«ІЛИЯС МҰРАСЫ ЖӘНЕ АЛАШТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
атты республикалық ғылыми-тәжірибелік студент жастар конференциясының материалдары
17
Ілиястың табиғатты суреттейтін туындыларының ішіндегі қазақ тілінің байлығы мен
ғажайып бейнелеу қуатын, сұлу оралымдылығын шебер пайдаланған, ұлттық бояуы қанық та
жарасымды ерекше шығармасы "Жетісу" суреттері". Ол жайында ұлы жазушы Мұхтар
Әуезов: "Мен Ілиясты бұрында білуші ем, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оның шын
мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол "Жетісу суреттері" өлеңін оқығаннан
кейін", - дейді. Туған жердің ерекше көркем табиғатын ақын керемет шабытпен, ерекше
сүйіспеншілікпен жырға қосады. Өзіне ғана тән ерекше белгі, көрінісімен кім көрінген
байқай алмайтын немесе ойына кіріп-шықпайтын әлденеге ұқсастығымен сипатталады.
Осқырып теріс айналған Түптің суы
Сырт беріп, қос аяқтап тебетіндей,
Жыландай ирең аққан Иірсу да "
Білдірмей тау етегін сөгетіндей.
Лабасы төрде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей...
Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбелтаздың төбесіндей,-
Немесе:
Баладай былдырлаған сақау самал
Қойнына әжесінің сенетіндей -[2, 216-217 б.]
"Жалпы сын", "Тау суреті", "Жетісуда су суреті", "Жетісу жәндігі", "Жер түгі" деп
аталатын тараулардан тұратын бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, ғажайып
картиналар сериясынан тұратын полотнодай әсер етеді. Қазақ халқының мыңдаған жылдар
мекен еткен алтын ұя, құт мекені - Жетісудың асқар тау, ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр
құмдары тұнып тұрған сурет қалпында көз алдымызға елестеп, жүректі тербейді. Тарбағатай,
Алтай, Жоңғар, Алатау сілеміндегі белгілі-белгілі таулардан сөз суретіне түспеген бірде-бірі
жоқ десе де болады. Тау кескінінен ақын бірде адам мінезін таныса, бірде тұрмыс суретін
көреді. Кейде сұсты, қаһарлы, кейде күлкілі, сәулелі бейнелер туады. Дәл эпитет, оқыс теңеу,
келісті метафора көз тұндырады.
Әйгілі Қарқара жайлауының суреті:
Қарқара қалың қазақ көбесіндей,
Албанның албырт, ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты енесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былжықай, Бесжырғалаң, Түптің төрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау.
Үй-күлше, кұрттың жайған өресіндей.
Ақынның ел тұрмысында ежелден пайдаланылып келе жатқан әр түрлі бұйымдардың
түр-түсін асқан ақындық шеберлікпен айнытпай келтірген әрі көненің көзіндей жүрекке
жылы етіп бейнелеген өлеңдерінің де қазақ поэзиясынан алатын орны бөлек. Монолог
түрінде жазылған "Сабын", "Ұршық", "Саптыаяқ" сияқты өлеңдері - сондай туындылар.
Төрт-ақ шумақтан тұратын "Саптыаяқ" өлеңі ұлы суретшінің натурадан салған картинасы
тәрізді. Алдымен Саптыаяқтың сыртқы кескіні салынып, одан кейін түсін беретін бояуы
жағылады. Сырт кескіні былайша сипатталады:
Қарынсау, қара тегештей,
Қара қоңыр саптыаяқ.
Дөңгелек қарын, кемештеу,
Ақжем ернеу, ақ қабақ. [1,384 б.]
|