Әдеби KZ
әр халықтың тарихында сан түрлі кезеңі болады: өсу, өркендеу, күйікке
ұшырау, күйреу... Осының бәрін басынан өткізген, заманының жақсылығын да,
жамандығын да көрген, келешегі үшін жан аямай күресе білген, ауыр күндерін,
басына төнген қауіп-қатерді жеңе білген халықтар ғана тарихта қалады. Өзінен
күшті шығып, Майя, Қошан секілді елдер құрып кетуге мәжбүр болса да, ондай
елдер адамзаттың мәдени өркендеуіне үлесін қосып кетеді.
Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы
ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп
жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі
құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай
қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын
біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын,
қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі
қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың
көкейкесті арманында жатыр. Бұл кезең халық рухының лаулаған кезеңі.
әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай
өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай
қалды. Бұрынғыдай халықты бөліп ұстауға шамалары жетпеді, енді көпшілік ерген
Жәнібек ханның соңынан еруге мәжбүр болды. Тек Темір би ғана бүлік шығара
жаздады.
Бірнеше жыл кейін Тіленші ұлы Шалкиіз жырау:
Алп-алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің!
Сен алтынсың — мен пұлмын,
Сен сұлтансың — мен құлмын, —
232
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |