қабылдады. Бірақ отрядтар көп ұзамай қайтадан ыдырап кетті. Біреулері
Хэнаньда, енді біреулері Шэньсиде әрекет етті. Чжан Сяньчжун басқарған
отряд Янцзы өзенінің алқабымен үлкен жорық жасады. Қайсыбір кездерде
көтерілісшілер отрядтары үлкен үкімет әскерін де жеңіп отырды. Бірақ
көтерілісшілер өз жеңістерін дұрыс пайдалана алмады. Кішігірім қалаларды
басып алған соң онда берік базасын құрмай, әрмен қарай жылжи берді.
Көтерілісшілер отрядтары кеткен соң ол қалалар қайтадан үкімет жағына
шығып кетіп отырды. Көтерілісшілер басып алған жерлерде халыққа барлық
қарыздарынан, салық төлеуден құтқарамыз деп уәде берді. Бірақ өздері
халықтан азық-түлік, қару-жарақ пен киім-кешек үшін қаржы жинап алып
отырды. 1636 жылы үкімет солтүстік шекарадан әскер алдырып көтеріліске
ауыр соққы береді. 1636 жылғы маусымда император барлық
көтерілісшілерге кешірім жасайтындығы, өз жерлеріне қайтқан шаруаларға,
үкімет әскеріне қайтып оралған солдаттарға көмек көрсету жөніндегі
жарлығын жариялады. Көтерілісшілер отрядтарының басшыларына офицер
атағын бермек болды. Кейбір салықтар мен қарыздар жойылды. Осыдан
кейін қозғалыс бәсеңдеп қалады. Көтерілістің бірқатар көсемдері үкіметке
қызметке алынады.
Алайда 1639 жылы көтеріліс қайта жанданады. Көтерілістің бұл
кезеңінде Ли Цзычэнмен Чжан Сяньчжун басты роль атқарады. Бастапқыда
Хэнаньда, кейін Хубэйде, Хунаньда бекіне отырып, Ли Цзычэн қатаң
орталықтанған негізде армияны қайта құрып, ресми билікке қарсы тұратын
әкімшілік аппаратын қалыптастырады. 1644 жылдың басында көтерілісшілер
жаулап алып, империяның батыс астанасы деп жариялаған Сианьде ол
император титулын қабылдайды. Өз мемлекетін ол Да Шунь деп атады. Сол
жылдың сәуірінде оның әскері Пекинге кірді. Император Сы Цзун асылып
өледі. Осы уақытта Сычуаньда бекініп алған Чжан Сяньчжун де өзін
император деп жариялап, Чэнду қаласын өз астанасы етті.
Билікке келген Цзычэн және оның жақтастары барлық бұрынғы
билеушілерді биліктен аластатты, олардың халыққа ең жеккөрініштілерін
тұтқындап, өлім жазасына кесті. Ең маңызды істерді бірлесіп, шешетін
көтерілістің белгілі 20 қайраткерінен тұратын кеңес құрды. Шенеуніктер
саны қысқартылды. Жер мен мүлікті теңестіру ұраны көтерілді. Өкімет
шаруалардан алынатын салықты бірнеше жылға жойды.
Алайда көтерілісшілер өкіметінің бұл шаралары ұзаққа созылмады,
өйткені көп ұзамай олардың билігі құлатылып, көтеріліс талқандалды. Дәл
сол жылы, яғни 1644 жылы солтүстік шекараны қорғаушы әскердің
қолбасшысы У Саньгуй мен Маньчжур атты әскерімен бірігіп, Ли Цзычэн
армиясын талқандап, Пекинді алды. У Саньгуйдың шақыруымен келген
манчжурлар Пекинді алып, жаңа Цин империясының негізін қалады.
Осы
әулет кейін бүкіл Қытайды басып алып, 1911 жылға дейін билігін орнатады.
Достарыңызбен бөлісу: