67
қызметі ерекше қажет. Ал оқушыны белгілі бір психикалық алғышарттарға ие болып келетін, танып-білу
мүмкіншіліктері мол жеке тұлға деп қарастыру — теориялық ұғым жасаушы субъектінің
болмысын анықтау болып
табылады.
Оқушылар тілдің грамматикалық ережелерін есте сақтап, жатқа қайталап айта алады. Осы тілдік құбылыстар туралы
білімін коммуникативтік мақсатта еркін пайдалану қабілеті болмайды, кейбір кездері тілдің грамматикасын игермеген
оқушы сабақтан тыс кездерде сол тілде жақсы сөйлей алуы мүмкін.
Қазақ тілін оқыту сабақтарында тілді жылдам және сапалы игеру үшін міндетті шынайы түрдегі қарым-қатынастар
жағдаяттары ұйымдастырылуы керек. Мұндай сөйлеу тілдік жағдаяттары арқылы оқушылар қазақ тілін саналы түрде
меңгере алады.
Тілдің саналы түрде игерілуі баланың танымдық қабілеті мен таным күштерінің бірігуі арқылы іске асып отырады.
Баланың дамуға бейім таным күштерін байқаған мұғалім арнайы жұмыс арқылы оны ұштай түсуі тиіс. Мұғалім
оқушының қазақ тілінде төселе сөйлеуін, сауатты жазуын қамтамасыз ету барысында міндетті түрде оның танымдық
қабілеттерінің де дамуын да ескеріп отырғаны жөн.
Әрине, даму барысы оның физиологиялық даму мүмкіндіктерімен үйлесе келуін де қажет етеді. Мұғалім оқу-
танымдық процестің жетекшісі мен ұйымдастырушысы ретінде оқушының биологиялық және әлеуметтік дамуын
үйлестіріп отыруды баса назарда ұстайды. Жасөспірім кезінде баланың танымдық қызметі ерекше белсенділікпен өтеді
Оқушы тиісті оқу нысандарынан білімдік ақпарат алғанда, көп мағлұматтардың ішінен өзіне керек хабарды іріктеп
алады. Адамның басында осындай іріктегіш, селективтік аспап бар. Егер оқушы рецепторларына жеткен мағлұматтарды
іріктеп алмай, оған не әсер етсе, соны түгел қабылдаса, мақсатына жете алмас еді. Ол көп хабардың ішінен ненің қажет,
ненің қажет емес екендігін ажырата алмай, оқи алмас еді. Сондықтан көп мағлұматтардың ішінен өзіне керегін ғана
іріктеп таңдап алу — оқу тапсырмасын орындаудың негізгі шартының бірі.
Қазақ тілінен оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың педагогикалық негіздері дегенде, ең
алдымен, оқушылар меңгеруі тиіс деп танылған қазақ тілінен берілетін білім мазмұны, қазақ тілін ана тілі ретінде оқуы
арқылы оқушылардың тілдің кумулятивтік қызметін меңгеруі арқылы өзін-өзі тануы, тілдік санасы жетіліп, тілдік тұлға
ретінде қалыптасуына игі ықпал ететін педагогикалық заңдылықтар қарастырылады.
Қазақ тілін функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында оқытуда педагогиканың,
дидактиканың жаңашыл
идеяларын қолдану керек. Бұл ретте оқу бағдарламасы, оқулық, оқу құралдары мен оқыту формалары, оқушының
білімін тексеру мен бағалаудың жаңа формалары, жаңа оқыту технологиялары, білім мазмұнын сұрыптаудағы жаңашыл
әдістер т.б. мәселелер аса өзекті болып табылады.
Қазақ тілін функционалдық бағытта оқытуда дәстүрлі дидактикалық және қазақ тілін оқыту ұстанымдарының жүйесі
қатарында мынадай педагогикалық ұстанымдар басшылыққа алынғаны дұрыс деп санаймын: когнитивтік ұстаным,
креативтік ұстаным, рефлексивтік ұстаным. Көрсетілген ұстанымдардың оқушының ой операцияларының логикалық-
сабақтастық желісін құрап, ауызекі сөйлеу мен жазу сауаттылығын қалыптастырып, дамытуда орны ерекше екендігін
соңғы жылдардағы көптеген педагогикалық зерттеулер мен еңбектерде дәлелденіп келеді.
Қазақ тілін оқытуда оқушылардың сауаттылығын
қалыптастыра отырып, тіл үйрену белсенділігін арттыру үшін
интернет-технологияны қазақ тілін оқыту әдістемесінің орнықты бір компонентіне айналдыру керек. Мұндай істің бүгін
үшін де, болашақ үшін де маңызы зор. Интернет-технологияны енгізудің қаншалықты маңызды екендігін соңғы 5–7
жылда барлық білім алушылар да, білім берушілер де анық түсінді деп айтуға болады.
Интернет-технологияның қазіргі кездегі даму барысын қадағалай отырып, онда әлеуметтік сервистер мен
қызметтердің кең тарап келе жатқанын көре аламыз. Олар: блог, уики, покаст, твиттер, ютюб, қыстырма т.б. Оларды
кең арналы жүйеде қолдануға қазақ тілін оқытудың кейс-стади,
квест- сабақтар, электрондық-виртуалдық сабақтар,
қашықтан оқыту т.б. сияқты заманауи жүйелерді қолдану әдістемелері арнайы зерттелуі керек.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан
меңгертілуі басты орында болуы керек. Қазақ тілін функционалдық-коммуникативтік бағдарда оқытуда «тілден —
тілдік форма мен тілдің функциясына» және «тілдің функциясынан тілге» қарай жүру логикасы ұсталынады. Тіл
жүйесіндегі тіл бірліктерінің қызметі — өзінен жоғары тұрған тіл бірлігін құруға қатысуы, сөйтіп адам сөйлеуінде
барлық тіл бірліктерінің қызметінің көрініс табуы тілдің функционалдық ерекшелігі болып табылады.
Бұл ретте қазақ тілін қазақ мектебінде оқытудағы және қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы құзыреттердің басым
орны танылады. Қазақ тілін оқытудың басты мақсаты — қазақ тілінің төменде көрсетілген басты қызметтерін теориялық
және практикалық тұрғыдан меңгерту, өмірлік жағдаяттарда еркін әрі сауатты қолдануға дағдыландыру.
Қазақ тілінің қатынас құралы ретіндегі қызметін ұғындыру және меңгерту.
Қазақ тілінің адамның сезімді білдіру қызметі ерекшелігін меңгерту.
Қазақ тілінің танымдық қызметін меңгерту.
Қазақ тілінің адам ойын білдіру қызметін меңгерту.
Қазақ тілінің кумулятивтік, яғни қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жинақтаушы, қызметін меңгерту.
Қазақ тілі сабақтарының «Қызықты грамматика әлемінде», «Квест-сабақтар», «Жоба сабақтар»,«Ойын сабақтар»
сияқты оқу іс-әрекеттері белсенді өтетін түрлермен көбірек ұйымдастырылуы арқылы оқушылардың өз бетімен қазақ
тілі меңгеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік мол болады. Осы айтылғандармен қатар, қазақ тілі сабақтарында
оқушылардың «рефлексиялық жаттығулар» орындауына, білімін тексерудің тестілік түрін
қолдануына, жаңа
ақпараттық технологияларды мұғаліммен және өз бетімен қолдануына, жоба жұмыстарын түрлі формада қорғауына,
өзара пікірталастар мен семинар-сабақтар ұйымдастыруына жағдайлар жасап, белсенділігін арттыру жолдары
көзделеді.