Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
5. Таяу және Қиыр Шығыс ежелгi мемлекеттерiндегi (Египет, Израил-Иудей патшалығы, Иран, Сирия, Палестина, Үндi және Қытай) тәлiм-тәрбие мен мектептер
Ерте кездегi Таяу Шығыс (Египет, Месопотамия, Сирия және Палестина) өркениет адамзат қоғамының даму тарихы мен мәдениетiне ерекше ықпал жасады.
Антикалық кезден бастап Шығыс пен Батыстың байланысуына және Батыс өркениетiнің қалыптасуына Шығыстың тигiзген әсерi орасан зор болды. Сол себептен де ертедегi Таяу Шығыстың білім беру практикасын тыңғылықты зерттеу дүние жүзi тарихи- педагогикалық үрдiстiң тұжырымдамасын жасауға негiз болды. Ертедегi Таяу Шығыстағы мемлекеттердiң экономикалық-шаруашылық өмiр тiршiлiгiнде б.з.д. II-I мыңжылдықта елеулi іргелілеу байқалды. Осы кездерде мектептердiң пайда болып дамуы мемлекеттiң оған деген қажеттiлiктерiнен туындаған. Алғашқы кездерде Таяу Шығыстағы мемлекеттiк саяси жүйенiң қалыптасуына байланысты оның дамуына бiлiм ұйытқы құралы ретiнде қаралғандығын байқауға болады.
Ежелгi Египеттегi патшалық кезеңде (б.з.б. 2800-2250 ж.ж.) отбасының тәрбие дәстүрi негiзiнде шенеунiктердi даярлау формасы тұрақты қалыптаса бастады. Тәжiрибелi шенеунiктер даярлауда қабiлеттi басшы болуға лайықты деген жеткiншектерден топ құрып, олардың басқару дағдысымен, құжаттар толтыру iстерiмен таныстырып, адамгершiлiк және рухани құндылықтарын қалыптастырып отырған.
Әрине, жинаған шәкiрттерiнiң санына байланысты жетекшiлiк жасайтын шенеунiктiң абырой-атағы қандай деңгейде екендiгi байқалынады. Ауқатты отбасылардың балалары таққа жақын ақсүйектердiң балаларымен бiрге фараон (Египет) сарайларында тәрбиелендi. Сарай жанындағы тәрбиеде дене және әскери жаттығулар (жүзу, садақ ату, қашыққа жүгiру, атқа жегiлген екi дөңгелектi арбаны игеру, т.б.) ерекше орын алған. Сонымен қатар, оқу мен жазуға оқушыларды үйретiп, мiнез-құлық ережелерiн сарайда ұстануға дағдыландырылды.
Орта патшалық дәуiрiнде шамамен б.д.б. 2050-1700 жылдары Египетте мемлекеттiк басқарудың қалыптасуымен байланысты бiлiмдi адамдар қажеттiлiгiне орай мектептер ашылып, оқушылар жасына және бiлiм деңгейлерiне қарай топтарға бөлiндi.
Орта және жаңа патшалықтардағы мектептерде оқитын кедей отбасы балалары да ұшырасады. Өйткенi, мемлекеттiк билiкке қызмет ету орындаушы мiндетiн атқаратын қолөнершi және кедей отбасы балаларынан шенеунiктер даярлау және олар мектепте оқығандары үшiн мемлекет алдында қарыздар болатын. Египеттегi жалпы бiлiм беру алдында тұрған мақсат - хатшы даярлау едi.
Қарапайым халықтар арасында хат танудың ерекше қолданыс табуы мемлекетте жүргiзген шаруашылықтарының сұранысынан және хатшы мен дiн қорғаушыға деген қажеттiліктен туындайды. Қыз балалар жазу, оқуға үйретiлмей, мектептерге тартылмады, бiрақ олардан бишiлер мен әншiлердi дайындау мақсатымен арнайы кәсiби мекемелер ашылды.
Ежелгi Египеттегi мектеп бiлiм жүйесi екi басқыштан тұрды.
Бiрiншi саты – элементарлық мектеп. Осындағы кiшi жастағы балалар оқу мен жазуды игергеннен кейiн, бiрнеше жылдардан соң тәжiрибе жинақтаған жеткiншектер шенеунiктерге “көмекшi” ретiнде қабылданып, олар балалармен жүргiзген жұмыстарын қорытып, iс-тәжiрибелерiн мектеп “Ережелерiне” енгiзiп оқу материалдары ретiнде пайдаланды.
Екiншi саты – ежелгi Египеттегi бiлiм берудiң жоғары сатысында арифметика мен геометрияға (жер ауданын есептеу, құрылыс материалдарының көлемiн анықтау, т.б.) ерекше көңiл бөлiнген. Аталған пәндердiң теориялық мәселелерiне назар аударудан гөрi, классикалық мәтiндердi, мысалдарды жаттау, практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру мектеп жұмысының негiзi болып саналған. Сөйтiп, ежелгi Египет мектептерiнде алғашқы күндерден бастап математикаға ерекше көңiл бөлiнген.
Египетте отбасы тәрбиесiнiң ықпалы басым болған. Мектептерде мұғалiмдi “әке”, оқушыны “ұлым” деп есептеу тәжірбиеге енген.
Мұғалiм сөйлемдi дауыстап айтса, оқушылар оны бар дауыстарымен қайталаған соң, саз балшықтан жасалған ыдыс-аяққа немесе тақтаға жазып түсiрген. Содан кейiн, қателердi жөндеу, жазылған жазуды дауыстап оқу, оқу барысында оқушылардың тыныш отыруы талап етiлген. Ережелерде көрсетiлгендей “қолыңмен жаз, ауызша оқы” деген ұстанымдар мұғалiмдер тарапынан қайталанып отырылған.
Ежелгi Мысыр патшалығындағы ойшылдар Диедефхор мен Птахотеп (б.з.д. бiрiншi мыңжылдық) және эллинизм дәуiрiндегi (б.з.д. II-I ғғ.) белгiлi авторлардың шығармаларынан үзiндiлердi мектептер үшiн оқыту материалдары ретiнде мұғалiмдер құрастырып, “Ақыл-кеңес” жинағына енгiзген. “Ақыл-кеңесте” өмiр сүрудiң жөн-жобасымен қатар, адамдардың тiршiлiк қызметтерi (тоқыма, әскери, шаруашылық, кеме жасау, хатшылық т.б.) ақпараттар, жазба мәтiндердiң ой қисыны, мәнерi, әртүрлi құжаттар (мәлiмдеме, хат, хаттама, т.б.) үлгiлерi, оқушылардың мiнез-құлықтарына қойылатын талаптар (тиянақтылық, ұстамдылық, мейiрiмдiлiк, т.б.) орын алады. Көптеген ережелер мазмұндық жағынан алғанда оқушы мен мұғалiмнiң өзара сөйлесуі, сырласуы ретiнде жазылған.
Сонымен қатар мектепте оқушыларды әскери атақтармен, қару-жарақтармен таныстыру, жағрапиялық атаулар, техникалық терминдер, тау-тас, өсiмдiк, жан-жануардың аттарын жаттап алуға, есте сақтауға тәрбиелеген.
Оқушыларды адамгершiлiк, имандылық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу, өз ой-сезiмiн, пiкiрiн дәлелдi жеткiзуге, ауызша баяндауға дағдыландырған. Мәселен, жиын-кеңесте сөйлей бiлу, сарайда бас қосуда ереженi сақтау, ой-қисынын дәлелдеуi, орынды жауап қайтара бiлу, атына келген хаттарға жауап қайтару тәрiздi әдет-дағдыларға үйретiлген.
Сонымен бiрге оқушыларды ұстамдылыққа тәрбиелеу мектеп алдындағы басты талап болған және пiкiр-таласта ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұстаным мейiрiмдiлiк, жазба және ауызша түрiнде сөйлегенде әдептi сақтауға әдеттендiрiлген.
Ежелгi Египет тәрбиесi жоғарыда айтқандай дәстүрге бағытталып, алдыңғы буынның тәжiрибесiн қайталап жетiлдiруге ұмтылыс жасалған. Оқушы үлгерiмiнiң өлшемi, оның оқыған оқу материалдарын бiр-бiрiмен байланыстырып ой қисынын жасауы, тiл байлығы, түйiндi мәселенi шеше бiлу қабiлеттiлiгi негiзге алынған.
Мысыр патшалығындағы Птахотеп iлiмi бойынша мұғалiммен пiкiр алысқан адамды тыңдауға дағдыландыру ерекше ескерiлген. Өйткенi, тыңдауға үйрету баланың тәрбие ықпалдарын қабылдау мәдениетiн қалыптастырады деп есептелiнген.
Ежелгi Египет мектептерінде оқушыларды жазалау тәрбие беру құралы ретiнде қаралған. Кейбiр деректерге қарағанда, мектептерде дүре соғу, ұру орын алған. “Ұл баланың құлағы арқасында, тек ұрған кезде ғана тыңдайды” деген ата-аналар арасында түсiнiк қалыптасқан. Әрине, тәжірбиеде кездесетiндей, жазалау да кейде ешқандай пайда келтiрмейдi. Бiр мұғалiмнiң айтқанындай: “Егер де жазалаудың басқа түрi болса, ол өз нәтижесiн берсе, мен сендей оқушының жүрегiне жол тауып, ақыл қосар едiм. Сонда сенiң саусақтарың жазуға бейiмделiп, аузың оқудан нәр алған болар едi” деген.
Месопотамияда бiрiншi мыңжылдықтың бiрiншi жартысында патша билiгiнiң әлсiреуiне байланысты, жекеменшiктiң белсендi түрде дамуының барысында мектептегi жүйелi оқудан гөрi отбасы тәрбиесiнiң ықпалы күшейе түскен болатын. Египет те осыған ұқсас үрдiстi бастарынан өткiздi. Кейiнгi патшалық дәуiрiнде (б.з.д. XI-VI ғғ.) мемлекеттiк билiк ықпалының төмендеуiне орай жеке меншiктiк қарым-қатынастар өрбiп, отбасы тәрбиесiнiң ықпалы арта бастайды. Отбасы тәрбиесiнде әкесi баласына мамандық жайлы бiлiмдер бередi. Мәселен, Египетте осы құрметтелген хатшы мамандығы әкеден балаға, ұрпақтан ұрпаққа берiлiп отырылды.
Египетте дiнді жақтаушылардың ежелгі көп құдайға табынушылық дәстүрiн ұстанған ғибадатханалар бiлiм беру орталықтарына айналды.
Вавилон қалаларында сауаттылықтың жоғары деңгейге жеткендiгi сонша хатшылардың арқасында кедейлердiң – малшылардың, дихандардың, балықшылардың, тоқымашылардың көпшiлiгi сауаттанып шықты. Халық арасында сауаттылықтың көтерiлуiне жазуға арамей әлiппесiн енгiзу көп көмегiн тигiздi. Элефантин қаласынан табылған (б.з.д. V ғасыр) арамей тiлiндегi құжаттар әскери колонияның адамдары (арамей, иудей, т.б.) арасында да сауаттылықтың кең жайыла бастағанын аңғартады.
Египет шаруаларының бiразы сауатты болғандығын Египеттегi “Ақыл-кеңес” авторының: “Балаңды жазуға, жер жыртуға, аң аулауға, қапқан салуға, жыл мезгiлдерiн ескеруге үйрет” деп ақыл-кеңес бергендiгi дәлелдейдi.
Сонымен қатар, Египет мемлекетiнде Месопотамиядағы сияқты оқушы жастарды ежелгi мәдени салт-дәстүрлермен таныстыру дiн иелерi – абыздардың тiкелей қадағалауымен жүргiзiлген, оларға әдеби және ғылыми бiлiм беру iсi жүктелген. Дәрежесi жоғары дiн иелерi бiлiмдi өздерiнiң басты әлеуметтiк үстемдiгiнiң құралы ретiнде санаған.
Египетте медициналық бiлiмдi қалпына келтiруге ынталы болған парсы патшасы Дарий I (б.з.б. 522-486 ж ж.) жоғары лауазымды Египет адамының бiрiне тапсырма берген. Ол Нейт құдайының храмы жанынан медициналық мектептi ашу туралы жазба түрде “бiрде-бiр кедей баласы оқуға алынбасын” деген нұсқау берген.
Египетте Рим үстемдiгiне дейiн (ж.ж.с. I-IV ғасырларда) дiн иелерi “Өмiр үйiн” (мектеп, кiтапхана, мұрағат) ұйымдастырып өз балаларының бiлiм алуына мүмкiндiк жасаған. Грек тарихшысы Диодор Сицилийскийдiң (ж.ж.с. I ғ.) жазба деректерiнде Египеттiң дiн иелерi өз балаларына “қасиеттi” жазуды, геометрия, арифметика және астрономияны оқытқан. Египеттiң қалған балаларының көпшiлiгi отбасында немесе туған-туыстарының көмегiмен әке жолының мамандықтарын игерген. Қолөнершiлердiң балалары жалпы халықтық (демотикалық) тiлде оқу мен жазуға үйренумен шектелген, оларға арналған мектептерде спорт және музыка пәндерiне назар аудармағаны туралы деректер тарихшы Диодор жазбаларында берілген.
Диодордың айтуынша, мектептердегi бiлiм беру, жоғарғы топ (жрецтерге) және төменгi топ (қолөнершiлер) балаларын оқытудағы айырмашылық эллиндiк дәуiрде де сақталған шаруалар мен қолөнершiлерге мамандық әкеден балаға берiлiп отырған. Таяу Шығыс өркениетiне байланысты материалдарды талдау бұл тұста оқыту әдiстерi мен тәрбиелеудiң жаңа нышандары пайда бола бастағанын көрсетедi, бiлiм беру практикасында оқушының жеке тұлғасына ықпал жасауға, оның оқуға деген ынтасын, ықыласын дамытуға сезiледi. Оқу үрдiсiнде оқушылардың белсендiлiгi жоғары бағаланған. Эллин заманындағы папирус қабығына жазылған жазуда оқушы әкесiнiң бiрi: “Құрметтi төрешi, менiң балам түсiнбеген оқуын сұрайды, өйткенi, оқудың нәтижесi болмаған болар, баланың еркiн қиюға болмас” деп ойын бiлдiрген. Египет педагогтары эллин кезеңiнде дәстүрлi қатал талап қойып оқыту әдiсiн жиi пайдаланған: “Марапаттау мен таяқ ақылшының қолындағы салмағы тең құрал” деген мәтел бұған нақты дәлел бола алады.
Оқушыны жазалау өзiн ақтайтын тәрбие құралы деп санаумен қатар, баланың iшкi жан дүниесiне ықпал жасау бiрiншi орынға қойылған. Адам мiнез-құлқының адамгершiлiк қасиеттерiнiң қалыптасуы, содан бастау алатындығы жайлы ежелгi жазба ескерткiш: “Құдай тентек баланы тәрбиелеу үшiн жер жүзiнде таяқты жаратты, ал ақылды балаға арды бердi. Ол алдына келген қастықтан бойын аулақ ұстайды. Бала өзiн сақтыққа бейiмдеп, ақылға мойын бұрса, қатты жазалауға ұрынбайды”,-деп түйiндейдi.
Эллиндiк уақытта оқытуда оқушылардың абстрактылық ойлау қабiлеттерiн дамытуға талпыныс жасаудың, оқыту практикасына тиiмдi әсер еткендiгi байқалады. Мәселен, парсы және эллиндiк кездердегi мектеп тәжiрбиесiнде папирустарға жазылған грамматикалық талдау, жiктеу жаттығулары ұшырасады.
Ежелгi Иранда өзiндiк ерекшелiгiмен сипатталатын халық – арилер мекендеген. Олармен үндi, немiс, грек, Балтық жағалаулары елдерi және славян халықтарының тарихи кiндіктес, туыстық байланыстары болған, бұл туыстастықтың iздерi Батыс Еуропа жерiнде және Гималайда, Монголияда, Оралда да ұшырасады. Парсылардың ежелгi тайпалары б.з.д. I ғасырда Таяу Шығыстағы арилердiң бiр бұтағы бiр құдайға табынуға байланысты жергiлiктi тайпалармен араласып кеткен. Зороастризм дiнiн ұстану бiр құдайға – Ахуармаздiге табынумен сипатталады, дiнге деген бұл сенiм тәрбие мазмұнына да ықпалын тигiздi.
Авестадағы Заратуштра уағыздарының эллин және рим мәдениеттерiне де еңгендiгiн қазiргi тарихшылар бiр ауыздан мойындайды. Авестаның кейбiр қағидалары Торада, Библияда, Құранда ұшырасады. Мысалы, Заратуштра адамның құндылықтары жайлы айтып, адамның жан мен тәннен тұратынын, адам құдайға ұқсайтынын, оның жаны құдай күш-қуатының бiр бөлшегi деп дәрiптейдi. Зороастризм өмiрдiң мәнi құдайдың күш-қуатынан нәр алып жамандықпен күресу, яғни, әр адамның бойында болатын өтiрiкшiлiк, жалқаулық, қызғаншақтық, қатыгездiк сияқты жағымсыз әдет-дағдылардан арылу және жақсылықтың үстемдiк алуына бар мүмкiндiгiн пайдалану керектiгiн уағыздайды.
Ежелгi Иранда отбасы тәрбиесi басым болды, бұл тәрбие қаталдығымен өзгешеленеді. Баланы жетi жасқа дейiн ата-анасы ерекше құрметтеп, оның талабын орындаттырған. Одан кейiн бала әке-шешелерiнiң тiлiн алмаса, яғни, олардың талап-тiлектерiн үш рет орындамаған жағдайда баласын өлтiрiп тастауға құқылы болған. Өйткенi мұндайда баланы жын-шайтан билеп алған, ендi ол өмiрден өз орнын таба алмайды, сондықтан өлтiру одан ерте құтылудын жолы дегендей түсiнiк орын алған.
Мектептерде оқуға жетi жастан бастап қабылданып, алғашқы бiлiм алу Авестадағы қасиеттi кiтаптар жинағындағы дiн негiзiндегi адамгершiлiк нақылдарды оқудан басталған. Оқушылар саз балшықтан жасалған тақтаға таяқшамен сүрiп жазып, жазу дағдыларына үйретiлген. Мектептi аяқтағанда оқушылар әскери және шенеунiк дайындықтарынан өткен соң дiн қорғаушы мамандығын игерулерi тиiс болған.
Ал, Бен-Сира (Палестина б.з.б. II ғ.) иудей тiлiндегi кiтапшасында практикалық өмiрден туындаған тәжiрибенi бiлiмнiң құрамдас бiр бөлiгi ретiнде санайды. Ақылдылықты iздейтiн адам билiкте қызмет жасап тәжiрибе жинақтайды және басқа елдерге саяхат жасау барысында адамдар арасындағы мейiрiмдiлiк және қастандық қатынастарынан қорытынды жасайды. Шенеунiк мұратына жеткiзу Таяу Шығыстағы бiлiм берудiң басты мақсатының бiрi ретiнде саналған. Эллин дәуiрiнде де шенеунiк өмiр жолын, тiршiлiгiн, адамдармен қарым-қатынасын оқыту, үйрету сол қалпында сақталып қалғандығын оны Бен-Сираның “философиялық тұрғыдан” негiздеуге тырысқандығынан да байқауға болады. Оның көзқарасы бойынша шенеунiк адамдағы ақылдылықты жетiлдiрудiң басты шарты болып табылады, адамның бос уақытын үнемдеп, көп жетiстiкке жетуге өзiн даярлауға, дамытуға тәрбиелейдi.
Қолөнершiлер мен шаруалардың бiлiмдерi, Бен-Сираның пiкiрiнше, практикалық тұйықтығымен сипатталынады: “Олар өздерiнiң қол күшiне сенедi, бейiмiне қарай өз iсiнiң шеберлерi” деген мiнездеме бередi. Олардың қажымай-талмай жасаған еңбектерi адамдар қоғамына қажет, бiрақ Бен-Сираның топшылауынша кедейлердiң балалары және олардың әкелерi ақыл-парасатты ұғынуға қабiлетсiз, дүние мен қоғамдағы құбылыстарды толық қабылдай алмайды делiнедi.
Сонымен бiлiм саласындағы кейбiр өзгерiстер ежелгi Таяу Шығыс қоғамының әлеуметтiк эволюциялық жолмен дамығандығын көрсетедi. Б.з.д. екiншi мыңжылдықта Египет пен Месопотамиядағы ескi мәдени-тарихи негiздегi экономикалық-саяси және мәдени даму көршiлес елдер Сирия, Палестина және Финикияға ықпал жасаған. Сирия, Палестина аумағы Египет пен Месопотамия өркениетiнiң қиылысында орналасқандықтан, ұзақ жылдар бойы олардың әсерi болғандығы анық. Италия археологтары тапқан жәдiгерлерi Сирияның Эбле қаласында мемлекеттiк басқару жүйесiнде – бұл әсердiң елеулi болғандығын көрсетедi. Патша әкiмшiлiгiнiң қызметiн анықтайтын сансыз құжаттарды (Эбле мұрағатында он мыңдаған құжаттар бар) толтыру хатшылардың қолынан өткенiн көрсетедi. Түптеп келгенде, Эбледе (б.з.д. екiншi мыңжылдықтың екiншi жартысы) мектеп тақталарына жазылған суреттер, жазулар, шумер және аккад тiлдерiндегi грамматикалық жаттығулар, сөздiктер, оларды тексерген мұғалiмнiң қойған қолы ұшырасады. Мұндай материалдар Сирияның басқа қалаларынан, соның бiрi Угарит қаласынан да (б.з.д. бiрiншi мыңжылдық) табылған. Содан кейiнгi б.з.д. екiншi мыңжылдықта Сирия мен Финикиядан табылған 29 жүйелi әрiптерден кейiн, мектеп практикасында 22 белгi-әрiптер пайдаланылды. Соның арқасында жазу үрдiсi жеңiлдеп, жазу мен оқуға талаптанушылар саны көбейiп, бiлiм алу ауқымы кеңейе түскен.
Шағын мемлекеттерде (Сирия, Финикия, Палестина) сауаттылықтың тарауы, олардың мемлекеттiк, жекеменшiктiк экономикасының бiр сатыда болғандығы байқалады. Аталған мемлекеттердегi мектептердiң бiлiм берудегi артықшылығы кеми келе бiрте-бiрте төмендеп, отбасы тәрбиесiнiң ықпалы артып, жеке дара оқыту етек ала бастады.
Сонымен қатар, элементарлық мектептерде оқыту жұмысы жалғасқанымен, бiрақ алдарына қойған мақсаттарының көлемi таяз болған. Палестинаның оңтүстiк жағында қазба жұмысы жүргiзiлiп, б.з.д. VIII ғасырдағы мектептiң бiр бөлмесi аршылған. Бөлменiң ұзына бойына күйген кiрпiштен орындықтар қатар-қатар орналастырылған, сынған саз балшықтан жасалған сынып тақтасы, мектеп жаттығулары мен суреттерi табылған. Шағын мемлекеттер Финикия, Палестина, Израиль-Иудей және Сирия патшалығында б.з.д. XI-X ғғ. әрбiр саяси құрылымның өз әкiмшiлiк аппараттары болғандықтан, бiлiмдi шенеунiктер қажет болды. Аталған мемлекеттерде элементарлық мектептермен қатар, әртүрлi ұжымдық оқыту формалары арқылы дiни қозғалыстарға, мемлекеттiк басқаруға қажеттiлiктi өтеу мақсатында оқушылар даярланды. Неге және қалай оқытқандығы жайлы (б.з.д. X-VI ғғ.) ақпараттық материалдар тапшы болғанымен, оқушылардың қолымен жазылған жұмыстар табылған. Шағын-шағын әрiптер, жазылған хаттың үзiндiлерi, жартылай жазу, суреттер оларды оқытудың алғашқы кезеңдерiнде пайдаланылғандығын көрсетедi.
Бiлiм тарихына орай құжаттардың бiразын “Соломон мысалдары” атты әдеби шығармадан табуға болады. Бұл шығарма мазмұны жағынан ежелгi Египеттегi мектеп “Ережесiне” ұқсас, кей жерлерiнде оның мәтiндерiн қайталайды, шығарма кiрiспесi “Жай адамдардың астарлы ойын түсiну және баланың бiлiмі мен ой-санасын арттыру” мақсаты қойылады. Оқыту материалын отбасы тәрбиесi ауқымында ұсынып “Балам, әкеңнiң ақыл-кеңесiн ал, анаңның үйреткенiн ұғын” дегендей кеңес бередi. “Соломон мысалдарында” мектепке байланысты арнайы ерекшелiгiмен айқындалатын оқу материалдары аз. Ежелгi Египет “Ережесiндегi” және басқа Таяу Шығыс елдерiнiң, атап айтқанда, Сирия мектептерiндегi оқыту материалдарының мазмұнын мұғалiмдердiң өздерi құрастырып отырған. Осындай “Ақыл-кеңес” жинағындағы арамей тiлiнде жазылған “Анихара жайлы дастан” (б.з.д. VII-VI ғ.ғ.) мен басқа да дидактикалық шығармалар оқушыларды адамгершiлiк қасиеттерге тәрбиелеудi көздейдi.
Вавилон құжаттарының бiрiнде, жоғарғы билiктегi ассириялық шенеунiк өзiнiң немересiн дастандағы басты кейіпкер Анихарды асырап алып, өзi оқытқаны жайлы жазылады. Онда: “Анихар 7 жасқа толған соң оны оқыта бастадым, жазуға, ақылын толтыруға және тақпақтарды жаттауға, мұғалiм сұрақтарына жауап беруге бiлiм мен дағдысын қалыптастырып, қажет болғанда қарсылық пiкiрiн айтуға және күндiз-түнi оқудан жалықпауға үйреттiм”, - делiнедi. Дастанда мектеп туралы айтылмағанымен, б.з.б. бiрiншi мыңжылдықтың бiрiншi жартысында Таяу Шығыстың бiлiм беру құрылымында патша тарапынан мемлекеттiк билiктiң төмендеуiне байланысты отбасы тәрбиесiнiң ықпалының жоғарылап, жеке дараланған оқуға көңiл бөлiнгендiгi айқын байқалады.
Бiлiмге деген кәсiби талпыныстың беделi түсе бастаған соң, халықтың көпшiлiгi Египеттегi сияқты жазу, сызуды үйде жеке оқуда игердi. Оқығысы келмеген балаларды қатаң жазалап отырған, ата-аналар арасында “таяқ пен жеке ақыл беру баланы жөнге салады, ал қараусыз бала өз анасын ұятқа қалдырады” деген түсiнiк қалыптасқан.
“Мысал-мысқыл” авторының қөзқарасы бойынша тәрбие адам тұлғасының адамгершiлiк қасиеттерiн, оның жүрегiн тәрбиелейдi. Соның арқасында бала ақылды қабылдап, әдет-дағдысына айналдыратынын: “…ақылды сатып алғаннан пайда жоқ, егер жүрегi болмаса” деп, тәрбие арқылы қабылданған адамгершiлiк қасиеттер адамның мiнез-құлығында бүкiл өмiр бойы сақталатындығын: “Баланы алғашқы өмiр жолынан тәрбиеле, сонда ғана үлкен болғанға дейiн терiс жолға түспейдi”деп айтылған.
Сонымен тәрбиенiң алдына қойған мақсаты балаларды өзiнiң өмiр сүрiп отырған қоғамдық тәжiрибеге бейiмдеумен қатар, тыйым салу, сөгу, жазалау сияқты тәрбие әдiсi қолданылғандығын да байқаймыз.
Ежелгi Таяу Шығыс елдерiнде б.з.д. бiрiншi мыңжылдықта ауыл-шаруашылығы мен қолөнер өнiмдерiнiң дамуы, көршiлес елдермен өндiрiс өнiмдерi мен тұрмысқа қажеттi құралдарды айырбастау Таяу Шығыс қоғамының өмiрлiк қажеттiлiктерiне айналған болатын.
Бiрақ, кейiн келе шаруашылық тауарларына деген сұраныстың тежелуi, халықтың тұрмыс деңгейiнің төмендеуi және саяси тұрақтылықтың сақталмауы Таяу Шығыстағы кейбiр мемлекеттердегi экономикалық дамудың әлсiреуiне және мәдени-тарихи қарым-қатынастарының бәсеңдеуiне әкелiп соқты. Күш-қуаты әлсiреген мұндай елдердi дүниежүзiлiк империялық үстемдiкке ұмтылған Ассирия (б.з.д. IX-VII ғғ.) және Парсы (б.з.д. VI-IV ғғ.) мемлекеттерi күшпен басып алды.
Әсiресе, Парсы империясы Ассирия империясына қарағанда әлдеқайда ұйымдасқан мемлекет болғандықтан, оның өз төңiрегiндегi аймақтарға экономикалық, шаруашылық, мәдени-тарихи қарым-қатынастар ықпалы зор болды. Парсы мемлекетiндегi қатал монархиялық билiк және билiктiң жерге жекеменшiктi жүргiзуi, қалалардың өзiн-өзi басқаруы шаруашылықты бiрлiкте ұстай бiлуi арқасында мемлекеттiң күш-қуаты өстi. Оның әлеуметтiк, мәдени-тарихи тұрмыс-тiршiлiктерi, дәстүрлi мектеп ашу арқылы жаулап алған елдерге ендiрiлдi.
Таяу Шығыстағы әртүрлi аймақтардың өзара аралық әлеуметтiк қарым-қатынасқа талпынуы, экономикалық, саяси және мәдени байланыстар тұрғысынан бiрлестiкте болу элементерiнiң тууына себепшi болды. Бұл бiрлестiк Таяу Шығыста көптеген жүзжылдықтар бойы, яғни орта ғасырға дейiн өз маңызын жойған жоқ. Ерекше назар аударатын жағдай, Ассирия мен Парсы мемлекеттерiнiң халықаралық қарым-қатынастағы байланысты және сан-салалық жеке құқықтық құжаттары Сирияда қалыптасқан әлiппе жүйесi бойынша арамей тiлiнде дайындалған. Кейiн келе арамей әлiппесi арабтар мен парсылардың, армяндар мен грузиндердiң әлiппелерiнiң қалыптасуына ықпал жасады.
Парсы империясын (б.з.б. 334-323 жж.) Александр Македонскийдiң әскерлерi жаулап алды. Оның қол астына Египет, Палестина, Сирия, Месопотамия, Кiшi Азия мен Иран мемлекеттерi ендi.
Эллин дәуiрiнде (б.з.д. II-I ғғ.) Таяу Шығыстағы елдердiң мәдени және қоғамдық өмiр тiршiлiктерiнiң басты орталықтары Эллиндiк үстем топтары басшылығымен Антиохия, Александр үлгiлерiне негiзделген жаңа қалалар салынды. Жаңа қалалардың тұрғындары Греция мен Македониядан көшiп келген қауымдастықтар болатын, олар антикалық мәдениетiн және өмiр-тiршiлiк салтын алып келдi. Жаңа эллиндiк билiк жүйесi жергiлiктi Таяу Шығыс қоғамының үстем таптарымен тығыз қарым-қатынас жасаумен қатар, Вавилон, Кiшi Азия және Палестина азаматтық храм бiрлестiктерiмен, Египет дiн жақтаушыларымен және храмның бiлiм жүйесiмен тығыз бiрлiкте өз үстемдiктерiн жүргiзе бердi.
Эллиндiк мәдениеттегi “жалпы бiлiм беруде” орта және үстем тап өкiлдерiне арналған және қолөнершiлер мен құлдарға бейiмделген бiлiм жүйесi болғандығы байқалады.
Палестина мемлекетiнiң эллиндiк ықпалға қарсылық көрсетуiнiң басты себебi дiни ұстанымдардың ішкі қайшылығында болды. Эллиндiк бiлiм беру мектептерiнiң дербестiгi храмдық қауымдастықтардың дәстүрлi жеке билiгiн ескермейтiн болды, оның үстiне қарапайым халық пен билiк басындағы адамдар арасындағы қайшылықты күшейттi, екi мәдениеттiң бiр-бiрiне қарсы тұруына жағдай жасады. Эллиндiктерге және оны қолдаушы Сирия патшасы Антиоха IV Эпифаннаға қарсы Маккавей көтерiлiсi (б.з.д. 166 ж.) басталып, 20 жылға созылған көтерiлiстiң ақырында елдiң тәуелсiздiк алуына қол жеткiздi. Сөйтiп, Палестинада эллиндiк тәрбиенiң ошағы жойылды.
Рим дәуiрi кезеңiнде (б.з.д. I ғ. – ж.д. IV ғ.) Палестинада жүйелi бiлiм берудiң жаңа институттары қалыптасты, ер балалар оқумен қамтылды. Жаңа дәуiрдiң IV ғасырының орта шенiнде ер балалар оқу-жазуды бiлулерi тиiс болды, егер ұл бала басқа елде немесе тұтқында отырса, онда хат танымағаны үшiн кешiрiм жасалған. Палестинаның иудей мектептерiнде Тора (Бес кiтапша) оқытылған, оған қоса құқық және дiни дәстүрі ауызша үйретiлген. Оқу ақысы мектепке арнайы берiлген зекеттен және ата-аналарының қаражатынан ұсталған. Жоғары сатылы оқыту (15-22 жылға дейiн созылған) болса, Таяу Шығысқа тән дәстүрге сай жазба мәтiндер жатталып, оқушылар дiни аңыздар топтамасын ауызша жатқа айтуға дағдыланған.
Мектептегi оқытуда оқу материалдары төңiрегiнде пiкiр-талас туғызу, мұғалiм мен оқушылар күнделiктi өмiр-тiршiлiк жайлы өзара әңгiмелесу әдiстерi мұғалiм тарапынан дидактикалық сипат алып, оқу үрдiсiнiң маңызды бiр құрылымы ретiнде қаралып, бұл ұстаным мектеп практикасына толықтай енген.
Жоғары сатыдағы оқу ауызша жүргiзiлген, өйткенi үкiм шығару және оның мазмұны тек ауызша баяндалған, оларды жазбаша қалдыруға рұқсат берiлмеген. Соттың шешiмдерi, пiкiрталас тудыратын мәселелер ауызша айтылып, бiрiнен-екiншiсiне ауызша таратылған.
Сонымен Ежелгi Шығысқа тән бiлiм берудегi дәстүрлі оқыту әдiстерi көпке дейiн сол қалпында сақталып, одан әрi жетiлдiрiле түскен. Оқушыларға бiлiм беру түгелдей ауызша баяндаумен шектелген жоқ, дәстүрлi оқытуда шығармашылық жазу элементтерi де орын алған.
Әрбiр мұғалiм мазмұнына қарай топталған аңыздарды, белгiлi авторлардың шығармаларын дидактикалық сипатына қарай жүйелеп, оқушыларға оқыту әдiстерiн (әңгiмелесу, сұрақ-жауап, т.б.) қолдана отырып ауызша баяндайды. Ал оқушылар болса өз сезiмдерiне, қабiлеттерiне қарай аңыздардан өзiне керегiн таңдап алып отырған.
Дiни негiздегi оқыту мазмұны (жоғары басқышта оқу ақысыз болған) оқушыларды кәсiби даярлауға бағдарлаған. Оқушылар және мұғалiмдердiң көпшiлiгi қолөнершiлер мен саудагерлердiң отбасынан шыққан адамдар едi.
Рим империясы (б.з.д. I ғ. - ж.д. IV ғ.) кезiнде Таяу Шығыстағы бiлiмнiң дамуы жайлы айтқанда сектанттық қауымдастықтың ықпалын естен шығармауымыз керек. Кумран құжаттарына сүйенсек, Сирияда, Палестина мен Египетте сектанттық қауымдастық пайда болуы эллин дәуiрiнен бастау алып, ол Палестинада б.з.д. II ғ. - ж.д. I ғ. ортасына дейiн өмiр сүрген. Кумран қауымдастығының ерекшелiгi- мұнда ереженi бұлжытпай орындау, өзiн-өзi басқару талабын сақтау қатаң талап етiлген. Сондықтан да қауымдастық тәрбие институты ретiнде, әрбiр атқарылатын қандай да бiр шара болсын оны жан-жақты қамтуды көздеген. Мысалы, қауымдастықтықта өмiр нормаларын сақтау, мұғалiм жүргiзетiн оқуда тәртiп сақтау және оны тыңғылықты қадағалау мiндеттi болған.
Кумран ережесiнде қауымдастық мүшелерiнiң атқаратын қызметтерi қауымдастық құрылымына қарай бөлiнген. Мұғалiм кейде берiлетiн мәлiметтер мазмұнын оқушыларға ауызша айтып жеткiзудегi дәстүрлi оқыту iс-әрекеттерiнiң көлемiн азайтып, қауымдастық жетекшiлерi мен мүшелерiн де оқыту үрдiсiне қатыстырып отырған. Бiрақ берiлетiн бiлiм көлемi, оның мазмұны қауымдастық қарым-қатынас нормаларынан ауытқуы мүмкiн емес.
Христиан дiнi сектанттық қауымдастықтықтың (Кумран нормасы) тәжiрибелерiн қабылдап, шiркеуді құрылымдық жүйесiне ендiруге байланысты, мұғалiм қызметiн епископтар атқаратын болады. Олар құдайға табыну мен мiнез-құлыққа үйретiлдi, егер де дiн нормасын ұстаудағы кемшiлiктi байқаса, табынушыны шiркеуге кiргiзбей жазалаған.
Шамамен жаңа жыл санауының V ғасырында христиан дiнiнiң Таяу Шығыстың бiрнеше аудандарына Сирия, Египет, Месопотамияға жайылғандығы, оны қабылдаған қарапайым адамдардың көбейгендiгi туралы деректер бар.