Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары


АЛЫПТАР ТУРАЛЫ МИФТЕРДІҢ ТҮПКІ МӘНІ



Pdf көрінісі
бет67/165
Дата14.12.2021
өлшемі4,15 Mb.
#126269
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   165
АЛЫПТАР ТУРАЛЫ МИФТЕРДІҢ ТҮПКІ МӘНІ
А.Тойшанұлы
Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық 
белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып 
шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы»
  деп 
жазғанындай бұрынғы өткен абыз бабаларымызұлы даламыздың ажарын асқақтатып 
тұрған  әр  бір  тау-тас,  өзен-көл,  арасан-бұлақ,  құдық-қайнар  туралы  тылсым  шежіре 
айтып,күй тартып, жыр жырлайтын. Қазақ даласы қандай сұлу әсем болса, ол туралы 
айтылатын аңыз-жырлардың, шежіре мифтердің сыры мен сымбаты да тұңғиық.
Г.Н.Потанин:  «Қазақ  елі  ұлттың  рухани  өмірін  екінші  орынға  ығыстырған  діни 
бағыттағы кітәби әпсаналармен әлі де тұмшаланған жоқ. Олардың ар-ұждан кодексі мен 
өмірде үлгі-өнеге тұтатын асыл мұраты  халықтың аңызы мен салтында, шежіресінде 
айқын  тұжырымдалған.  Олар  бөтен  тілде  жазылған  түсініксіз  киелі  кітаптарға 
жүгінбейді,  отаны  жоқ  әлдеқандай  қасиеттілерге  де  бас  имейді,  олар  жан  әлеміне 
қажетті барлық қоректі өзінің ұлттық батырлары мен қалаулы қаһармандарының, ру-
басылары мен ақсақалдарының саясынан іздеп таба алады» деп жазған болатын. 
Жер-судың  шежіресін  шертетін  желілі  аңыз-әпсаналар  таңғажайып  бітімді    тау-
тас,  өзен-су,  көл-бұлақтардың  пайда  болу  себеп-салдарын  халыққа  түсіндіреді. 
Қазақ  мифтерінің  бір  тобында  қасиетті  тау-тас,  өзен  көл  жауға  қарсы  соғысып, 
көз  жұмған  рухы  биік  жандардан  қалған  тарихи  ескерткіш,  куә  ретінде  сомдалады 
да,  мұндай  мәнге  ие  болған  жағырапиялық  өлке  қазіргі  ұрпақты  бабалар  дәуірімен 
жалғастырып,зердесіне  әмандаотаншылдық  сананың  дәнін  себетін  киелі  мекен-
ге айналады. Демек, ұлттық эпос пен  мифология табиғатпен үндесе келе кезкелген 
уақытта халықтың тарихи жадын оятып, басқыншы  жауға қарсы қаһармандық рухты 
сілкіндіретін код-құралға айналады деген сөз. Сол себептен де кең байтақ даламыз-
да дара болмыс-бітімі, керемет келбетімен көзге ыстық көрінетін  бабалардың рухы 
сіңген қасиетті тау-тас, көл-бұлақ қалың жауды жамсатқан қаһармандарымызға арнап 
ел ана мен жер ана бірігіп тұрғызған салтанатты монумент кешендей  бүгінгі  ұрпаққа 


154
әсер етіп отырған деуге негіз бар. 
Қазақтың көптеген әпсана-мифтерінде алыптар мен батырлар, сонымен бірге әулие 
жандар  тірі  күндерінде  қисапсыз  жауларға  қарсы  қасық  қаны  қалғанша  соғысып, 
көз  жұмған  соң,  олардың  қасиетті  дене-мүшелері  қазіргі  шақта  даламызда  тұрған  
белгілі  бір  тау-тасқа,  яғни,  жағырапиялық  оқшау  нысанға  айналып  кеткені  туралы 
баяндалады. Осылайша ұланғайыр даламыздағы жер-судың жаратылу тарихы жауға 
қарсы соғысқан қаһармандардың өмірбаянымен ұштастырылып, өлкедегі табиғаттың 
ғажайып нысандарына киелі мағына беріледі. 
Мәселен,  Абылайдың  хан  ордасы  орналасқан  Көкшетау  өңіріндегі  сұлу  да  сым-
батты  тау-тастар  тізбегі  туралы  желілі  мифтердің  арқауы  ел  қорғаны  батырлардың 
қаһармандық өмірімен қабат өрілген.
«Оқжетпес» туралы мына мәтінге назар аударайықшы:
«Ертеде Оқжетпес деген алып батыр болған екен-мыс. Оның бойының биіктігі сон-
дай, жаудың атқан жебесі батырдың басына дарымайтын болған. Оны ат та, атан түйе 
де көтере алмайды. Сауыт-сайманы да ауыр болса керек, сол себептен, жорықта пілге 
мініп жүреді екен. Бірде қисапсыз қалың жауға шайқасып, оларды қуып жіберген соң, 
қалжыраған  батыр  көлге  шомылып,  қалғып  кетеді.  Осы  кезде  аңдыған  жау  ұйқыда 
жатқан  батырды  байлап  тастайды.  Алып  ояна  келе  дұшпанмен  арпалыса  кетеді. 
Құмырсқадай құжынаған жауларын ызалана тапаған батыр біруақта әлсіреп, сүрініп 
кетеді. Сол кезде ол құдайға: «Тәңірім, мені жауларға қор еткенше тасқа айналдыр!», 
– деп жалбарынады. Бұл тілек сол мезетте орындалады, мініп жүрген пілі де мұны 
көрген соң шөгіп, тауға айналады».
Жер-судың  пайда  болуы  туралы  көптеген  мифтерде  батырлардың,  алыптардың 
денесі  осылайша  өмірі  аяқталысымен,  жергілікті  табиғат  нысандарына  айналғаны 
көрініс табады. 
Біздің  байқауымызша,  алып  батырдың  жаумен  жалғыз  жағаласып  ерлікпен  ты-
ным  тауып,  тау-тасқа  құбылуы  –  қазақ  мифологиясында  жиі  кездесетін  бедерлі 
сарындардың бірі. Мысалы, табиғат ана таңғажайып қолымен құйған мүсіндей етіп 
сомдаған Жекебатыр тауының бітімі туралы мынадай миф ел арасына тараған:
«Кедей ауылда асқан күшті, арманшыл бір батыр тұрыпты...Туған жеріне шығыс 
пен  оңтүстіктен  жоңғарлар  шапқыншылық  жасап,  батыстан  Еділ  қалмақтары  ша-
буылдап  тыным  бермейді.  Сүттей  ұйыған  ауылдардың  шаңын  аспанға  шығарып, 
астан-кестен қиратып, жау қолы төрт түлік мал табындары мен қорғансыз адамдарды 
айдап  әкетеді.  Ал  ел  іші  бір-бірімен  қалыңдық  пен  жайылымдыққа таласып,  күнде 
қырқысып, ауызбірлікке келе алмайды. Жас батыр бәріне қолын бір сілтеп, ауылдан 
кетуді ойлайды. Еркін жүріп, бақ пен байлық іздегісі келеді. Өзіне қылыш пен дулыға, 
үстіне сауыт соғып киіп, бақыт іздеп жолға шығады.
...Жаумен бірінші болып жас батыр кездесіп, жалғыз өзі қарсы шабады. Қаптаған 
қалың қол оның алдын бөгеп, қоршауға алады. Ол қанша күшті болса да, қисапсыз 
жауды құртып бітіре алмайды. Дұшпан қара масадай құжынап, шегірткедей үймелеп, 
батырдың үстіне шығып кетеді. Оның көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда ғана 
ол бақыт үшін жалғыз күресудің қате екендігін түсініп, аһ ұрып өкінеді. Алып тұлғалы 
батыр әл-дәрмені құрып, туған  даласына шалқасынан құлап  түсіп, тасқа айналады, 


155
мәңгілік ұйқыға беріледі. Жекебатыр тауы, міне, осылай пайда болған деседі...
Жазушы  Жанайдар  Мусин  тарихи  маңызға  ие  мұндай  жағырапиялық  нысанды 
көздің қарашығындай сақтау керек екендігі туралы былай деп пікір өрбітеді:
«Жұрт оны алыстан қызықтап тұрып, басындағы дулығасынан бастап: анау – ай 
маңдайы, мынау – қалың қабағы, қыр мұрыны, әне, ерні, иегі мен сақалы, – деп, батыр 
бейнесіндегі тау мүшелерін санап тұрар еді әдетте. Соның барлығы табиғат ананың төл 
тумасы. Егер Батыр тұлғалы таудың сонау маңдайынан, немесе сонау кең мұрынынан 
бір  тас  үзіліп  түссе,  немесе  сонау  кең  омырауын  жапқан  сақал    қарағайлардың  бір 
бұтасына от тиіп, не құрт жесе, бүкіл таудың сәні де, мәні де кетті дей бер. Ол онда 
бүкіл батыр бейнесінен айрылып, ешкімді еліктірмейтін, қара жаяу халықтың таба-
ны астында таптанды болып жатқан жай таулардың біріне айналып қала берер еді. 
Сондықтан оның төбесіне баратын туристер нөпірін азайтса, әрбір тасы мен әрбір тал, 
қарағайын көздің қарашығындай сақтай білсек дейміз».
Жергілікті  жағырапиялық  нысандардың  пайда  болуы  туралы  көптеген  қазақ 
мифтерінде  кейіпкерлердің  тау-тасқа  айналуының  негізгі  себебі  –  саны  орасан  көп 
дұшпанмен шайқасу. Демек, ежелгі заманнан  аса зәру маңызға ие болған отанды жау-
дан қорғау тақырыбы мифтік ежелгі сюжеттерге тарихи сипат берген деуге болады. 
Мысалы, «Апалы-сіңлілі үш ару» деген үлгі былай:
«Ертеде Қарауыл ауылдарының бірінде елдің көркі, бірақ дұшпандардың көз құрты 
болып апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүреді. Үшеуі де бірінен бірі өткен хас сұлулардың 
өзі болады. Орталарындағы жалғыз бауырлары Оқжетпес беті қайтпас батыр болып 
өседі. Үш анасын қызғыштай қорғап, қамқоршы бола біледі.
Әбден  өшіккен  жау  қапылыста  баса  көктеп,  елді  шауып,  үш  ару  мен  бауыры 
Оқжетпесті  анталап  қоршауға  алады.  Төртеуі  шегіне  атысып,  кейін  жылжи  береді. 
Бір  кезде  ту  сырттарына  қараса,  сыңсып  тұрған  жасыл  орман,  бау-бақша,  мөлдір 
көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай ба-
лауса  бағын  арам  ниет  дұшпандардың  қара  табанына  қалай  таптатамыз,  қасиетті 
топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?» – деп қайраттанған 
Оқжетпес пен оның үш ару қарындасы қатарласып жауға қасқая қарсы тұра қалады да, 
шапса алмас қылышы майырылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы 
асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға  айналып кетеді. Бұны 
көріп, зәрелері кеткен жау тым-тырақай қаша жөнеледі».
Кейбір мифтерде тау-тас жаудың қуғын-сүргініне тап болған қыз-келіншектердің 
немесе дұшпанға әулие адамның оқ даритын осал тұсын айтып, сатқындық жасаған 
әйелдердің  әрекет-қимылынан  пайда  болады.  Мұндай  мағынадағы  «тасқа  айналу» 
мотивінен туған сюжеттер мол. Мысалы, Қырық қыз, Шілтер әулие, Азанұр, Масат 
ата т.с.с. Мәселен, Қазығұрт тауындағы Қырыққыз туралы миф былай:
«Баяғыда бір байдың қызының тойы болады. Той болып жатқанда қалыңдық қырық 
қызымен,  күйеу  серіктерімен  серуендеп  тауға  шығады.  Жаугершілік  заман  екен: 
«Жау келіп қалды» деген дауыс шығады. Сонда қыздар шулап: «Е, құдай! Бізді жау 
әкетпекші, тас қыла көр!», – депті. Сонда бәрі тасқа айналыпты».
Бурабайдың  пайда  болуы  туралы  желілі  мифтерде  заһарын  шашып  келе  жатқан 
орыс отаршылдығының ауыр зардабы да сездіріледі. Бұл туралы жазушы С.Мұқанов 


156
мынадай сюжетті жазып алған:
«Ертеде  Көкшетаудың  баурайында  қасиетті  бір  ақ  бура  өмір  сүрген  екен.  Ол  ел 
басына қандай бір апат, нендей бір жаманшылық төніп келе жатқанын сезсе боздап, 
даланы кезіп, елге ескертеді екен. Ақ патша қазақ даласын отарлағалы жорыққа атта-
нады. Оқиғаны алдын ала  сезген ақ бас бура да күңірене боздап, елдің мазасын ала ба-
стайды. Мұны жаманшылыққа жорыған Абылайдың отыз ұлының бірі Қасым сұлтан 
бураның азалы үнін өшіргісі келіп, көздеп саржасын тартып қалады. Жараланған бура 
шөге қалады да, сол бойында тауға айналып кетеді. Осылайша Бурабай пайда болады».
Отаршылдыққа қарсы сарынға құрылған келесі бір шоғыр миф елдің рухани тірегі 
әулие жандар төңірегінде айтылады. Бұл желілі мифтерде де сыртқы дұшпанға қарсы 
өрши түскен халықтың мұң-наласы, кек намысы қапысыз өрнектелгені байқалады. 
Мәселен, қазақ мифтерінде төмендегідей сарындар тұрақты кездеседі. Елге белгілі 
әулиелер (Масат ата, Укаша ата, Түлкібас, Азанұр әулие, Шілтер әулие т.б.) намаз оқып 
тұрғанда аңдып жүрген аяр жаулары оған аяқ астынан қастандық жасайды да, олар 
қаза тапқаннан кейін марқұмның денесінен (қанынан, ізінен, түкірігінен) жергілікті 
жағырапиялық  нысандардың  түр-түсі,  кескін-келбеті  пайда  боп,  қалыптасады.  Ал 
атса, оқ өтпейтін қасиетті әулиенің осал тұсын дұшпанға айтып берген опасыз келіні 
(кейде тоқалы) қарғыстан меңіреу тасқа айналады.
Енді  бұл  жайттарға  нақтылы  мысалдар  келтірсек:  «Баяғы  өткен  заманда  Шілтер 
деген бір әулие кісі болыпты. Құдайға құлшылықтан жазбаған, істеген ісі ақ, көңілі 
сүттей  пәк,  ниеті  адал,  сөзі  түзу  адам  екен.  Бір  күні  жолаушылап  келе  жатып, 
қасындағы  қырық  кісімен  бірге  Қазығұрт  тауының  етегіне  келіп  түседі.  Дәм  ішіп, 
дамылдағаннан кейін бесін намазын оқуға кіріседі. Намаз оқылып жатқан кезде таудан 
түскен қарақшы дұшпандар әулиені серіктерімен қоса өлтірмекке бекініп, тап береді. 
Шілтер мен қасындағы қырық жолдасы намаздарын бұзбай оқи береді. Намаз үстінде 
әулие Алладан былай деп тілепті:
– Иә, құдайым, бізді жау қолына түсіре көрме, жау қолына түскенше тас мүсінге 
айналдырып, қатыра көр, – деп тілейді. 
Жарықтық қасиетті Шілтердің тілегі қабыл болып, серіктерімен бірге тасқа  айна-
лып, қатып қалады. Сонан көпшілік бұл жерді Қырық Шілтер әулиенің жері деп атап 
кетеді. Осы жерде біріне-бірі қарама-қарсы үш бұлақ ағып жатыр. Үшеуінің дәмі де 
үш түрлі, емі де үш түрлі. Біреуі іш ауруларына, екіншісі көз ауруларына, үшіншісі 
құлақ ауруларына дәру деседі».
Әдетте  бұндай  оқиғалардан  кейін  пайда  болған  делінетін  әулиеге  қатысты 
жағырапиялық  нысандар  елді  емдеп-домдайтын,  сауықтыратын,  ақ  тілегін  қабыл 
ететін  құтты  да  шипалы  орынға  айналады.  Ондай  өлкелер  Оңтүстік  Қазақстанда, 
Маңғыстауда, Сыр бойында көптеп кездеседі. Мысалы, Укаша әулиенің қаза тапқанда 
домалаған  басы  еніп  кеткен  таудың  қуысында  киелі  құдық  пайда  болса,  Көзата 
қабірінің  қасынан  жанарды  емдейтін    бұлақ  ағып  шығады,  Түлкібас  әулие  түкіріп 
қалғанда он екі қарсыласы езіліп кетеді, сол жерде он екі  шипалы бұлақ пайда болған 
деген аңыздаулар бар.
Осылайша  белгілі  бір  өңірдегі  қасиетті  тау-тастың  немесе  көл-бұлақтың  пайда 
болу себебі әулие жандардың жауға қарсы күрес жүргізген заманымен тікелей бай-


157
ланыстырылып,  осы  нысандарға  киелі  мағына  беріледі.  Кең  даламыздағы  мұндай 
көрікті де қасиетті мекендер қазіргі ұрпақтардың өлкетану мақсатында саяхат жасап 
тәу ететін, рухын шыңдайтын, ата-баба тағылымымен сусындап, патриоттық тәрбие 
алатын мәртебелі тұрағына айналып отыр. 
Тұжырымдап айтқанда, қазақ мифтері, әпсана-хикаяттары сыртқы жауларға қарсы 
отан қорғау соғысын жүргізген түрлі кезеңдерде, әсіресе жоңғарға қарсы шайқас за-
манында  тарихи  қуатты  циклизациядан  өтіп,  алғашқы  қауымдағы  көне  қабығынан 
ажырап, жаңа дәуір талабына сай бейімделіп, патриоттық тон кигені байқалып отыр.
Бұған нақтылы дәлел ретінде тарихта болған шын қаһармандардың кейбір мифтік 
жиынтық  әңгімелердің  арқауына  айналғандығынан  да  аңғаруға  болады.  Мысалы, 
Райымбек пен Жасыбай батырға қатысты мифтік сюжеттерде осы жайт аңғарылады. 
Айталық, «Райымбектің бұлағы» туралы мәтін былай:
«Кезекті қалмақтармен болған шайқаста қазақтың қолы жеңіліп, шегінуге мәжбүр 
болады.  Олар  Бұғыты  тауы  мен  Торайғыр  таулары  арасындағы  Көкпекті  жазығын 
өтіп барып, Торайғыр тауының етегіне келіп тығылады. Қанша күнгі ұрыстан әбден 
қалжыраған  әскер  су  іздеп,  әлекке  түседі.  Сонда  Райымбек  батыр  бір  тамшы  суды 
аңсап,  жерді  қылышымен  түртіп  жібергенде,  бұлақтың  көзі  ашылып,  суы  атқақтап 
шығады. Содан қазақтың қолы әлгі суды ішіп, бұлақтың жағасында екі күн жатып, 
тынығады да, бар күш жігерін бойына жинап, жауға қарсы шабады. Әскер жеңіске 
жетеді. Ал әлгі бұлақ Райымбектің бұлағы аталып кетеді».
1897 жылы жазда қазақ даласында болған француз саяхатшысы Лабэ ерекше алып 
батыр Жасыбай туралы аңызды елден естіген. Ол жазып алған мәтін былай: 
«Баянауыл өңірінде Жасыбай деген әйгілі батыр болған. Ол бірде алыстан орал-
са, жаулар ауыл-аймағын шауып, ата-анасын өлтіріп, үйін өртеп, малын қуып кеткен 
екен. Жасыбай қалмақ пен қазақ екі жұрттың арасын бөліп тұрған тау асуына шығып, 
қарауыл қарайды. Арғы бетте елді талаған қалмақтар кең жазықта қуанышы қойнына 
сыймай сайран салып, орда тігіп, жеңіс тойын тойлап жатады. Қаһарланған Жасыбай 
таудың бір шоқысын жұлып ап, оларға лақтырып, қалың жауды бастыра салады. Содан 
кейін, сол жартасты қайтадан көтеріп, асуға келеді де, жауларды тағы аңдып отыра-
ды. Қалмақтар келсе, ауыр жартасты лақтырып қап, қыра береді. Ақыры қартайғанда 
таудың беліне батыр терең ор қазады да, өзі алып жартасты көтерген бойы шегініп, 
сол орға құлап кетеді. Ал салмақты алып шоқы алып батырды мәңгілік басып қалады. 
Қазіргі Жасыбай тауы – сол».
Келесі бір мифте Жасыбай батырдың мінген тұлпары иесі қаза болғанын білген соң, 
қайғыдан қапаланып, көл жағасындағы тауға өрмелеп бара жатып, тас боп қатып қалған 
деседі. Жасыбай көлінің жағасындағы Атбас шоқысы осылай пайда болған-мыс. 
Расымен, көлге төніп тұрған қарағай жалды қия шоқы тауға өрмелеген жуан мойын 
аттың бас мүсініне ұқсас. Батырдың мініп жүрген тұлпары мұндай ірі болғанда өзінің 
де ерекше алып болғандығына шәк келтірмейсің. Ал Жасыбай көлі туралы мынадай 
миф бар:
«Батыр жетібасты жалмауызбен арпалысып, көзін жойып, туған жеріне жеңіспен 
оралады. Өзі де шөлдеп, шаршайды, аты да қаталап шөлдейді. Батыр тау қойнауындағы 
сайды  шұңқырайтып  қазып,  су  шығармақ  болады.  Шыңыраудан  шым-шым  қайнап 


158
шыққан бұлақ көзі дегенің алып батыр үшін оймақпен су ішкендей мардымсыз бо-
лары сөзсіз, ал аты да шөлден әбден қаталап тұр. Сол себептен батыр тұманың көзін 
аршып, балуан саусақтарымен кесек тастарды ары-бері лақтыра береді. Бір заманда 
аршылған бұлақ айдыны кеңіп, шалқар көлге айналады. Батыр атын суарғалы қараса, 
ол әлдеқашан тасқа айналып, қатып қалған екен. Көлге төніп тұрған Атбасы шоқысы 
осылайша пайда болады».
Қорыта  айтқанда,  жағырапиялық  нысандардың  пайда  болуын  баяндайтын  қазақ 
мифтері  кейінгі  замандарда,  нақтырақ  айтқанда,  жоңғар  шапқыншылығы  кезеңінде 
тарихи циклденуден өтіп, отаншылдық сарынмен әрлене түскен. Ғылымда қазақ эпо-
сы  жоңғарға  қарсы  жүргізілген  шайқас  кезеңінде  тарихи  жинақтаудан  қайта  өтіп, 
тұтастанып, патриоттық рухқа қызмет еткендігі жан-жақты дәлелденген болатын. Ру-
хани бұл серпінді құбылыстан мифтердің де сыртқары қалмағаны байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   165




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет