ЭТИКА. ҚҰНДЫЛЫҚТАР ФИЛОСОФИЯСЫ
1. Аксиология және адамгершілік.
2. Этикалық ілімдердің тарихи типтері.
3. Негізгі этикалық категориялар ( парыз, игілік, мән және қажеттілік, ар-ұят, еркіндік).
4. Адамгершіліктің алтын қағидасы (Конфуций) және бұлжымас императиві (И.Кант).
5. Жүсіп Баласағұн философиясындағы ақиқат мәселесі. «Құт», «қанағат», «тәубе»,
«әділет», «сабыр» категориялары.
6. Қазақ халқының озық ұлттық этикалық құндылықтарын сақтап, дамыту – қоғамдық
сана жаңғыруының алғышарты және негізі.
Философияда құндылық мәселесіне әруақытта көңіл бөлінген. Оның дамуы И.Кант
философиясынан кейін ерекше қарқынға ие болды. Өйткені И.Кант «не нәрсе бар?», «ол
қандай болуы қажет» деп дүниені екі әлемге бөліп, болмыстың өзіндік табиғаты мен оның
қажеттілік, қызығу әлеміне қатысын анықтады.
Мәселен, жер, күн, ағаш адам санасынан тыс өмір сүріп жатыр. Олар табиғи, тылсым
дүниелер. Бірақ жердің, күннің, ағаштың көптеген қасиеттері мен белгілері адам үшін өте
маңызды.
Жердің құнарлылығы, күннің жылуы, ағаштың өнімі адамға өте қажет. Бұл жердің,
күннің, ағаштың құндылықтық бағасы.
Бірте – бірте философияда жаңа бағыт – аксиология қалыптасты. Оны Гуссерль,
Шелер, Камю, Сартр, Бердяев сияқты философтар дамытты.
Құндылық дегеніміз – адам мен қоғамның өміріндегі кез келген заттың, құбылыстың
ролі мен маңызы.
Адамның дүниетанымының мағыналық өзегін оған ең алдымен қажетті, қымбатты,
іргелі құндылықтар жүйесі құрайды. Олар екі деңгейде, яғни дүниені түйсіну және дүниені
түсіну деңгейінде көрінеді.
Дүниені түйсіну – дүниетанымның эмоциялық – сезімдік жағы, ол арқылы әлем
жөніндегі ең алғашқы білімдер қалыптасады. Кез келген нәрсенің, әрекетті белгілі
мағынасы, мәні, құндылығы бар. Маңызды немесе маңызды емес, орташа маңызды, тіпті
бейтарап оқиғалар, заттар бар. Адам өз өмірінде бір нәрселерге қатты ынтығады, ұмтылады,
ал бір нәрселерден қашық жүруге тырысады. Осы бағыттағы алғашқы бағаларды оның
сезімдері береді. Қоршаған ортаны не жақсы, не жаман деп бағалайды. Эмоциялық іс -
әрекет дүниеге деген қарым – қатынасты білдіреді, алғашқы таңдауды, өмірлік жолды
көрсетеді.
Әрине, мұнын негізін, түп тамырын анықтау қиын емес. Дүниені түйсіну, яғни
эмоциялық тұрғыдан қабылдау, білім алу, тәрбиелеу процесінде ақырындап, өздігінен
қалыптаса береді. Ата – аналар, туысқандар, ұстаздар, өзі ұқсауға тырысатын әдеби
кейіпкерлер әр түрлі оқиғаларға деген баға беруді, дамытады, өсіп есейген сайын қоғамдағы
оған тән әрекеттерді іске асыра бастаған уақыттан бастап адамның бойында бауыр, дос,
оқушы, сатып алушы, азамат, инженер, ғалым, тағысын тағы әлеуметтік сапалар өсіп
жетіледі. Бұл сапалардың әрқайсысында белгілі бір дағдылар мен икемділіктердің жүйелері
және эмоциялық сезімдік әсерленудің белгілі бір түрлері бар. Әр адам белгілі бір
мәдениеттің жемісі. Өйткені, ол әлеуметтік – мәдени ортада өмір сүреді, сол ортаның
рухани нәрін бойына сіңіреді.
Мәдениет әлемі – құндылықтар әлемі. Кез келген мәдениетті нақты құндылықтардың
жиынтығы ретінде қарастыруға облады.
Философиялық тұрғыдан алғанда құндылық дегеніміз – жалпы қоғам үшін топ, адам
үшін ең қадірлі, ең қасиетті нәрсе туралы түсінік.
Әрбір мәдени дәуірдің өзіне тән құндылықтары, яғни белгілі бір аса құрметтелетін
қасиеттері, құбылыстар жүйесі болады. Осы рухани абсолюттер ауысқан уақытта басқа
дәуір басталады. Құндылық ұғымы мәдениеттің ерекшелігін түсінуге көмектеседі.
Адам өзі үшін не нәрсе маңызды екенін өзі анықтайды. Көптеген рухани абсолюттер
көп адамдарға ортақ. Мысалы, тіршілік ету, өмірді сүю, ата – ананы қадірлеу, құрметтеу.
Бұл барлық адамдарға қымбат, ортақ рухани абсолюттер. Бұлжымайтын, асыл өмірлік
философия құндылық деп атады. Құндылық дегеніміз – адамның өмірін мәнді, сәнді ететін
түсініктер жүйесі.
Адам баласының тарихында қандай қиындықтар болса да адамды адам етіп
қалдыратын рухани тіректер қалыптасты. Осы рухани тіректер бірте – бірте құндылықтарға
айналады. Құндылықтар шындықты реттейді, оған мән, мағына, маңыз береді.
Адамның қолынан жасалған нәрсенің бәрі бос әурешілік емес, олар белгілі бір
мақсатқа бағытталған. Мақсатсыз қоғам, адам – тұл. Көне өнер бізді қызықтырады,
толғандырады, өйткені, олар адамдардың бір кездегі пішінге, порымға, түрге, мәнге,
мағынаға деген ұмтылысын білдіреді. Соны білеу, игеру бізге де қажет. Бүгінгі адам баласы
қол жеткізген биік деңгей, технологияның тың жетістіктері бұрынғы кәсіби шеберлік пен
икемділікті жоққа шығармайды.
Керісінше, оны білу, пайдалану кез келген жаңа технологияны кеңейтеді, байытады.
Адам өмірінің мәні құндылықтар жүйесінің тұлғалық интеграциясы. Құндылық
дегеніміз – адам қажеттілігінің бейнесі. Ол зат немесе идея болуы мүмкін. Сондықтан
материалдық немесе идеалдық деп екіге бөлінеді.
Материалдық құндылықтар – еңбек құралдары мен тікелей тұтынатын заттар. Рухани
құндылықтар – философиялық, діни, эстетикалық, моральдық, құқықтық, саяси, идеялар.
Барлық, құндылықтар қоғамдық өндірістің нәтижелері.
Кез келген құндылықтың екі сипаты – функциональді маңызы және тұлғалық мәні бар.
Мысалы, машинаның болуы бір адам үшін машықтану объектісі, екінші адам үшін мақтану
объектісі, қызметінің бұлжымас бір бөлігі, құралы, үшінші адам үшін табыс көзі.
Материалдық және рухани құндылықтардың қоғамдағы, адам өміріндегі маңызы әр
түрлі, олардың бірнеше маңызды сипаттары бар:
Материалдық құндылықтар
1. Физикалық статусы
2. Техникалық құралы
3. Праксеологиялық – экономикалық формасы
Рухани құндылықтар
1. Ақпараттық мағынасы мен сипаты
2. Материалдық іске асуы
3. Аксиологиялық функциясы
4. Әлеуметтік – экономикалық формасы
Материалдық құндылықтар дегеніміз, ең алдымен, белгілі табиғи сипаттары мен
қасиеттері бар әртүрлі табиғи материалдар. Олардан жасалатын заттардың техникалық
құрылымына байланысты оның құндылығы анықталады.
Белгілі бір техникалық тетікке немесе құралға айнала отырып, табиғи зат өндіріс
барысында немесе адамның тікелей тұтынуында өзінің қажеттілігін көрсетіп отырады,
сондықтан оның өндірістік – техникалық және тұтыну функциясы туындайды.
Материалдық құндылықтар қоғам дамуының барлық кезеңдерінде әрекет етеді.
Рухани құндылықтар белгілі ақпараттық және ақиқаттық мағынамен сипатталады.
Саяси, құқықтық, этикалық және басқа да идеялар дұрыс немесе бұрыс болуы да мүмкін,
бірақ олар өзінің құндылық табиғатын жоғалтпайды. Өйткені олар адамдардың әртүрлі
уақыттағы және кеңістіктегі ұмтылыстарын білдіреді. Барлық идеялардың материалдық
болмысы да бар, өйткені олар кітаптарда, мүсіндерде, архитектуралық құрылымдарда,
өлеңдерде, әндерде, әртістердің ойындарында, үнтаспалар мен ноталық жазуларда көрініс
береді.
Идеялар құндылық аясында белгілі бір нақтылық функцияны орындайды, олар
адамдардың арасындағы белглі бір қатынастарды реттейді.
Адам тіршілігінің құндылықтары. Адам өзінің күнделікті күйбең тіршілігінің аясын
кеңейтіп, оған мән, мағына беруге тырысады.
Біріншіден, ол өзінің өмір сүру фактісін өзі үшін ғана емес басқалар үшін де маңызды
еткісі келеді. Сондықтан ол өзіне - өзі үңіліп, өзін танытуға, өзінің тылсым мүмкіндіктерін
ашып көрсетуге тырысады: қарапайым сурет салу мен қолөнерінен бастап өнер мен
спорттың жоғары жетістіктеріне, қарапайым үй жұмысынан бастап саяси қызметке дейін
көтеріледі. Осы процессте әр адамның өзіндік қабілеті мен таланты ашылады.
Екіншіден, адам өзін өзі басқалармен қарым – қатынаста көрсеткісі келеді. Қарым –
қатынастың бастапқы түрі «Мен және Сен» қатынасы. Осы қатынаста адам өзін - өзі басқаға
жақын етеді, өзінің түпкі мақсаттары мен тілегін білдіреді. Бұл қатынастағы «Сен» міндетті
түрде басқа адам емес, кез келген ұнаған зат немесе құбылыс болуы мүмкін.
Қарым – қатынаста адамдар өздеріне тән адамгершілігін паш етеді, жан сұлулығы мен
жүрек жылуын, мейірімін ұсынады.
Үшіншіден, адам өзінен тыс жоғары құндылықтарға қол созады, яғни өзі – арман еткен
болашақтың немесе пірдің жетілген биіктігін бойына сіңірген саяси лидерді, танымал
актерді, рок – жұлдызды, философиялық, көркем, адамгершілік идеясын өзіне идеал етіп
алады. Бұл тілек адамның өзін бүкіл әлемнің, дүниенің бір бөлігі ретінде сезінуіне
мүмкіндік жасайды. Бұл бір тамаша сезім, өзін - өзі бір керемет деп сезіну адамды бақытты
етеді.
Сонымен қатар, адам әруақытта өзіне - өзі «осы кіммін», «қайдан шықтым?», «қайда
барам?» сияқты сұрақтарды қойып отырады. Бұның өзі одан әрі нығая беруіне, тамыр жая
беруіне жағдай жасайды.
Осы қасиеттердің бәрі адам тіршілігінің жоғары құндылықтары жинақталатын,
тоғысатын, рухани өмірді білдіреді. Адамның ең жоғары құндылықтары – шығармашылық,
махаббат, еркіндік, қайғыру, бақыт, рухани өмір туралы толғаулар адам еркін бе, әлде құл
ма? «Еркін болу дегеніміз не» сияқты сұрақтардан басталады.
Жоғарғы рухани құндылықтар дүниетаным мен тығыз байланысқан, оларға адам
әруақытта сүйеніп отырады. Жоғары рухани құндылықтардың әрқайсысы үлкен мағынаны
білдіреді, адам болмысының аса маңызды қырларын бейнелейді.
Шығармашылық – адамның табиғи таланты мен интеллектуалдық мүмкіндігінің
кеңінен ашылуының жоғарғы көрінісі. Шығармашылық – бұл ұлы қуаныш, сонымен қатар,
ұлы қиналу мен күйзеліс. Өйткені, осы процестің барысында өнерде, әлеуметтік өмірде,
ғылым мен техникада бұрын соңды болмаған жаңалықтар пайда болады, дүниенің тылсым
сыры ашылады, әлем өз болмысының әртүрлі қабатына мүлгіген керемет қасиетері мен
заңдылықтарына жол ашады.
Шығармашылық – адам бойындағы энергияның сыртқа атқылануы, яғни бұрқылдап,
буырқанып сыртқа шығуы.
Соның нәтижесінде табиғат құбылыстарының теңдестік, ырғақтылық, арақатынастық
белгілері көркем өнерде бейнеленді. Шығармашылық өмірді қайта құруға, дамытуға,
нығайтуға әруақытта жағдай жасап отырады. Оның бір тамаша қасиеті - өзің өмір сүріп,
тіршілік етіп отырған ортаға өзіндік баға бере отырып, одан туындаған құндылықтарды
көркем образдар арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Шығармашылықтың осы мүмкіндігі
қазақ кеңес әдебиетінің өкілі О.Бөкеев еңбектерінде өте әсерлі көрініс тапты. Өкінішке
орай, оны уақытында көп адамдар түсініп бағалай алмады. Басты себебі «социализмнің
жұмағында» өмір сүріп жатқан қазақтың қиын тағдырын жазушының мол дарыны көре де,
көрсете де алды, бірақ оны оқушысы қабылдай алмады. Өйткені, О.Бөкеевтің кейіпкерлері
қоғамдық сана мен мораль тұрғысынан көбінесе жалғыз, «қияли», «кісікиіктеу», көрер
көзге оғаштау, сәл өзгешелеу адамдар болып келді. Сонымен қатар, жазушы оларды
көбінесе табиғи стихияға қарама – қарсы қойып, қоғамнан бөлектеу қарады. Мұның өзі
О.Бөкеев тапқан өзіндік шығармашылық жол, рең, еді. «Қар қызы», «Жетім бота», «Атау
кере» т.с. моральдық – этикалық символдар. Солар арқылы автор нақты цивилизациядан
табан бекітер орын таба алмай аулақта, сағым көшінде, әуеде, су арасында, жағалауда
ойнақтаған басқа идеалды өмірдің ұшқынын көрсеткен.
Адам тіршілігінің жоғары құндылығы – махаббат. Махаббат дегеніміз - әлемге деген
құмарлық, шексіз, шетсіз дүниені аялауға тырысу, әлемді игеріп, одан өзіңе лайық орын
табу.
Адам материя мен жанның, жер мен аспанның, құдай мен албастының екі арасында
алпарысып, екіге бөлінуге мәжбүр болған бейшара жан. Нағыз махаббат жан мен тәнді
біріктіріп, адамды рухани көтеруге, нығайтуға тырысады. Әрине, махаббат терең ұғым.
Махаббат болмыстың іргелі негіздерін анықтайды. Ол – анаға, оның ақ сүтіне, туған жерге,
отанға, жарық дүниеге деген кіршіксіз, таза, сүйініш ғашықтық сезімі. Сонымен қатар
махаббат сезімі – жеке адамның, азаматтың тек өзіне ғана тән ерекше сезімі. Бұл жалпы
және қайталанбайтын құмарлық. Ол адам баласына және әрбір жеке адамға тән.
Махаббат – терең сезім. Бауырмалдық сезім махаббаттың барлық түрінің негізінде
жатыр. Бауырмалдық сезім деп жауапкершілік сезімін, яғни басқа адамда біліп, сыйлап,
оған шын көңілмен көмектесуді айтамыз. Ол – барлық адамға деген сүйіспеншілік.
Баланы дүниеге әкеліп, оны нығайтуға, өсіруге бағытталған ана махаббаты. Сонымен
қатар, бір – бірінсіз тұра алмайтын екі адамның бір – біріне деген сүйіспеншілігі.
Жоғары рухани құндылықтың таза бір түрі – еркіндік.
Мораль қоғамдық сананың өте көне формасы, ол қоғамдық қарым – қатынастармен
бірге туындап, өсіп, өрбіп отырған. Адамдардың бір – бірімен, әлеуметтік топтармен,
қоғамның барлық жүйелерімен қарым – қатынасын реттейтін ұстанымдар мен іс –
қимылдардың, нормалардың жүйесі. Моральдық нормалар адамдардың арасындағы қарым
– қатынасты Ізгілік пен Зұлымдық тұрғысынан бағалауға сүйенген.
Адамдар іс - әрекетін мынау жақсы немесе жаман деп бағалаған. Алғашқы
қауымдастықтарда адамдар өз арасындағы мәселелерді адамгершілік негізіне сүйеніп
шешіп отырған. Рудың ертеден бері қалыптасып қалған әдет ғұрыптары қоғам мүшелерінің
еркіне сай келгендіктен, олардың қажетін өтейтін болғандықтан, әдет – ғұрыптарды
мүлтіксіз орындау әркімнің үйреншікті дағдысына айналған.
Мораль
барлық азаматтардың мүддесін, арман – тілегін, еркін білдіреді, қоғам мен
адам мүдделерінің дұрыс ара – қатынасын бейнелейді, жеке адамның мүддесін жоғары
қойып отырады: кез келген азаматқа оның ұлтына, байлығына қарамастан басқа
адамдармен тең екендігін көрсетеді; іс - әрекетті бағалау үшін бірдей өлшем ұсынады.
Моральда қоғамдық қажеттілік, мұқтаждық, қоғамның немесе таптың мүддесін стихиялы
жолмен қалыптасып, көпшіліктің мақұлдауына айналған мінез – құлық нормалары,
талаптары түрінде көрінеді.
Олар көпшіліктің үлгі - өнегесі, әдет – ғұрып, қоғамдық пікірдің ықпалы арқылы нығая
түседі. Сондықтан мораль талаптары жеке біреудің жарлығымен тағайындалмайды, ол
адамдардың барлығы орындауға тиісті мінез – құлық формасы болып табылады. Бұл
талаптар айтарлықтай тұрақтылық сипатқа ие болады. Олардың ең бастапқы ерекшелігі –
олар адамның қалай өмір сүріп, қалай жүріп – тұруы керек екендігі жайлы түсіністер
түрінде идеялық жағынан негізделеді.
Моральдық сананың мәнін терең түсіну үшін оны құқықтық санамен салыстырып
көрейік.
Мораль мен құқықтың бір – біріне айырмашылығы мынада:
1.қалыптасуы жағынан: мораль қоғамның пайда болуымен бірге қалыптасады, ал құқық
мемлекетпен бірге туындайды;
2. айтылу түрі жағынан: мораль қоғамдық сананың түрі ретінде адамдардың іс - әрекетінде
тікелей өмір сүреді, ал құқық арнайы нормативті актілерде көрініс табады;
3. әрекет ету аясы тұүрғысынан: мораль барлық қоғамдық қарым – қатынасты реттей алады,
ал құқық тек іргелі, өзінің шамасы келетін қатынастарды ғана қамти алады;
4. әрекет ету мерзімі жағынан: моральдық нормалар оларды түсіне бастаған уақыттан
бастап іске қосыла береді, ал құқықтық нормалар арнайы белгіленген уақыттан бастап қана
әрекет ете алады;
5. іске асыру тәсілі жағынан: моральдық нормалар қоғамдық ықпал арқылы іске асырылады,
ал құқықтық нормалар мемлекеттің араласуын қажет етеді;
6. бағалау өлшемі тұрғысынан: моральдық нормалар қоғамдық сана, пікір тұрғысынан
болса, ал құқықтық нормалар заңды, заңсыздық тұрғысынан реттейді.
Моральдық нормалар мен талаптар заман ағымына, ұрпақ сұранысына, уақыт
талабына қарай өзгеріп, ұлғайып, жаңара, жаңғыра береді.
Моральдік түсініктер, ұғымдар жеке адамнан бастап бүкіл адамзат ғұмырын, жеке
топтан бастап бүкіл халық өмірін, дара тұлғадан бастап мұқым қоғам дамуын барша
қамтитыны рас. Әр заман, әр ғасыр, әр дәуір өз жаңалығын ала келеді. Дегенмен, моральдық
нормалардың адамзатқа, адамға қатысты мәңгілік құндылықтары бар: олар шындық пен
өтірік, әділдік пен әділетсіздік, адалдық пен арамдық, махаббат пен сатқындық, бейбітшілік
пен соғыс, еңбек пен өнер, жақсылық пен жамандық, ерлік пен аярлық, батырлық пен ездік
т.б.
Қоғамдық өмірде моральдық тұрғыдан баға беру маңызды роль атқарады. Моральдық
бағалау жасалған әрекеттердің адамгершілік талаптарына сәйкес келетінін немесе
келмейтінін анықтайды.
Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін еріншек, жалқау, нысабы жоқ
қанағатсыздарға Ыбырай Алтынсариннің «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап
боларсың», «Азға қанағат қылмасаң, көптен құр қаларсың» - деген өсиет сөзі дәл айтылған.
Педагог – жазушы осы сөзді шағын бір әңгімесіне түйін етіп алады. Оның қысқаша мазмұны
былай. Әке мен бала келе жатса, жолда бір ескі таға жатады. Бала оны алмай, өтіп кете
бергенде, әкесі тағаны алады да, қалтасына салады. Олар қалаға, қаладағы базарға келеді.
Әкесі әлгі тағаны базар алдында отырған темір ұстасына өткізеді. Ол аздап тиын тебен
береді. Әкесі тиынға шие сатып алып, шетінен жей жүріп, бір – бірлеп жерге тастай береді.
Әлгіде жерде жатқан тағаны бір-ақ рет еңкейіп алуға ерінген бала енді бірнеше рет еңкейіп
жерге түскен шиені тере бастайды. Сонда әкесі баласына жоғарыдағы ғибрат сөзді айтады.
Моральдық қарым – қатынастардың негізі – моральдық сана. Моральдық сана
құрамында маңызды элементтері бар күрделі құрылым.
Тарихи алғашқы және қарапайым адамгершілік бейнелеуінің түрі – нормалар. Норма
немесе қалып дегеніміз – белгілі бір мақсатқа жету жолында міндетті түрде орындалатын
талаптар жүйесі. Ол ақыл, нәзира, ереже, тілек, шек қою түрінде көрініс береді. Бірақ
барлық жағдайда парыздың көрінісі болғандықтан ол бұйрық түрінде болады.
Моральдық нормалар моральдық санада белгілі бар ретпен өзара байланысқан, біріне
– бірі туындап отыратын адамгершілік ойлаудың жүйесін құрайды. Моральдық кодекс
дегеніміз – моральдық нормалар мен принциптердің жүйесі.
Моральдық принциптер адамның іс - әрекеттерінің бағыттары мен өмірлік
ориентациясын анықтайтын жалпы адамгершілік борыштың жиынтығын бейнелейді.
Мысалы гуманизм принципі барлық адамдарға қадір – қасиетін сыйлау, мейірімділік
көрсету, ұжданнын құрметтеу тұрғысынан қарау керектігіне назар аударады. Гуманизм
адамның негізгі қызықтарын оның болмысының өзегі ретінде сақтауды ұсынады, әлсіздерді
қолдау, қоғамдық құндылықтарға сүйене отырып, тұлғаның әлеуметтік және адамгершілік
қасиеттерін қалыптастыруда маңызды.
Моральдық сананың маңызды ұғымдарының бірі –
Достарыңызбен бөлісу: |