депті.
Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды жаратушы
артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі
қалмады.
Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлыхатты жас
балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлыхаттың
өлімін жек көріп, тіршілікте
көп қалмақшылығын тілеп, ижтиһад қылуын
көргенде, өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары -
бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың бәрін
жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның
бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? - дейді.
Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл
жоқ деп ойлайсың? - еді. - Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей
құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған
дымдар жердегі сулардың бір
тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине,
қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың. Бұл
ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай
лайықты
жарастықты
законімен
жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне
таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез
келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз
ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне
ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне
себеппен
байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын
мықты көркем законге қаратылып жаратылды, - дейді.
Ол айтты:
Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі
мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық
құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады? - деді.
Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің
қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? - деді.
Аристодим айтты:
Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем? - деді.
Жә, олай болса һәмма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара,
жанды
бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып
беріп пе? Адам алдын, артын, осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді.
Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке
тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам
екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке
лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы
бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық
лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да
хайуан секілді қылып
жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша
шеберлік, мұнша даркарлік, бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік
салахият ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал жасап,
неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен шығарлық
қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса,
бұл ғажайып ақылды және
ғажайыппен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны
хиқметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол
дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі
ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық
қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? - депті.
1894
Достарыңызбен бөлісу: