СӨЗ СОҢЫ
Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің жанрлық дәстүрінде роман маңызды
орын алады, әдебиетіміздің көркем прозасында, соның ішінде тарихи
романдарда халықтың тарихи-мәдени және рухани өмірі кең көлемде
сипатталған.
Жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында тарихи
фактілер мен кейіпкерлердің, дәстүрлердің көркемдігін біріктіре отырып,
жинақтайды және оларды біртұтас поэтикалық көркемдік жүйеге
айналдырады, сөйтіп тарихи роман жанрында жаңа биіктерге жетеді. Бұл
туынды қазақ әдебиетінде өзінің орнын алып, ұлттық прозадағы тарихи
романның үздік үлгісі болып саналады.
Ілияс Есенберлин тынымсыз шығармашылық ғұмырының баға жетпес
таңдаулы туындысы «Көшпенділер» трилогиясын әдебиетіміздің ұлттық-
көркем дәстүрлерін және тәжірибесін шығармашылықпен біріктіре отырып,
күрделі композицияға негіздеген, кең көлемді сюжет құрып, поэтикалық
икемді тілмен жазған.
Романның айқындаушы белгілерінің бірі ретінде жазушының қиялы
мен көркемдік ойының қосындысы секілді тарихилықты айтуға болады.
Тарихи романның тағы бір маңызды ерекшелігі – оның халықтың ұлттық
салт-дәстүрлеріне жақындығы мен тұрмысына деген көзқарасы. Трилогияда
ұлттық характерлер мен ұлттық психология суреттелген. Трилогияның
эпикалық атмосферасы терең психологизммен сипатталады. Трилогиядағы
романдар халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен бастап қазіргі кезеңдегі
айшықты көркем шығармаларға дейінгі этностың көркем ойының
арасындағы дәстүрлі байланысты сипаттайды.
«Көшпенділер» трилогиясының адам мен халық өміріндегі неғұрлым
драмалық, күрделі сәттеріне негізделген тарихи-философиялық мазмұнды
материалында шешілген моральдық-философиялық проблемалар жалпы
сипатқа ие болды.
Қазіргі заман әдебиетінде шындықты бейнелеуде тарихи роман жанры
жас ұрпақтың отаншылдық рухын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық
кино өндірісінде «Көшпенділер» фильмінің түсіріліп, қазақ ұлтының сол
дәуірдегі тұрмыс-салтын, отансүйгіштік рухын әлемдік деңгейге
таныстыруы бұл мәселенің маңызды екенін айғақтайды.
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тарихи деректердің
сонылығымен сипатталады. Яғни қазақ даласындағы Шыңғыс хан
ұрпағының екі жүз жылдық және қазақ тарихының бес жүз жылдық кезеңін
қамтитынымен құнды, поэтикалық көркемдік сипаты мен ұлттық колорит
жоғары
бағаланады.
Жалпы
трилогияның
көркемдік
бейнесінде
фольклорлық сарындар (қиял-ғажайып ертегілер, ұлттық дәстүрлер, мақал-
мәтелдер, шешендік өнер, айтыс, билер шешімі т.б.) жиі кездеседі және өте
тартымды беріледі.
154
Жазушының «Көшпенділер» трилогиясында қолданылған көнерген
сөздер көп функция атқарады: біріншіден, бұл стилизация мен тілдік
көркемдіктің, айшықтылықтың белгісі; екіншіден, мұндай сөздерді қолдану
қосымша танымдық ақпарат береді; үшіншіден, бұл тәсіл мәтінге деген
қызығушылық тудырып, оқырманды әр түрлі сөздіктер қарауға жетелейді,
яғни оқырманның тілдік компетенциясын жетілдіреді.
Трилогияның мазмұндық-көркемдік құндылығы ондағы тарихи
тұлғалардың психологиясын көркемдікпен сомдауда шынайы көрініс береді.
Автор сол кезеңдегі болған оқиғаның куәгері және баяндаушысы сипатында
көрінеді.
Сонымен қатар шығармада тарихи тұлғаларды әсірелеу көп кездеседі,
кейде тарихи деректерге қисынсыз тұстары байқалады. Дегенмен
трилогиядағы
образдардың
сомдалуы
көркемдік
құндылығымен
сипатталады.
Тарихи трилогияның психологизм мен күрделі шежірелік сипатты
негізге алған тұстарында қазақ халқының генеалогиясын көркемдікпен
зерделегені көрініп тұрады.
Тарихта болған әйгілі тұлғаларды көркем шығармада бейнелеудің бір
құндылығы – олардың халық үшін жасаған ерліктеріне әділ баға беріп, халық
алдындағы шын бейнесін дұрыс жасау керек. Себебі оқырман қауым тарихи
тұлғаның көркем шығармада суреттелген бейнесіне қарап, оның характеріне
қанық болуды қалайды. Автор тұлғалардың қатысуымен болған оқиғаны
суреттеп қана қоймайды, сонымен қатар тарихи оқиғаны жасауға
итермелеген себептерді, мотивтерді көрсетеді.
Ілияс Есенберлин трилогиясындағы билер мен жыраулар бейнесі шын
мәнінде бізге жеткен аңыздар, ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жасалған.
Жазушының шеберлігі сонда, ол тарихи тұлғаның болмысын халықтың
көңілінен шығатындай етіп сомдайды, яғни көркем туындының шебері
екендігін көрсетеді.
«Көшпенділер» трилогиясында аңыздар мен ауыз әдебиетінің озық
үлгілері негізгі детальды құрайды, яғни фольклорлық, мифологиялық
сарынмен байланысып отырады. Демек фольклор үлгілері тарихи шығармаға
көркемдік реңк беріп, халық өмірінің қиындығын да, қуанышын да өлең-
жырмен, шешендік сөздермен бейнелеп отырған, осы мұралар ұрпақ
санасында шынайы тарихи деректермен шендесіп жатқаны белгілі болды.
Тарихи шығармалардағы аса мән беретін проблемалардың бірі – тарих
пен көркемдік шындықтың ара қатынасы. Автор өз шығармаларында аталған
мәселеге объективті тұрғыдан баға береді, яғни тарихи тақырыпқа шығарма
жазуда тарихи жазба деректерді, ауызша жеткен ел аңыздарын, фольклорлық
материалдарды молынан пайдаланғандығына көзіміз жетті. Жазушы
шығармада оларды пайдаланудың әр түрлі тәсілдерін қолданады. Бірде
тарихи деректі негіз етіп алып, шығарма мазмұнында қарама-
қайшылықтарды туындатады. Мұндайда шығарма астарындағы тарихи дерек
айқын байқалмайды немесе тарихи қаңқасын ғана сақтайды. Кейбір
155
жағдайда тарихи деректерді нақтырақ келтіреді. Әдетте жазушының
шежірелік жазба деректерді пайдалануда білімділігін байқауға болады, ол
шежірелік материалдарды өңдеп, көркейтіңкіреп қолданады және тым
әсірелеуге бармайды. Автордың тарихи фактілерді объективті көрсетудің
шебері екенін байқаймыз. Сол деректің кімнен немесе қандай еңбектен
алынғандығына дәл сілтеме жасайды. Мұндай құбылыс Ілияс Есенберлиннің
шығармасындағы құндылық бағыттарын айқындай түседі. Жазушы өз
еңбегінің тарихи негізін биіктете түсу үшін осындай тәсілге мақсатты түрде
барған. «Көшпенділер» трилогиясының сүбелі тұстары ондағы фольклорлық
материалдардың молдығымен сипатталады. Бұл жалпы қазақ халқының
тарихи ерекшелігінен туындаған қажеттілік болса керек. Өйткені қазақ
халқы өзінің көне тарихын қағазға түсірген емес, оны көкірегіне түйіп,
ұрпақтан ұрпаққа ауызша таратып отырған. Міне, жазушы осы детальды
жақсы пайдалана білген.
Сонымен қатар фольклорлық материалдар екі түрлі формада көрінеді.
Алғашында тарих жөніндегі көне жазба деректеріне қосымша материал
ретінде қолданылса, ал екінші формада тарихи тұлғалардың портретін
сомдауда кейіпкердің даралық бітімін жасаудың құралы ретінде
пайдаланылады. Соның нәтижесінде «Көшпенділер» трилогиясында
шешендік сөз жарысының, билер дауының, ақындар айтысының небір
тамаша картиналары көрініс береді.
«Көшпенділер» трилогиясының «синтездік» жанры анықталып, оның
роман-хроника, аңыз-роман, шежіре-роман жанрларынан тұратын, бір
жанрдың аясына сыймайтын күрделі туынды екендігі дәлелденді. Жанр
күрделілігіне байланысты трилогияда тарихи романға қойылатын барлық
талаптар орындалған.
Қазақ тарихи романдарының жанры – үнемі ізденуші, өзінің
қалыптасқан формаларын үнемі жетілдіруші жанр, себебі тарихи роман
авторлары шынайылықпен үздіксіз байланыста және тынымсыз ізденісте
болады.
Трилогияны құрайтын «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар»
романдарының көлеміне бес жүз жылдық ел тарихы енгізілген. Мұндай ұзақ
уақытты қамту үшін жазушы баяндау әдісіне көп орын берген. Айтушының
роліне жырауларды, ал баяндау тәсіліне аңыздарды көп қолданған. Бұл ретте
жазушының көркемдік шеберлігі оның фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерін
жандандырғанымен және оларды шығармасына өзек еткенімен сиптталады.
Жазушының трилогиясы қазақтың халық болып қалыптасу жолындағы
негізгі үш кезеңін суреттеуге арналған. Біріншісі – халықтың ел болып,
хандық құруға дайындық кезеңі, яғни Әбілқайыр хан мен Керей, Жәнібек
сұлтандардың арасындағы қақтығыстың туындауы. Бұл кезеңде жазушы
Әбілқайыр ханның негізгі қателігін, яғни халық батыры Қобыландыға халық
аяулысы Ақжол биді өлтіртуін тартысты суреттейді. Бұл оқиға қазақ елінің
қалыптасуына алғышарт болды. Бірақ ханның бір қателігі – оның халық
қадірлілерін дұрыс бағалмауында. Себебі халық Әбілқайырдан бөлініп көшіп
156
кеткен өз батыры Қобыландыны тағдырдың тәлкегіне қалдырмай, өз
тентегін өзі түзетіп, жөнге салды, мұның нәтижесі – Қобыландының елі үшін
небір жойқын соғыстарға қатысуымен сипатталады. Бірінші роман халықтың
алмас қылыштай жарқылдаған жігері мұқалмайтынын көрсетеді.
Екінші романда Төле бидің тәрбиесінде болған Абылайдың Бұқар
жыраудың дуалы сөздері арқылы халық бағасына ие болғандығы, сөйтіп үш
жүздің ханы дәрежесіне көтерлігені туралы жазылады. Бұл кезеңде жеке
хандық құрған қазақ еліне көрсетілген қысым да, жан-жақтан анталаған
азулы көршілердің қызғанышты көзқарасы да, ел билеушілердің үш жүзге
бөлінбекші болған таласы да мамыражай халықтың жанталасқан қалпын
бейнелейді.
Үшінші роман болса, елдігін жоймау үшін, хандығын құртпау үшін
өзге елдің билеушілеріне қарсы халықтың қаһарын суреттеуге арналған.
Жазушының трилогияны осындай үш кезеңге – Әбілқайыр хан, Керей
мен Жәнібек сұлтан кезеңіне, Абылай хан, Әбілқайыр хан кезеңіне,
Кенесары хан кезеңіне бөлуі де сәтті шыққан.
Қаламгердің тағы бір мақсаты қазақ халқының даналығын,
данышпандығын
көрсету
еді.
Сондықтан
біздің
диссертациялық
жұмысымыздың бірінші тарауы – халқымыздың сан талайлы тарихын,
ерліктерін, батырлығын суреттеуге арналса, екінші тарауы – халқымыздың
ел басқарған тұлғаларының, данышпан шешендерінің, ел қорғаған
батырларының бейнесін ұлықтауға арналды, ал үшінші тарауында дана
халқымыздың шешендігі, тапқырлығы, бай тұрмыс-тіршілігі, этнографиялық
көріністері туралы толғауға орын берілді.
Тарихи романдар – халық тарихын шынайы суреттеуде және
халықтың өзін өзіне таныстыруда қызмет ететін көркем құрал. Тарихи
шығармалардың көтеретін жүгі ауыр. Тарихи туындылардың көркемдік
маңыздылығы – тарихты бұрмаламай суреттеп, әрі халықтың тұрмыс-
тіршілігін, салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын барынша айқын, анық
бояуымен әрі сол кезеңдегі айшықтармен айнытпай бейнелеуінде болса,
тәрбиелік маңыздылығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата
дәстүрін, халық шежіресін, рухани мұраларды кейінге мирас етуде, жас
өскінді өз тарихы мен халқын сүюге тәрбиелеуде атқаратын қызметінде, ал
танымдық маңыздылығы – көркем шығарма арқылы ел тарихының
ақтаңдақтарын, тарих сахнасынан еріксіз өшірілген оқиғаларды, тарихи
шындықтарды қалпына келтіру, оқырманға жеткізу.
Заманының заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин қазақ тарихи
әдебиетінде қозғалмаған тақырыпта қалам тартып, тыңнан түрен салды.
Тоталитарлық жүйе мен кеңестік идеологияның құрсаулы цензурасынан
тайсалмай, ұлтшылдық жаласына ілігуден қорықпай қазақ тарихындағы ел
билеушілердің, билер мен ақын-жыраулардың, халық батырларының
тұлғасын сомдауды өзінің Азаматтық міндеті деп санады. Қазақ халқының
ұлағатты салт-дәстүрі, терең мағыналы ғұрыптары, атадан балаға жалғасып
келе жатқан этнографиялық биік мәдениеті Азамат жазушы қаламымен
157
сәнді, нақышты, өрнекті тұскиіздей өрілді. Дана халқының бай фольклорлық
мұрасы мен ауыз әдебиеті үлгілерін, шұрайлы тілін дәріптеу арқылы
талайлы тарихын бедерлеу жазушының Азаматтық парызының биігі
саналады.
«Кешегі Алтын Орда тұрған негізгі далада – Жаңа Қазақ
Республикасын орнатып», «тасты алтын, қамысты қайың ете алған», «тікенек
орнынан гүл өсіре алған», «Шыңғысхан шабуылынан бастап, алты жүз
жылдан астам өзінің жері, суы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ атты
көшпенді көкжалдардың ең соңғы ұлы көшін» қалам-қаруымен бүгінгі
ұрпақтың көз алдына елестетіп, олардың қаһармандық ерлігін санасына
сіңіріп, жастардың рухын көтеріп, Тәуелсіздікке ұмтылдырып, жаһандану
үрдісінде жұтылып кетуден сақтауға жанын аямай тер төккен, идеологиялық
күресте жігері мұқалмаған қазақтың қаһарман ұлы – Ілияс Есенберлиннің
нар тұлғасы биіктей бермек.
Шын тарихты тарихшы емес, суреткер жазады. Қаһарман қаламгер
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – соның айқын айғағы.
158
Достарыңызбен бөлісу: |