291
рөлін Сегізбайұлы дегендер ойнайды. Спектакль жақсы шығады, залға халық
сыймай, билет жетпей қалады. Көріп отырғанымыздай, мұнда қойылымды
сахналауға қатысқандардың саны мен сапасы артып отыр, автордың да
шеберлігі шыңдалып, кәсіпқойлық қабілеті күшейе түскен. Әрине
көрермендер аудиториясы да ұлғая түскені күмәнсіз.
Құдайберген Жұбанов өскен орта да – қазақ елінің басқа да жерлері
сияқты халық ауыз әдебиетіне бай өлке екендігі шындық. Қазақстанның
түкпір-түкпіріне кең тараған әйгілі эпостық полотналардан басқа, осы өлкеге
ғана белгілі жергілікті дастандар, айтыстар мұнда да болғаны даусыз.
Қ.Жұбанов осыларды тыңдап білу, тіпті хатқа түсіріп жазып алумен
айналысады. Шалқар ақын мен Таразы деген қыздың айтысын 1932 жылы
елден жазып алғанын айтады. Осыған қарағанда, Қ.Жұбанов, 20-жылдардағы
басқа да қазақ зиялыларының көпшілігі сияқты, туған халқының мәдени
мұрасы – ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жариялау дегенге қатты көңіл
бөлгені байқалады.
Құдайберген Жұбановтың екінші бір табиғат сыйлаған қасиеті – оның
ақындық дарынының болғандығы. Тете өскен інісі, академик Ахмет
Жұбановтың айтуына қарағанда, Құдайбергенде жас бала жігіт кезінің
өзінде-ақ өлең шығару, ел аузындағы жақсы толғау-жырларды, жеке
адамдардың өлеңдерін қағып алып, жадында сақтау қабілеті күшті болады.
Ауылдағы қазақ жастарының салтымен өзінің құрбы-құрдастарына,
жеңгелеріне бір-екі ауыз әзіл өлең шығаруды Құдайберген де машықтайды.
Жасөспірім шағындағы осындай әуесқойлық өнері жігіт бола келе, белгілі бір
мақсатқа – жаңа өмірге үн қосуға жұмсалады. Оның өлеңдері енді облыстық,
республикалық газеттерде жарияланады. Солардан табылғаны бір-екеу ғана.
Оның біреуі – «Жаңа рамазан батасы» деп аталатын саяси тақырыпқа
жазылған пародия. Ол «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 14 сәуірдегі
санында, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің 1957 жылы 5 желтоқсандағы
нөмірінде жарияланды. Бұл сол кезең үшін саяси қоғамдық мәні зор әрі аса
қажет әдебиет түріне жататын шығарма саналады.
Екіншісі – «Айға» деп аталады. «Ай» деп отырғаны – Ақтөбе
облысының Темір атты кішкене қаласындағы бір топ оқушы, оқытушылар,
партия-кеңес мекемелері мен редакция қызметкерлері ұйымдастырған «Ай»
атты қолжазба журнал. Өлең мәтінін I.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев «Жұлдыз»
журналының 1958 жылғы 6-нөмірінде жариялаған.
Қ.Жұбановтың өлең жазу машығына тағы бір дәлел – Есет Жұбановтың
мұрағатында парақтардың шеті жемірілген, сарғайған торкөз дәптер. Мұнда
ғалымның көңіл-күйі, ішкі сезімі айшықталған:
Достарыңызбен бөлісу: