271-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, сөйлем ішіндегі тыныс белгілерінің
қойылу мәнін түсіндіріңіздер.
Байұлы
Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына,
біреу атына мінгенде, бір бала жыламсырап қарап тұрып қалады.
Мұны көріп, Байұлы қасына барып:
– Сен неге атыңа мінбейсің? – деді.
Бала қамығып:
– Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, – деді.
Сонда Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:
– Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап
едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба? – деді.
Әкесі:
– Кімге бересің? – деді.
Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының
баласын көрсетті.
Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:
– Тайыңды кімге берсең де ерік өзіңде, – деді.
Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп
беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп, көп балаға қосылды.
Сол уақытта бір ақсақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен;
Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата
берді:
– Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер, – деп.
Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл
туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру
сонан болды деседі.
(Ы.Алтынсарин)
Достарыңызбен бөлісу: |