Ғылыми таным əдістерінің жіктелуі
Ғылыми танымның ерекшеліктері. Кейде ғылыми білім өзге білім
салаларымен салыстырғанда өзінің жоғарғы дəлдігімен ерекшеленеді. Бүгінгі
күні техникада ғана емес, қоғамдық басқару жүйесінде де математикалық
есептеулер, статистикалық мəліметтер, бүге-шүгесіне дейін дəл есептелген
жоспарлар мен бағдарламалар қолданылады. Ғылыми таным абстрактылы
ұғымдармен жұмыс жасаса, көркемдік таным нақты тірі адамды бейнелі,
көрнекілік тұрғыдан қарастырады. Бұл тұжырым белгілі мөлшерде əділ
болғанмен, ол да ғылыми танымның ерекшелігін көрсете алмайды. Бір
жағынан, күрделі ғылыми абстракциялар құрастыруымен айналысатын ғалымға
көрнекі бейнелерге, аналогия мен метафораларға жиі жүгінуге тура келсе,
екінші жағынан, суретшілер (мүсіншілер, жазушылар, сазгерлер жəне т.б) өз
шығармашылықтарында дəл логикалық, кіршіксіз ұғымдарға, пікірлер мен
əдістерге сүйеніп отырады. Бұл ұғымдық жəне бейнелік танымдардың бірін-бірі
теріске шығармайтындығын көрсетеді. Олар əр түрлі «мөлшерлерде» ғылыми
шығармашылықта да, көркемдік шығармашылықта да кездеседі. Олар сонымен
қатар əдеттік, кəдімгі санаға да тəн. Бұл тұрғыдан философ -
неопозитивистердің ғылыми білімнің ерекшелігін оның эмпирикалылығымен,
яғни ғылымның бүкіл мазмұнын бақылаулар мен эксперименттерді сипаттау
21
арқылы ғана анықтайтын пікірімен келісуге болмайды. Ғылыми білімнің ең
жетілген формасы теория болып табылады. Теория деген не? Теория - бұл
тəжірибенің, практиканың немесе бақылаудың қорытындысы деп айтуға
болады.
Танымның жалпы ғылыми əдістері. Жюль Верннің атақты «Капитан
Гранттың балалары» романының кейіпкерінің бірі географ Жак Паганель бірде
өзінің серіктеріне құс жұмыртқасын дайындаудың жүзге жақын тəсілі
болатынын айтқан еді. Əрине, бір ғана нəтижеге бірнеше, тіпті жүздеген
тəсілдермен жетуге де болады. Оның ішіндегі жақсысын таңдау кейде
экономикалық тиімділігімен, кейде техникалық мүмкіндіктерімен, ал кейде
міндетті түрде аз уақытта шешу қажеттіліктерімен байланысты болады. Бұл
жағдайлардың барлығында мамандар не дайын, жинақталған тəжірибеге
сүйенеді, не болмаса, берілген міндет пен оның шешілу шартына неғұрлым
сəйкес əрекеттің тəсілін ойлап тапты.
Əр түрлі ғылымдардың өздерінің арнайы міндеттерін шешу үшін
қолданылатын сан алуан тəсілдерінен өзге ғылыми білімінің өзін даярлайтын
жəне құрылымын реттейтін барлық ғылымдарға ортақ кейбір ережелер мен
жолдары бар. Олар жалпы ғылыми əдістерді құрайды.
Абстрактылықтан нақтылыққа көшу - ғылыми теориялар құрастырудың
логикалық жалғастығын реттейтін жалпы əдіс. Ғалымдар көбіне оның барлық
бөлшектері мен мүмкіншіліктерін аңғармай, стихиялы түрде қолданылады. Бұл
əдісті философиялық талдау жəне пайымдау оның қолданысын неғұрлым дұрыс
түсінуге ықпал етеді.
Ғаламның қалыптасуының ең маңызды сəттерін бөліп, тарихи
сипаттамасын жоғарғы деңгейде ұйымдастыруға жағдай жасады. Бұдан
шығатын қорытынды - зерттеудің тарихи жəне логикалық əдістерді,
неокантшыл философтар Риккерт пен Виндельбанд жəне шыншыл
рационализмнің көсемі Поппер айтқандай, бірін - бірі теріске шығармайды,
керісінше бірін - бірі толықтырады.
Ғылыми əдістердің типологиясы. Əдіс - дегеніміз белгілі бір мəселені
шешу үшін таңдап алынған жол, қолданылатын айла мен əрекеттер жиынтығы.
Ғылыми таным əдістерін қолданудың басты мақсаты - шынайы, ақиқат білімге
қол жеткізу. Тағы бір көңіл бөлетін жəйт, зерттеуші ғылыми танымның
əдістерін өз қалауы бойынша, қалай болса солай белгілей салмайды. Əдістер
зерттелмек болып отырған объектіге тəн ерекшеліктер мен заңдылықтар
негізінде таңдап алынады. Бұл тұрғыдан алғанда əдістер объективті сипатта
болады, сөйте тұра олар адамның рухани қызметінің нəтижесі болып табылады
жəне де ол тек адам санасында өмір сүреді. Сондықтан да əдіс объективтілік
пен субъективтіліктің диалектикалық бірлігін құрайды.
Ғылыми танымның əдістері өте көп əрі сан салалы, себебі танып-білудің
объектісі болып табылатын материалдық жəне рухани дүниенің өзі көптүрлі,
сан салалы. Дегенмен, ғылыми танымның барлык əдістерін шартты түрде үш
топқа бөлуге болады: 1) жалпылама диалектикалық əдіс. Ол болмыстың барлық
жақтарын зерттеуге жəне таным процесінің барлық кезеңдерінде қолданылады;
2) жалпы
ғылыми
əдістер. Олар
ғылымның
барлық
саласында
22
пайдаланылғанымен, таным процесінің барлық кезеңінде қолданыла бермейді;
3) жекеше əдістер. Олар нақты құбылыстарды бір ғылымның шеңберінде
зерттеуге қолданылады. Мəселен, математикалық индукция əдісі -
математикада, қоспалардың
ыстыққа
төзімділігін
анықтау
əдісі -
металлургияда, радиоактивті бөліну əдісі - ғарышты зерттеулерде
пайдаланылады.
Материалистік диалектика бүкіл əлемді, дүниені біртұтас қарастырып,
табиғаттың, қоғамның, адам ақыл ойының дамуындағы ең жалпыламалық
заңдылықтарды зерттейтін бірден-бір ғылым болғандықтан, ғылыми танымның
ең жалпылама əдісі рөлін атқарады.
Ғылыми танымның жалпы əдістері мен түрлерін қарастыру үшін
танымның эмпириялық жəне теориялық деңгейлерін ажыратқан дұрыс, себебі
əр деңгейдің өзіндік ерекшеліктері мен əдістері бар. Эмпириялық деңгейде
таным объектісінің қасиеттері мен қырлары сезімдік қабілет тұрғысынан
қабылданады. Əрине, ғылым мен техниканың дамуына байланысты адамның
сезімдік танымының көк жиегін əлдеқайда кеңейтетін аспаптар, құралдар,
компьютерлер іске қосылып жатқанын айта кеткен артық емес.
Теориялық деңгейде таным объектісінің маңызды байланыстары мен
заңдылықтары тəжірибе негізінде алынған біліммен қоса абстрактілі ойлау
нəтижесінде тұжырымдалады.
Ғылыми танымның эмпириялық деңгейінде кең колданылатын ең
қарапайым əдіс - бақылау деп аталады. Оның мəні - зерттеу объектісін белгілі
бір мерзім аралығында нысаналы ұйымдасқан түрде жүйелі бақылай отырып,
ондағы өзгерістерді қадағалау. Мысалы, бидайдың бір сортының өсіп-өну
ерекшелігін зерттеу мақсатында көктемгі егістен күздегі жиын-терімге дейінгі
аралықта дəн топырақтан көктеп өсіп шыққаннан бастап, астықты орып алғанға
дейінгі өзгерістері есепке алынып отырады. Сол негізде тиісті ғылыми
қорытындылар жасалады. Келесі əдіс - эксперимент - ғылыми тəжірибе деп
аталады. Оның ерекшелігі - зерттеліп жатқан объектіге адамның, зерттеушінің
тікелей əсер етіп, ондағы процестерге араласуы. Зерттеуші объектіні əр түрлі
кездейсоқ жағдайлардан оқшаулап алып, бөліп қарауы мүмкін. Қажет болған
жағдайда экспериментті əлденеше рет қайталауға да болады.
Осы заманғы кең пайдаланылатын əдістердің бірі - модельдеу. Модельдеу
дегеніміз - эксперименттің бір түрі, бірақ мұнда объектінің өзі емес, оның
орнын басатын модель зерттеледі. Модель (латын тілінен аударғанда «үлгі»
деген ұғымды білдіреді) - зерттелетін объектімен ұқсастық қатынаста болатын,
таным процесінде оның орнына пайдаланылатын, нақты өмір сүретін немесе
ойша алынатын жүйе, құбылыс.
Жұртшылыққа ежелден белгілі модельдерден географиялық картаны,
глобусты, химиядағы құрылыстық формулаларды, т.б. атауға болады.
Осы заманда адам миының кейбір əрекеттері электронды есептеу
машиналарында модельденеді. Модельдерді материалдық (физикалық) жəне
идеалдық (логикалық, ойша алынған) деп екі түрге бөледі. Материалдық
модель зерттелетін объектпен физикалық жағынан ұқсас болады, көбінесе
түпнұсқа жасалған материалдан (мысалы, ағаш, темір, т.б.) құрастырылады.
23
Идеалдық модельдер ой шеңберінде құрылып, түрлі белгілер арқылы
бейнеленеді. Мəселен, атомның планетарлық моделі, математикалық белгілер
мен формулалар, сызбалар мен кестелер, т.б.
Ғылыми таным процесінде анализ (талдау, саралау) жəне синтез
(қиыстыру, біріктіру) əдістері үлкен рөл атқарады. Зерттелуге тиіс объектіні
ойша түрлі құрамдас бөліктер мен жақтарға бөліп қарастыруды, сол негізде
оның түрлі қасиеттерін, ішкі байланыстарын анықтау əдісін анализ деп атайды.
Мəселен, адам ағашты зерттеп білуі оның тамырын, діңін, бұтақтары мен
жапырақтарын, түрін, сыр сипатын, т.б. ойша жіктеп қарайды. Байқап
отырғанымыздай, процесі анализбен шектелмейді. Объектінің əр құрамдас
бөлігін жіктеп қарап, зерттеп алғаннан кейін бастапқы тұтастыққа қайта көшу
керек. Бұл синтез əдісі арқылы іске асырылады. Анализ жəне синтез адамның
күнделікті практикалық іс-əрекеті негізінде өмірге келген əдістері.
Фактілерді анализ жасап талдағаннан соң теориялық синтезге көшу
индукциялық əдіс арқылы жүзеге асырылады. Жекелеген тұжырымдар
негізінде жалпы қорытынды жасауды индукция əдісі деп атайды. Бұған кереғар
əдісті, яғни нəтижеден кері қарай жүріп жеке-жеке тұжырымға келуді дедукция
дейді.
Жоғарыда айтылғандай, адам сезім органдарының көмегімен заттың
сыртқы қасиеттері мен ерекшеліктерін қабылдап, біле алады, ал оның ішкі
мəнін, даму заңдылықтарын тек абстрактілі ойлау арқылы игеруге болады.
Сонда абстракциялау дегеніміз зерттеуге жататын заттың, объектінің маңызды
бір жағын, қырын ойша бөліп алып қарастыру. Ғылымға тəн негізгі
түсініктердің, категориялардын бəрі де осы абстракциялық ойлау əдісінің
нəтижесінде қалыптасқанын айта кеткен жөн. Абстракциялауды заттың,
объектінің ішкі табиғатына үңілу жолындағы аралық бір сəт, кезең деп қарау
керек.
Осындай жекелеген абстракциялаудан əрі қарай ой жүйесі енді нақты
затқа бағыт алып қозғалуға тиіс, сонда ғана таным процесі нəтижелі болмақ.
Ғылымда бұл əдіс абстрактіліктен нақтылыққа қарай өрлеу деп аталады.
Зерттеліп отырған объектіні жан-жақты даму үстінде қарастыру үшін тарихи
жəне логикалық əдістер қолданылады.
Тарихи əдіс мəні объектінің пайда болу, қалыптасу жəне даму жолын
тарихи тұрғыдан барлық бұрылыстары мен кездейсоқтықтарын ескере отырып,
даму кезеңдерін хроникалық ретпен зерттеп шығуға келіп саяды.
Логикалық əдіс тарихи процестің басты мазмұнын, өзегін қамтиды. Ол
объектінің даму жолындағы елеулі, мəнді кезеңдерді, негізгі зандылықтарды
көрсетеді. Сондықтан тарихи жəне логикалык əдістер өте байланыста болып,
бірін-бірі толықтырып отырады. Мəселен, адамзат тарихы дүниедегі барлык
халықтардың даму жолын, олардың ұлттық, табиғи, т.б. ерекшеліктерін
қамтиды. Дегенмен, олардың бəрінің дамуында ортақ мəнді жақтар мен
зияндылықтар бар екені сөзсіз.
Осы заманғы ғылыми танымда жүйелік-құрылымдық əдіс кең
қолданылады. Бұл əдіс зерттелетін объектіні өте күрделі, өзіне тəн құрылымы,
құрамындағы элементтердің жүйелі байланысы бар құбылыс ретінде
24
қарастырады. Дүниедегі заттар, құбылыстар мен процестер, олардың қасиеттері
мен байланыстары туралы ғылыми білім сан алуан түрде бейнеленеді.
Солардың ішіңдегі ең елеулісі - теория. Ғылыми теория зерттеліп отырған
объектінің ішкі, қажетті жақтары мен байланыстарын, оның өмір сүру жəне
даму зандылықтарын бейнелейді. Ғылыми теория мынадай міндеттер атқарады:
1) түсіндіру -объектінің болмысын, мəн-мағынасын, даму зандылықтарын
ашу;
2) болжау - теория зерттеу объектісінің ішкі табиғатын ашу арқылы оның
болашақтағы даму бағытын көрсете алады;
3) методологиялық міндет - əрбір теория ғылымның сол саласының
дамуына жол ашады, танымның ілгерілеуіне негіз болады;
4) практикалық міндет ғылыми теорияны жасау түпкі мақсат емес, ол
тəжірибеде қолданылуға тиіс, қоғамдық дамуға, ғылым мен техниканың
жетілдірілуіне пайда келтіруі қажет. Ғылыми теорияның құрылымына
заттардың, құбылыстардың қасиеттері туралы пікір алмасу, ой жүгірту (пікір),
түсінік (ең жалпы əрі маңызды қасиеттер мен байланыстарды білдіретін ұғым),
тексеруден өтіп, жинақталған фактілер, сондай-ақ идеялар мен заңдылықтар
кіреді. Теорияның қалыптасуы - ұзаққа созылатын, күрделі, қайшылыққа толы
процесс. Теория - ғылыми танымның ең жоғарғы нəтижесі.
Ғылыми теорияның қалыптасу барысында гипотезаның маңызы зор.
Гипотеза - ғылыми тұрғыдан дəйектелген болжамға негізделген теория. Əрине,
кез келген болжам гипотеза бола алмайды. Бұл үшін, біріншіден, ол болжам
ғылымның сол саласындағы осы уақытқа дейін белгілі ғылыми жетістіктерге
қайшы келмей, керісінше, соларды əрі қарай өркендету керек; екіншіден, ол
болжамның ықтималдығы тиянақталған болуға тиіс. Гипотеза практикадан
тексеруден өткен жағдайда немесе ақиқаттығы əбден дəлелденген мəселелерден
туындап тұрған болса, ол ғылыми теорияға айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |