Люминесцентті микроскопия . Люминесценция ұлғайтқыш оптикалық аспаптардың көмегімен
байқалатын микроскопиялық объектілердің жарқырауы. Объектердің жарқырауы өзіндік (алдында бояусыз)
және ретке келтірілген (үлгіні бояумен өңдегеннен кейінгі) болуы мүмкін. Көрінбейтін ультракүлгінді
немесе көк күлгінді қысқа толқынды сәулелер объектіге әсер еткенде адам көзіне көрінетін ұзынырақ жарық
толқыны бар люминесценция қоздырылады. Бұл қасиет люминесцентті микроскопияның негізін қалайды.
Люминесцентті микроскопия үшін МЛ және Люмам серияларының микроскоптары қолданылады. МЛ-2
люминесцентті микроскобы өте күшті жарық көзінен (сынапты-кварц шамы), жарық сүзгілерінен және
биологиялық микроскоптан тұрады. Жарық көзі мен микроскоп айнасының ортасында көк күлгін сүзгіш
болады, қысқа толқынды жарық сәулелері препаратқа түскенде жарқырауды қоздырады. Микроскоптың
окулярына сары жарық сүзгісін кигізеді. Ол көк күлгінді сәулелерді (спектрдің қысқа толқынды бөлігі)
шашып, көзге көрінетін ұзын толқында сәулелерді өткізеді.
Люминесцентті микроскопияда зерттеуге алынған объектілерді арнайы бояулармен
(флуорохромдармен) өңдегеннен кейін пайда болатын қосымша люминесценцияның маңызы өте зор.
Флуорохромдардың ұзын толқынды ультракүлгін және қысқа толқынды көк күлгін сәулелердің әсерінен
жарқырайтын қасиеті бар. Флуорохромдардың ішінен қызғылт сары акридин, аурамин, аурофосфин,
родамин, флуоресцин және тағы басқалары жиі қолданылады. Люминесцентті микроскоптың көмегімен
мөлдір емес тірі объектілерді зерттеуге болады. Олар түрлі-түсті, ірі айқын болып көрінеді.