Педагогика тарихы


Мағжан Жұмабаев (1893-1938)



бет90/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)

Мағжан Жұмабаев (1893-1938). М.Жұмабаев ақиық ақындығымен қоса оның қаламынан сондай-ақ көптеген әңгімелер мен мақалалар, оқу құралдары, оқулықтар мен (“Бастауыш мектепте ана тілі” – 1923, “Сауатты бол” – 1926), зерттеу еңбектері туды. Мағжан 1922 жылы “Педагогика” атты (Ташкент, Орынбор) тұңғыш ғылыми еңбек жазды. Белгілі ғалым-педагог, публицист М.Жолдыбаев осы кітаптың беташарын былай деп жазыпты: “Заманға дәл жаңа кітап шыққанша малданып”, одан кейін оқып салыстырып қарап, бұрынғы жазылғандардың адасқан жерін тауып отыруға Мағжан педагогикасы іздесе таптырмайтын пайдалы тарихи материал”. Өз кітабы жөнінде автор: – “Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқытылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге дейін басылып шығып, жарық көре алмады”, - дейді. Мұның көпшілік талқысына түсіп, тәжірибелі мұғалімдердің сыннан өткен еңбек екендігі байқалады. М.Жұмабаев тағы да былай дейді: “Тәрбие ғылымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бізде бұрын пән тілі болмағандықтан түрлі терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі (интернационалдық терминдер – С.Қ.) болып кеткен сөздері қазақшаға аударам деп азаптануды тиіс таппадым”. Бұл ғылыми еңбек әлемді елең еткізетін тың туынды болды.
Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Оның пікірінше, тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі. Әрине, тәрбиенің бұдан басқа да бірнеше түрлері бар, ол мұның басты-бастыларын ғана айтқысы келген болуы керек. Автор олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын тәптіштей түсіндіре келіп, былай дейді: “Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзік ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын…” “Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қылып шығару” – деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырғысы келеді. Оның туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да құптарлық. “Ұлт тәрбиесі – деп жазды ол, – баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті”. “Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр” – дей келіп, автор тәрбиешінің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне ден қояды.
Мағжанның көшпелі қазақ тұрмысындағы тәлім-тәрбиеге байланысты көзқарасында ұлттық бояу ерекше байқалады. “Киіз үйдің зиянды жағы болғаны сияқты, – деп жазды ол, – пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Шын таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. …қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл”. Оның ойынша, адамның табиғатпен кіндіктестігін ескере отырып, оқу-тәрбие жұмысы жаратылыспен астарласуы қажет.
М.Жұмабаев қазақтың көшпелі тұрмысында сәбидің ыстық-суыққа ұрынбай өсуіне бесіктің ғасырлар бойы игі қызмет еткеніне тоқтала келіп, “қазақ бесігінің құрылысын жетілдіре түсу қажет” дегенді айтады.
Мағжан осы еңбегінде психология пәніне кең орын беріп, оны барынша зер сала қарастырады және ғылымның бұл саласында өз білімдарлығын байқатады. Жан көріністерін ол “білу яки ақыл, сезім яки көңіл, һәм қайрат көріністері” деп үш тармаққа бөле келіп, олардың өзара табиғи үйлесімін Абай тұжырымдарымен байланыстырады.
Ол сыртқы сезімдерді (қазір түйсіктер деп аталады) көру, есту, иіскеу, тату, сипау, ет сезімі деп алты айырыммен анықтап алып, оларды дұрыс жетілдіру жолдарына ерекше назар аударады. М.Жұмабаев дүниеге келген күннен бастап нәрестенің есту сезімін дамыту үшін түрлі дыбыстардың мәнісіне көңіл бөледі. Әсіресе бесік жыры үнінің тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өтеді. М.Жұмабаев: “Адамның әдемілікті сүю сезімін тереңдететін де осы есту сезімі”, – дей келе, өзінің осы пікірін гректің Орфей жайлы, қазақтың Қорқыт туралы айтылған терең тұнық ойларымен тиянақтайды.
Автор шәкірттердің зейінін дамыту үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысуын, оның болашақ әсерге даярлану тұрғысында болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият зер салады. Ол кейбір оқушылардың абайлы болмауының себептерін де аша кетеді. Адам зейінін ол ерікті, еріксіз, табанды, табансыз, ішкі-сыртқы деп жіктейді. Бала абайы оның жасына, тәрбиелеу жолдарына тәуелді болатындығын айтады.
Автор “Ақыл көріністері” (қазіргі терминологияда – ойлау) тақырыбын әсерлену, оның пайда болу шарттары, күші һәм тоны деп жеке-жеке талдай келіп, кейбір психологиялық терминдердің мәніне тоқталады.Оларды жеке-жеке талдап, ересектер мен бала әсерленуінің айырмасын да арнайы сөз етеді.
Адам өміріндегі естің алатын орнын көрсете келіп, автор оларды есту, көру, қозғалу т.б. деп жеке-жеке қарастырады. Естің адам жасына байланысты өзгеріске түсетіндігін айта келіп, баланың есін дамыту жолдарына тоқталады.
Автор бала фантазиясының табиғатына ерекше көңіл қойып, оны өркендетудегі ертегінің, бала ойындары мен ойыншықтарының рөліне тоқталады.
М.Жұмабаев сұлулық (эстетика) сезімдері жайлы ғылыми ұғымдарды да әр қырынан ашып, өнер адамына тән өрнекті сезімдерді тәптіштеп түсіндіреді. Кітапта ойлау, ұғым, ой қорытындылары ішкі сөйлеу т.б. мәселелері, ерік-жігер, қажыр-қайрат, импульс, рефлекс, инстинкт, әдет категориялары да талдауға алынған.
Бала темпераментін сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик деп бөліп, бұлардың әрқайсысына тән қасиеттерді ұтымды тілмен баяндайды. Мағжанның аталмыш кітабы “Педагогика” деп аталғанмен түгелдей дерлік психология мәселелерін сөз еткен. Мәселен, шағын еңбектің 17 тарауының он үші тікелей психология мәселелеріне арналған.
М.Жұмабаев орыс педагогикасының білгір классигі К.Д.Ушинскийше педагогиканы жан сырының заңдылығын зерттейтін психология ғылымымен байланыстыра қарастырған тұңғыш қазақ ойшылы. Ол педагогиканы психологиясыз, яғни тәлімгер атаулы шәкірттердің жан жүйесі (зейін, ес, қиял, ойлау, сөйлеу т.б.) ерекшеліктерін ескермейінше, оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканың дәрменсіз болатындығын ерекше ескертеді. М.Жұмабаевтың осы кітабындағы педагогикалық ой түйіндерінің негізгі арқауы “…адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының, әсіресе жанына, тәрбие қылу керек деп ұғу керек… Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең… Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады… Ұлттың тілі кеми бастауы құри бастағанын көрсетеді… ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай анық көрініп тұрады… Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ… Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болу керек… адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт… Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім дегендерге саяды.
М.Жұмабаевтың әдістемелік еңбектері де психологиялық жағынан ерекше көңіл аударарлық. Мәселен, оның қазақ мектептеріне оқу құралдарын қандай етіп жазу керектігі жайлы (“Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз” (Бостандық туы, 1921, 5); сондай-ақ “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Әліппе” (ересектерге арналған, 1929) т.б. газет-журналдарда жарияланған ғылыми-методологиялық мақалалары баршылық.
Кеңестік дәуірдегі Қазақстан Республикасындағы білім беру ісі және мектептер тарихы. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көптеген өзгерістер болды. Үкіметтің және халыққа білім беру органдарының тынымсыз қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде мектептер, мектептен тыс ұйымдар, балалар мекемелерін құруда үлкен табыстарға қол жетті. 1920 жылы қазан айында Орынборда “Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілерінің құқық декларациясын” – жас республиканың бірінші конституциялық актісін бекіткен Қазақ АКСР кеңестерінің төтенше съезі болды. Съезде қабылданған декларацияда: “Еңбекшілердің білім алуына жол ашу мақсатында жұмысшыларға, кедей шаруаларға және қырғыз (Қазақ) халқының барлық еңбекші бұқарасына толық, жан-жақты және тегін білім беру міндеттерін қою; халықтың сауатсыздығын жоюмен бір уақытта және өскелең жас ұрпақтың жан-жақты, денсаулығының мықты және рухани дамуын қамтамасыз етуге кірісу”1 айтылды.
1918 жылы наурызда Түркістан өлкесінің Халком кеңесі өзінің декретін жариялады. 1918 жылы маусымның ортасында халыққа білім беру жөніндегі Өлкелік кеңестің орнына Түркістан ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту комиссариатына көпұлтты халық бар өлкенің ұлан-ғайыр аумағында мәдени-ағарту мекемелерін, ана тілінде сабақ беретін және ғылым талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалар бойынша оқытатын мектептер жүйесін құру жүктелді.
1918 жылы 16 қазанда БОАК (ВЦИК) декретімен бекітілген еңбек мектебі туралы Декларацияда мектептерді бастауыш, гимназия, реальды училище деп бөлуді қысқарту туралы айтылып, екі сатылы біртұтас еңбек мектебі енгізілді: бірінші сатыда – 8 жастан 13 жасқа дейін балалар үшін 5 жыл оқу және екінші сатыда – 13 жас пен 17 жас арасындағы балалар үшін 4 жылдық оқу белгіленді. Сөйтіп, 12 жылдық оқу мерзімінің орнына 9 жылдық оқуды енгізу бұқара балаларына оқуды жеңілдету мақсатынан туындады. Оқу тегін, ұлдар мен қыздар үшін бірдей деп хабарландырылды. Политехникалық білімнің қажеттілігі жария етілді. Халыққа білім беруді ұйымдастырумен байланысты, күрделі мәселелерді шешу кеңестердің облыстық съезінің талқылауына ұсынылды. Жер-жерде ликбездер, курстар, кешкі мектептер, өз бетімен білім алу үйірмелері ұйымдастырыла бастады. Барлық деңгейдегі және ведомстволардағы мектептер оқуға тілек білдірушілерді жасына, ұлтына, дініне қарамастан қарсы алды, елде оқуға деген талпыныс жоғары болды.
Кеңес өкіметінің мәдениет мәселелері жөніндегі бірінші маңызды декреттерінің қатарында РСФСР Халық ағарту аткомының “Аз ұлттардың мектептері туралы” қаулысы да болды. Осыған сәйкес 1918 жылы тамызда Қазақ республикасының ОАК (ЦИК) мектептерде оқытуды ана тіліне көшіру туралы декреті жарияланды, ал қараша айында “Түркістан мектептерінің құрылымы туралы ереже” жарық көрді.
Еңбек мектебінің мақсаты – балаларға тәжірибе жүзінде еңбектің барлық маңызды түрлерінің әдістерімен, бір бөлігі оқу шеберханасында немесе мектеп фермасында, бір бөлігі фабрикаларда, зауыттарда политехникалық білім беру жүйесінде іске асты. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының денесінің дамуы және эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Революцияға дейінгі мектептерде қолданылған оқушыларды жазалаудың барлық түрлері алынып тасталды.
1918 жылы 10 сәуірде Түркістан өлкесінің халыққа білім беру жөніндегі комиссарының бұйрығымен барлық мектептерде педагогтік және әкімшілік-педагогтік қызметшілерге сайлау өткізу жөнінде ұсыныс енгізілді. Мұғалімдерге халыққа білім берудің жергілікті кеңестеріне бағыныштылығы туралы өтініш жазу ұсынылды.
Барлық ұлттарға біртұтас еңбек мектептерін ашу жөнінде құқық берілді. Мысалы, қазақ мектептерінде ана тілінен басқа орыс тілін, сондай-ақ арифметика, география, тарих, жаратылыстану, сурет, ән-күй сабақтары оқытылды. Қазақ-орыс (аралас) мектептері құрылды. Ал Қазақстанның оңтүстік облыстарында басқа мектептермен қатар өзбек, ұйғыр мектептері дүниеге келді.
1918 жылы Ташкентте халыққа білім беру жөніндегі Бүкілресейлік съездің шешімдерін толық қуаттаған Түркістан өлкесінің халыққа білім беру қызметкерлерінің съезі болды. Биліктің жергілікті Кеңестердің қолына өтуімен байланысты жаңа типті мемлекеттік оқу орындарының бүкіл құқығына ие болған қазақ тілінде оқытатын мектептер ашыла бастады. Жергілікті халықтың білім алуға деген қызығушылығы жыл сайын арта түсті. Әсіресе, 1919 жылдың екінші жартысы мен 1920 жылдың бірінші жартысында жаңа мектептерді ашуға деген қазақ халқының аса маңызды талпынысы байқалды. Қазақстан халқы мектептер үшін үй тұрғызуға, оны жабдықтауға ерікті түрде қатысты. Мектеп құрылысына байланысты халыққа білім беру бөлімдерінің үндеулерін қызу қолдады. Қазақстан комсомолы мектептер тұрғызуда үлкен белсенділік көрсетті.
1920 жылы шілдеде сауатсыздықты жою бойынша төтенше комиссия құрылды. 1921 жылы 26 шілдеде ҚазОАК (ЦИК) 16 мен 51 жасқа дейінгі аралықтағы барлық білімді адамдарды сауатсыздықты жою жұмысына қатыстыру туралы қаулысы қабылданды.
1920 жылы қазанда Қырғыз әскери-революциялық комитеті халыққа білім беру бөлімінің базасында Қазақ КСР-інің ағарту халық комиссариатын құрды. Бірінші Халық ағарту Комиссары болып А.Байтұрсынов бекітілді. 1920 жылдың желтоқсанында Қазақ халық ағарту комиссариаты жанынан үш бөлім: мектеп, мектептен тыс және балаларды қорғау бөлімі ашылды.
Мектеп жүйесінің қарқынды өсуі педагогтардың көп болуын талап етті. 1921 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда төрт халыққа білім беру институты жұмыс істей бастады. Орынборда жалпы саны 360 адамдық (орыс, татар – 223 адам. Қазақ – 140 адам), Семейде аралас – 190 адам. Олар бар болғаны 550 адамды қамтиды.
Барлық мектептерде Қызыл каленьдарь күндері аталып өтілді. Пионер отрядтарының жұмысы қанат жайды. Пионерлердің клуб күндері ұйымдастырылады. Қыздармен жұмыс істеудің бірінші тәжірибелері насихатталды. Еңбек тәрбиесі қалалық, сондай-ақ ауылдық мектептерде де жан-жақты мадақталды. Мектептерде оқытудың сапасын арттыру, оқу жылының ұзақтығын қысқарту, әдістемелік жетекшілікті нығайту, қазақ шаруалары арасында мектептің беделін көтеру үшін күрес жүргізілді. Мектептегі ата-аналар кеңесінің және педагогтік ұжымдардың қызметін жандандыру шаралары қабылданды, ауыл мен село мұғалімдерінің құқықтық және материалдық жағдайы жақсарды.
1925 жылы мамырда “Сауатсыздық жойылсын” қоғамының Бүкілқазақстандық бірінші съезі өтті. Әсіресе, республика үшін қажетті мамандықтар игеруді назарға алатын жаңа мектептер ашылды.
1924-1925 жылдары мектепті қаржыландыру біршама жақсарып, одан әрі қарай қазақ мектептерінің өсуіне ықпал етілді. Қазақ КСР-інде мектептер РСФСР қабылдаған жүйе бойынша, жергілікті жағдайларға байланысты өзгертулер енгізу арқылы тұрғызылды. Қазақстанда: бір сатылы 4 жылдық білім беретін мектеп; екі шоғырдан тұратын: бірінші және екінші сатылы жетіжылдықты құрайтын мектепте қосымша 2 жылдық үшінші сатылы мектептер (тоғызжылдық) ұйымдастырылды.
Қазақстанда үшжылдық оқу мерзімімен мен шаруа жастарының мектептері (ШЖМ) ашылды. 1926 жылы Қазақстанда сауаттылық 25,2 пайызды, ал тұтасымен КСРО-да - 56,6 пайызды құрады.
Республикада 1927 жылғы 15 желтоқсандағы жүргізілген санақтың деректері бойынша, Қазақстанда бастауыш оқумен қазақ балаларының тек қана 20 пайызы қамтылды. Республикада барлық типті 4092 мектепте 277087 оқушы оқыды. Осыған дейін 1926 жылы мамыр айының өзінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлар кеңесі бірінші „Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектебінің жарғысын" қабылдады. Онда 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды оқыту, ұлдар мен қыздарды бірге оқыту, мектепте қандай болмасын дінді оқытуға жол бермеу, онжылдық оқу мерзімі қарастырылды.
1930 жылы 27 тамызда ҚАКСР үкіметі жалпыға бірдей міндетті оқу туралы Декрет қабылданып, оқу жасындағы барлық балаларды оқуға тарту мәселесі қойылды. Жергілікті өкімет, халыққа білім беру органдары осы бағытта сан қырлы күрделі жұмыстар жүргізді. 1930-1931 оқу жылынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді.
Бұл кезеңдегі мектептің негізгі кемшілігі, ол техникумдар мен жоғары оқу орындарына дайындық үшін қажетті білім мөлшерін бере алмады. Сондай-ақ, политехникалық оқытуда да кемшіліктер байқалды.
1932 жылы республикада бастауыш білім беруді жүзеге асыру жөніндегі кейбір қорытындылар шығарылды. Бастауыш мектептердегі оқушылар саны бірнеше есеге өсті. Мектептерде барлық ұлттардың балаларын ана тілінде оқуға көшіру кезеңі аяқталды. Қазақ мектептері үшін ана тілінде жаңа оқулықтар құрастыру ісі қолға алынды.
Жалпы білім беретін мектептерді түбірімен жақсарту үшін Үкіметтің 1933 жылы ақпанда “Бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін оқулықтар құрастыру туралы”, 1934 жылы мамырда “Бастауыш және орта мектептің құрылымы туралы”, 1935 жылы “Оқу жұмысы бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібін ұйымдастыру туралы” және 1934 жылғы “КСРО мектептерінде азаматтық тарихты оқыту туралы” қабылданған қаулылардың мәні ерекше болды. Осы қаулылар негізінде жалпыға бірдей білім беру жүйесінің толық құрылымы аяқталды. Мектептердің жеке типтері айқындалды: бастауыш – 4 сыныптық, орталау – 7 сыныптық, орта – 10 сыныптық болды.
Оқу үрдісінің негізгі түрі болып сабақ танылды. Мектептегі мұғалімнің рөлі артты.
1934 жылы ережеге сай педагогтік институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институты ашылды. Екі жылдық институттың бітірушілеріне аяқталмаған жоғары білімді маман деген диплом берілді. Мұғалімдер институттары Алматы, Орал, Қарағанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында жұмыс істеді. Архив деректеріне көз жүгіртсек, 1927 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда барлығы 14 педагогтік техникум, сондай-ақ педагогиканы тереңдетіп оқытатын ІІ сатылы және тоғызжылдық 16 мектеп болғандығы байқалады. Оларда барлығы 2398 адам, оның ішінде 1546 қазақ оқыды. Одан басқа мектептің VІІІ және ІX топтарында педагогтік бейімділікпен 1079 адам оқып-үйренді. Бұл шаралар оқытушылар құрамының жақсаруына қол жеткізді.
1931 жылы тамызда Қаз КСР ХКК жалпыға міндетті жетіжылдық оқуды енгізу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау үшін 1931-1932 оқу жылынан бастап республиканың барлық қалаларында, 26 ауданында жетіжылдық жалпыға міндетті оқу енгізілді. Архив деректері бойынша, жоғары типтегі мектептердің арасында 60 қазақ, 81 орыс, 7 татар, 5 украин, 3 ұйғыр, 2 өзбек, сондай-ақ 176 аралас мектептерде жалпыға бірдей міндетті оқуға көшуді аяқтау көзделді.
1935 жылы республика үкіметі “Мектеп құрылымдарын ретке келтіру және қазақ орта мектептерін өсіру туралы” маңызды шешім қабылдады. Мәселен, кейбір сыныптардағы бала саны 12 - 8 немесе 10 - 9 адамды құрады. Сыныптардағы бала санының аздығын, сондай-ақ республика аумағының шалғайлығын ескере отырып, барлық балаларды оқумен қамту үшін мектеп-интернаттар ашыла бастады. Халық ағарту комиссариатының деректері бойынша 1934 жылы 24259 оқушы интернатпен қамтылды. 1937 жылға жалпыға бірдей міндетті оқумен мектеп жасындағы барлық балалардың тек 96 %-і қамтылды. Қазақша төрт сыныптық мектептердің саны 537-ден 1190-ға, орталау мектеп 143-тен 237-ге, орта мектеп 11-ден 48-ге өсті. Дегенмен, қазақ орта мектептерінің саны әлі де аз еді. Қазақ мектептерін нығайту үшін халыққа білім беру органдары тарапынан материалдық жағдайы төмен әрбір оқушыға ай сайын 64 сом мөлшерінде стипендия белгілеу ұйғарылды. Бұл шара жоғары сынып оқушыларының контингентін сақтауға көмектесті.
1938 жылы Қазақстан мектептерінде оныншы сыныпты 2044 адам бітірді. Оның ішінде 287 қазақ баласы болды. Жастарға жоғары білім беру үшін бұл өте аздық етті. Дегенмен, ағарту ісіндегі негізгі тірек – сауатсыздықты жоюды аяқтау, жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқудың орындалуы, сондай-ақ жалпыға бірдей орта білімді қалаларда жүзеге асыру, ауылда және аудандарда жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білімнің аяқталуы табысты түрде іске асырылды. 1939 жылдың аяғында Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 79,3%-ке көтерілді. Оның ішінде еркектер – 85,2%. ал әйелдер арасында 66,8 пайызды құрады. Республиканың қалалары мен ауылдарында жаңа мектептер тұрғызылды, оқулықтар, бағдарламалар, мектеп мұғалімдері үшін жаңа оқу құралдары пайда бола бастады. Мұғалім кадрларының деңгейі өсе түсті. 1930 жылдың аяғына қарай бұрынғыдай бастауыш білімді мұғалімдер қалған жоқ десе де болады. Мұғалімдердің 10 пайызы жоғары білімді, 25 %-ы орта, 65 %-ы орталау білімді болды. Ауыл мұғалімдері үшін кейбір жағдайды жақсарту шаралары жасалды.
Республикада 1940-1941 оқу жылында мектептер саны 7790, ондағы оқушылар саны – 441 мыңға өсті. 1940-41 оқу жылында қазақ орта мектептерінің жанынан 29 мыңға жуық бала тәрбиеленетін 250 бюджеттік интернат ашылды. (Архив КазССР. оп. 8, св. 1, д. 10, лл. 21). Сондай-ақ, осы жылдары қазақ және орыс мектептеріндегі қазақ қыздарының саны да өскендігін атап өтуге тура келеді.
1941 жылы фашистік Германияның Кеңестер Одағына соғыс ашуы тарихшы ғалымдар айтқандай, аса ірі әскери қақтығыс болды.
Соғыс кезіндегі ауыр жағдайдың өзінде де оқуды қоғамдық еңбекпен байланыстыру ісіне ерекше назар аударылады. 8-10 сыныптарға міндетті түрде тракторды, автомашинаны үйрену жүктелді. Ал 4-7 сыныптарда ауыл шаруашылығының қарапайым негіздерін үйрету енгізілді. Көптеген мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары майданға аттанды. Халықтың өмірінде жас ұрпақты оқытуға және тәрбиелеуге байланысты әртүрлі қиындықтар пайда болды, мұғалімдер жетіспеді. Белгілі бір деңгейде білім алған мамандардың майданға кетуімен байланысты кейбір пәндерден оқытатын адамдар болмады. Республикаға Россия, Украинаның батыс облыстарынан көп адам көшірілді. Қазақстандықтар орталық аудандардан Қазақстанға көшірілген үлкендер мен балаларды жылы қарсы алды. Оларды жұмыспен, тұрғын үймен, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіп, жұмыс істеу үшін, мүмкіндігінше жағдай жасады.
1943 жылы маусым айында КСРО Халық комиссарлар кеңесі "1943-1944 оқу жылында облыстық, өлкелік қалаларда, одақтық және автономиялық республикалардың орталықтарында және ірі өндірісті қалалардағы орта және орталау мектептерде ұлдар мен қыздарды бөлек оқыту туралы" қаулы қабылдады.
Бөлек оқыту соғыс уақытындағы жағдайда практикалық қызметке сай оқушыларды арнайы дайындау мақсатымен ұлдар мен қыздардың дене тәрбиесінің даму ерекшелігін ескеруге қатысты болды.
1944 жылы "8 жас пен 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді есепке алуды ұйымдастыру және жалпыға бірдей міндетті білім беру жөніндегі заңның орындалуын бақылаудың тәртібі туралы" міндетті нұсқау жарық көрді.
Жаңа нұсқауда әрбір бастауыш, орталау және орта мектеп жасындағы балалардың сауатын ашуды қамтитын өзінің учаскесінің болуы және оның орындалуын жергілікті кеңестердің атқару комитеттерінің бақылауға алуы қарастырылды. Соғыс жағдайы оқу орындарының жұмысында үлкен қиындықтар туғызды. Олардың ғимаратының бір бөлегі госпитальдарға берілді. Кейбір жағдайларда қорғаныс кәсіпорындары иеленді.
Соғыс жылдарында басқа республикалар сияқты Қазақстанда да жалпыға бірдей жетіжылдық білім беру ауылда және онжылдық білім беруді қалада жүзеге асыру уақытша тоқтатылды, мектептің балаларды оқумен қамтуы төмендеді.
Осы жағдайларды ескере отырып, Отан соғысынан кейін жетім балалар мен материалдық хал-ахуалы төмен көпбалалы отбасының балаларын мектеп-интернаттарда тегін оқыту, киіммен, 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз ету ісі қолға алынды.
Соғыс жылдарында орта білім ала алмай қалған жұмысшы жастардың орта білім алуына жағдай жасалды. Жұмысшы жастардың кешкі мектептері ауыл, селолар мен қалаларда көптеп ашыла бастады.
1956-1960 жылдары оқушылар арасында оқу-тәрбие жұмысы шығармашылық бастамада жан-жақты өркендеуіне бағытталды. Мектептерде тәрбие жұмысының бағдарламасын жасау бірнеше жылдар бойы жүргізілді. Өзінің құрылымы мен мазмұны жағынан бұл бағдарламада жеке адамды жан-жақты дамытуда еңбекке тәрбиелеуде, өмір үрдісін және оқу қызметін ұйымдастыруда бірізділікті міндеттер байқалды. 1958 жылдан бастап мектептерде оқудың мазмұнын сынақ арқылы тексеру енгізілді. 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі “Мектептің өмірмен байланысын нығайту және КСРО-дағы халыққа білім беру жүйесін одан әрі қарай өркендету туралы” заңды қабылдады. Ол заң еліміздегі жалпыға міндетті 8 жылдық білімді іске асыруды белгіледі.4
Заң мектептің негізгі міндетін - оқушыларды өмірге, қоғамдық маңызды еңбекке дайындау, әрі қарай жалпы және политехникалық білім беруді жетілдіру, ғылым негіздерін жақсы білетін сауатты адамдарды дайындау, жастарды социалистік қоғам принциптеріне терең құрмет рухында тәрбиелеуді айқындап берді. Орта мектептегі білім беру мен тәрбиенің жетекші бастауы олардың еңбекпен тығыз байланысты болуында деп атап көрсетілді.
1960-70 жж. оқу мазмұнына ірі өзгерістер енгізілді. Мектептерді 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшіру ісі 1962-63 оқу жылында аяқталды. Оқушыларды емтихан алу арқылы сыныптан сыныпқа көшіру, орта мектепті үздік бағамен бітірушілерді алтын, күміс медальдармен марапаттау, 11 жылдық оқу жүйесіне көшу, мектептерді ірілендіру, мектеп үйлерін үлгі жобамен салу, интернаттар мен мектеп-интернаттар санын көбейту сияқты іргелі жұмыстар іске асырылды.
Жалпыға бірдей міндетті орта білімге көшіру үрдісі бірнеше кезеңде жүзеге асырылды. Мысалы, 1966 жылы 10 қарашада үкімет “Жалпы білім беретін орта мектептерді одан әрі қарай жақсарту шаралары туралы” қаулы қабылдады. Онда жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, типтік жоба бойынша ғимараттар салу, жаңа оқулықтарды өңдеу және шығару, мектеп кабинеттері мен шеберханаларын құрал-жабдықтармен және қажетті спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету т.б. шаралар айқындалды. Сондай-ақ, сегізжылдық міндетті мектепті бітірушілер өз тілегімен білімін кәсіби-техникалық және арнаулы орта білім жүйесінде жалғастыруы назарға алынып, толық орта білім беретін оқу орындары нақтыланды. Оқу-тәрбие үрдісінде қайта құру жүйесі жүрді: ғылыми негіздердің жүйелі курстары бұрынғыдай V сыныптан емес, ІV сыныптан бастап оқитын; міндетті мектеп курсына қосымша ғылым негіздері оқу жоспарына Ү11 сыныптан бастап өз мүддесі мен ынтасына сай оқушының таңдап алатын жеке оқу пәндері бойынша факультативті курсы ретінде енгізілді. Кейбір мектептердің жоғары сыныптарында дифференциалды оқыту енгізілді: мектептің сәйкестендірілген бөлімдерінде кейбір пәндерді – физика, математика (кейінірек химия), биология, гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту қолға алынды.
Кеңшарлармен, ұжымшарлармен тығыз байланысы бар, жақсы жабдықталған ауыл мектептерінде жоғары сынып оқушылары автомобиль, трактор, комбайн және басқа да ауылшаруашылық машиналарын оқып үйренді. Мектептегі тәрбие жұмысына ерекше назар аударылды, мектеп қызметкерлерінің штатына жаңа лауазым – сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастырушы-педагог лауазымы енгізілді. Жалпыға міндетті онжылдық білім беруге көшу жағдайында орта мектептің үлес салмағы артты, оның материалдық базасы нығайды. Бұл өз кезегінде оқушыларды өндіріс базасында оқыту мен еңбек тәрбиесінің күшеюіне ықпал етті.
Мектеп жұмысындағы өзгерістерге байланысты 1970 жылы жалпы білім беретін орта мектептердің жаңа Жарғысы қабылданды. Бұл мемлекеттік құжаттық негізінде сегізжылдық мектепті бітірушілер білім алуды, жалпы білім беретін толық орта (онжылдық мектептің ІX-X сыныптары), орта арнаулы оқу орындары – техникумдарда (3-4 жылдық оқу), орта кәсіби-техникалық училищелерде ПТУ (3-4 жыл), сондай-ақ жұмысшы және ауыл жастары мектептерінде X-XІ сыныптар) жалғастыра алатын болды.
1971 жылы мектептің алдына жастарға жалпыға бірдей орта білім беруге көшу туралы, жалпы білім беретін мектептің материалдық базасын одан әрі қарай нығайту, оқытудың сапасын көтеру, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке белсенді және мақсатты түрде дайындау міндеттері қойылды.
1972 жылы маусымда Одақтық үкімет “Жалпыға бірдей міндетті орта білімге көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектептерді әрі қарай дамыту туралы” қаулы қабылдады. Бұл қаулы халыққа білім беру органдары мен жергілікті органдардың, мектеп қызметкерлерінің ұзақ жылдық жұмыс нәтижесін шығарды және жалпы орта білім беретін барлық түрдегі оқу орындарында оқу-тәрбие үрдісінің сапасын жақсарту мен жетілдірудің жолдарын көрсетіп берді.
1975 жылы міндетті сегізжылдық мектеп бітірушілер Одақ бойынша толық орта білім беретін оқу орындарында оқуды жалғастырды.
70 жылдары елімізде жалпыға бірдей міндетті сегіз жылдық білім беру жүйесі жасалғанмен мектеп өмірінде кемшіліктер де аз болмады. Хрущевтік “жылымық” пен Брежневтік тоқырау жылдарында ұлт мәдениеті мен ұлт тілдеріне жеткілікті көңіл бөлінбеді. Тың көтеру желеуімен Қазақстанның Орталық облыстарында 700-ден астам қазақ мектептері жабылды, олардың көпшілігі орыс тілді немесе аралас тілді мектептерге айналдырылды.
Жаппай сегіз жылдық білім беруді іске асыру, мектептерде толық үлгерім беру жолында жүргізілген науқанның желеуімен оқушылардың білім сапасына қойылатын талап төмендеп кетті. Оқудың өмірден алшақтауы мектеп бітірушілердің теориялық білімге бойұрып, оны күнделікті өмірде қолдана алмаушылығын туғызды. Білім негіздерін меңгеруде жергілікті жердің экономикалық, экологиялық және этнопедагогикалық ерекшеліктері ескерілмеді.
Осымен байланысты білім беру жүйесіне реформа енгізу қажеттігі туындады.
Бұл проблеманы шешуде жалпы білім беретін мектеп оқушыларын оқытуды, тәрбиелеуді әрі қарай жетілдіру және оларды “Еңбекке дайындау” (1977 жыл, 27 желтоқсан) туралы үкіметтің қаулысы үлкен маңызға ие болды.
1960-70 жылдары оқытудың әдістемесі мен мазмұнына ерекше ден қойылды.
Осы жылдары оқулықтарды тегін пайдалануға рұқсат берілді, мектеп кітапханаларында оқулықтар қоры құрылды.
Жастар арасында, оның ішінде оқушылар арасында тәрбие жұмысының түбегейлі бағыттары белгіленді: ғылыми дүниетанымды қалыптастыру, еңбексүйгіштік, саяси білімге қызығушылықты сіңіру, халық дәстүрі негізінде қоғамдық белсенділікті жан-жақты дамытуға тәрбиелеу, оқу және тәрбие процесін органикалық бірлігіне қол жеткізу, отбасы, мектеп, жұртшылық арасындағы байланысты нығайту, т.б. мәселелер іске асырылды.
Елімізде 70-інші жылдардағы үлкен оқиға жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің енгізілуі еді.
Сондай-ақ, 70-інші жылдардағы халыққа білім беру үшін үкіметтің “Селолық жалпы білім беретін мектептердің жұмысын әрі қарай жақсарту жөніндегі шаралар туралы” арнайы қаулысы (1973 жыл, шілде) маңызды құжат болып табылады.5
Аталған құжатта мектептерде ауыл халқының сұранысын толық қанағаттандыру, жалпыға бірдей міндетті оқуды жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасау, әрбір кеңшарда және ірі ұжымшарда жалпы білім беретін орта мектептің болуы қарастырылды.
Осы қаулыға сәйкес, 1975 жылдан бастап оқушылардың шамамен 25 пайызы, ауыл мектептері жанындағы интернатта тұратындары үш мезгілдік ыстық тамаққа төленетін ақыдан босатылды. Ал қалғандары тамақ құнының жарты бағасын төледі. Ауыл мектептеріндегі оқу-материалдық базасының нығаюына, оларды білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етуге, ауыл мектептерінің оқушыларын оқыту мен тәрбие деңгейін көтеруге ерекше назар аударылды.
1970-інші жылдары мектептердің материалдық базасы біршама жақсарды. Мектептерде арнайы жабдықталған пән кабинеттерінің болуы, олардың әртүрлі техникалық құралдарымен жасақталуы бұқаралық сипат алды. Практикалық сабақ кезінде немесе оқушылармен жүргізілетін сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында мұғалімдер телевизиялық хабарларды қолдануды іске асыра бастады.
Осы жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойылды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелерін ұжымшарлар (өз қаржысы есебінен) тиісті құрал-жабдықтармен, инвентарлармен, ыдыс-аяқпен, ойыншықтармен, оқу құралдарымен мемлекеттік талапқа сай жабдықтауды қолға алды. Ұжымшарлардың алдында мектепке дейінгі балалар мекемелерін жоғары сапалы азық-түлікпен тиісті ассортиментте үздіксіз қамтамасыз ету міндеттері қойылды. Өндіріс орындарында балалар мекемелері үшін арнайы жиһаздар шығаруға ерекше назар аударылды.
1973 жылы Жоғарғы Кеңес бекіткен „Халыққа білім беру туралы" Заңы қабылданып, халыққа білім берудің негізгі принциптері айқындалды:
1. Білім алуда барлық азаматтардың нәсіліне және ұлтына, жынысына, дінге қатынасына, мүліктік және әлеуметтік жағдайына қарамастан теңдігі;
2. Барлық балалар мен жасөспірімдер үшін білім алудың міндеттілігі;
3. Барлық оқу тәрбие мекемелерінің мемлекеттік және қоғамдық сипаты;
4. Оқу тілін таңдау еркіндігі; ана тілінде оқу немесе КСРО халықтарының басқа тілінде оқу;
5. Білім берудің барлық түрлерінің теңдігі, оқушылардың бір бөлігінің мемлекет тарапынан толық тегін оқытылуының қамтамасыз етілуі, оқушылар мен студенттерге стипендиялар берілуі және оларға басқа да материалдық көмек көрсету;
6. Төменгі сатылы оқудан жоғары сатыға өтуді қамтамасыз ететін халыққа білім беру жүйесінің бірлігі және оқу орындарының барлық түрлерінің сабақтастығы;
7. Отбасы мен жұртшылықтың балалар мен жастарды тәрбиелеудегі, мектеппен қарым-қатынастағы оқу мен тәрбиенің бірлігі;
8. Оқу мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің өмірмен байланысы;
9. Білім берудің ғылымдық сипаты, оны жаңа ғылым, техника және мәдениеттің жетістіктері негізінде тұрақты жетілдіріп отыру;
10. Оқу мен тәрбиедегі гуманистік және жоғары құлықтық сипат.
11. Қос жынысты біріктіріп оқыту;
12. Діннің ықпалын қажет етпейтін, білім берудің зайырлық сипаты.
1970 жылы Республиканың 10154 жалпы білім беретін мектебінде 3 миллион 140,8 мың бала оқыды. Сегізінші сыныпты бітіргендердің 90 пайызы тоғызыншы сыныптарда, орта, арнаулы оқу орындарында, кәсіптік-техникалық училищелерде оқуды жалғастырды.
1980 жылы 6 жасарларды мектепалды даярлықтан өткізу, балаларды 6 жастан оқуға тарту, мектеп пен балабақшалардың байланысын күшейту, балабақша мектеп бірлестігін құру мәселелері қолға алынды.
1991-1992 оқу жылының басында Қазақстанның жалпы білім беретін мектебінде 3 миллион 229 мың балалар мен жасөспірімдер, оның ішінде 3 миллион 147 мың бала күндізгі мектептің оқушысы болды. Осы кезең аралығында сабақ 2992 қазақ, 74 өзбек, 11 ұйғыр, 3 тәжік, 1848 аралас мектепте жүргізілді. Тереңдетіп оқытатын мектеп саны — 1400 болды. 1991-1992 оқу жылында 38 гимназия, 33 лицей жұмыс істеді.7 Әйтсе де балалардың оқуы мен тәрбиесі үшін барлық жерде бірдей жағдай жасалған жоқ. Мәселен, 14 мың бала (0,4% ) үшінші ауысымда оқыды. 870 мың бала (оқушылардың жалпы санының 28%-ы) ыстық тамақпен қамтамасыз етілген жоқ.
КСРО ыдырағаннан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1991 жылдың 10 желтоқсанында жалпыхалық сайлаған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қызметіне кірісті. Осылайша ұлттық мәдениет пен білім берудің өркендеуі үшін жан-жақты жағдайлар жасалып жатыр. Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болып табылатын республикамызда Қазақстан Халықтары Ассамблеясы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі принциптері мен саяси құрылысы 1993 жылы қаңтарда қабылданған бірінші Конституцияда көрініс тапты. Кейінірек ол 1995 жылы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдумда мақұлданып, жаңарған Конституцияда бекітілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен әлемдік қауымдастықтағы үлкен беделге ие тәуелсіз мемлекет болып табылады. Қазақстанда соңғы ширек ғасыр ішінде білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оқу орындары елдің экономикасы мен мәдениетінің өсуімен бірге өркендеп отыр. Ол сауатсыздықгы жоюдан бастап жалпыға бірдей міндетті бастауыш, кейінірек жетіжылдық, сегізжылдық білім беруден жалпыға бірдей орта білім беруге дейінгі аралықты қамтыды. Бұл мәселе жеке адамды жан-жақты білімді етіп қалыптастырудың заңды нәтижесі саналып, теориялық білім мен оны тәжірибеде орнықты пайдаланудың үйлесімі ретінде қарастырылды.
Республикада аз ұлттар үшін мектептер құру жан-жақты қолдауға ие болды.
Тек соңғы жылдары 77 өзбек мектебі, 13 ұйғыр, 6 тәжік мектебі балаларға ана тілінде білім бере бастады. Татар, неміс, түрік тілдерінде оқытатын мектептер бар.
Ал Астана қаласында 2 мектепте корей тілін үйренетін оқушылар тобы, 25 мектепте 50 бала иврит тілін ана тілінде үйренеді.
1998 жылы республикада мектептердің саны барлығы 3 миллионнан аса оқушы білім алатын 7925 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке жетті.
Жалпы саны 100 мың оқушыны қамтитын 136 мемлекеттік орта арнаулы оқу орны мен 11 колледжде 261 мамандық бойынша білім алады. Бұдан басқа 292 кәсіптік-техникалық оқу орындарында да мамандар даярланады. Оларда 1998 жылы 114 мың оқушы оқыды.
1998 жылдың аяғындағы деректер бойынша 51 мемлекеттік жоғары оқу орнында 250 мың студент білім алады.
1999 жылы маусымда Қазақстан Республикасында Білім беру туралы заң қабылданып, онда білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Онда білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының зандарын, білім беру саласында азаматтардың құқына мемлекеттің кепілдігін, білім мен тәрбие берудің тілі, мемлекеттік білім берудің стандарттары, білім беру жүйесі, білім беру жүйесінің міндеттері, білім беруді ұйымдастыру, білім берудің бағдарламалары мен деңгейлері, білім беру жүйесін басқару, құқық пен міндеттер, білім беру процесі субъектілерінің әлеуметтік кепілдіктері, білім берудің экономикасы, білім беру саласындағы халықаралық қызмет, білім беру саласындағы заңды бұзуға байланысты жауапкершіліктерді қамтиды. Қазақстан Республикасында білім берудің негізгі принциптерінде барлық азаматтардың тең құқылығы айқындалған. Халықтың барлығының бірдей білім алу мүмкіндігі, білім берудің зайырлылық сипаты, жеке тұлғаның білім алуын ынталандыру және дарындылықты дамыту, білім беру сатыларының жалғасын қамтамасыз ететін процестің үздіксіздігі, оқыту мен тәрбие берудің тұтастығы, білім беру ұйымдарының академиялық еркіндік өкілеттігін кеңейту, білім беруді басқарудағы демократиялық сипат. Білім берудің гуманистік және өркениеттілік сипаты, ғылым-білімнің өндіріспен интеграциясы, оқушылардың кәсіби бағдарлануы, білім беру жүйесін компьютерлендіру, т.б. мәселелер қарастырылған.
Білім беру ұйымдарында саяси партиялық құрылымдар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) құрылуына және қызметіне жол берілмейтіндігін ерекше атап өткен жөн.
Біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасының азаматтарына жалпыға бірдей орта және бастауыш кәсіби білімді, сондай-ақ орта кәсіби білімді мемлекеттік сұранысқа сәйкес конкурстық негізде тегін білім алуға кепілдік береді.
Білім алушыларға тегін білім беру мемлекеттік білім беру ұйымдары арқылы бюджеттен қаржыландырылып, немесе білім беру ұйымдарының қызметіне берілетін мемлекеттік білім беру гранттарын бөлумен жүзеге асырылады. Білім беру туралы заңда мемлекеттік білім беруді несиелендіру жүйесі қарастырылған, ол конкурстық негіздегі мемлекеттік білім беру несиесі мен мемлекеттік студенттік несиені қамтиды.
Заңда әлеуметтік көмекті қажет ететіндердің отбасыларына, балаларға жеңілдіктер беруді де қарастырған. Бұл ата-анасыз жетім балалар, мүгедек балалар, көпбалалы отбасының балалары, сондай-ақ мектепке баруға қабілеті жоқ балаларды үйде жеке оқыту мен емдеуді ұйымдастыру, ауру балаларды барып оқыту т.б. болып табылады.
Тұрғындары аз қоныстанған елдімекендердегі ауыл балаларының орта білім алу құқын қамтамасыз ету мақсатында шағын санды мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс жасауына кепілдік берілген. Барлық оқу орындары меншік түріне қарамастан, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытуға тиіс. Сондай-ақ, орыс тілін және мемлекеттік тілді берудің стандартына сәйкестілігі шет тілдердің бірін оқып үйренуі де қарастырылған. Заңда білім беру жүйесінің негізгі міндеттері қамтылған. Ол білім алу үшін адамның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарымен, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде кәсіби қалыптасып дамуына бағытталған жағдайлар жасау болып табылады.
Білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – білім беруге жаңа технологияларды енгізу, білім беруді компьютерлендіру және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуымен өрнектеледі.
Білім беру жүйесіндегі тағы бір басым бағыттардың бірі – еңбек рыногындағы бәсекеге қабілетті білікті жұмысшы мен мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін көтеру болып табылады.
Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көптеген өзгерістер енді. Үкіметтің және халыққа білім беру органдарының тынымсыз қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде мектептер, мектептен тыс ұйымдар, балалар мекемелерін құруда үлкен табыстарға қол жетті. 1920 жылы қазан айында Орынборда “Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілерінің құқық декларациясын” - жас республиканың бірінші конституциялық актін бекіткен Қазақ АКСР кеңестерінің төтенше съезі болды. Съезде қабылданған декларацияда; “Еңбекшілердің білім алуына жол ашу мақсатында жұмысшыларға, кедей шаруаларға және қырғыз (Қазақ) халқының барлық еңбекші бұқарасына толық, жан-жақты және тегін білім беру міндеттерін қою; халықтың сауатсыздығын жоюмен бір уақытта және өскелең жас ұрпақтың жан-жақты, денсаулығының мықты және рухани дамуын қамтамасыз етуге кірісу”1 айтылды.
1918 жылы наурызда Түркістан өлкесінің Халком кеңесі өзінің декретін жариялады. 1918 жылы маусымның ортасында халыққа білім беру жөніндегі Өлкелік кеңестің
орнына Түркістан ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту комиссариатына көпұлтты халық бар өлкенің ұланғайыр аумағында мәдени-ағарту мекемелері, ана тілінде сабақ беретін және ғылым талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалар бойынша оқытатын мектептер жүйесін құру жүктелді.
1918 жылы 16 қазанда БОАК (ВЦИК) декретімен бекітілген еңбек мектебі туралы Декларацияда мектептерді бастауыш, гимназия, реальды училище деп бөлуді қысқарту туралы айтылып, екі сатылы біртұтас еңбек мектебі енгізілді: бірінші сатыда- 8 жастан 13 жасқа дейін балалар үшін 5 жыл оқу және екінші сатыда- 13 жас пен 17 жас арасындағы балалар үшін 4 жылдық оқу белгіленді. Сөйтіп, 12 жылдық оқу мерзімінің орнына 9 жылдық оқуды енгізу бұқара балаларына оқуды жеңілдету мақсатынан туындады. Оқу тегін, ұлдар мен қыздар үшін бірдей деп хабарландырылды. Политехникалық білімнің қажеттілігі жария етілді. Халыққа білім беруді ұйымдастырумен байланысты, күрделі мәселелерді шешу кеңестердің облыстық съезінің талқылауына ұсынылды. Жер-жерде ликбездер, курстар, кешкі мектептер, өз бетімен білім алу үйірмелері ұйымдастырыла бастады. Барлық деңгейдегі және ведомстволардағы мектептер оқуға тілек білдірушілерді жасына, ұлтына, дініне қарамастан қарсы алды, елде оқуға деген талпыныс жоғары болды.
Кеңес өкіметінің мәдениет мәселелері жөніндегі бірінші маңызды декреттерінің қатарында РСФСР Халағарту аткомының “Аз ұлттардың мектептері туралы” қаулысы да болды. Осыған сәйкес 1918 жылы тамызда Қазақ республикасының ОАК (ЦИК) мектептерде оқытуды ана тіліне көшіру туралы декреті жарияланды, ал қараша айында “Түркістан мектептерінің құрылымы туралы ереже” жарық көрді.
Еңбек мектебінің мақсаты - балаларға тәжірибе жүзінде еңбектің барлық маңызды түрлерінің әдістерімен, бір бөлігі оқу шеберханасында немесе мектеп фермасында, бір бөлігі фабрикаларда, заводтарда политехникалық білім беру жүйесінде іске асты. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының денесінің дамуы және эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Революцияға дейінгі мектептерде қолданылған оқушыларды жазалаудың барлық түрлері алынып тасталды.
1918 жылы 10 сәуірде Түркістан өлкесінің халыққа білім беру жөніндегі комиссарының бұйрығымен барлық мектептерде педагогтік және әкімшілік-педагогтік қызметшілерге сайлау өткізу жөнінде ұсыныс енгізілді. Мұғалімдерге халыққа білім берудің жергілікті кеңестеріне бағыныштылығы туралы өтініш жазу ұсынылды.
Барлық ұлттарға біртұтас еңбек мектептерін ашу жөнінде құқық берілді. Мысалы, қазақ мектептерінде ана тілінен басқа орыс тілін, сондай-ақ арифметика, география, тарих, жаратылыстану, сурет, ән-күй сабақтары оқытылды. Қазақ- орыс (аралас) мектептері құрылды. Ал Қазақстанның оңтүстік облыстарында басқа мектептермен қатар өзбек, ұйғыр мектептері дүниеге келді.
1918 жылы Ташкентте халыққа білім беру жөніндегі Бүкілресейлік съездің шешімдерін толық қуаттаған Түркістан өлкесінің халыққа білім беру қызметкерлерінің съезі болды. Биліктің жергілікті Кеңестердің қолына өтуімен байланысты жаңа типті мемлекеттік оқу орындарының бүкіл құқығына ие болған қазақ тілінде оқытатын мектептер ашыла бастады. Жергілікті халықтың білім алуға деген қызығушылығы жыл сайын арта түсті. Әсіресе, 1919 жылдың екінші жартысы мен 1920 жылдың бірінші жартысында жаңа мектептерді ашуға деген қазақ халқының аса маңызды талпынысы байқалды. Қазақстан халқы мектептер үшін үй тұрғызуға, оны жабдықтауға ерікті түрде қатысты. Мектеп құрылысына байланысты халыққа білім беру бөлімдерінің үндеулерін қызу қолдады. Қазақстан комсомолы мектептер тұрғызуда үлкен белсенділік көрсетті.
1920 жылы шілдеде сауатсыздықты жою бойынша төтенше комиссия құрылды. 1921 жылы 26 шілдеде ҚазОАК (ЦИК) 16 мен 51 жасқа дейінгі аралықтағы барлық білімді адамдарды сауатсыздықты жою жұмысына қатыстыру туралы қаулысы қабылданды.
1920 жылы қазанда Қырғыз әскери-революциялық комитеті халыққа білім беру бөлімінің базасында Қазақ КСР-інің ағарту халық комиссариатын құрды. 1920 жылдың желтоқсанында қазақ халық ағарту комиссариаты жанынан үш бөлім: мектеп, мектептен тыс және балаларды қорғау бөлімі ашылды.
Мектеп жүйесінің қарқынды өсуі педагогтардың көп болуын талап етті. 1921 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда төрт халыққа білім беру институты жұмыс істей бастады. Орынборда жалпы саны 360 адамдық (орысша, татар - 223 адам. Қазақ - 140 адам), Семейде аралас - 190 адам. Олар бар болғаны 550 адамды қамтиды.
Барлық мектептерде Қызыл каленьдарь күндері аталып өтілді. Пионер отрядтарының жұмысы қанат жайды. Пионерлердің клуб күндері ұйымдастырылады. Қыздармен жұмыс істеудің бірінші тәжірибелері насихатталды. Еңбек тәрбиесі қалалық, сондай-ақ ауылдық мектептерде де жан-жақты мадақталды. Мектептерде оқытудың сапасын арттыру, оқу жылының ұзақтығын қысқарту, әдістемелік жетекшілікті нығайту, қазақ шаруалары арасында мектептің беделін көтеру үшін күрес жүргізілді. Мектептегі ата-аналар кеңесінің және педагогтік ұжымдардың қызметін жандандыру шаралары қабылданды, ауыл мен село мұғалімдерінің құқықтық және материалдық жағдайы жақсарды.
1925 жылы мамырда “Сауатсыздық жойылсын” қоғамының Бүкілқазақстандық бірінші съезі өтті. Әсіресе, республика үшін қажетті мамандықтар игеруді назарға алатын жаңа мектептер ашылды.
1924-1925 жылдары мектепті қаржыландыру біршама жақсарып, одан әрі қарай қазақ мектептерінің өсуіне ықпал етілді. Қазақ КСР-інде мектептер РСФСР қабылдаған жүйе бойынша, жергілікті жағдайларға байланысты өзгертулер енгізу арқылы тұрғызылды. Қазақстанда: бір сатылы 4 жылдық білім беретін мектеп; екі шоғырдан тұратын: бірінші және екінші сатылы жеті жылдықты құрайтын мектепте қосымша 2 жылдық үшінші сатылы мектептер (тоғызжылдық) ұйымдастырылды.
Қазақстанда сондай-ақ үшжылдық оқу мен шаруа жастарының мектебі (ШЖМ) болды. 1926 жылы Қазақстанда сауаттылық 25,2 пайызды, ал тұтасымен КСРО-да - 56,6 пайызды құрады.
Республикада 1927 жылғы 15 желтоқсандағы жүргізілген санақтың деректері бойынша, Қазақстанда бастауыш оқумен қазақ балаларының тек қана 20 пайызы қамтылды. Республикада барлық типті 4092 мектепте 277087 оқушы оқыды. Осыған дейін 1926 жылы мамыр айының өзінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлар кеңесі бірінші „Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектебінің жарғысын" қабылдады. Онда 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды оқыту, ұлдар мен қыздарды бірге оқыту, мектепте қандай болмасын дінді оқытуға жол бермеу, онжылдық оқу мерзімі қарастырылды.
1930 жылы 27 тамызда ҚАКСР үкіметі жалпыға міндетті оқу туралы Декрет қабылдады. Декретте республикадағы барлық балаларды жалпыға міндетті оқуға тарту мәселесі қойылды. Жергілікті өкімет, халыққа білім беру органдары осы бағытта сан қырлы күрделі жұмыстар жүргізді. 1930-1931 оқу жылынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді.
Бұл кезеңде мектептің негізгі кемшілігі, ол техникумдар мен жоғары оқу орындарына дайындық үшін қажетті білім мөлшерін бере алмады. Сондай-ақ, политехникалық оқытуда да кемшіліктер байқалды.
1932 жылы республикада бастауыш білім беруді жүзеге асыру жөніндегі кейбір қорытындылар шығарылды. Бастауыш мектептердегі оқушылар саны бірнеше есеге өсті. Мектептерде барлық ұлттарды ана тілінде оқуға көшіру кезеңі аяқталды. Қазақ мектептері үшін ана тілінде жаңа оқулықтар құрастыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жалпы білім беретін мектептерді түбірімен жақсарту үшін Үкіметтің 1933 жылы ақпанда: “Бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін оқулықтар құрастыру туралы”, 1934 жылы мамырда: “Бастауыш және орта мектептің құрылымы туралы”, 1935 жылы: “Оқу жұмысы бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібін ұйымдастыру туралы” және 1934 жылғы: “КСРО мектептерінде азаматтық тарихты оқыту туралы” қабылданған қаулылардың мәні ерекше болды. Осы қаулылар негізінде жалпыға білім беру жүйесінің толық құрылымы аяқталды. Мектептердің жеке типтері айқындалды: бастауыш - 4 сыныптық, орталау - 7 сыныптық, орта -10 сыныптық болды.
Оқу үрдісінің негізгі түрі болып сабақ танылды. Мектептегі мұғалімнің рөлі артты.
1934 жылы ережеге сай педагогтік институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институты ашылды. Екі жылдық институттың бітірушілеріне аяқталмаған жоғары білімді маман деген диплом берілді. Мұғалімдер институттары Алматы, Орал, Қарағанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында жұмыс істеді. Архив деректеріне көз жүгіртсек, 1927 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда барлығы 14 педагогтік техникум, сондай-ақ педагогиканы тереңдетіп оқытатын ІІ сатылы және тоғыз жылдық 16 мектеп болғандығы байқалады. Оларда барлығы 2398 адам, оның ішінде 1546 қазақ оқыды. Одан басқа мектептің VІІІ және ІX топтарында педагогтік бейімділікпен 1079 адам оқып-үйренді. Бұл шаралар оқытушылар құрамының жақсаруына қол жеткізді.
1931 жылы тамызда ҚазКСР ХКК жалпыға міндетті жетіжылдық оқуды енгізу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау үшін 1931-1932 оқу жылынан бастап республиканың барлық қалаларында, 26 ауданында жетіжылдық жалпыға міндетті оқу енгізілді. Архив деректері бойынша, жоғары типтегі мектептердің арасында 60 қазақ, 81 орыс, 7 татар, 5 украин, 3 ұйғыр, 2 өзбек, сондай-ақ 176 аралас мектептерде жалпыға міндетті оқуға көшуді аяқтау көзделді.
1935 жылы республика үкіметі „Мектеп құрылымдарын ретке келтіру және қазақ орта мектептерін өсіру туралы” маңызды шешім қабылдады. Мәселен, кейбір сыныптардағы бала саны 12 - 8 немесе 10 - 9 адамды құрады. Сыныптардағы бала санының аздығын, сондай-ақ республика аумағының шалғайлығын ескере отырып, барлық балаларды оқумен қамту үшін мектеп-интернаттар ашыла бастады. Халық ағарту комиссариатының деректері бойынша 1934 жылы 24259 оқушы интернатпен қамтылды. 1937 жылға жалпыға міндетті оқумен мектеп жасындағы барлық балалардың тек 96 %-і қамтылды. Қазақша төрт сыныптық мектептердің саны 537-ден 1190-ға, орталау мектеп 143-тен 237-ге, орта мектеп 11-ден 48-ге өсті. Дегенмен, қазақ орта мектептерінің саны әлі де аз еді. Қазақ мектептерін нығайту үшін халыққа білім беру органдары тарапынан материалдық жағдайы төмен әрбір оқушыға ай сайын 64 сом мөлшерінде стипендия белгілеу ұйғарылды. Бұл шара жоғары сынып оқушыларының контингентін сақтауға көмектесті.
1938 жылы Қазақстан мектептерінде оныншы сыныпты 2044 адам бітірді. Оның ішінде 287 қазақ баласы болды. Жастарға жоғары білім беру үшін бұл өте аздық етті. Дегенмен, ағарту ісіндегі негізгі тірек - сауатсыздықты жоюды аяқтау, жалпыға міндетті бастауыш оқудың орындалуы, сондай-ақ жалпыға бірдей орта білімді қалаларда жүзеге асыру, ауылда және аудандарда жалпыға міндетті жетіжылдық білімнің аяқталуы табысты түрде іске асырылды. 1939 жылдың аяғында Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 79,3%-ке көтерілді. Оның ішінде еркектер - 85,2%. ал әйелдер арасында 66,8 пайызды құрады. Республиканың қалалары мен ауылдарында жаңа мектептер тұрғызылды, оқулықтар, бағдарламалар, мектеп мұғалімдері үшін жаңа оқу құралдары пайда бола бастады. Мұғалім кадрларының деңгейі өсе түсті. 1930 жылдың аяғына қарай бұрынғыдай бастауыш білімді мұғалімдер қалған жоқ десе де болады. Мұғалімдердің 10 пайызы жоғары білімді, 25 %-ы - орта, 65 %-ы орталау білімі болды. Ауыл мұғалімдері үшін кейбір жағдайды жақсарту шаралары жасалды.
Республикада 1940-1941 оқу жылында мектептер саны 7790, ондағы оқушылар саны - 441 мыңға өсті. 1940-41 оқу жылында қазақ орта мектептерінің жанынан 29 мыңға жуық бала тәрбиеленетін 250 бюджеттік интернат ашылды. (Архив КазССР. оп. 8, св. 1, д. 10, лл. 21). Сондай-ақ, осы жылдары қазақ және орыс мектептеріндегі қазақ қыздарының саны да өскендігін атап өтуге тура келеді.
1941 жылы Фашистік Германияның Кеңестер Одағына соғыс ашуы тарихшы ғалымдар айтқандай, аса ірі әскери қақтығыс болды. Ол кеңес халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін болған Ұлы Отан Соғысы деп аталды.
Соғыс кезіндегі ауыр жағдайдың өзінде де оқуды қоғамдық еңбекпен байланыстыру ісіне ерекше назар аударылады. 8-10 сыныптарға міндетті түрде тракторды, автомашинаны үйрену жүктелді. Ал 4-7 сыныптарды ауыл шаруашылығының қарапайым негіздерін үйрету енгізілді. Көптеген мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары майданға аттанды. Халықтың өмірінде жас ұрпақты оқытуға және тәрбиелеуге байланысты әртүрлі қиындықтар пайда болды, мұғалімдер жетіспеді. Белгілі бір деңгейде білім алған мамандардың майданға кетуімен байланысты кейбір пәндерден оқытатын адамдар болмады. Республикаға Россия, Украинаның батыс облыстарынан көп адам көшірілді. Қазақстандықтар орталық аудандардан Қазақстанға көшірілген үлкендер мен балаларды жылы қарсы алды. Оларды жұмыспен, тұрғын үймен, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етіп, жұмыс істеу үшін, мүмкіндігінше жағдай жасады.
1943жылы маусым айында КСР Одағы Халық комиссарлар кеңесі "1943-1944 оқу жылында облыстық, өлкелік қалаларда, одақтық және автномиялық республикалардың орталықтарында және ірі өндірісті қалалардағы орта және орталау мектептерде ұлдар мен қыздарды бөлек оқыту туралы" қаулы қабылдады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет