштен бірі міне, мына 
қазанға түсуі керек! – Тұрар жиегі арпа аталасынан жағалданып 
қалған дәу қара қазанды нұқып тұрып көрсетті. – Солай, Айбар 
ақсақал!  Маған  бір  уысы  да  керегі  жоқ,  міне,  мына  жатқан 
аштарға  керек.  Өмір  бойы  осылардың  қанын  сорып,  тойған 
қандаладай болып тұруыңыз мынау. Енді кезекті дүние. Қолынан 
қайыр бермейтін сіздей қортиғандардан астықты зорлап аламыз.
– Әй, әкеңдей кісімен қалай-қалай сөйлесесің, найсап!
Айбардың шот желкесі шодырайып, тұла бойы шытыр жеген 
өгіздей  бірте-бірте  ісініп  бара  жатты.  Көзінің  алды  ырбыңдап 
тартыла берді. Түкірігі сақалына шашырап, сөзі баж-бұжға ұласа 
бастады:
– Өспейтін бала, өнбейтін дауды қуады, қайдағы-жайдағыны 
даулап даурықпа! Атымтай жомарт бола қалғың келеді, ә! Менің 
жадымнан  жұртқа  шүлен  таратып,  жақсы  атанбақсың  ғой? 
Осындағы қусирақтар «Тұрар, Тұрар!» дегенге тым далия берме. 
Мен тегін жаратылған жан емеспін. Айбар деген атымды арғысы 
–  Қоқан,  Самарқан,  берісі  –  күллі  Әулие-Ата  атырабы  біледі, 
ардақтайды. Халықтың қадірлісімен ойнамас болар. Ойнақтаған 
бота от басар.
–  «Астыңа  батса  алтын  ер,  атып  ұр  да  –  отқа  жақ»  деген 
сол  халық.  Сіз  халықтың  арқасына  батып  тұрсыз.  Қадірлісі, 


ардақтысы сіздей болған елдің соры қалың. Сөз бітті. Шаруа көп. 
Сау  тұрыңыз.
Айбар  тобын  енді  көзіне  де  ілмей,  Тұрар  Мирза-ауфқа 
бұрылды:
–  Әзірше  барымен  амалдай  тұрыңыз.  Астық  жеткізіледі. 
Табамыз  астықты.  Мен  кешікпей  ораламын.
Осыны  айтып  бері  бұрыла  бергенде  Айбардың  қасындағы 
ұрма  топ  Тұрарға  тап  берді.
– Ұста бәлемді! – деп қырылдады Айбар іркілдеп. – Осыдан-ақ 
көрдім ғой көресіні. Өлсе – құны менің мойнымда, қорықпаңдар, 
ұрыңдар бүлдіргіні!
Мұндай  тұтқиыл  шабуыл  күтпеген  Тұрар  қалтасына  қолын 
салып үлгірмей, қапы қалды. Алпамсадай түксигендер оның қос 
қолын  арқасына  қайырып,  басқалары  басына  қамшы  төндіре 
бастады.  Мирза-ауф  ара  түспек  болып:
– Оу, оу, мырзалар, бұларың жарамас. Бейқадір болмаңдар, – 
деп бір-екеуін жеңдерінен тартып көріп еді, ожар қолдар оның 
өзін ұшырып түсірді. Сол шақта ойда-жоқта әлгібір кірпігі ғана 
қимылдап  отырған  әлсіз  бала  шырылдап  жылап  жіберді.  Ісіп-
кеуіп  отырған  шешесі,  мұншама  қайрат  қайдан  пайда  болғаны 
белгісіз, кенет атылып барып, Айбардың алқымынан ала түсті. 
Өзіне  адам  емес,  көрден  тұрған  әруақ  жармасқандай  болған 
Айбар «аллалап» барып көзі аларып шалқалай берді. Тұрардың 
қолын қайырғандардың бірі Айбарды албасты пішінді әйелден 
құтқармақ  болып  ұмтыла  бергенде,  Тұрар  қалтасындағы 
револьверді  алып  та  үлгірді...
Аспанға  атылған  мылтық  дауысына  жан-жақтан  лезде  жұрт 
жиналып қалды. Базардағы жан біткен бірден бірге хабарланып 
Мирза-ауфтың ауласына қарай ағылды. Халықтың дүрліккенінен 
сескеніп, полиция да азандатып, аттарын ойқастатып тез жетті.
– Тараңдар! Тараңдар! – деп атты жасақ алдында кім кездессе, 
соны дойыр қамшымен осып өтіп, жұртты сетінете бастады.
– Тұрарды ұстамақшы! – деп шырылдады түтілген топ.
– Ойбай, бермейміз! Қолында өлеміз! – деп өршелене қайта 
ұмтылды  қалың  жұрт.


Дауылдағы өртті қоздырып алмайық деп шошынған полиция 
Тұрарға тіктеп тиісе алмады. Соны көрген Тұрар дереу сатылы 
арбаға қарғып шығып, қалыңға қарап, жай отындай жарқылдады:
– Ей, жарандар! Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу барып дереу 
сол өрттің отына қойдың басын үйітіп жатыр дейді. Міне, мына 
Айбар байлар сондай. Халық шілдедегі көлдей кеуіп, аштықтың 
тырнағына  ілінгенде,  Айбар  байдың  қамбалары  астықтан 
шермиіп тұр. Әрбір қадағын әкесінің құнындай әуелете сатып, 
халықтың  қасіретінен  пайда  тауып,  байыған  үстіне  байып 
барады. Осы да әділет пе, ағайын?! Ол сенің табан ақы, маңдай 
терің.  Большевиктер  сол  ақынды  қайырып,  аштарды  ажалдан 
аман  алып  қалу  үшін  күреседі.  Бұл  Айбарға  ұнамайды.  Міне, 
шатақтың басы осы. Кешікпей, күнің туады, жұлдызың жанады, 
халқым.  Уақытша  үкімет  құламай,  күнің  осы.  Кешікпей  кеңес 
жеңіп,  бағың  ашылады.  Большевиктерді  қолдаңдар,  халқым. 
Жанашырың, басыңа бұлт төнгенде қол ұшын берер қамқорың 
сол. Мына Айбар сияқтылардың мал-мүлкін алып, кембағалдарға 
бөліп  беріп,  әділет  ісіне  көмектесіңдер.  Аштықпен  күрес  үшін 
жорыққа шығыңдар! Жалғыз Әулие-Ата шаһары емес, бұл әділет 
майданын Күйікте де, Күркіреуде де, Мақпал мен Сәмбетте де, 
Талас пен Тастөбеде де, Үш Марал мен Үш Қорғанда да, Аспара 
мен  Асада  да  –  барлық  болыстарда  жүргізіңдер!  Жер-жердегі 
кеңес ұйымына демеу болыңдар. Сонда азаттық таңы тез атпақ. 
Таңыңды  тезірек  атқыз,  халайық!
Дауылдағы  сексеуіл  шоғындай  жалындаған  жас  адамның 
мына  сөзі  өлі  өзекке  нәр  жүгірткендей,  жоқ-жұтаң  жұрт  теңіз 
толқынындай  буырқанып,  буыршындай  ширыға  түсті.  Тұрар 
көзінің  қиығымен  Айбарды  іздеп  еді,  қырғидан  қорыққан 
бөденедей бүк түсіп, бойындағы ісік жел шығып кетіп, бір уыс, 
мыржиған  жаман  шал  бола  қалыпты.  Сәлем  берсең,  жеңінің 
ұшын ұстататын, көзін марғау ашып-жұматын паңдықтан тамтық 
та  көрінбейді.  Көл  тартылып  шөл  болғандай  бір  дәуір  екен.
Баяғыда Меркенің Төрткүл базарында осы Айбарды Ақкөздің 
ақжал сары атының үстінде тұрып тұңғыш көргені есіне түсті. Бала 
қиялмен сонда Тұрар өзін Кутузовқа балап, Айбарды Наполеонға 
теңеп,  қиял  дариясын  кешіп  соғысып  еді.  Арада  жылдар  өтіп 


барып  енді  сол  бала  көңілдің  бейкүнә  қиялы  шындық  сияқты 
болғанын да ойлады. Онда Айбар айдарынан жел ескен, тырбық 
тапал төбесімен аспандағы жұлдыздарды тіреп тұрғандай тарпаң 
еді.  Енді  қартайған  шағында  да  шаруасы  шалқып,  Меркенің 
кемеріне  сыймай,  Әулие-Атаның  оязы  емес,  ояздан  былай  да 
емес, бүкіл қаланың сауда тағдырын өз қолына тұтып, уақытша 
үкіметтің бастығы Астаховқа айтқанын істетіп, айдыны шалқып 
тұрған шақ еді. Енді сол айдын шөлеңге айналған сияқты екен. 
Мұны көріп, Тұрар жақсы нышанға жорыды.
–  Уа,  халайық!  Жаңа  мына  Айбар  бай:  «Жойылсын 
большевик!» – деп жағын жырта айқайлады. Неге ол большевикті 
ата жауынан да жек көреді? Неге большевик жойылсын! – дейді? 
Большевик  деген  кім  өзі?  Айбар  айтқандай,  шыннан  қарақшы 
ма?  Шыннан  қаныпезер  ме?  Жоқ,  бауырлар!  Большевик  сенің 
қорғаушың. Большевик сенің қамқоршың. Айбар жек көрсе, мал 
ашуы – жан ашуы деп жек көреді. Айбардың қамбаларында алты 
мың пұт бидай мен ұн жатыр. Ал, осының бәрі сол Айбардың 
маңдай  терімен  табылған  астық  па?  Айбардың  соқа  соңында 
жүргенін көргендерің бар ма? Орақ орып, белі талып жүргенін 
көргендерің  бар  ма?  Қырман  бастырып,  топан  жұтып,  қаталап 
жүргенін көргендерің бар ма? Айтыңдаршы, мен сұрап тұрмын 
ғой,  көргендерің  бар  ма?!
– Жоқ!
–  Жоқ!  –  деген  жойқын  дауыстан  Атшабар алаңы  солқ-солқ 
ете қалды. Шіркеудің пиязбас күмбездеріне, алтын кемерлеріне 
қонақтап отырған кептерлер зеңбірек үнінен үріккендей дүр- р-р 
көтеріліп, аспанда апыр-топыр ұшып жүрді.
– Ал ендеше сол Айбардың арам астығы – кедейлердің адал 
еңбегі.  Большевиктер  сол  астықты  шын  иелеріне,  мына  аштан 
ісіп-кеуіп  жатқандарға  қайтарып  береді.  Жылан  жылының 
қаһарына  ұшырап,  қос  қолдарын  төбесіне  қойып,  қоңыз  теріп, 
алғы  мен  кеурек  теріп  жеп  ашыққандарға  бөліп  береді.
Тұрар  өз  дауысының  жаңғырығына  өзі  құлақ  салғандай  сәл 
ғана тыныстады да, халық сілтідей тынып қалғанын көріп, сол 
тыныштықты әлдекім бұзып жібермесін деп, лезде сөзін сабақтап 
алып кетті:


–  Айбардың  астығы  қамбада  шіріп  жатқанда,  сонау  Мерке 
даласында  малы  мыңғырып  жатқанын  біреу  біліп,  біреу 
білмейтін шығар. Мәлімет берейін: Айбардың бір басында бес 
мың қой, мың жылқы бар. Ірі қараны ол кісі көп ұстамайды. Және 
қойды  бес  мыңнан  асырмайды.  Өсімін  үстінен  кертіп-кертіп, 
Ташкенттің, Наманғанның, Қоқанның базарларына айдаттырып, 
алтынға  айналдырып  отырады.  Жылқы  да  солай.  Ал,  халайық, 
сонда Айбардың ерні кезеріп, жалаң болып, табанын тас тіліп, 
төбесінен күн өтіп, қой соңында жүргенін көргендерің бар ма? 
А?  Көргендерің  бар  ма?!
– Жоқ!
– Жоқ!
Шіркеу үстінде қалықтап жүрген топ кептер жалт бұрылып, 
енді  Атшабар  алаңында  тыныштық  болмас  дегендей,  бір 
бүйірлеп,  Қарахан  әулие  күмбезіне  қарай  ойыстады.
Қызыл шоқты дауыл үрлеп, алаулатып әкеткендей, енді оны 
өшіріп, баса алатын дәрмен Астахов үкіметінің, Айбар пәрменінің 
қолынан келе қоймас. «Қайран Ақкөз, – деді Тұрар есіл сардарды 
еске алып. – Осы күнді көре алмай, арманда кеттің-ау!»
Бірақ  Ақкөздің  ісі  ада  кеткен  жоқ.  Халық  қайта  көтерілді. 
Құрғақ күзде аштық пен сасық көбелек жайлап кеткен. Әулие-Ата 
атырабына солтүстіктен соққан дауылдың лебі келіп жеткендей 
екен. Енді кешікпей сол дауылдың өзі де тұратын шығар...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет