8. Византиядағы ағарту iсi және педагогикалық ой-пiкiрлер
Рим империясының ыдырауы нәтижесінде пайда болған Византия империясы 395-1453 жылдар аралығында өмір сүрді. Оның территориясы Римнің шығыс бөлігіндегі Балқан түбегі, Кіші Азия жерлерімен Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауларын қамтыды. Рим императоры Константин негізін қалаған жаңа империяның орталығы Константинополь (бұрынғы Византия) эллиндік-рим мәдениетінің тікелей мұрагері деп аталды. Оның тұрғындары өздерінің білімділігі жөнінен ХІІІ-ХІҮ ғасырларға дейін батыс Европалық елдерден анағұрлым алда тұрды. Византияның жері Шығыс пен Батыстың орталығында орналасқандықтан Европа мен Таяу Шығыс елдері мәдениетін жалғастырушы алтын көпір ретінде есептелінді.
Византиядағы ағарту ісі мен мәдениетінің дамуын кезеңдерге бөлсек, соның алғашқы кезеңі (IV-IX ғ.ғ.) Византияның құл иеленушілік қоғамнан орталықтанған монархияға айналуымен байланысты. Бес ғасыр аралығында Иоанн Златоуст, Василий Кесарийский, Григорий Богослов, т.б. сияқты византиялық дінді уағыздаушылар мен көрнекті ойшылдардың философиялық, саяси-әлеуметтік, діни көзқарастары топтастырылған шығармалары кеңінен танымал болды, антикалық рухани мұралар арқылы христиандық қарым-қатынастар негізінде христиандардың адамгершілік бағдарлары қалыптасты.
ІХ-ХІІ ғасырларда Византияның барлық жерлерінде билік пен басқарудың ортақ формалары мен құқықтық нормалары енгізіліп, идеологиялық және адамгершілік құндылықтардың біртұтас жүйесі қалыптасты. Мұның барлығы адамдардың білім беру мен тәрбие ісінің мақсатына деген көзқарастарының өзгеруіне әсерін тигізбей қоймады.
Қоғамның экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге ұшырауы, мәдениет пен ағарту саласының даму қарқыны мен формасына күшті ықпал етті. Бұл даму жан-жақты білімді император Константин VІІ Багрянородныйдың (910-959 ж.ж.) билігімен тікелей байланысты болғандықтан, оның жарлығымен және тікелей басшылығымен жаңа оқу орындары ашылып, логика, философия, тарих, т.б. білім салалары бойынша энциклопедиялық сипаттағы еңбектер жазылды.
Император Константин кезiнде мектептерде арифметика, геометрия, стереометрия, музыка пәндерiне ерекше назар аударылып, оқу орындары төңiрегiне бiлiктi ғалымдар топталды, оларға бiлiм алуға талаптанушыларды оқыту жүктелдi. Сол кезеңдегi көрнектi Византия мәдениетiнiң өкiлдерi: патриарх Фотия, Лев Математик, Михаил Пселл және т.б. ағартушылар бiлiм беру iсiнде жаңа бағыттарды ұстанды.
Византияның ең негізгі ерекшеліктерінің бірі білім және тәрбие берудің римдік дәстүрін әлемдік білім беру дәстүрлерімен ұштастыра алуына байланысты болды. Византия империясының мектептерінде эллиндік және грек-римдік дәуірде жазылған оқулықтар пайдаланылды. Бір сөзбен айтқанда, Византия мәдениеті дүниежүзі мәдениетінің даму барысына елеулі ықпал жасады.
Византиядағы ағарту iсi мен педагогикалық ойлардың дамуы орта ғасырлар тұсында елеулi дағдарысқа ұшырады. Мәселен, 529 жылы император Юстиниан Афинадағы Платон Академиясын жабуға бұйрық бердi. Византиядағы антикалық типтегi мектептер мұғалiмдерiне (риторлар мен грамматиктер) еңбекақы төлей алмайтын болғандықтан жабылды. Екiншi ерекшелiк парсы өркениетiнiң ықпалы және VII ғасырда туындаған жаңа араб халифатының дүниеге келуi, ислам дiнiн қабылдаған Византияның әлеуметтiк-экономикалық және мәдени-тарихи дамуына тiкелей әсерiн тигiздi.
XIII ғасырда Батыстың крест жорығынан кейiн Латын империясының уақытша үстемдiгi кезiнде батыстың ықпалы үдей түстi. Әсiресе, ХI-ХIII ғасырларда ортағасырлық христиандық Еуропада бiр-бiрiне қарсы екi дiни-мәдени: латын-католиктiк және шығыс-гректiк бағыттар қалыптасты. Олардың арасындағы қайшылық Византия мен Батыс елдерi арасында соғыс ұшқынының басталуына түрткi болды.
Императорлық билiкке сүйенген византиялық христиандық шiркеу патриархтың қолдауымен бiлiм берудегi мемлекеттiк билiкке қарсы тұрмады. Сол себептi де IХ-ХII ғасырларда византиялық қоғамдағы императорлық билiктiң өрiс алуына объективтi жағдайлар ықпал жасады. Педагогикалық ойлар мен тәрбие және бiлiм берудегi практика жаңа бағытта жүргiзiлдi.
Византия империясында балаларды грек-римдік дәстүрде үйде оқыту түрі етек жайды, ал қарапайым отбасының балалары негізінен еңбек етуге үйренді. Ұлдар белгілі бір қолөнер түрін әкеден мирас ретінде қабылдап, соның қыр-сырын меңгерсе, қыздар аналарынан үй шаруасын атқаруды үйренді. Ал, ауқатты отбасыларында жағдай басқаша құрылды, ұлдармен бірге қыздарға да сауат берілді. Ауқатты отбасында ұлдар 5-7 жасында тәрбиеші-педагогтың қарамағына берілді, педагогтың міндеті баланы ойнату, сауаттылыққа үйретумен шектелді.
Византия қоғамындағы білім беру жүйесі бүкіл мыңжылдық бойына алдыңғы қатарлы орында болды. Дерек көздері Византияда оқуға мүмкіндігі бар балалардың барлығының мектеп табалдырығын аттай алатындығын, яғни бұл сала бойынша әлеуметтік шектеулердің болмағандығын дәлелдейді. Бірақ монастрлік және сарай мектептерінен басқа оқу орындары ақылы болды.
Оқудың алғашқы сатысында балалар қарапайым сауаттылыққа үйретілді, оқу 2-3 жылға созылды, олар мектеп қабырғасына 5-7 жастан алынды. Византиядағы салауаттылық мектептері христиандырылған эллиндік элементарлық мектептердің жалғасы болды, тек оқыту құралдарына аз ғана өзгерістер енгізілді. ХІ ғасырдан бастап пергамент пен папирустың орнына қағаз пайдаланылды, таяқша құс қауырсынына ауыстырылды, жазу дәптерлері пайда болды. Алайда сауаттылыққа үйрету әдістемесінде бұрынғы тәжірибе пайдаланылды. Мысалы, әріптерді буынға бөліп оқуда барлығы бірге айту әдісі қолданылды. Оқушылар алдымен әріптерді, кейін буындарды жаттады, содан кейін ғана сөздер мен сөйлемдерді оқи бастады. Есепке үйрету әдісі де өзгеріссіз қалды: алдымен саусақтармен санау, одан тастар, кейіннен есеп тақтасы – абак қолданылды.
Антикалық және эллиндік оқыту дәстүрлерінің бір ерекшелігі бастауыш білім беру мазмұнына дене тәрбиесі енгізілмеді. Ал, музыкаға үйрету шіркеулік хормен алмастырылды. Бастауыш мектеп мұғалімдері - дидаскалдар оқытудағы бірізділікті, яғни қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге қарай өту тәсілдерін пайдаланды.
Көпшілік балалар үшін элементарлық мектептер оқытудың алғашқы және соңғы сатысы болып есептелді.
Византиялықтар жоғары білімге жеке меншік, шіркеулік және мемлекеттік грамматикалық мектептерде қол жеткізді. Ақсүйектердің және діни элитаның балалары түгелдей дерлік оқытудың осы сатысынан өтті. Математикалық төрттікке (арифметика, геометрия, музыка, астрономия) қарағанда, грамматикаға, риторикаға, диалектика мен поэзияға көп көңіл бөлінді. Түптеп келгенде, оқытудың негізгі мақсаты жастардың бойында жалпы мәдениет пен шешендік өнерді қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту болып табылды.
Жоғары мектептердегі оқыту әдісі дәстүрлі негізде жүргізілді: мұғалім оқып түсіндірді, оқушыларға сұрақ қойды, оқушылар қойылған сұрақтарға жауап берді, пікір-талас ұйымдастырды.
Оқу аптасының соңында дидаскал оқушылардың білімін тексерді. Тәртіп бұзу, үлгермеушілік орын алған жағдайда оларды дүре соғу арқылы жазалап отырды.
Сөйлей білу, яғни шешендік өнерді меңгеру оқушылардан антика және библия тарихын, география, мифология, т.б. салалардан білімді болуын талап етті. Мектеп бітірушілер Гомердің “Иллиадасын”, Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофен, Геснод, Пиндарс, Феокрит шығармаларын, библияның сондай-ақ, Августин, Ионн Злотоуст, Григорий Богослов сияқты құдайтанушылардың еңбектерінің мазмұнымен жақсы таныс болуы міндетті болды.
Константинопольде жоғары мектеп 425 жылы император Феодосий ІІ-нің билік құрған жылдары ұйымдастырылып, “Аудиториум” (латынша “аудер” – тыңдау) деген атқа ие болды. Аты көрсетіп тұрғандай бұл оқу орнында оқытудың негізгі әдісі – дәріс болды. Оқытушылар “философия консулы” деп аталды.
Константинопольдік жоғары мектеп өзінің дамуының биік деңгейіне жетті. Бұл мектеп тікелей императорға бағынды. Константинопольдік жоғары мектепте платондық және жаңа платондық философия оқытылды, грек мәтіндерін талдауға және оны сынауға үйретті. Оқыту негізінен пікірсайыс негізінде жүргізілді.
Бұл мектептің деңгейін оның шәкірттерінің іс-әрекетінен-ақ көруге болады. Олардың ішінен славян әлемінде “Кітапқа үйрету” мектептерін ұйымдастырған ағартушылар Кирилл мен Мефодийді атауға болады.
ІV-V ғасырларда Византия империясында ғылыми және мұғалімдік қызметті эллиндік білімді философтар атқарды. Олар білімі жағынан антикалық дәуірдегі риторлардан айырмашылығы болмады. Өзгеріс тек VІ-VІІ ғасырлардан бастап пайда болды. Антикалық педагогикалық идеялардың шығыс православиелік шіркеу ойшылдарының адам тәрбиесі туралы көзқарастарымен ұштасуы – византиялық педагогикалық ой-пікірлердің өзіндік ерекшелігі болып табылды.
Неоплатондық пікірлер V ғасырда христиан дінтанушылары қабылдаған бірқатар педагогикалық идеяларды дүниеге әкелді. Мәселен, жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісі мәңгілік рухани құндылықтарға сүйенуі керек, олардың көңілін сыртқы әлемді тануға емес, өзін-өзі тануға, өз жанын түсінуге, сол арқылы ақиқатты білуге аудару қажет деп есептелді. Осылайша рухани жағынан өзін-өзі жетілдіруге және ізгілікті өмір сүруге дайын адамды тәрбиелеу мәселесі алдыңғы қатарға қойылды. Неоплатондықтар ақыл-ой мен рухани тәрбиені бір-бірінен бөліп алуға болмайды деп тұжырымдады.
Сол дәуірдегі Шығыс Европада көптеген педагогикалық құнды пікірлер ұсынған ең белгілі христиандық теологтардың қатарында Иоанн Златоусты, Григорий Богословты, Василий Кесарийскийді атауға болады.
Олар антикалық дәуірдегі ойшылдардың адам “микрокосмос” деген көзқарастарын оның ішкі жан-дүниесі екі жақты болады деген идеямен толықтырды. Ғалам басқалармен салыстырғанда – ерекше әлем, себебі оны олар “Құдай үлгісімен” жаратылған деп есептеді. Адам табиғатына ізгілік жасау, қайырымдылық көрсету және соған талпыну тән, сондықтан оны мақсатты түрде тәрбиелеу қажет деді.
Василий Кесарийский “Жастардың пұтқа табыну туралы кітаптардан алатын пайдасы туралы” деген шығармасында шәкірттерді аға ұрпақтың мұрасын құрметтеу, оған сын тұрғысынан қарау қажет деп үйреткен педагог ретінде көрінді. Оның “Шестоднев” атты еңбегі Батыс Европа мен басқа да елдерде кеңінен танымал болды. Бұл шығармасында В.Кесарийский әлемнің жаратылуы туралы библиялық әңгімелермен ұштастырылған өз ойларын ортаға салды. Мәселен, зайырлы білім “о дүниеде” емес, “бұл дүниеде” ғана қажет деді. Оның пікірінше, барлық тіршілік иелерінің ішінде тек адам ғана Құдайдың бейнесін өзімен бірге алып жүре алады. Барлық сыртқы (тәнге қатысты) нәрселер – Құдайға жат, яғни сезіну арқылы алған білімді ақиқат деп тануға болмайды. Сондықтан оқыту мен тәрбиелеудің дұрыс жолы мүмкіндігінше күнделікті тіршіліктен алыстап, дұға оқу мен ораза ұстау болып табылады. Оның пікірінше, адам тәнінің ішкі әлеміне терең үңілу арқылы өзін-өзі тануды дамыту-тәрбиенің негізгі әдісі деп есептелді. Адамның ақыл-ойын дамытуды В.Кесарийский алдыңғы орынға қойды.
Византиялық-православиелік педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы-на ықпал еткен, шығыс христиан шіркеуінің көрнекті уағыздаушыларының бірі – Иоанн Златоуст болды. Ол тәрбие негізіне әңгіме, ақыл айту сияқты антикалық дәуірде кеңінен таралған әдістер салынуы керек деп есептейді.
Тәрбие ісінде Иоанн Златоуст адамның бойындағы ең асыл қасиет адамгершілікке көңіл бөлу қажет деп есептеді. Ол қысым жасау әдістеріне қарсы болды. Мұғалімнің адам жанына қысым жасау арқылы ықпал етуге құқы жоқ. Тек құдай ғана жаман істерді болдырмау туралы кеңес береді, бірақ қысым көрсетпейді деді.
Иоанн Златоустың пікірінше, ақылшы-ұстаз әр оқушыға дербес көңіл бөліп, оның жанын түсіне білуге, өзінің ойын нақты, көркем түсінікті тілде жеткізуге тиісті. Ол білімнің қайнар көзі библия деп білді.
Максим Исповедник (шамамен 580-662 жж.) тәрбие беруде эллинистік және христиандық педагогикалық ой-пікірлерді бір-бірімен байланыстыра жүзеге асыруды қолдады. Антикалық дәуірдегі дәстүр бойынша ол адамды тән мен жанды жалғастырушы микроәлем ретінде қарастырды. Сондықтан адамның қалыптасуында үйлесімділікке қол жеткізілсе, оның қоршаған ортасында, тіпті бүкіл әлемде тепе-теңдік пен тәртіп орнаған болар еді деп түсінді.
Максим Исповедниктің пікірінше, тәрбие мақсатына қол жеткізуге кедергі болатын нәрсе күнәлі болу. Бұл – аспан мен жердің арасындағы байланысты үзген күш. Сондықтан білім беру ісінің алдындағы негізгі міндет – осы байланысты қайта жалғау, рухани бастамаларды теңестіру, яғни адам қол жететін деңгейден төмен түспей, керісінше даму үстінде болуы керек. Тәрбие барысында ең бастысы – ерік-жігер сияқты қасиеттерді қалыптастыру.
Тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлген византиялықтардың бірі – Кирилл мен Мефодийдің ұстазы – патриарх Фотий (шам. 820-897) болды.
Фотийдің көзқарасы бойынша, мектеп жас ұрпақтың жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңіретін орны болуы тиіс. Сол себепті Фотий констанинопольдік ақсүйектердің балаларына арнап өз идеалындағы мектепті құрды. Энциклопедиялық білімі бар мұғалім – бұл мектептің ең басты ерекшелігі еді. Оқушылар арасында мұғалімдердің беделі өте жоғары болды. Сонымен бірге ұстаздар мен шәкірттер арасындағы шынайы сыйластық қарым-қатынас пен қарапайымдылық, оқу мазмұнының жан-жақтылығы, ғылым мен дінтану салаларының қатар жүргізілуі бұл мектептің беделін арттырды. Фотий өз мектебіндегі оқушыларға арнап антикалық, византиялық философтардың, тарихшылардың, ғалымдардың 300-ге жуық шығармаларынан құрастырылған “Мириобиблион” атты еңбегін жазды.
Михаил Пселл (1018-1090) көрнекті мемлекет қайраткері, философ, ғалым, императордың мұрагерін тәрбиелеуші, император ордасындағы мектептің мұғалімі. Пселлдің пірікі бойынша, тәрбиелік византиялық азаматтың дене бітімі келісті, зиялылық бағытта білім алған, материалдық әлемнің сұлулығын бағалай алатын, шынайы христандық ақылға ие, рухани кемелден болуы тиіс.
Симен Новый Богослов (949-1022) – философ ақын, мистикалық бағыттағы діни қайраткер болды. Ол педагогикалық ой-пікірлердің дамуында шығыс – христиандық дәстүрді жалғастырушы болып табылады. Фотиймен салыстырғанда Симеон Богослов зайырлы білімге қарсы болды. Ол константинопольдік мектепте жан-жақты білім алғанына қарамастан, діни білімді жақтады. Ол монастырь шәкірт болудың ең тамаша орны деп есептеді. Симеон әрбір оқушы мұғалімді өзі таңдауы тиіс деді. Оқытудың мақсаты – ғылымды игеру емес, рухани әлемге өте алатын қабілеттерді дамыту дегенді, яғни мистикалық білім беруді уағыздады. Симеон танымға мектепте зайырлы ғылымдарды оқыту арқылы емес, оқушылардың адам табиғатын игеруі (түсінуі) арқылы жетуі тиіс деп есептеді.
Византиядағы философиялық және педагогикалық ой-пікірлердің соңғы кезеңіндегі танымал тұлғалардың бірі Георгий Гемист Плифон (шамамен 1355-1452 жж.). Ол Константинополь қаласында дүниеге келген, бірақ өмірінің көпшілігі ХV ғасырда византиялық гуманистік мәдениеттің орталығына айналған империяның батыс бөлігіндегі Мистрада (ежелгі Спарта) өтті.
Плифонның түсінігінше, тәрбиенің мақсаты – кемелденген деңгейге қол жеткізу, ал одан бас тартқан адам қатыгездікке бой алдырады. Ол адамның білімділігін оның тәрбиесімен тығыз байланыстырды. Адамның өзінің талпынысы, алға ұмтылысы, өзін-өзі оқытуға деген құлшынысы болмай, тәрбиенің мақсатына қол жеткізу мүмкін емес деп түсіндірді.
Максим Исповедник сияқты Плифон да білім беру ісінде тәрбиеші мен педагог жіберген қателік тәрбиеленушілердің үйлесімді дамуы мен біртұтастығына ғана нұқсан келтірмейді, сондай-ақ бүкіл ғаламға нұқсан келтіреді деді, өйткені адам аспан мен жерді жалғастырушы деп есептеді. Бірақ, М.Исповедниктің тәрбие ісіне деген мистикалық көзқарасымен салыстырғанда Плифон оқыту мен тәрбелеудің мақсаты – адамды ең алдымен жердегі өмірге дайындау деген пікірді ұстанды. Оның бұл көзқарасы білім беру мен тәрбие ісінің формаларына, мазмұнына, әдістеріне деген пікірлерінен байқалады.
ХІV-ХV ғасырларда Византияда исихазм (грек тілінде - тыныштық, үнсіздік) деген атпен белгілі болған аскеттік-монахтық христиан ағымы кең тарай бастады. Исихастар діни-философиялық ой-пікірлердің ішінде монахтық ағым ретінде танылды, олар тәрбиенің мақсатын адамның Құдаймен бірігуіне деген талпынысынан көрді. Ал оның негізгі құрамы “үнсіз” дұға оқу болды. Исихастар зайырлы білімге, антикалық ғылымға қарсы болды.
Исихастық қозғалыстың аса ірі өкілдерінің бірі солундық архиескоп және афондық монах Григорий Палама (1296-1359) болды. Оның түсінігі бойынша танымдық іс-әрекеттің мәні тыңдаушы шәкірт пен Құдайдың арасында тікелей қарым-қатынасты ұйымдастыру болып табылды. Өзінің “О священно-безмолствующих” деген шығармасында “адам өз жанына үңілуі үшін сыртқы тәсілдерді қалай қолдануы керек” деген сұраққа ақыл-ойды шашыратпай, қоршаған ортаға көңіл аудармай жұмыс істеуге үйрету керек дегенді айтты. Оның пікірінше, тәрбиеленушілердің үнемі іштей оқып жүретін дұғаларының тәрбиелік мәні зор.
Византиялық гуманистер интеллектуалды білімге көңіл бөлсе, исихастар ең алдымен адамгершілік-діни тәрбие мәселесін бәрінен жоғары қойды.
Әлемдік мәдениеттің дамуында Византия орта ғасырлық мәдениет пен антикалық дәуірдегі білім беру ісінің арасын жалғастырушы роль атқарды. 1453 жылы империя өзінің өмір сүруін тоқтатса да, византиялық білім беру дәстүрі жалғаса берді.
Сондай-ақ, Византия өзінің өмір сүруінің алғашқы жүз жылдығында-ақ Персия және басқа шығыс елдерінде гректік оқыту дәстүрінің кең таралуына ықпал жасады. Император Юстиниан билік құрған жылдары Афина академиясы жабылғаннан кейін философтар мен мұғалімдердің көпшілігі Иран шахин-шахы Хосрованың сарайына келіп қызмет жасады, өйткені, ол Византияның көп бөлігін өзінің империясына қосып алған еді, сөйтіп осы жерде “Эллиндік даналық” орталығын ұйымдастырған болатын. Тіпті, алыстағы Мервте де Сириядан келген христиандар колониясы болды және “еркін өнер” мектептері жұмыс істеді.
Византия мәдениетінің Кавказ аймағына да ықпалы күшті болды. ХІІІ ғасырда Арменияның оңтүстік шығысында Глодзор университеті ашылды, бұл жерде византиялық мектептердегі сияқты зайырлы ғылым салалары мен дінтану қатар оқытылды.
Грузия да византиялық-православиелік мәдениеттің күшті ықпалын басынан кешірді. Грузиндік ағарту саласының орталығы Гелат академиясы болды. Академияны Кутаиси қаласына жақын маңда Давид ІV Строитель (1073-1125) ұйымдастырған болатын. Бұл жерде оқыту византиялық үлгіде жүргізілді.
Византия мен араб-ислам әлемі арасында да интеллектуалдық байланыс орнады.
VІІ ғасырда арабтар Византияның педагогикалық мәдениеті жоғары дамыған шығыс және оңтүстік аудандарын жаулап алды. Араб тіліне ұқсас арамей тілінің диалектісі болып табылатын сирия тілі арқылы мұсылмандар грек-византиялық мәдениет және педагогикалық ой-пікірлермен танысты. Айта кететін бір жайт, 830 жылы арабтар Византия империясын жеңгеннен кейін соғыс контрибуциясын алтынмен емес кітаптармен төлеулерін талап еткен. 832 жылы Әл-Мамух халиф Бағдатқа әйгілі “Данышпандық үйін” құрды. Бұл мектептегі оқушылардың көпшілігі христиандар болды.
VІІ ғасырда Византия империясына арабтармен бір уақытта Балқан түбегіндегі славян халықтары да кіріп, қоныстана бастады.
ІХ-ХІ ғасырларда грек жазу үлгісіне негізделген славяндық жазу ісінің қалыптасу кезеңі басталды.
Византия үстемдік құрған жылдары (1018-1185) болгарлық мектептерде оқыту грек тілінде жүргізілді, ал славян тілінде білім берген мұғалімдер Киев Русіне келіп қоныстана бастады. Бұл жағдай Киев Русіндегі білім беру ісінің дамуына айтарлықтай әсер етті.
Батыс Европалық өркениет пен оның білім беру жүйесіне де византиялық ықпалдың болғандығын айта кету керек. Өйткені, Европада білім беру ұзақ жылдар бойы латын және грек тілдерін оқу арқылы жүргізілді.
Византиядағы ағарту ісі және мәдениеттің дамуының негізгі кезеңдеріне тоқталғанда мына мәселелерге көңіл аударған жөн. Византияда өмір сүрудің өзіндік ерекшеліктері болды. Мұнда антикалық авторлардың шығармаларын мазмұндайтын кодекстер жасалды. Бүкілдүниежүзілік мәдениеттің дамуына әсер еткен византиялық мәдениет пен білімділіктің өзіндік белгілері болды. Византияда балалар мен жастарды үйде оқыту мен тәрбиелеудің формалары айқындалды. Византия қоғамында білім беру жүйесінде төмендегідей оқу орындары: сауат ашу мектебі, элементарлық мектептер грамматикалық мектептер, жоғары заң мектебі, жоғары медициналық және философиялық мектептер, жоғары патриархалық мектептер, университеттер ұйымдастырылды. Орта мектепте оқытудың әдістемесі жасалды. Жоғары білім мазмұнына өзгерістер енгізілді. Монастырлық білім берудің дәстүрлі формасы қалыптасты.
Осылайша, византиялық мәдениеттің дүниежүзілік өркениеттің дамуына қосқан үлесі айрықша болды.
Достарыңызбен бөлісу: |