3-мәтін
Қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі –
Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жасөспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке,
адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен
енгізіп, пайдалана білді.
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. «Қазақ әдебиеті тарихы»
(1927 ж.) еңбегінде «Билер айтысы» деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің
кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық
сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп,
жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке
алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз
деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта
сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер)
іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.
Халық мақалдарында: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Бас кеспек болса да, тіл
кеспек жоқ», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», «Аталы сөзге арсыз ғана
тоқтамайды», – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек,
шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге
бөлеген.
Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді
тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт,
кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл», – деп толғайды. Бұлар – «Ердің
құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді
жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі». Мұндай сөз білетін, жөн
білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер
– көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа
түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер.
Достарыңызбен бөлісу: |