Әдеби KZ
Әбілқайыр Ордасының сайыпқыран ханды жоқтатпас бәлендей мұрагері жоқ
деп ойлап жүрген қастары, бұл тойда атасының туын құлатпас артында ұрпағы бар
екенін бірден көрді. Әбілқайыр ханға көкілташ болған, қазір Мұхамед-Шайбани
мен Махмуд-Сұлтанның атакесі Дарвиш-Хұсайын батыр күзеткен, ақылға бай, бой-
тұрпаты бірден адамның ықыласын аударар Мұхамед-Шайбани осы күннен-ақ
көзге түсті.
Сол күні қастар Ордасына Айбақ оғлан, Береке сұлтан, Аббас бек, Мұса бектер
жиналып, Мұхамед-Шайбаниды ұйықтап жатқан жерінде түнде шауып өлтіруге
кісі жібермек боп келісті. Бұл мәжіліске Бұрындық пен Қасым сұлтан да
шақырылды. Бұрындық көнсе де, Қасым:
— Хан тағын сақтар жанды қан майданда өлтіру керек. Ұйықтап жатқан
жерінде шауып тастау бұл ұры, қарақшылардың ісі. Біз хан тұқымымыз, мұндай
қылмысқа баруымыз күнә! — деп көнбей қойды.
Оның көнбегеніне қараған жоқ. Әбілқайыр Ордасына өш сұлтан, бектер
басына алтын орда тұрғызбақ боп, аты-шулы жан алғыш Құрыбайды жіберді.
Бірақ сұлтан жатқан үйге жыландай сыбыр шығармай кірген Құрыбайды,
Қасым сұлтанның кісі жіберуімен күні бұрын хабардар болып, өтірік ұйықтап
жатқан Мұхамед-Шайбани, алдаспанын жарқ еткізіп, құлаштай сермеп қақ бөлді.
Жазмыш деген қызық. Халық үшін көпір салам деп арман еткен эль Мүлік ибн
Зархум, халықтың өз арасынан шыққан жендет жігіттердің қолынан қаза тапты.
Ал, төрт жылдан кейін бұқара халықты қанға бояп, бүкіл Орта Азияны жаулап ала
бастаған, атақты Мұхамед-Шайбани хан бір ғана сұлтанның ерлікті көксеген адал
көңілінің арқасында аман қалды.
Еліне қайтып келіп, Қасым сұлтан әкесіне тойда болған оқиғаның, көрген-
білгенін бәрін айтып болғанында Жәнібек ұзақ ойланып отырды да, ауыр күрсінді.
— Түбі біз Әбілқайырдың орнына отырар Шайх-Хайдарды емес, Мұхамед-
Шайбани сұлтанды көзімізден таса етпеуіміз керек, — деді.
209
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |