- төл сөзді жиі қолданудың орнына
парафраз жасауға тырысу.
Қорытынды жасау студенттің оқыған материалының мазмұнын
түсінгенін көрсетеді, себебі қорытынды негізгі түйінді ойды ғана беруге
құрылады. Бұл – академиялық жұмыстың басты мақсаты. Қорытынды жасау
үшін өзге авторлардың пікірлеріне сілтеме жасай отырып, еңбектің қысқаша
мазмұнын беруге болады.
Қорытынды жасау барысында ескеретін жайттар: -
мәтінді оқу барысында негізгі мәліметтерді белгілеп отыру;
-
мәтіннің негізгі идеясы мен тұжырымын бұзбай ықшамды пікір жазу;
-
тұжырымды негіздеу үшін мәтіннен идеяны қолдайтын мысал келтіру.
Қорытынды мен парафраз жасаудың өзара ұқсастықтары бар. Екеуінде
де автор өзгенің сөзін өз сөзімен береді, бірақ парафраз бір сөйлемді немесе
параграфты (абзацты) төлеу сөзге айналдыруға негізделсе, қорытынды тек
тұтас бір мәтіннің немесе тұтас бір беттегі негізгі ойды ғана беруге
бағытталады. Кейде бірнеше материалдағы пікірлерді жинақтау, яғни синтез
жасау арқылы берілуі де мүмкін. Бұл кезде дереккөздердің барлығына да
сілтеме жасалынады. Қорытындыға сілтеме жасалғанда, ақпарат алынған бет
көрсетілмейді, тек дереккөзге сілтеме жасалады.
Сонымен қатар өзге авторлардың сөзін қолданған кезде тыныс
белгілерді дұрыс қолдану қажет. Әдетте, автор сөзін сол күйінде, яғни төл сөз
ретінде алғанда тырнақша қолданылады. Бұл өзге автор сөзі мен жазған
автордың сөзін ажыратуға көмектеседі. Өзге авторлардың пікірлерін
қолданғанда, үнемі сілтеме жасап отыру қажет. Идея авторына сілтеме
жасамау плагиатқа деген сезік тудыруы мүмкін. Сол себепті төл сөз (дәйексөз)
бен парафраз (төлеу сөз) қолданылған жағдайда міндетті түрде сілтеме
алынған бет көрсетілуі тиіс. Ал қорытынды жасалса, сілтеме жасалғанымен
беті көрсетілуі міндетті емес, себебі автор толық бір дереккөздегі негізгі
идеяны қорытындылап беруі мүмкін.
Зерттеу жұмысын жазуды бастамас бұрын тақырып жайында жазылған
еңбектерге шолу жасалатыны белгілі. Сол себепті қажетті деген ғылыми
әдебиеттер мен құжаттарды мұқият таңдап алып, оларды жүйелеп алу қажет.
Пайдаланылатын материалдарды плагиат талаптарын сақтай отырып қолдану
үшін төл сөз, төлеу сөз және қорытынды жасау жолдарын жақсы білу қажет.