Былғары - мал терілерін химиялық және механикалық әдістермен өңдеу арқылы
алынатын материал. Одан аяқ киім, сырт киім, айыл-тұрман, галантерея,
техникалық бұйымдар т.б. жасалады. Мал терісі үш қабаттан - шелден, өзеңнен,
қыртыстан тұрады. Былғары жасау үшін терінің жүні жидітіледі, шелі сылынып,
қыртысы жазылады. Терінің өзеңін (ортаңғы қабатын) өңдей отырып былғары
алынады. Өзең айқыш-ұйқыштанып тығыз байланысқан коллогенді талшықтардан
құралады. Теріні жүннен арылту үшін сілті (күл мен әк ерітіндісі) және фермент
жағылады, күкіртті натрий, әк ерітіндісі бүркіледі. Бірнеше сағаттан кейін қылшық
пен босаң қыртыс арнаулы машина арқылы оңай ажыратылады. Мұнан соң шелдеу
машинасымен терінің шелі сылынады. Осыдан шыққан шикізат көн деп аталады.
Көндегі сілті және басқа қосылыстар кетіріліп, әк сумен жуылып шайылады.
Шикізат талқымен жұмсартылады.
Арнаулы машинамен ылғалдан арылтылған соң, қалыңдығы бір тегіс болу үшін
былғары сүріледі де, қандай мақсатқа пайдаланатындығына және жағылатын бояу
түсіне қарай сұрыпталады. Тікелей бояу, қышқылды бояу, т.б. тәсілдермен боялған
былғарының қатпарлары жазылып, керу машинасына жіберіледі. Керіліп
кептірілген былғарының пұшпақтары кесіледі, сығылады және оған жылтыр өң
беріледі. Пайдалану мақсатына қарай былғары 4 топқа бөлінеді: аяқкиімдік
былғары, қайыс немесе айыл-тұрмандық былғары, сырт киімдік және
галантереялық былғары, техникалық былғары. Аяқкиімдік былғары қасаң және
жұмсақ былғары түрінде болады. Аяқкиімнің үстіңгі бөлігіне жұмсақ былғары, ал
табан бөлігіне (ұлтан, өкше, сірі өкше, т.б.) қасаң былғары жұмсалады. Қасаң
былғары ірі мал терісінен жасалады, өңделмеген терінің орташа салмағы 23-26 кг-
дан кем болмайды. Қайыс немесе айыл-тұрмандық былғарыдан белдік т.б.
бұйымдар, сондай-ақ, айыл-тұрмандар жасалады. Сырт киімдік және
гапантереялық былғары ұсақ мал терісінен жасалады, қалыңдығы 0,5-1,2 мм-ден
аспайды.
Достарыңызбен бөлісу: