ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ ТАРАТУДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ ПОРТАЛДАРЫНЫҢ РӨЛІ: ГЕРМАНИЯ МЕН РУМЫНИЯНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН САЛЫСТЫРЫП ТАЛДАУ Диана Алпысбаева & Дина Джузбаева Кіріспе Пандемия кезінде қазақстандық медиа елдегі әлеуметтік мәселелерді
көрсететін басты инфлюенсер рөлінде болды. Қазақстандағы үйде
оқшаулану кезеңінде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық
25 пайызға артқаны белгілі болып отыр (отбасындағы зорлық-зомбылық:
агрессорды ғана емес, мемлекеттік органдарды да жазалағысы келеді,
2020). Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көлемі бір елмен шектеліп
қалмайды. Әлемде оқшаулану кезеңінің басында 6-сәуірде БҰҰ бас
хатшысы Антонио Гуттериш әйелдерге қатысты «тұрмыстық зорлық-
зомбылықтың саны бүкіл әлемде өрескел өсіп кеткенін» мойындап,
мұның алдын алу үшін әрекет етуге шақырды (“UN chief calls for domestic
violence ‘ceasefire’ amid ‘horrifying global surge”, 2020).
Сондықтан осы жағымсыз құбылыс туралы мәлімет таратуда
қазақстандық медианың маңызын жоққа шығаруға болмайды. Бұл
мақалада пандемия кезіндегі гендерлік тұрмыстық зорлық-зомбылықтың
артуының Қазақстандағы БАҚ-тың жаңалық бөлімдерінде жариялануы жайы қарастырылады. Нақты айтқанда, Қазақстанда карантин кезеңінде медиаматериалдың сапасына, журналистік стандарттарды қолдануына Румыния мен Германияның тәжірибесімен салыстыру жүргізіледі. Бұл мақала Қазақстандағы жаңалық порталдарының пандемия
кезінде гендерлік зорлық-зомбылық жайында қандай материал жазғанын
Германия мен Румынияның жағдайымен салыстыра отырып көрсетуді
көздейді. Қазақстан-Германия-Румыния елдерінде жарияланған
жаңалықтарға сараптама жасауға мақаланың қазақстандық тең
авторларының ғылыми білігі мен шет тілдерін білуі себеп болып отыр.
Зерттеу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық және гендерлік/
әйелге қатысты зорлық-зомбылық ұғымдары қолданылды, бұл
ұғымдардың мағынасы – «басқа адамға әсер ететін физикалық,
сексуалдық, эмоциялық, экономикалық немесе психологиялық әрекет
немесе әрекет жасаумен қорқыту» (United Nations, 2020).
Пандемияның әлі де жалғасып келе жатқаны мен қазақ әйелдеріне
қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шиеленісе түсуі осы
зерттеу мақаласын өзекті етіп отыр. Мақала осы тақырыпқа қатысы
бар қазақстандық және шетелдік ғалымдардың ғана емес, сондай-ақ
ортаазиялық «төртінші билік» пен гендерлік зорлық-зомбылықтың
арақатынасы туралы мәлімет іздеген зерттеушілердің де танымын
арттырады.