41
жазушының суреткерлік шеберлігінің қырларына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі тарауда
кіріспеде тұжырымдалған мақсат-міндетке сәйкес мынадай мәселелер қарастырылады. М.Әуезов
әңгімелеріндегі пейзаж көріністерін суреттеудегі жазушының шеберлігіне талдау жасалады.
М.Әуезов пейзаж суретін беруде алдына жан салмайтын қас шебердің өзі екені белгілі. Пейзаж
суретін әңгіме оқиғасына байланыстырып құрудағы жазушының баяндау тәсіліне жіті көз
жіберіледі. Оқиға барысымен сабақтас кейіпкер психологиясы мен табиғат құбылысын жазушы
бірлікте бейнелейді. Демек суреткер әңгімелеріндегі психологиялық параллелизм тәсіліне зерттеу
жүргізіледі. Әуезов әңгімелеріндегі портрет сомдау мен характер жасаудағы өзіндік қолтаңбасының
даралық сипаты ажыратылады. Тақырыпта айтылып тұрғандай жазушының суреткерлік шеберлігін
танытатын басты белгілеріне теориялық талдау жасалынуы керек. Яғни, негізгі зерттелінетін
мәселенің әдеби теориялық жағына, ғылыми талдау мен зерттеу жұмыстарына баса назар
аударылады. Негізгі тарауда тақырыптың басты мәселесі ашылуы және зерттелінуі қажет.
Қорытындыда жұмыстың өн бойында талдау барысында айтылған ойлар, пікірлер жинақталып
беріледі, яғни тақырып бойынша жалпы жұмыс туралы қорытынды жасалынады. Бұл бөлімде
зерттеліп отырған мәселеден шығатын қорытындылар тұжырымдалады. Кіріспеде көзделген
мақсат, міндеттердің орындалуы мен негізгі тарауда сөз болған теориялық ізденістер, әдеби-
ғылыми талдау жұмыстарынан шыққан қорытындылар пайымдалады. Курс, бақылау, реферат
жұмыстарының соңында сілтеме жасалу ретімен пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.
Көп жағдайда курс, бақылау, реферат жұмыстарында төмендегідей олқылықтар (кемшіліктер) орын
алады:
1) Тақырыпқа, зерттеу мәселесіне тікелей қатысы жоқ ұзақ-сонар кіріспе жазылады (мәселе
нақтылы бір туындаға байланысты болса да студенттер қаламгердің өмір жолын, жалпы
шығармашылығын тізбелейді). Нәтижесінде тақырып та, мәселе де үстірт немесе жеңіл сөз болады,
әйтпесе ашылмай қалуы да мүмкін.
2) Көркем туынды жайлы сыни мақалаларда, еңбектерде айтылған пікірлерді көшіруге бейім
тұрушылық көп кездеседі. Курстық, бақылау, реферат жұмыстары кішігірім шығармашылық
ғылыми еңбек саналатындықтан, онда студенттердің әдеби сауаттылығын танытатын өзіндік ой,
мысалдарға, фактілерге негізделген талдау, тұжырымдар болуы керек. Ал, әдеби-сын,
зерттеулерден пікір-тұжырымдарды ойын бекіту немесе пікір жарыстыру мақсатында оларға тиісті
сілтемелер жасай отырып орнымен ғана пайдалана білуі жөн.
3) Жұмыстың ішкі бөлім-бөлшектерінің тақырыптық, мазмұндық тұрғыдан өзара байланыс-бірлігі
жетпей жатады. Бұл жоспарға да, студенттің мәселені талдай, байыптай білу қабілетіне де
байланысты болып келеді.
4) Курс, бақылау, реферат жұмыстарының көпшілігі қарадүрсін тілмен жазылады. Дұрысында
жұмыстың тілі мәнерлі, көрікті болуы керек. Өйткені бұл шаруашылық есеп емес, өмір-болмыстың
теңіз толқынындай тынымсыз қозғалыстағы күйлерін, адам жаратылысының ақиқатын сырлы
суретпен сипаттаған сөз өнері, көркем туынды туралы толғаныс емес пе? Сондықтан бұл жұмыстың
өн бойынан студенттердің көркемдік әлеміне деген ынта-ықыласы, сөз өнерін сүйе де, түсіне де
білетіндігі, соған сай сезім-эмоциясы танылып, өзіндік айшықты тілі көрініп тұруы керек.
5) Курстық жұмыстардың реферат, конспект сияқты жазылып өткізілетін де түрлері де кездеседі.
Демек, студенттің курс жұмысының байыбына бара алмай, белгілі әдебиеттерден көшіріп алып
келуі жиі кездеседі.
Сондықтан осындай кемшіліктерді болдырмау жағын көп қадағалау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: