Рухани мәдениет. Рухани мәдениет белгілі бір қоғамда өмір сүріп
жатқан адамның айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасау үрдісіндегі білімінен, білігінен, кәсіпқойлығынан, қадірінен, адамшылығынан, тәрбиелілігінен, зиялылығынан, қарапайымдылығынан көрініс береді. Сонымен бірге адамдардың сезім дүниесі, демократиялылығы, жүздесу мәдениеті рухани мәдениеттің элементтері болып табылады. Рухани мәдениет деп жеке адамның білім қорын, меңгерген ғылымын, ақылын, ойлау тәсілін, көркемөнерді игеруін, әлеуметтік- психологиялық біліктілігін айтамыз. Көркем әдебиет пен өнерді меңгеру, сұлулықты ажырата алу —жеке адамның руханилығының өлшемдері. Көркем әдебиет адамның эстетикалық талғамын, рухани және адамгершілік бейнесін қалыптастырады. Мәдениеттің атқаратын негізгі функциялары. Қоғамда мәдениет төмендегідей маңызды функциялар атқарады: Мәдениет адамды рухани қалыптастырады. Мәдениеттің бұл функциясы оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты. Жеке адам — өзі өмір сүріп жатқан қоғамның, нақтылай айтсақ, сол қоғам жасаған мәдениеттің туындысы. Мәдениет сабақтастырушы функция атқарады. Қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады. Мәдениеттің танымдық функциясы, негізінен, оның біліммен арақатынасынан туындайды. Білімділік — мәдениеттіліктің маңызды алғышарты. Дегенмен бұл екі ұғымның арасында белгілі алшақтык та бар. Ғылымның бет алды дамуы, шектелмеген техникалық әрекет мәдениетке үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Мәдениеттің реттеуші функциясы оның адамның бойында болуға тиісті сапалықтарды барлық жағынан реттей алуынан көрінеді. Мәдениетті адам — білімі өз заманының деңгейіне, киімі сол кездегі сән үлгісіне, мінезі сол қоғамның адамгершілік талаптарына сай келетін адам.
Мәдениеттің коммуиикативтік функциясы мәдениеттің қоғамда атқаратын негізгі функцияларьшың бірі. Мәдени туынды қанша асыл болғанымен, егер ол рухани азық дәрежесіне белгілі бір себептермен жетпей жатса, онда ол мәдени айналыстан шығып қалады. Адам мекен етпеген үй қаңырап бос тұрады, пойыз жүрмейтін жол — жай темір мен ағаштың үйіндісі, ешкім оқымайтын кітап — шаң басып жатқан қағаз.