57
3. ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ, МЕРКІ, ҚОРДАЙ АУДАНДАРЫ БОЙЫНША
ТАРИХИ АҢЫЗДАР
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 15-29
маусымы аралығында Тұрар Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандары бойынша
«Әулие ата - киелі мекен» атты профессор-оқытушылар құрамы мен
студенттерден құралған экспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияның
мақсаты: «Туған жер» бағдарламасы аясында Әулиеата өңірінің киелі жерлерін
және Жамбыл облысы этностарының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін,
археологиясын елге таныту және насихаттау болатын. Экспедиция барысында
жиналған материалдар негізінде Жамбыл облысының киелі жерлерінің тарихи
аңыздарын, тарихи-танымдық деректерін жинау мақсаты қойылды.
Экспедицияның үшінші бағыты өз жұмысын Топ-ағаш әулие тоғайынан
бастады. Ол Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе елді мекенінен
10 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Топ-ағашта экспедиция мүшелерін
шырақшы Ұзақбай Ғалымжан қарсы алды. Ол Топ-ағаш туралы бірнеше
аңыздарды айтты.
Сурет 18. Киелі «Топағаш әулие» тоғайы.
Аңыз бойынша бұл жер Ұлы жүздегі Мақтым Ағзам Қожа немересі Нұрила-
Домалақ ананың дүниеге келген жері екен. Әкесі Шахристан оған осы мекенде
дүниеге келген қызына Алла аян бергеннен кейін «Нұр» және «Илла» деген сөз
тіркестерінен біріктіріп Нұрила деп азан шақырып ат қойған екен. 7-8 жасында
Нұрилаға Алла аян беріп, осы жерде қада қағып, 40 қызбен бірге өрнек тоқыған.
58
Тоқылған алашадан ел алғысына бөленген. Алланың құдіретімен әр қаққан қазық
жапырақ жайып, 1378 жылы осы Топ-ағаш пайда болған. 13 жасында Нұрила
қызға алла аян береді. Онда «Кім білегіңнен бірінші ұстаса, соған тұрмысқа
шығасың» деп айтылған екен. 63 жастағы Бәйдібек баба нөкерімен осы жерге су
ішуге тоқтағанда, су алып беремін деп Нұрила ана шылбырға шалынып құлап
бара жатып, білегінен Бәйдібек баба ұстап қалыпты. «Сен менің олжам болдың
ғой» деген баба сөзіне «Иә, алла маған аян берген» деп жауап беріп, тұрмысқа
шығып, ұлы Жарықшақ осы елді мекенде дүниеге келген екен.
Сурет 19. Киелі «Топағаш әулие» тоғайының қақпасы.
Қазіргі таңда Нұрила, яғни «Домалақ ана» туралы аңыздар көптеп кездеседі.
Біздің нұсқамызды жүзтомдық «Бабалар сөзі» атты жинақтың «Тарихи аңыздар»
бөлімінде келтірілген дерекпен салыстыруды жөн көрдік. Онда келтірілген
аңыздар нұсқаларында Нұрила анамыз туралы бірінші нұсқада былай деп
баяндалады: «Алып та, дана да анадан туады» деп халық бекер айтпаған ғой.
Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүрген көрінеді. оның екі әйелі
болыпты. Тоқалының бойы аласа, өзі толық болғандықтан жұрт оны «Домалақ»
деп атап кеткен, шын аты Бүбіжар екен. Бүбіжарды бертін келе ақылпарасатына
қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» атандырған. Бәйбіше тұрғанда кіші әйелге күн
бар ма? үлкен әйел күндестігін жасайды. Бәйбіше түнде Домалақтың үйіне түйе
болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп, Домалақ ене жатқан жерінен
тұрмай: - Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам
болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын!,-дейді екен.
Біздің жинақтаған деректерімізде «Домалақ ене» атты аңызға айналған
анамыздың шын аты «Нүрила» екендігін ескерткіміз келеді. Ұлы жүздегі
59
Мақтым Ағзам Қожа немересін «Нұрила», яғни Алла аян берген «Нұр» және
«Илла» деген сөз тіркестерінен азан шақырып қойылған екен деп айтылады.
Жоғарыда айтылған еңбекте тағы бір дерек ретінде мынадай аңыз
келтіріледі: «Бір күні ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек
қонатын жұрт таңдауға кетеді. Сары бәйбіше Домалақты үйіме жұртқа тастайды.
Біраз уақыт өткенде ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді.
Жұртта жалғыз қалған Домалақтан әлгілер жөн сұрайды. Ол шапқыншыларға
жөнін айтпаса да, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын
айдап әкетеді. Қайтарда ескі жұрттың қасынан өтеді. Көңілі тасыған жаудың
басшысы Домалаққа аяушылық білдіріп: - Мына олжа жылқыдан
қалағаныңызды алыңыз,- деп ұсыныс жасайды. Сонда Домалақ ене: - Ендеше,
ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені желіге байлап кетіңдер,
басқасының керегі жоқ,-дейді. Шапқыншылар айтылған жылқыны қалдырып
кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді.
Домалақтан жөн сұрайды. -Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт
боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Өздері кешке
қарай қайтып келеді, - дейді. Бұлар Домалақтың айтқанын тыңдамай, жаудың
соңынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал, жылқылар жаудың
айдауына көнбей, тым-тырақай қашып, сол күні кешке сары биеге келіп
шұрқырай жиналады. Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері
арқасында Домалақ халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый-
құрметке ие болыпты».
Нұриланың, яғни Домала ененің тапқырлығы туралы аңыз-деректер көптеп
кездеседі. Бірақ, оның желілері ауызша таратылғандықтан, кейде оның желілері
бір-біріне ұқсас болып келеді. Мысалы, «Бабалар сөзі» атты жинақтың «Тарихи
аңыздар» бөлімінде келтірілген «Домалақ ана» туралы екінші нұсқада: «Бәйдібек
ауылда жоқта қырғыз Аққошқар бастаған жаулар оның жылқысын алып кетеді.
Масаттанған жаулар Домалақ ананың қонысынан сусын ішкен соң, қайыр-садақа
ретінде шапқан малдан бір жылқы қалауын өтінеді. Сонда Нұрила белбеуін
ақжал сары айғырдың мойнына салыпты дейді. Жануар шешеміздің белбеуін
салғанда тырп етпей тұрып қалыпты да, жетекке жүріпті. Біраз уақыт өткен соң
Бәйдібектің Сарыбәйбішеден туған алты ұлы салып ұрып жетті дейді. олар
Домалақ ананы көріп:
- Әй, тоқал, біздің жылқыны қуған жау қалай қарай кетті?-деседі ат үстінен.
-Шырақтарым, аттан түсіңдер. Жылқының түп қазығы бізде, өзі-ақ келеді.
Соңынан қуып әуре болмай-ақ қойыңдар. Құр бекер мерт боласыңдар,-дейді
Нұрила. Жігіттер: - ой, осының өзі дұшпан, айтып тұрған сөзін қарашы,-деп алты
ұл алды-артына қарамай аттаныпты. Әудем уақыттан соң Бәйдібектің өзі келіпті
салып ұрып: -Жау қайда кетті? Домалақ ана: -Байеке, жауды қуып әуре
болмаңыз. Малыңыз бүгін таңнан қалмай өзі келеді. Алты ұлың менің тілімді
алмай кетті. Бекерге мерт болатын болды. Анамыз айтқандай, таң ата бере жер
сілкінгендей дүрсіл естіледі. Байлаулы тұрған ақ жал сары айғыр кісінеп
жібереді. Қараса барлық жылқы түп-түгел қайтқан екен. Малдың қазығы ақ жал
60
сары айғыр тұрған жерге жылқы баласы қайтып оралған. Ал, Сарыбәйбішенің
алты ұлы жер жастанған.
«Домалақ ана» туралы үшінші нұсқада: «Нұрила он жасында құдықтан су
алуға барады. Бір кезде аңдаусызда қыздың қолы тиген қауға ілгектен сырғып
шығып, шыңырау түбіне құлай зымырай жөнеледі. Жылқының қылынан ескен
арқанды байқамай ұстаған Нұрила қауға екпіні мен төменге қарай құлайды.
Белуарынан келетін суық құдық суында Нұрила дірдек қағып, зорға шыдап
тұрады. Бір кезде Бәйдібек қасындағы бір топ жігіттерімен әлгі құдықтың басына
келіп қалады да, Нұриланы құдықтан шығарып алады. Нұрила кейін өзіне құда
түскендерге құдық басын дағы уақиғаны баяндайды. «Білегімді ұстаған кісі-
Бәйдібек, менің болашақ ерім сол болмақ. өзге адамға күйеуге шықпаймын»,-деп
көңілінде жүрген сырды айтып салады. Нұрила Бәйдібекті ұнатып, екеуі бірін-
бірі көрмесе тұра алмайтын жағдайға жетіпті. Екі жастың ыстық ықыласын іштей
сезіп, сырттай байқап жүрген Мақтым Ағзам атамыз Бәйдібек батырды
шақыртып алып: «Балам, мен саған Нұриламды берейін, тұқымың қисапсыз мол
болады. Жаркенттен Ташкентке дейін, Атыраудан Алтайға дейін сенің ұрпағың,
тұқым-тұяғың қанат жаяды. Жалғыз айтар аталық тілегім—қызымды ренжіте
көрме. Аялап, мәпелеп, аққудай әлпештеп ұста! Бұл қызымның бір бойында мың
асыл қасиеті бар»,-депті. Сонымен, екі баласына егіліп-төгіліп отырып, ақ
батасын берген екен», деп жазылған. Сол әулие-баба аян бергендей, келесі жылы
Нұрила Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Той бірнеше күнге созылады.
Топ-ағаштың ағашы мен тасы да қасиетті. Топ-ағаштың әр ағашының
қабығы шырша тәріздес, үш тірлі жапырақ бір түптен шығып тұр. Оны шырақшы
Ұзақбай Ғалымжан «Үлкен жапырақ-Ұлы жүз, орташа жапырақ-Орта жүз,
жіңішке жапырақ-Кіші жүз белгісі» деп аңыз бойынша сыр шертті.
Бұл жерде өсіп тұрған шартты түрдегі «Адам ата» және «Хауа ана»
ағаштарына сыйынып келген кез-келген адам ниеті қабыл болып, алла тілегін
орындап жатыр екен.
Сурет 20. «Алла» атты жазуы бар ала тас.
61
«Алла» деген жазуы бар ала тас. Экспедиция мүшелері одан әрі Құлан
ауылына барып, түскі астан кейін аудандағы этно-мәдени орталықтар және этнос
өкілдерімен кездесті. Аудандағы этнос өкілдерінің саны, олардың тұрмыс-
тіршілік ахуалы туралы этномәдени орталық жетекшілері баяндап, ұсыныстар
мен талап-тілектер жолдады (Сурет-21).
Экспедиция белгіленген маршрут бойынша «Бала Әулие Есепші»
кесенесіне жол тартты. Кесене Көгершін ауылынан тауға қарай 10 шақырым
жерде орналасқан.
«Әулие Бала Есепші» кесенесінің шырақшысы Сәміретбаева Шолпан
Оңғарбайқызы апай жоғарыда аталған кісінің шөбере келіні. «Әулие Бала
Есепші» шын аты Бұғыбайұлы Әлібек. Руы Жаңабай. (Шежіре бойынша
алдыңғы аталары Жаңабай, Жантай, Құлмырза, Бұғыбай, Әлібек). Бала кезінен
сәуегейлік айтқан, құстар мен жануарлар тілін білген, ауа райын болжаған. Ел
арасында ол кісі туралы аңыздар көптеп тараған. Соның бірнешеуін келтіре
кетейік. Алдымен не себепті «Әулие Бала Есепші» аталуы туралы аңыз. Бала
кезінде Бұғыбайұлы Әлібек сәуегейлік айта бастаған кезінде ауылдың
қуақылары мына бір қап тарының саны қанша деген сұрақ қойған екен. Әлібек
бала қаптың ішіндегі тары санын айтыпты. Сұрақ қойғандар ерінбей тарыны
алаша үстіне жайып, санаған екен. Әлібек бала айтқан есебі дұрыс шыққаннан
кейін Бұғыбайұлы Әлібекті халық «Бала Есепші» деп атап кеткен. Жасы
ұлғайғаннан кейін оны «Әулие Бала Есепші» деп атаған.
Сурет 21. «Әулие Бала Есепші» кесенесі.
Аңыз бойынша «Әулие Бала Есепшінің» жылқысын біреу ұрлап әкетіпті.
Қатарлары өзің сәуегейсің, бірақ жылқыңды кім ұрлағанын білмейсің деп
қайраған. «Әулие Бала Есепші» өзінің жылқысын ұрлаған үйге барыпты. Халық
«Әулие Бала Есепші» келді деп шуылдап кетіпті. Бірақ ол кісі бұл үйден еш
жылқы дауламаған. Үй иесі оның неге келгенін түсініп, ат-тон айыбын берген
62
екен. Ел арасында «Қара құртқа бата берген» деген де аңыз тараған. Кейіннен
шырақшы болған Нұрманалы ата 12 жасар кезінде Бала Есепшімен бірге қара
құрт көп мекендейтін аймақта келе жатқан. Күн батуға таяп қалды ауылға
қайтайық деген Нұрманалыға жолдан көрінген улы жәндік «қара құрт бата сұрап
тұр» деп бата берсе, ол келесі келгенде алдынан балаларын шұбыртып ертіп
шыққанын халық байқаған.
Халық таудан құмға көшер алдында Бала Есепші атаның алдына жапырақ
ұшып келіп, сол жапыраққа қарап тұрып «биыл құмға көшпеңдер, ол жақта ауа
райы шаруаға қолайсыз болады» деп болжаған. Тауда қалғандар шаруасы өрге
басып, құмға көшкендер жұтқа ұшырап таяғын сүйретіп оралған дейді.
Есепші атаны жортқан аң, ұшқан құстың тілін білген деседі ауыл қариялары.
Оның әу баста әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі – Әлібек екен. Бала
кезінде құстардың жер бауырлай ұшқанына, суыр мен саршұнақтың іннен-інге
тығылғанына қарап, ертеңгі ауа райын болжап отыратын болыпты. Сонысына
қарай жұрт оны Балаесепші атап кеткен екен. Бертін келе Есепші атаныпты.
Ертеректе ауыл ақсақалдары Есепші атаның аң-құспен тілдескенін аңыз қып
айтып отыратын. Ойынға көбірек аңсарым ауып тұратын балалықтың әсері
шығар, соның бәрін зердеме тоқи алмадым. Кейбір әңгімелер ғана еміс-еміс
есімде. Онда да үзік-үзік. Соның бірі былай басталатын…
«Есепші ата үнемі балаларына: «Мен өлсем, Көгершін тауының етегіндегі
қырқаға қойыңдар. Сол тұстың табиғаты ерекше. Ауасы да таза», – деп айтып
отырады екен. Ауыл аймағы атаның аманатын қалай аяқ асты етсін. Есепші ата
қайтыс болғанда жақын жұрағат жиылып, жолға дайындалады.
Мезгіл қыс айы болса керек. Ауыл онда Үмбет құмда, қыстауда отырған кез.
Жұрт жиылып, марқұмның жаназасын шығарып, жолға шыққанда аяқ астынан
боран басталыпты. Қол созым жер көрінбейтіндей ақтүтек. Қарсы алдынан
тұрған дауыл бет шыдатпайды, адым аштырмайды. Соған қарамастан
сүйекшілер тау жақты бетке алып, алға қарай жылжи береді. Долы боран үш
күнге созылады. Әбден титықтап шаршаған топ жолдан қиыс кетіп адасқандарын
сезеді. Сонда ғана аттан түсіп дамылдап, кеңес құрады. Ақылдаса келе, мәйітті
осы жерге қойып, жол ашылғанда тауға жеткізбек болып келіседі. Бәрі сол
мәмілеге тоқтап, орындарынан тұрғанда жел де саябырсып, күн де ашылыпты.
Айналаға қараса, тура Есепші ата айтқан қырқаның етегіне тоқтаған екен.
Сөйтіп, Әлібек Бұғыбайұлына мәңгілік мекені өзі аманаттаған қырқадан
бұйырыпты». Бүгінде Әлібек Бұғыбайұлы жатқан жерді ауыл жұрты киелі
санайды. Есепші атаның жатқан жеріне Құран оқып қайтуға ниет еткендерге
күндіз құстар, түнде даланың саршұнағы жол көрсетеді деседі.
Қазірдің өзінде «Әулие Бала Есепші» басына зиядат қылып бала көтере
алмай жүрген келіншектер жиі келеді екен. Шырақшы Шолпан
Оңғарбайқызының айтуынша Көгершін ауылының тұрғыны Құрманайдың қызы
Алматы облысының Талғар қаласына бір жігітке тұрмысқа шыққанына 9 жыл
өтсе де бала көтере алмапты. Сол келіншек «Әулие Бала Есепші» басына інісін
ертіп келіпті. Себебі күйеуі мұндай әдет-ғұрып қасиетке сенбейді екен.
Келіншекке өз енесі Райынбек атаның басына барып, құран оқыт деген кезде
63
Көгершін ауылынан танысы алдымен өз атаңның алдынан өт деген екен.
Келіншек Талғарға қайтқанда Шолпан Оңғарбайқызына әруақтар аян беріп,
келіншекке пышақ бергенін айтады. Ал, келіншекке түсінде әруақтар аян беріп,
«атаңа тағы барып қайт» деген екен. Келіншек екінші келгенде Шолпан апаға
оның аталары мылтық бергенін айтады. Шырақшы Шолпан апа онда екі ұл
табатынын ескертеді. Сол келіншек қазір екі ұлдың иесі екен. Кейіннен келіп
атаның батасын алып, қайтыпты. Мұндай мысалдар өте көп екен. Көкдөнен
ауылынан Әнуарбекқызы Жібек үш қыздан кейін 10 жылдай бала көтере алмай
жүріп, осы «Әулие Бала Есепші» басына келіп құран оқытып, түнеген екен. 2-3
күн өткен соң Шырақшы Шолпан апаға әруақтар аян беріп, киіз үй сыйлағанын
оның анасы Күлайшаға Көкдөнен ауылына барғанда айтады. Нәтижесінде, Жібек
екі ұл дүниеге әкеліп, екінші ұлы сүндеттеліп жарыққа шыққан екен.
«Әулие ата-киелі мекен» атты экспедиция мүшелері келесі күні Жамбыл
облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы маңында қазақ-жоңғар қатынасындағы шешуші
кезең болып саналатын «Аңырақай шайқасы» болған деген аңыз ізімен
«Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына сапар шекті. Бұл жолы экспедиция
екіге бөлінді. Бір тобы ортағасырлық Құлан, Қарақат Төрткүл қалаларына барса,
екінші топ жоғарыда аталған «Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына аудан
әкімшілігі босатқан «Нива» көлігімен жолға шықты.
Сурет 22. Ойранды шатқалындағы Сәмен батырдың тосқауыл тастары.
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы маңында қазақ-жоңғар
қатынасындағы шешуші кезең саналатын «Аңырақай шайқасы» болған деген
аңыз ізімен «Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдарына экспедиция мүшелері
жолға шықты. Белгілі өлкетанушы, ауданның құрметті азаматы Сейсен
Қожакеев жол жөнекей жоғарыда айтылған шатқалдар туралы аңыздарға
тоқталды. «Ойранды» шатқалында қазақтың қалың қолы жоңғарға жойқын
соққы бергендігі, Сәмен батырдың садақшыларының ерлігі, «Тұтқынсай»
шатқалындағы шайқас барысында жоңғарлардың қазақ жауынгерлерінің
64
жебелерінен қырғынға ұшырағаны туралы аңыздар айтылды. Сейсен Қожакеев бұл
шатқалдарды жазушы Бақтияр Әбілда келіп көргендігін, өлкедегі жоңғар әскерімен
қақтығыс Сарысу ауданындағы Ойрантөбеден басталғанын әңгімеледі.
Сурет 23. Сәмен батырдың ту тіккен тасы.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасыда бас қосқан қазақ жасақтары
Әбілхайыр ханның басшылығымен осы өңірге келеді. Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құмарық ауылының тұсында Жасақ деген атпен қалған жерде Әбілхайыр хан үш
жүздің қолын біріктіріп, алғашқы қақтығыс Сұмқайты (Жоғарыда айтылған Топ-
ағаш) маңында болған екен.
Ойрантөбе маңында біз алдымен Әулиебұлаққа бұрылдық.
Сурет 24. Әулиебұлақ бастауы.
65
Әулиебұлақ суына шайынуға арналған құдық. Әулиебұлақ басында
өлкетанушы Сейсен Қожакеев оның қасиетінен сыр шертті. Әулиебұлақтың
жоғары жағында ертеден келе жатқан алма ағашы өсіп тұрған екен. Бұл алма
ағашының жемісі Алматы аппортындай көлемді болған дейді. Кейіннен бір
қоныс аударушы орыс Андрей оны кескен екен. Келесі күні жергілікті халық
қоныс аударушы орыстың мәйітін бұлақ басындағы үйінен тауыпты. Ал,
кесілген алма ағашының тамырынан қан ағып тұрыпты дейді Сейсен аға айтқан
аңызда.
Әулиебұлақ суына шайынуға өңір тұрғындары келіп, әр түрлі тіл, көз
тиюден арылуға ниет қылады. Судың өзі таза, шипа ем ретінде саналады.
Сурет 25. Әулиебұлақ бастауының шайынатын астауы.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасыда бас қосқан қазақ жасақтары
Әбілхайыр ханның басшылығымен осы өңірге келген екен. Тұрар Рысқұлов
ауданы, Құмарық ауылының тұсында Жасақ деген атпен қалған жерде
Әбілхайыр хан үш жүздің қолын біріктірген.
Сурет 26. Жоңғарлар шабуылын тойтарған «Ойранды» шатқалы.
66
Сәмен батыр жоңғар әскеріне тойтарыс беру үшін үлкен қойтастардан үш
деңгейлі тосқауылдар жасаған. Жүйткіп келген жоңғар әскерінің нөпірі осы
қойтастардан жасалған тосқауылдарға соқтығысқанда Сәмен батыр
садақшылары оларға оқты қарша боратқан.
Ойранды шатқалында екі дүркін жеңіліске ұшыраған қонтайжы әскері
Тұтқынсайға қарай шегінеді. Шегінген жоңғар қолына қазақ жасақтары
шабуылдайды. Тұтқынсай құзға апаратын тұйық сай болғандықтан жоңғар
әскерінің көбі қырылады. Сол кезде жоңғар қонтажысының бәйбішесі қазақ
жылқыларының ішіндегі бозбиені ұстауға бұйырады. «Бұл бозбиеден бірнеше
жылқы тұқымы тараған, сондықтан оның құйрығына түйенің қомын байлап құзға
қарай жіберіңдер» дейді. Бозбие шыңғыра отырып, құздан жалғызаяқ жол
табады. Жоңғардың бірқатар әскері сол жолмен өтіп Қарақыстаққа шыққан.
Әскердің басым көпшілігі сол шатқалдағы Молалы сайда қалған.
Тұтқынсайда жоңғардың қонтажысының оң қолын Қарасай батыр
жаралаған. Жоңғарлар бұл шатқалда алты айға жуық қорғанған. Ал, алынған
жарақаты асқынып, жоңғар қонтайжысы сол жерге жерленеді.
Бұл шатқалды бірқатар ғалымдар зерттеуге тырысқан. 1967 жылы Сәбит
Мұқановтың баласы Арыстан Мұқанов тарихи-этнографиялық экспедицияны
басқарып келіп, бір айдай шатқалды зерттеген. Сол жерден табылған жазуы бар
балбал тастар қазіргі таңда Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының
мұражайында экспонат болып тұр екен.
1969 жылы Ленинградтан Фетисов деген археолог-ғалым осы шатқалдар
мен Қарақыстақта қазба жұмыстарын жүргізеді. Бұл КСРО кезеңі болғандықтан
қандай деректер мен материалдар табылғанын ешкім білмейді. Олар қазба
кезінде ашылған заттарды өздерімен бірге алып кеткен.
Батыс Европа – Батыс Қытай автобаны соғылып жатқан кезде Сейсен
Қожакеев академик Карл Байпақовпен осы шатқалдар туралы пікірлескен екен.
Сонда Сейсен ағамыз атақты археолог-ғалымнан Тұтқынсайда жоңғардың қай
хонтайжысы жатқанын сұраған. Бірақ археологтар оны қазба барысында
айтамыз деп уәде берген. Сейсен Қожакеев жобалауы бойынша бұл хонтайжы
Қалдан Серен болуы мүмкін.
Молалы сай қорғандарын қазған археологтар ондағы мүрделердің будда
ғұрыпы
бойынша
жерленгенін,
қазақ
жауынгерлерінің
моласына
ұқсамайтындығын жергілікті қызығушы өлкетанушыларға айтқан екен.
«Әулие Ата - киелі мекен» тарихи-этнографиялық экспедициясы 2017
жылдың 29-маусым күні Меркі ауданына өтті. Меркі ауданында экспедиция
мүшелерін аудан әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі қызметкерлері қарсы алды,
азербайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Жамалов Гюлага Мамедович
экспедицияға жолбасшы ретінде ауданның тарихи-мәдени ескерткіштерімен
таныстырып, туризмді дамытуға болатын шұрайлы жерлерін көрсетті.
Шарпи жылы бұлағы (Меркі ауданы, Кеңес ауылы)-Алматы-Ташкент
трассынан солтустікке карай 1,2 шакырым жерде орналаскан. Координаты
42°58′31.8″ с. е. 73°30′43.8″ ш. б. Бұл жылы судың ағып тұрғанына бірнеше жыл
өткен. Жергілікті тұрғындар «Шарпи» жылы суы деп атайды. Судың жанынан
67
жаны ашитын ілкімді адамдар қамқорлығымен әйел және ер адамдарға арналған
шомылу орындары (душ) жасалған. Халық емдік қасиеті бар су ретінде
шайынады және суын ішеді. Тұрғындар айтуынша жылы су асқазан, бүйрек
ауруларына ем көрінеді. Жылы су кез келген жыл мезгілінде температурасын
өзгертпейді. Егер су құрамын зерттеп және бұл жерге пансионат салса халыққа
өте пайдалы болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |