Бас қалқанының жоғарғы жағында күрделенген жұп фасеттік көздері
(олардың әрқайсысы 15-тен 15000-ға дейін ұсақ көзшелерден тұрған),
сонымен қатар жұп медиальды (ортасына таяу орналасу деген мағынада)
көзшелері, ал астыңғысында жұп мұртшалары немесе антеннулалары және
төрт жұп буындалған аяқтары болған. Көздері және мұртшалары бастың
акрон, ал төрт жұп аяқтары акронға қосылған төрт сегменттерінің құрамына
кірген.
Трилобиттердің бір ерекшелігі - бас бөліміндегі төрт жұп аяқтары
барлық буынаяқтыларға тән ауыз аппаратына айналмай (мандибула,
максилла І-ІІ, хелицералар), кеуде және құрсақ бөліміндегі аяқтарына ұқсас
құрылысты болып келген. Біркелкі құрылысты аяқтарының негізгі буынынан
сыртқы жағына ұзын өскін - желбезек жапырақшалары немесе эпиподиттері,
ал ішкі жағына шайнағыш өскіні жалғасқан. Әрбір жұп аяқтың шайнағыш
өскіні бір-біріне қарама-қарсы бағытталып орналасқан (112-сурет). Осындай
құрылысына байланысты барлық аяқтары жылжу, тыныс алу және қорегін
ұстап, шайнау қызметін атқарған.
Трилобиттер дара жынысты, метаморфоз жолымен дамыған, протаспис
атты личинкалары болған. Протаспистің денесі
алғашқыда сегменттерге
бөлінбей, біртұтас болып, кейін бас (акрон және 4 сегмент) және аналь
қалқаншасына бөлінген. Осы кезде екеуінің арасында өсу аймағы түзіледі де,
сол арқылы тұлға бөлімінің сегменттері қалыптасқан (113-сурет).
Трилобиттердің денесі хитинмен қапталынған. Қауіпті жағдайда олар
өзінің қаттылау арқасын төсеп, жұмсақ құрсақ жағымен жиырылып қалатын
болған. 10000-нан астам түрі болған.
112-сурет.
Трилобиттердің құрылысы: A - қарапайым
трилобиттің құрылыс схемасы
(құрсақ көрінісі); Б - құйрық қалқаншасы бар трилобит; В - трилобитгің кеудесінің
көлденеңінен кесіндісінің схемасы; 1 - антеннула, 2
- бас қалқаншасы, 3 - күрделі көздер, 4
- аяқ, 5 - тыныс алу өсіндісі - эпиподит, 6 - дененің арқа жағындағы орта бөлімі, 7 -
дененің шеткі бөлімі, 8 - құйрық, қалқаншасы, 9 - желбезек жапырақшалары, 10 - аяқтың
негізгі буыны, 11
- шайнау өсіндісі
Достарыңызбен бөлісу: