О
ТЫЗ БІРІНШІ СӨЗ
Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі - көкірегі
байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде
ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол
нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек;
төртінші - ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса,
салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік,
я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт
нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.
1895
|