Аң-құс балалары қалай аталған?
Халқымыз табиғаттағы аңдардың баласын жалпы күшік десе,
құстардың баласын балапан деген жалпы атпен атады. Алайда
табиғатпен етене өскен ата-бабаларымыз аң-құс балаларын жеке-дара
атауға, олардың әр кезеңдегі мінез-құлқын дөп басып, әрқайсысына
жеке атау беруде алдына жан салмаған. Мысалы, мысық пен түлкі
балаларының атауына көз салайық. Мысықтың баласын соқыр,
мәулен және безек деп атайды. Алғаш туған кездегі көзі ашылмай
жатқан мысық баласының соқыр, бұйығып жата беретін шағында
мәулен және ойынға тоймай, бөлмені кезіп, кім-көрінгенге ұрынып
жүретін есейген кезінде оның безек аталуы қандай ұнамды! Әлі
толық қалыптаса қоймай, бойы да, тұрқы да қораш көрінетін кезеңде
түлкі күшігі мыршық деп, жетілгенмен еркін ойнақтай алмайтын
кезеңі жәутік аталуы, ал аяғы сидаланып, денесі пошымданған кезде
ін ішіне еніп алып, өзіңді мазақтағандай қылық көрсететін, көзі
жаутаң-жаутаң ететін шағы жаутаң атануына үйлесіп-ақ тұр.
Өз-өзіне әлі келе қоймаған шағында іннен шықпайтын сілеусін
күшігі інсін аталады. Жас кезінде денесін теңбіл басатындықтан,
арыстанның күшігі теңбілше делінсе, қорбаңдап жүретін аю
күшігінің қонжық аталуына несіне таңданамыз? Жолбарыс күшігінің
шөнжік, сарымақ атануының да жөні бар. Жас күшік әлсін-әлсін кіші
дәрет сындыруға әуес келеді.
Борсық баласы – әзборақ, барыстың күшігі – алан, қасқырдың
күшігі – бөлтірік, ал марал мен бұғының төлі – қодыға, арқар және
муфлон төлі – қозыға, құлан, домбай, есек төлі – қодық аталғаны
жұртқа мәлім.
Аққудың балапаны – көгілдір, тауықтың балапаны – шөже
аталған. Бұдан басқа да бізге беймәлім атаулардың болуы ғажап емес.
Сондықтан халқымыздың қазынасына сақ болып, тіліміздің байлығын
арттыра берейік, ағайын!
(Қ.Қайым)
Достарыңызбен бөлісу: |