40.Тұлғаның санасы мен бағытына әсер ететін тәрбие әдістерінің сипаттамасы (көзқарастар, сенімдер, мақсаттар, құндылық бағдарлары және т. б.)
Жеке тұлғаның қасиеттерінің мәнін түсіне келе баланың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік көзқарастары, түсініктері, сенімдері, мұрат-мақсаттары қалыптасады. Бұл міндеттерді шешу үшін «Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері» деген әдістер қолданылады.
Бұл топтағы әдістердің сезімдерді, көңіл-күй эмоциясын қалыптастыруда маңызы зор. Егер оқушылар педагогикалық әсерге жауап бермесе, жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру жүзеге аспайды. Оқушылардың тәрбие мазмұнына сай іс-әрекетке белсенді түрде араласу қажеттілігі болған жағдайда ғана алға қойылған мақсат орындалады. Осылайша, жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері оқушыларды алған білімдерін күнделікті тәжірибеде белсенді қолдануға, яғни мінез-құлық әдеттерін қалыптастыруға дайындайды.
41. Мінез-құлық, іс-әрекет және жеке тұлғаның қарым-қатынас тәжірибесін қалыптастыратын тәрбие әдістерінің сипаттамасы
Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлык тәжірибесін қалыптастырудың әдістері. Әдет, мінез-құлықтың белгілі бір түрі — оқушылар тәрбиесінің нәтижесі. Жеке тұлғаның тәрбиелілігі оның түсініктері мен сенімдерінен басқа нақты істері мен әрекеттері арқылы көрінеді. Сондықтан іс-әрекетті ұйымдастыру мен қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру тәрбиелік процестің өзегі болып есептелінеді.
Оқушылардың өмірінде педагогтің талап қоюы шешуші рөл атқарады. Нақтылы педагогикалық жағдайға байланысты талаптың, түрі, мазмұны іріктеледі. Тәрбиеші мен тәрбиленушінің өзара әңгімесі мен байсалды, сенімді қарым-қатынас педагогикалық талаптың нәтижелі болуына ықпал жасайды. Тұтас педагогикалық процесте тәрбиеленушіге педагогикалық талап қою мен дұрыс іс-әрекет істеуге мәжбүр ету қатар жүреді.
Жаттығу әдісі - мінез-құлықтың нормалары мен ережелеріне сай тәрбиешінің әр түрлі іс-әрекетті ұйымдастыруы. Тәрбиеленушілердің орындайтын жаттығулары - тәрбиешінің талаптарын орындап, адам игілігіне еңбек ету, басқаларға қамқорлық жасап, қуанышқа бөленуі.
Жаттығу әдісі оқушыны объект жағдайынан субъект жағдайына жеткізеді. Жаттығу әдісінің педагогикалық-психологиялық ерекшелігі - жаттығулар мен әрекеттердің баланың ішкі қасиетіне айналуы. Тапсырма бергенде баланың ішкі мүмкіндігін, күшін, бағытын жан-жақты терең зерттеп, қоғамдық бел-сенділігін басқару жалпы адамзаттық адамгершілік қасиетінің дамуына және оның дұрыс іс-қимылы мен мінез-құлық дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ойын - бала әрекетін дамытудың негізгі құралы. Ойын баланың мінез-құлқын қалыптастырып, ой-өрісін өсіріп, ортаға бейімдеп, өзін еркін сезуге үйретеді. Ойын - балалардың бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерін тәрбиелейді. Балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тілін дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері пәндері оларда табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сипатын қалыптастырады.
Ойын - мектеп балаларының негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров "Балалықтың қанына ойын азық" деп бекер айтпаған. Ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрас-тырған заттарды пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны балалардың өздері жасауында, ойын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |