18
Бұлақтың маңындағы 100 жылдық алып ағаштар біразы шіріп құлап
жатқанымен оны жергілікті халық отынға алмайды екен, себебі әулиелі жерге
деген халықтың құрметі өте жоғары. Оның үстіне бұлақтың суы халықтың тәу
етіп, қасиет тұтатын су көздерінің бірі екен және бұлақтың қасында құлап жатқан
зәулім ағашқа бұлақ басына келген халық шүберек байлап кетеді екен.
Осы бұлаққа жақын жерде орналасқан, Ақтоғай ауылынан 1 шақырымға
жетпейтін қашықтықта, таудың арасында орналасқан Жартас сарқырамасы - кәрі
Қаратаудың бауырынан ағып шығып жатқан сарқырама болып табылады.
Сарқыраманың аяқ жағы жуас қана өзен секілді ағып жатқанымен, оның
бастауына барсаңыз, кәдімдігідей қатты ағыспен, тастан құлай ағып жатқан кіші-
гірім сарқыраманы көресіз. Сарқыраманың бастауына тау жолы арқылы жетуге
болады және жолы онша қиын емес. Сарқыраманың бастауында келушілердің
шомылып, дем алуына болатындай жерлері бар.
«Жолбарыс қамалған» туралы аңыз. Баяғы заманда таластағы елге Ескендір
Зұлқарнайын соғыс салып келіпті. Қаптап келген жауға қарсы шыққан Отан
қорғаушылар ерен ерлік көрсетеді. Тау мен даладағы әр шақтал, әр биік, әр өзен
алынбас қамалға айналады. Ескендір Зұлқарнайын кеңесшілерімен кеңескенде
олар: «Бұл елдің тауында екі қызыл жолбарыс бар, соларды ұстасақ өздері тырп
етпейді. Олардың иесі – сол жолбарыстар», - деп ақыл айтыпты. Содан Ескендір
Зұлқарнайын әскеріне екі қызыл жолбарысты ұстау туралы жарлық береді. Жау
әскері талай күн, талай түн іздеп жүріп, екі жолбарысты Қаратаудың қойнауынан
көреді. Жан-жақтан қоршаған биік тау, кіретін-шығатын жол біреу ғана екен.
Жау жолбарыстардың шығатын жолын тас үйіп бекітеді. Жолбарыстарды тау
ішіне қамап, ұстамақ болып қанша тер төксе де, жаудың әрекетінен ештеңе
шықпайды. Екі жолбарыс бірде көрініп, бірде көрінбей жаудың ит сілікпесін
шығарады. Енді алудың мүмкін еместігін көрген Ескендір Зұлқарнайын кері
қайтыпты. Жолбарыстар сол қамалған жерінде қала беріпті. Бұл жерді ел кейін
Жолбарыс қамалған деп атап кеткен екен. Бұл жер туралы Қазыбек бек
Тауасарұлы басқаша аңыз айтады. Бұл жерде Жолбарыс ханның ордасы болған
деген пікір де айтылады.
Ісектас жартасы - Жаңатастан 4,5 шақырым жерде, Жаңатасқа баратын тас
жол бойында орналасқан. Бұл жартасты Чапаев жартасы деп те атайды. Бұл
жартасты алып динозаврға ұқсатуға болады, ерекше бітімді тас. Ал кеңестік
дәуірде Чапаевтың бейнесіне ұқсатқан. Жартастың биіктігі - 50 метр, өте көне
тау. Ісектастың түбінен Бүркітті өзені ағады. Бұрынғы кезеңде мұнда су
диірмендері болған екен. Егер қасынан барып, жақындап қарайтын болсаңыз,
тастан неше түрлі бейнелерді көруге және ұқсатуға болады, өзінше ерекше тау
ретінде тоқтап, қызықтауға болатын жер.
Маятас үңгірі - Маятас ауылынан оңтүстікке қарай 9 шақырым жерде,
Бүркітті өзенінің шығысында орналасқан. Үңгірдің ортасы 5 қанатты киіз үйдің
аумағымен бірдей. Оңтүстік жақтағы кіреберісінің биіктігі - 3,5 метр. Үңгір
алғашқы адамдардың тұрағы болған. Алғашқы қауымдық құрылыстан келе
жатқан өте көне үңгір.
19
Саудакент қалашығы - Сарысу ауданы, Саудакент ауылында орналасқан
ортағасырлық қала жұртының орны. Қаланы 1901 жылы В.А.Колосов зерттеген
екен. Саудакенттің орны тікбұрышты келген, көлемі 230 және 160м., биіктігі 6
метрлік төбе. Қала орнында 11 мұнараның орындары сақталып қалған.
Саудакент арқылы Жібек жолының сауда керуендері өткен.
1946 жылы Ә.Марғұлан жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде қала
орнынан сырланбаған қыш ыдыстар, мал сүйектері шыққан. 1980 жылы қала
орнына
Жамбыл
облыстық
тарихи-өлкетану
мұржайы
өлкетанушы
Қ.Байбосыновтың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі кезде
қала жұртының орнына қазба жұмыстарын жүргізу қолға алынып, қаржы
бөлініпті.
Саудакент ауылында орналасқан Төкен Мақашев атындағы аудандық
тарихи-өлкетану мұражайының да келушілер назарын аударып, қызықты
мәліметтер береін экспонаттары көп. Мұражай 1978 жылы, Сарысу ауданының
құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында ашылған. 1991 жылы мұражайға еңбек
ардагері, Төкен Мақашовтың есімі берілген.
Мұражай жалпы 7 залдан тұрады, бір қабатты ғимаратта орналасқан.
Мұражайда «Көне дәуір», «Ықылас Дүкенұлы», «Табиғат ғажайып»,
«Этнография», «Мәдениет, ағарты және өнер», «Ұлы Отан соғысынан кейінгі
кезең» залдары бар.
Бір сөзбен айтқанда, Сарысу ауданы - тарихи тамыры мен тылсым сыры
тереңге бойлаған шежірелі мекен. Осының бір айғағы ретінде Саудакент
қалашығының орны әлі зерттелмеген, өз зерттеушілерін күтіп отырған жер екен
айтқан жөн. Осы жерлерге болашақта тарих мамандығының студенттерімен
бірге қазба жұмыстарын жүргізіп, осы қалашықтың сырын ашу мүмкіндіктері
бар.
Сарысу жерінің физикалық географиясы мен жер жағдайы, климаты басқа
аудандарға қарағанда өзгешелеу. Географ, эколог, биолог мамандардың жер
жағдайы, экологиясы, флорасы мен фаунасы болашақ мамандардың зерттеу
нысаны боларлық өте қызықты жер.
Ал туризм саласын дамыту, туған жер табиғаты мен тарихын зерттеп-
зерделеуде туризм мамандығының студенттері үшін Сарысу жерінде орналасқан
Ақтоғай аулындағы Қара жартас әулие бұлағы; Ақтоғай аулындағы Жартас
сарқырамасы; Жаңатас қаласына барар жолдағы Сектас (Чапаев) жартасы;
Маятас үңгірі; «Ынталы» үңгірінен артық бірегей орынды табу қиын. Сарысу
өңірінің экспедиция мүшелері көрген, сурет пен бейнежазбаға түсірген жерлері,
әрбір тауы мен тасы өңірге келуші туристерге көрсетуге өздері сұранып тұрған
жерлер екені дау тудырмайды.
Экспедиция барысында Жаңабай Миллионовтың «ШОҚАЙ ДАТҚА КІМ
БОЛҒАН?» атты материалы қолға түсті. Онда: «Бүгініңді білмесең болашақтан
үміт үз, бүгінімді білсем десең, өткеніңе үңіл» деген қағиданы ұстанып,
өткенімізге көз жүгіртсек қаншама мол дүниеге кезігіп, қазіргі жаңалық деп
отырғанымыз ғасыр басындағы жақсының жаңғырығы екеніне көзіміз жетеді.
Күнгейі мен теріскейінде жоталы қырлары, шатқалды құздары тұтасып жатқан,
кез-келген тасының түбінен мөлдір бұлағы жылғалай ағатын қасиетті қарт
Қаратаудың қойнауы тұнған тарих. Ғасырлар тереңінен тамыр тартатын қазақ
тарихының талай тағдырлы оқиғалары мен сырлы шежірелерінің тірі куәсі бұл
20
қасиетті өңір. Сол таулы-тасты, шыңды-құзды болып келетін іркес-тіркес
Қаратаудың бұйра қыраттарында, сайы мен саласында осы аймақтың белгілі
тұлғасы болған көрнекті қайраткер, танымал би, артында сөзі қалған шешен
Шоқай датқа Қарабекұлының да іздері, сөз жоқ, сайрап жатыр.
Сонымен біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Шоқай датқа шындығында
кім болған? Оның ардақты есімі, атқарған істері неліктен ұрпақтан-ұрпаққа
жалғасып, бүгінгі күнге дейін ұмытылмай келеді?
Шоқай датқаның өмір сүрген кезеңі біздің оңтүстік өлкелеріміздің Қоқан
хандығының бұғауында болған он тоғызыншы ғасырмен тұспа тұс келеді. Олай
болса Шоқай датқаның өмірі мен қызметін қазақ тарихының ең бір қасіретті
кезеңі болып саналатын Қоқан хандығының билік құрған уақытынан бөле-жара
қарауға әсте болмайды. Олай дейтініміз, біріншіден Шоқай Қарабекұлы – Қоқан
хандығының датқалық лауазымын иемденген оңтүстік өңірдегі санаулы, айтулы
тұлғалардың бірі және бірегейі. Әрине, бір ғасырдан астам жатжұрттық езгіде
ұстаған елдің билігінде болып, оның айтқанымен жүріп, айдауымен тұрды
дегенмен тіптен де мақтануға болмас. Десек те, Шоқай датқа – Қоқан хандығына
лауазымы жағынан қызмет атқара жүріп те халқына қалтықсыз жұмыс жасап, ел
ішіндегі басқару ісіне молынан араласып, ақты ақ, қараны қара деп, қара қылды
қақ жарып билік құрған, өңірге шешендігімен танылған қабырғалы қайраткер.
Кешегі өткен тарихқа тереңірек көз жүгіртсек қазақтың жағдайы қай кезде
де оңай болмаған. Бізде моңғолдың басқыншылығы, келесісінде жоңғарлардың
қанды қырғыны, ақыры соңында хиуалықтар мен қоқандардың езгісі, оның
үстіне өз арамыздағы ру-тайпалық алауыздық, билікке талас сияқты жағдайлар,
әрине жері – ұлан байтақ, көшпелі ат төбеліндей қазақтың дамуына тұсау
болғандығы тарихи шындық. Солтүстікте қылышын жалаңдатып, зеңбірегінен
жалын шаштырып алып ел – Ресей империясы тұрды. Осындай анталаған ашкөз
жаулардың қалың ортасынан әділ шешім қабылдап, тарихи дұрыс жол таңдау
тарихымыздың қадау-қадау шешуші кезеңдерінде қазақтың маңдайына біткен ат
төбеліндей ақылмандарына, би-шешендеріне оңай болған жоқ.
Міне, Шоқай датқа Қарабекұлы өмір сүрген бұралаңы мол, қайшылығы көп
заман оңтүстік өңір үшін дәл осындай қиюы кеткен кезең болатын.
Қоқан хандығының қазақтарға билігін жүргізе бастауы он сегізінші
ғасырдың соңынан бастау алатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Он
тоғызыншы ғасырдың басында Қоқанға Омар хан билік құрған 1809-1821
жылдар Шоқай Қарабекұлының балалық және жігіттік шағымен тұспа-тұс
келеді. Шоқай бала кезінен-ақ елдің басқару ісіне ерте араласып, сөзге шешен,
ақылға бай болып өсті. Ал қоқандықтар болса өз билігіне қазақтар арасында
неғұрлым ықпалды, ақылды, елді соңынан ерте алатын осындай адамдарды
таңдады. Қаһарлы ханның таңдауы Шоқайға тегіннен тегін түспегені де ақиқат.
Біздің жобалауымызша Шоқай Қарабекұлының датқалық лауазымға таңдалған
тұсы Омар ханның жасөспірім ұлы Мәделінің 1822 жылы хандық тәжін киген
кезімен тұспа- тұс келеді.
1845 жылы Қоқандықтардың жоғары билігіне Құдияр хан қонжияды.
Жалпы бұл кезде Шоқай датқаның нағыз шиыршық атып, кемеліне келіп, ой-
өрісі кеңейіп, өзінің басқаруындағы ру-тайпаларға ықпалы айрықша арта түскен
болатын. Қоқан хандығының екі билеушісінің тұсында біздің даңқты бабымыз
қырық жылдай датқалық қызмет атқарыпты. Әрине, жатжұрттықтардың
21
езгісінде болған өз еліне осыншалық уақыт басшылық жасау, билік айту,
бұралаңы көп, қиғаштықтары жетіп артылатын алмағайып заманда оңтайлы
шешім қабылдап отыру оңай болған жоқ. Осы арада Шоқай датқаның билік еткен
Бестамғалы елі туралы айтар болсақ, оның құрамында Шу өзенінің төменгі
сағасының сол жағалауы, Қарақұм құмдарын, Қаратаудың қос беткейін жайлап
жатқан Ысты, Ошақты, Шапырашты, Жалайыр және Сырғалы (Сіргелі) рулары
кіретін. Олардағы жалпы үй саны отыз бес мың шаңырақты құрайтын, осы
тарихи деректерден Шоқай датқа билік еткен елдің ауқымына бір шама көз
жеткізуге болады.
Омар ханның, Мәделі ханның, Құдияр ханның тұсында қоқандықтардың
езгісі оңтүстік қазақтарына өте ауыр тиді. Қазақтардан мал үшін алынатын зекет,
егіншілік үшін алынатын харадж салығының халыққа сонша ауыр тигендігін
мына бір деректерден айқын аңғаруға болады. Бестамғалықтар жыл сайын 8-10
мың басқа дейін қойды қоқандықтардың алдына салық үшін салып береді екен.
Қоқандықтардың езгісіне шыдамаған қазақтар талай рет көтеріліске де
шықты. Қарсылық жылдан жылға ұлғая түсті. Әсіресе Тентектөре басқарған
көтерілістің тарихи маңызы айрықша болды.
Міне, осындай қиын жағдайдан, қоқандықтардың билеп төстеуінен
құтылудың жолын Шоқай датқа ойламай қалған жоқ. Бұл арада қоқандықтардың
қанды шеңгелінен орыстармен одақтасу арқылы шығудың бір ғана жолы болды.
Және Шоқай Қарабекұлы сол жолды таңдады. Оның үстіне XIX ғасырдың екінші
жартысында орта жүз, кіші жүз ағайындар Ресей империясының бодандығына
толықтай өткен болатын. Шоқай датқа қандас бауырлардан бөлініп
қоқандықтардың билігінде қала беруді тіптен де қалаған жоқ. Шымкентті,
Әулиетаны және Верныйды Ресей империясына бағындыру мақсатында әскери
экспедицияны басқарған орыс полковнигі М.Г.Черняевтің өзінің басшылығына
жолдаған хаттары бүгінде мұрағаттар арқылы тарихтың игілігене айналды. Ол
хаттардың мәтінін оқи отырып, сол кезеңнің бүгінде көмескілене бастаған біраз
оқиғалары туралы нақты болжамдар жасауға мүмкіндік туады. Сол хаттардың
бірінде орыс полковнигі: «Шу өзенінің арғы жағындағы ордалықтармен
(оңтүстік қазақтары деп түсініңіз. Автор) жақсы қарым-қатынас жасасу және
оларға тән күдік пен сенімсіздікті сейілту үшін мен күні бұрын – қосынымыз
Верныйдан аттанбай тұрып барлық білгілі ру басыларына хат жолдадым... Мен
өткен жылы Созақ пен Шолаққарған төңірегінде танысқанымызды пайдаланып,
Бестамғалықтардың биі Шоқайға да осындай мақсатпен хат жібердім, ол – осы
өлкедегі ордалықтар (қазақтар) арасында да, сондай-ақ қоқандықтар арасында да
беделді үлкен адам. Мұндай әрекеттер біз үшін қолайлы нәтижелерсіз қалған
жоқ... Бішкекте маған Шолаққарғаннан – бестамғалық бес адам өздерінің биі
Шоқайдан хат ала келіпті, олар өздерінің ру басыларының (Шоқайдың) орыс
бодандығын қабылдау үшін Әулиетаға келетінін айтты» деп жазған. Бұл хат 1864
жылы мамырдың жиырма жетісінде Меркі қамалынан жеке Сібір корпусының
командиріне жолданған.
Шоқай Қарабекұлы сол жылы Әулиатаға орыс бодандығын қыбылдау үшін
келді ме, келе алмай қалды ма, бұл жөнінде біздің қолымызда нақты тарихи дерек
жоқ. Бірақ бір нәрсе анық. Полковник Черняевқа Шоқай Қарабекұлы тарапынан
оңтүстік қазақтарының орыс империясының бодандығына өтуі туралы аса құпия,
астыртын берілген келісімнен Қоқан хандығы, әрине хабарсыз қалған жоқ.
22
Жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстап келген оңтүстік қазақтарының
уысынан сусып шығып бара жатуы және бұл жағдайдың бастауында қазаққа
беделі күшті Шоқайдың тұруы Қоқан бектерінің өте-мөте ашу-ызасын тудырды.
Бұл жолы қабағы қатулы, көкірегі түкті түстік қожайындардың қанды қол
құрсауына Шоқай би құтылмастай болып ілікті. Соңынан ала Қоқан ханы Шоқай
датқаны сарайына алдап шақырып алып, үзеңгісіне у жағып, қастандықпен
өлтірді.
Міне, осы кезеңнен бастап оңтүстік қазақтарының Ресей империясына
бодандыққа өту кезеңі басталды. Бір елдің бодандығынан екінші бір империяның
бұғауына түсу, әлбетте соншалықты өзін өзі ақтайтын тарихи шешім де емес
шығар. Сол тұстағы қалыптасқан тарихи жағдайда оңтүстік қазақтары үшін
басқа жол қалмаған еді. Оның үстіне Шоқай Қарабекұлы орыстармен әскери-
экономикалық одақ құрудың болашақ үшін пайдалы жақтарын көрегендікпен
болжай да білді.
Өкінішке орай, Шоқай датқа Қарабекұлының туған және өмірден өткен
жылдары жайлы нақты деректер бізге жетпеген. Оның тікелей ұрпақтарының
айтуы бойынша және көнекөз қариялардан кезінде естіген деректерімізге
сүйенсек, датқа пайғамбар жасында қайтыс болған.
Шоқай датқаның кіндігінен тараған ұрпақтары бүгінде елде және еліміздің
басқа да қалаларында өмір сүріп, өрбіп өсуде. Сол ұрпақтары бойынша есептеп
көргенде, қайраткер бабамыздың туған жылы бізді 1800 жылдардың басына
жетелейді. Ал енді, 1864 жылы мамырдың соңындағы орыс полковнигі
Черняевтің хаты, онымен Шолаққорғандағы астыртын кездесуі, Шоқайдың
Пішкекте арнайы өзінің адамдарын жіберуі сияқты қоқандықтардың қытығына
тиетін жағдайлар Қоқан бектерін оған қастандық жасауға итермелеуі әбден
мүмкін еді. Оның үстіне ұрпақтан ұрпаққа жеткен әңгімеден білетініміз Шоқай
датқа қоқандықтардың үзеңгісіне у жаққанынан қайтыс болғандығы. Сонда осы
бір тарихи оқиғаларды сараптай келгенде Шоқай датқаның пайғамбар жасында
қайтыс болды деп тұжымырдауға толық негіз бар»,-деп баяндалған.
Сонымен қатар, Талас ауданы, Сейілбек ауылы тұрғыны Шүкірғали
Ақымбекұлының «ҚАРАҚОЖА МЕШІТІН САЛДЫРҒАН КІМ?» атты әңгімесі
де алынды. Бұл әңгімеде: «Алланың разылығы үшін жасалған барлық
амалдардың сауабы мол. Жасаған жақсылығыңның қайтарымы Алладан.
Құранда да, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де жақсылықты ең
алдымен ата-анаңа жасау үкім етілген. Жақсылық асырап-бағу, дүние-мүлікпен
өлшенбейді екен. Ол – онсыз да сенің парызың. Өйткені ата-анаң саған өмір
сыйлады, өсірді, бағып-қақты. Сондықтан «ол жақсылық – игі амал, сауапты іс
болуға тиіс» дейді имамдар.
Мұндай имандылық сауабы мол әрекеттер туралы бала кезімізде әке-
шешеміз де құлағымызға құйып отыратын.
Ұлы Отан соғысына қатысып, елге Жеңіспен оралған әкем Ақымбек
Далбайұлы 2014 жылы 96 жасында Алланың аманатын тапсырып, дүниеден
озған кісі. Талас ауданының «Майтөбе», Ильич атындағы кеңшарларында мал
бағып, адал еңбегімен ел құрметіне бөленді. Тағдырдың тауқыметін аз тартқан
жоқ, содан да болар арнайы оқып білім ала алмады. Жарықтық ата-баба тарихы,
қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жөнінен тұнып тұрған шежіре-тін. Ұлы
жүз Ыстының Ойық руының Көкшекөз-Жәдігінен тарайтынымызды әкем
23
құлағамызға құйып отыратын. Одан бері қарай өзіме дейін тарқата білемін және
аталарымыздың әрқайсысы туралы аңыз-әңгімелерден де хабарым бар.
Мысалы, құлаққа жағымсыздау естілсе де, «шаш аламын дегенің –
Жәдіктігің, бас аламын дегенің – бәдіктігің» деген мәтелге айналып кеткен сөз
тіркесінің өзі бабамыздың тегін адам болмағанын көрсетсе керек.
Ертеде елге келіп, ерулеп жатқан бір кісі Жәдікке «шашымды алып бересің
бе?» дейді ғой. Сонда бабамыз «шашыңыз түгілі басыңызды да алып беремін»
деген екен. Анау кісі де тегін болмаса керек, «шаш аламын дегенің – Жәдіктігің,
бас аламын дегенің – бәдіктігің» депті ғой табан астында. Қанша тауып айтылған
десек те, осылай сөзбен қақтығысудың түп-төркінінде бір себеп, бір шындық
жатады.
Аңызда әлгі қонақ би-болыс не бай-бағланның бірі ретінде көрсетіледі.
Демек «шашымды алып бересің бенің» астарында ашық айтылмаса да ептеп
болса да өктемдіктің бар екенін үй иесі іші сезеді ғой. Әйтпесе, өзі қонақ, өзі
үлкен кісіге әлгіндей жауап қайтармас есті азамат. Олай болса, «бабамыз
басынан сөз асырмаған, айтарын жасқанбай айтатын аузы батыр кісі болған-ау»
деп пайымдайды мендегі ой.
Одан беріде Қойбас бабамыз да шаруасын күйттеп, өзінен тараған өрен-
жарандарын тату-тәтті қалыпта ұстапты. Ал, Марал бабамыз «жан-жануардың
тілін білген екен» дейді бізге жеткен аңыз. Бірде ағайынға өкпелеп ауылдан кетіп
қалған Маралды іздей шыққандар иен далада киіктерге алақанымен жем беріп
жүрген жерінен тауыпты. Сонда бабамыз кісі көрсе шаңын көрсетпей қашатын
ақбөкендердің отарын емін-еркін аралап жүрген ғой шамасы. Тегін кісі
болмағанын содан-ақ біле беріңіз. Одан кейінгі «майлы қазан Малдыбай»
атанған бабамыз дәулетті кісі болғаны осы теңеуден-ақ көрініп тұр. Істің көзін
білетін, мәмілегер, ұтқыр ұйымдастырушы болған бұл бабамыз ағайын арасынан
керуен жасақтап, Тәшкеннің базарына мал айдатып, ол жақтан мата, киім-кешек,
шай-қант, азық-түлік, тағы басқа тұтыну заттарын алғызып отырған. Әрине,
көшпелі халықтың тері-терсек, жүн-жұрқасын пұлға айналдырғаны, сөз жоқ ол
кісінің ілкімді іскер адам болғанын көрсетеді. Қазіргі заманның кәсіпкері
дегеніңіз осы емес пе?!
Сол кезде-ақ елдің ертеңін ойлап, Талас өзені бойынан тоған салдырып,
Жәдік көлін де жасатқан осы Малдыбай. Бұл көл күні бүгінге дейін халыққа
қызмет көрсетіп келеді.
Малдыбайдың баласы Күдері 114 жасқа жетіп, көп жасаған кісі екен. Оның
да қорасынан малы үзілмеген, ошағынан қазаны түспеген, күбісінен қатығы
арылмаған кісі болғаны айтылады. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен сол бабамыз
ұлы Райдың әйелі Жұпан келініне ылғи «Шырағым, Алла жарылқасын, басыңнан
бақ-дәулетің арылмасын!» деп бата береді екен. Батасы қабыл болып, одан бері
әулеттің бірлігін сақтап, тірлігін алға бастырған Жұпан-Ана болып, сол
анамыздың аты шежіреге жазылыпты. Жұбайынан жастай жесір қалған Жұпан-
Ана қара басының қамын күйттеген оттың басы, ошақтың қасындағы күйбең
тірлікпен отырып қалмай, елдік мәселелерді шешуге атсалысқан кісі екен. Ол
Райдың ошағының отын сөндірмей, әмеңгерліктен дәметіп әукесі салбыраған
қайын-қайнағаларын да маңайлатпай қойыпты. Оның үстіне әлгі дәмегөйлер ұлы
анамыздың сол кезде ат жалын тартып мініп қалған, сайыпқыран іс-
әрекеттерімен «Қос көк» атанып үлгерген, бірі – 14, бірі 12 жастағы Далбай,
24
Талғарбай атты ұлдарынан бата алмаса керек. Олардың «Қос көк» атануы туралы
аңызға бергісіз әңгіме де бар. Ол жағын тереңдеп қозғамай-ақ қояйын.
Атасының батасынан бақ қонып, қызыр дарыған ұлы әжеміз – Жұпан-Ана
шаруаның тізгінін қолға алғаннан кейін тарихи ескерткіш – Қарақожа мешітін
салдыруға мұрындық болып, басшылық жасаған кісі. Ол қайнысы Сәмбетбайды
ертіп Тәшкенге барып, ұста-шеберлер әкеліп, мешіт салдырып, 14 жасар
Қарақожаны алдырып, имам етіп тағайындаған екен. Әрине, мешіт құрылысы
қаражатына жұрттан жылу жинатыпты. Әйтпесе, бір өзінің шамасы қайдан
жетсін. Дегенмен осындай үлкен істі ұйымдастыра білудің өзі көрегендік, ерлік,
батылдық емес пе?! Неге екенін қайдам, Қарақожа мешіті жөнінде әңгіме айтыла
қалғанда бұл тарихи шындық көп ауызға алына бермейді.
Әкем Қарақожа мешітінің тарихы туралы әңгімелегенде менің көз алдыма
елдің қамын ойлаған кешегі Ұлпан, Айғаным, оның арғы жағында Домалақ ана
бейнелері келгені шындық. Жұпан-Ана бейнесі өз уақытына, заманына,
ортасына қарай соларға теңеуге әбден лайық.
Қарақожа мешіті өткен ғасырдың басында, Қазан төңкерісі нәтижесінде
дүниеге келген Кеңес өкіметі орнатқан зобалаң заман – тәркілеу, ашаршылық,
қуғын-сүргінге дейін, елге қызмет көрсетіп иманды ұрпақты тәрбиелеуге үлес
қосты. Одан беріде Тәуелсіздік алғанға дейін елеусіз-ескерусіз қалды.
Астапыралла! «Елеусіз, ескерусіз» дегенім сәл артықтау болар, иманды
адамдардың арқасында бұзылмай қалды. Бірақ оны қалпына келтіруге, жөндеу
жұмыстарын жүргізуге ешкім бата алған жоқ. Әйтеуір, тарихи-мәдени
ескерткіштер тізімінде мемлекет қарауына алынғанына да шүкір!
Қарақожа ұрпақтары елде тұрақтап қалды. Қазақ – иманды, қайырымды
халық. Кез-келген ұлт өкілдері қазақтың арасына сыйысып кететіні хақ.
Біздің ауылдағы ағайындар Қарақожа ұрпақтарын пір санап, оларға деген
құрметінен айныған емес. Әрине, кешегі қуғын-сүргін заманында оларға тиіскен,
саусағын шошайтқан шолақ белсенділер болған. Бірақ ол үшін бүкіл елді
кінәлаған орынсыз.
Елде Рахметулла, Сүндетулла қожалардың жасырын түрде емшілікпен
айналысып, құранның күшімен талай ауруларды, әсіресе жүйке ауруларымен
ауырғандарды емдеп жазғанын анам Жарқынайдың аузынан талай естігенмін.
Бірде Сүндетулла қожа жолы түсіп, малды ауылға келіп қалғанында әкемнің қол
қусырып күткеніне, ол кісінің Ақкөл көлі бойында шомылып жүрген бізге қарай
жүзіп келе жатқан жыланды «оқумен» кері қайтарғанына өзім куәмін.
Жоғарыда мен атаған ата-бабаларымыз, әже-апаларымыз, басқа да
ағайындар Қарақожа мешіті маңайындағы, бүгінде «Сейілбек ауылы» атанған
Бестамның қасындағы қорымда жатыр. Олардың қай-қайсыларының орны да
белгісіз. Тегістеліп кеткен.
Сондықтан олардың аттары атаусыз қалмасын әрі кейінгі ұрпақтары ата-
бабалары қайда тыныстап жатқанын білсін деген ниетте баршасына ортақ белгі
– мәрмәр тақтатас орнатуды мақсат етіп, ол мақсатты жүзеге асыруды қасиетті
Рамазан айында қолға алдық. Құдай ниетті қабыл етсін деген тілегіміз бар»,- деп
айтылған.
Зерттеу барысында Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай
Миллионовтың «Қазақтың мың жылдық тарихын жырлап кеткен Майкөт ақын
неге елеусіз?» атты әңгімесі алынды: «Шындығында, қазақ жыршылық және
25
айтыс өнерінің биік шыңына жеткен Майкөт Сандыбайұлын бүгінгі ұрпақ, оның
ішінде әдебиетке жақын жүрген жастар толыққанды біледі ме? Бұл сұраққа бір
жақты жауап беру, әрине, қиын. Бір анығы, Майкөт сынды алып ақынның есімі
өз дәрежесінде еленіп, ескеріліп келеді, оның аса құнды шығармашылық мұрасы
жете зерттелуде деп айта алмаймыз. Қазақ ауыз әдебиетінің XIX ғасырдағы аса
ірі өкілі болып табылатын Майкөт ақын туралы еліміздің көлемін былай
қойғанда, оның туған өлкесі болып табылатын Жамбыл облысында және кіндік
қаны тамған Сарысу ауданында ауыз толтырып айтарлық істердің атқарылмауы
өкінішті-ақ. Кезінде В.Радлов, В.Бартолдь сияқты танымал орыс шығыстанушы
ғалымдарының назарын аударған, Әбубәкір Диваевтай сұңғыла зерттеушімен
бетпе-бет кездескен Майкөт Сандыбайұлының ұлт тарихындағы және қазақ
әдебиеті тарихындағы орнының осы уақытқа дейін айқындалмауы қынжылтады.
Шын мәнінде, Майкөт Сандыбайұлы кім болған? 1824 жылы қазіргі Сарысу
ауданы аумағында Шабақты өзенінің бойындағы Бестоғай шатқалында туған.
1902 жылы қайтыс болған. Жастайынан оқып, білім алған. Ақындық талантымен
өзі туған өңірде шиырлап қалмай, бүкіл қазақ даласына танылған. Майкөттің
Сыр бойына, Жетісуға, Сарыарқаға аты кеңінен таралған. Қазақ айтыс өнеріндегі
Майкөт ақынның шығармашылық жетістіктері айрықша. Құлыншақ, Молда
Мұса, Майлықожа, Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, Мәделі қожа, Бөлтірік,
Құлмамбет, Қазанқап, басқа да өз заманының белгілі ақындарымен айтысқа
түсіп, олардың көбісінде жеңіске жетіп отырған. Атақты Құлмамбетпен айтысы
айтыс өнерінің інжу-маржаны ретінде орыс, қазақ ғалымдары тарапынан өзінің
лайықты бағасын алған. Құлмамбет ақын Майкөтті «...көмейінен құс ұшырған»
деп бағалап, «...ел жайын молда Майкөт білген екен» деп жырға қосқан. Ал жыр
алыбы Жамбыл болса «Қаздай қалқып ерінбей, өлең тердім жасымнан, Майкөт
ақын Құлмамбет орын берді қасынан» деп өлеңдеткен. Жамбыл Әулиеатаға
арнайы іздеп келіп, Майкөттің аузынан «Көрұғылы» дастанын тыңдап, үйреніп
қайтқан екен. Майкөт ақындығымен қатар қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржаны
болып табылатын батырлар жырларын, қиссаларын күнді күнге ұрып, түнді
түнге ұрып бірнеше күн жатқа айтатын қасиеті болған. 1876-1965 жылдары өмір
сүрген Сұлтанбек Айқожаев Майкөт ақынның орындауындағы «Алпамыс
батыр» жырын қағазға түсірген. Бұл жыр «Алпамыс батырдың» ең көлемді
нұсқасы болып табылады. Майкөттің «Саржан болысқа айтқан жыры»,
«Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», Құлмамбетпен, Қазанқаппен,
Бөлтірікпен болған айтыстары, басқа да біраз туындылары сақталған.
Шығыстанушы ғалымдар «Қисса Май-көт немесе қазақтардың мың жылдық
та-рихы туралы мың сөз» деген атпен орысша аударылған кітаптың нұсқасын
өздерінің еңбектеріне арқау еткен. Жалпы Майкөт Сандыбайұлы
шығармашылығына қазақ әдебиетінің негізін салушылар Сәкен Сейфуллин,
Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов жоғары баға берген. Көрнекті әдебиет
зерттеушісі Мырзатай Жолдасбековтың ғы-лыми еңбектерінде Майкөттің
жыраулық өнері мен ақындығына кең талдау жасалады.
Біз жоғарыда айттық, осыншама бай әдеби мұрасы бола тұрса да, аса ірі
шығыстанушы, әдибиеттанушы ғалымдардан, қазақ әде-биетінің аса көрнекті
қайраткерлерінен лай-ықты бағасын алса да, Майкөт ақынның ақындық һәм
жыршылық талантын терең тану, туындыларын іздестіріп, жинастыру күні
бүгінге дейін бір жүйеге келмей-ақ қойды. Әрине әдебиетіміз бен
26
мәдениетіміздің ірі орталығы болып табылатын Алматыдағы және елордамыз
Астанадағы ғалымдарға айтар назымыз өз алдына, өзіміздің Тараздағы
мемлекеттік екі ірі жоғарғы оқу орнындағы әдебиетші ғалымдар үшін, жас
зерттеушілер үшін Майкөт шығармашылығы беті аш-ылмаған тың тақырып
болып табылмай ма?! Және бір ойда жүрген мәселе - қазір бізде қазақтың жақсы
айтыс мектебі қалыптасып жатыр. Оның бастауында Жүрсін Ерман сынды
қазақтың жампоз ақынының, ұлтжанды азаматының тұрғандығын біз жақсы
білеміз. Өзіміздің әдебиетші қауым Жамбыл өңірінен, Тараз қаласынан
Майкөттің айтыс өнері мектебін ұйымдастырып, жас таланттардың тұсауын
кесіп, шығармашылығына жол көрсетіп жатса кім қой депті?! Бір сөзбен
айтқанда Майкөт ақын шығармашылығына мықты насихат керек. Оның шы-
ғармашылығына арналған республикалық, ең болмағанда облыстық деңгейде
ақындар айтысы ұйымдастырылып жатса нұр үстіне нұр. Бұндай игілікгі
шараның бастауында әрине облысымыздың зиялы қауым өкілдері тұрса
басқалар іліп әкетері даусыз.
«Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» деп жатады өзіміздің
қазағымыз. Майкөт сынды ұлттың ұлы тұлғасының есімі түбегейлі ұмытылып
кетпегенімен, оның асыл мұрасының санамыздан көмескіленіп бара жатқаны
шындық. Әйтеуір Тараз қаласынан Майкөт ақын атына бір қысқа көше
бұйырыпты. Ал, алып ақын туған Сарысу ауданында дым да жоқ. Майкөттей
марқасқа жерлесіміз туралы осы уақытқа дейін үндемей келуіміз ауданның аузы
дуалы қарттарының, зиялы қауым өкілдерінің және ел басқарып отырғандардың
азаматтығына сын емес пе?!
Ойды ой қозғайды. Ұсыныстарды ай-ту оңай. Айтылған екен ол зерттелуге,
зерделенуге, ойластырылуға тиіс. Ойлы ұс-ыныстан жергілікті билік нәтиже
шығарып жатса қанеки.Сын түзелмей мін түзелмейді. «Ештен кеш жақсы» деген.
Осы орайда, айта кетуге тиістіміз. Жаңатас қаласындағы іргелі мәдениет ошағы-
аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Кіре беріс алды, жан-жағы әдемі
әрленіп, абаттандырылды, көріктендірілді. Сол мәдениет үйі елдің үлкен рухани
орталығы болып табылады. Ал елдің рухани орталығына рухы мықты Майкөт
ақынның есімі беріліп жатса жараспай ма? Мәдениет үйінің алдындағы көркем
алаңда алып ақынға еңселі ескерткіш қойылып жатса, қаланың көркіне көрік
қосылар еді-ау! Бұл тек бір адамның ғана пікірі емес. Аудандағы көп қарияның,
зиялы қауым өкілдерінің ойы, ізгі ниеті. Қазақтың мың жылдық тарихын жырлап
өткен Майкөт Сандыбайұлы сынды ақиық ақынға туған топырағында қандай
құрмет көрсетілсе де артық болмас еді. Бір анығы осы!
Экспедиция барысында жинақталған материалдар мен жазылып алынған
тарихи аңыздар сол өңірдің бай тарихы және тарихи тұлғалары жөнінде мол
мағлұмат береді. Бұл аңыздар қазіргі және болашақ ұрпақтың отансүйгіштік
қасиеттерін қалыптастыруға зор үлес қосады.
|