45.Оқушылардың ғылыми дүниетанымы
Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру.
Оқушылардың ғылыми дүниетанымның қалыптасуы – күрделі әлеуметтік-педагогикалық мәселе. Жеке тұлғаның, оның ішінде оқушы жастардың жеке тұлға ретінде қалыптасуы теориялық, және тәжірибелік тұрғыдан көкейкесті мәселеге айналуда.
Дүниетаным дегеніміз – дүниеге деген нақты-тарихи маңызы бар көзқарастың, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарына, өмірдің әлеуметтік-экономикалық құрылысына, адамның белсенді өмір көзқарастарын анықтайтын қоғамдық-саяси қатынастар жүйесіне қатысты ғылыми негізделген сенімдердің органикалық бірлігі, тұтастығы. Оқушылардың дүниетанымы ғылыми-философиялық білімдерді, заманына сай ғылыми жетістіктерді, сонымен бірге, болмысты танудың жалпы әдістерінің жүйесін жүйелі игеруі нәтижесінде қалыптасады.
Ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананың ең жоғарғы формасы. Табиғат, қоғам, ой дамуының мәні мен заңдылықтарына түсінік беретін дүниетанымдық идеялар жиынтығы оқушы санасында көзқарас, сенім, ойлау-болжам, аксиома, әр түрлі табиғи және қоғамдық процестер мен құбылыстар түсіндірмесінің ғылыми негізін құрайтын кез-келген ғылымның жетекші идеялары мен негізгі ұғымдары ретінде қалыптасады.
Дүниетаным көптеген маңызды қызмет атқарады. Ол өзінің ағарту қызметі арқылы балаға табиғат және қоғам туралы ғылыми білімдер беріп, оны жалған қөзқарастардан арылтады, болмысты тану әдістерімен қаруландырады.
Дүниетаным тәрбиелік қызмет атқарады. Бала өзі келісетін көзқарастары арқылы, адамгершілігін, ерік-жігерін, эстетикалық сезімдерін шыңдайды. Мұғалімдер оқушыларды адалдыққа сендіріп, олардың адал жүруіне керекті батылдықты, табандылықты, ізгілікті, жауапкершілікті тәрбиелеу керек. Осы талапты орындау үшін қоғам және жеке адамдар өміріндегі жақсы тұстарды балаларға әсерлі етіп түсіндірген дұрыс.
Өнер шығармалары баланың сезімін оятады. Шығармаларды талдау, салыстыру, қорытындылау баланың дүниетанымын қалыптастырады. Өнердің түрлі салаларында оқушылардың іс-әрекет жасауы дүниетанымның қалыптасуына орасан зор әсер етеді. Оқушылар өнердің тілімен танысып, тәжірибеде жұмыс істеуге үйренеді, дағдыланады. Баланың дүниені қабылдау кезіндегі әсерленуі балалық шақта жақсы жүреді, сондықтан көркем өнерпаздар үйірмесін құру, өнер шығармаларын жасату, шығармалар жаздыру, сахналық қойылымдардағы рөлдерде ойнату баланың дүние туралы ой-әрісін кеңейтіп, көзқарастары мен сенімін тексеруге көмектеседі. Оқушының дүниетанымының қалыптасқандығын оның ғылыми білімдерінің тереңдігінен, жүйелілігінен, диалектикалық ойлауынан байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |