«пдт балаларға арналған оқыту формалары»



Дата16.04.2024
өлшемі24,17 Kb.
#200894
Байланысты:
сөж2








№2 СӨЖ

«ПДТ балаларға арналған оқыту формалары»



«ПДТ балаларға арналған оқыту формалары»

Еліміздің әрбір болашақ азаматын жан-жақты тәрбиелеп, білім беру арқылы дамыту ең жауапты іс. Жалпы орта білім беретін мектепте үлгерімі төмен балалар тобында психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар кездеседі.


Психикалық дамудың тежелуі – бұл баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі. Баланың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себептері түрлі болуы мүмкін. Бұл жағдайдың негізгі себебі бала миының әлсіз түрдегі органикалық зақымдануы немесе іштен туа біткен, туылу кезінде және өмірінің бастапқы кезеңдерінде болған жағдайлар, негізгі әлеуметтік жағдайы, нашар көруі, құлақ ауруы тағы да басқа себептерден болуы мүмкін. Психиатр, невропатологтың зерттеулері бойынша психикалық дамуының тежелуі балада тұмау, сары ауру, іштегі улану сияқты аурулардан кейін пайда болады.
Психикалық дамуының тежелуінің негізгі бұзылыстары интеллектуалды деңгейі көбіне таным процестері: зейіні, логикалық есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келеді. Бұл балалар өзінің құрдастарынан кеш жүріп, кеш сөйлейді. Олардың салмағы аз, бойы кіші, көп сөйлемейтін, әлжуаз, тез шаршап, көп ауырады .Психикалық дамуы тежелген балалар дегеніміз – оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Мұндай балалар білімі мен дағдыларына, тұлғалық жетімділігіне мінез-құлқына байланысты мектепте оқуды бастауға дайын емес. Олар оқуда көп қиыншылықтар көреді: мектепте орнатылған тәртіп нормаларын сақтау оларға аса қиын. Оқудағы қиыншылықтар олардың жүйке жүйесінің әлсіреуінен тереңдей түседі – жүйкесі тозып, соның салдарынан олар тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді, бастаған жұмысын аяқтамайды.
Бұл балалардың оқу үлгерімі ерекшеліктеріне келетін болсақ, бұл балалардың оқуға үлгермеушілігі 1-сыныптан бастап көріне бастайды. Бірақ анық белгілері 2-3 сыныпта белгілі болады. Оқу процесінде олардың оқу дағдыларындағы кездесетін кемшіліктер:
— сабақ процесіне жай қосылады;
— оқу материалын жай немесе тіптен қабылдамайды;
— берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындай алмайды;
оқу мен жазуы жай;
— оқыған мәтінін түсінбейді және түсінгенін айтып бере алмайды;
— есептер шығарған кезде үлкен қателер жібереді;
— тез шаршағыш;
— сыныптастарымен аз араласады;
— өз ойын анық айта алмайды.
Мұндай балалардың жұмыс қабілетінің төмендеуі және зейін тұрақсыздығы әр балада түрлі көрініс табады. Осылайша кейбіреулерінде аса жоғарғы зейін қоюы және неғұрлым жұмысқа деген жоғарғы қабілеті тапсырманы бастағанда байқалады да, оны орындау барысында төмендей береді; енді бірінде – зейіннің артуы жұмыстың біраз уақыты өткен соң басталады; ал тағы басқаларында зейін қоюы және жұмыс қабілеті біркелкі болмай, мезгіл-мезгіл толқып тұрады. Психикалық дамуы тежелген балалар зейіннің ерекшеліктері оның тұрақсыздығынан, бір объектіге тұрақты көңіл бөле алмайтындығынан көрінеді. Басқа да сыртқы қоздырғыштардың болуы бұл оқушылардың жұмысын тежеп, қате жіберуін арттырады. ПДТ балаларда қабылдау қабілетінің дамуы да төмен, мұны балалардың қоршаған әлем туралы білімдерінің жеткіліксіздігінен, шектеулігінен, үзік-үзіктігінен, әдеттегі қалыптан басқаша тұрған заттарды, сызбалық бейнелерді тани алмайтындығынан (егер олар сызылып тасталған немесе бірінің үстіне бірі орналастырылған болса) байқауға болады. Есте сақтау процестерін зерттеу ырықты есте сақтау нәтижесінің жеткіліксіздігінен, есте сақтау көлемінің аздығын, есте қайта жаңғырту қиынға түсіп, оның нақты болмайтынын көрсетті. Мұндай балалардың танымдық қызметінің дамуында да айқын артта қалушылық пен өзгешеліктері бар. Олардың барша ойлау формаларының артта қалуы байқалады, мектептегі оқудың басталуына қарай мұндай балаларда, әдетте әлі негізгі ойлау операциялары талдау, топтау, салыстыру, қорыту қалыптаспаған. Танымдық белсенділігінің төмендігі айқындалған.
ПДТ балалардың тіл байлығы әдеттегі балаларға қарағанда 20-30% төмен деңгейде. Сөздік қорында бар сөздердің өзін қолданғанда, олар көбінесе қате жіберіп, сөз мағынасын толық түсінбейтінін көрсетеді. ПДТ оқушылардың грамматикалық қорыта білуі әлсіз, олардың сөйлеу тілінде грамматикалық конструкцияларды дұрыс қолданбауы жиі кездеседі. ПДТ балалардың мінез-құлқы да өзіндік ерекше. Мектепте олар өздерін әлі мектепке дейінгі жастағы кішкене балалар сияқты ұстайды. Оларда оқуға деген қызығушылығы жоқ немесе аса әлсіз, мектепке деген жағымды қатынасы да байқалмайды. Олардың жетекші қызметі – әлі де ойын болып қалады. Жүйелі түрде оқыту басталғанға дейін ПДТ балаларда ойын әрекетінің жоғарғы формасы – сюжеттік-рөлдік ойын қалыптаспаған, шын мәнінде баланы өз қызметінің жаңа түрін – оқу қызметін орындауға дайындайтын ойынның осы формасы, тіпті ойынды ересектер немесе дұрыс дамып келе жатқан құрдастары ұйымдастырған жағдайда да бұл балалар өзіне бөлінген рөлді орындай алмай, біреуінен екіншісіне ауысып, манипуляциялық әрекет жасайды. Психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілетін түзете дамыту жұмыстарының түрлері көп. Түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:
— баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;
шаршап кетпеуін анықтау;
— оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру, кеңістікті бағдарлауын дамыту;
— сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;
— ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;
— арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру;
— жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру.
Мамандардың оқыту түзету процесінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады. Білім беру мекемесінде оқитын ПДТ балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет. Психолог, сынып жетекшсі, ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді. ПДТ баламен жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Дидактикалық материалды жеткілікті түрде қолдану, қазақ тіліндегі оқулықтардың жеткілікті болуы, көрнекі құралдардың эстетикалық және педагогикалық талаптарға сәйкес келуі, ойын құралдарының әртүрлігі, іс-әрекеттен тыс техникалық құралдардың жеткілікті қолданылуы – бұл баланың сөз сөйлеуін жақсы меңгеруінің бір шарты болып табылады.
Танымдық және сөйлеу іс-әрекетінің дамуына жеткізетін әдістерінің бірі – ойын. Ойын баланың өзінің қарым-қатынасқа деген қажеттігін, сезімдерін, ойларын және эмоцияларын сыртқа шығаруын қамтиды. Ойынды дұрыс ұйымдастыру арқылы баланың сөздік қоры дамиды, басқа балалармен қарым-қатынаста өзін еркін сезінуі және қоршаған ортаға байланысты білімдерін кеңейтеді. Ойын барысында қолданған сөздерді бала күнделікті өмірде қолданатын сөздік қорына кіргізеді. Бала белгілі әлеуметтік ортада өсіп, айналасындағы заттар мен құбылыстарды танып біледі, олармен тікелей қарым-қатынастарда әсерленіп, бойындағы табиғи қасиеттерін жетілдіріп, ақыл-ой сезімін таным әрекетімен байланыстырады. Сезімнің бұл түрі балалардың оқып білім алуын, дүниетанымын, көзқарасын қалыптастырады. Баланың шындықты тануға деген ең алдымен таңданудан басталады, таңдауы баланың бәрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын жан-жақты танып, оларды тереңірек түсінуіне жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін тудырады [4]. Психикалық дамуы тежелген балаларды оқытудың негізгі әдісі біріктіру болып табылады. Қазіргі шақта біріктіру – зейін орталығы. Біріктіре оқыту арқылы бала дамуының ерекшеліктерінен жалпы білім беру стандартының қалыпты уақытқа жақын болуымен сипатталады. Біріктіру әдісі білімді түзетудің, дамытудың заңдылығы болып есептеледі. Тұжырымдамаға сәйкес біріктіре оқыту келесі қағидалар негізінде жүргізіледі:
— дамуындағы кемшілікті ерте бастан түзету, дамуында ауытқуы бар балалардың бірнеше қызметтерін қалпына келтіру қабілеттері;
— біріктіре оқыған әрбір балаға түзету көмектері міндетті;
— біріктіре оқуға негізделген балаларды таңдау. Психоэмоционалдық дамуы терең бұзылған балалар қалыпты балалар арасында тәрбиелене алмайды.
Психикалық дамуы тежелген балалармен дәрігерлік-психологиялық-педагогикалық және түзету шараларын жүргізгенде мамандар мынадай маңызды ұстамдарды сақтауы тиіс:
— жеке және топ арқылы олармен түзету-дамыту сабақтарын жүргізу;
— қимыл-қозғалысы мен психикасының дамуының жетілуін бағалап жетілдіре түсу;
— психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық қауіпсіздігін сақтау, сол ортаға мейірімділік пен қамқорлық жағдайын туғызу, олардың қиыншылығын түсіну және жағдай жасау.
Қорыта келгенде психикалық дамуы тежелген баланы дамыту барысында жұмыс нәтижелі болу үшін, әр баланың физиологиялық, психологиялық, жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тұлғаны дамыту жұмыстарын дұрыс және тиімді ұйымдастыру болып табылады. Түзете-дамыту жұмыстарында төмендегі мәселелерге көңіл бөлген жөн: психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық және тұлғалық ерекшеліктері сауат ашуға, жазуға, математикаға, еңбекке үйрету, кезінде оқу мазмұнын басқаша іріктеуді қажет етеді. Бірінші кезекте оқуға деген жағымды түрткі қалыптастырып, жақын эмоционалды көріністерді тудыратын, ой-өрісін кеңейтетін материал алынады. Дамуы баяу балалардың психологиялық ерекшеліктерін ескеру, оқу материалын жай бөліп қоймай, керісінше жалпы дамуға бағытталған жаңа бағдарлама (баланың қоршаған ортаға бейімделуі, мінез-құлық ерекшелітері, өзін-өзі төмен бағалауы, қоршаған ортаға сенбеушілікпен қарауы, өз күшіне деген сенімсіздігі, белсенділігі төмен) құруды талап етеді. Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Жеке тұлғаның рухани өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді, жауапкершілік қасиетті сіңірген тұлға ретінде қалыптастыру.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет