Тұтас педагогикалық процестің құрамдас бөліктері оқыту және тәрбиелеу болып табылады. Олар бірлікте және өзара байланыста жүреді. Оқыту процесін ұйымдастырудың теориялық негіздерін, оның заңдылықтарын, принциптерін, әдістерін педагогиканың маңызды саласы-дидактика зерттейді.
Дидактиканың ғылым ретінде дамуына Коменский, Песталоци, Ушинский, Данилов, Скаткин, Занков және т.б. ғалымдар айтарлықтай үлес қосты.
Дидактика (didaktikac – оқытушы, didasko –оқушы) ұғымы грек тілінен алынған, оқыту немесе үйрету деген сөз.
Бұл ұғымды ғылыми айналымға алғаш енгізген неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571–1635). Сол мағынада бұл ұғымды чех педагогы Я.А. Коменский пайдаланып, 1657 жылы өзінің “Ұлы дидактика” еңбегін жарыққа шығарады. Атақты чех педагогы Ян Амос Коменский “Ұлы дидактика” еңбегінде бұл ғылымды оның құрылымы мен тәрбиесіне енгізе отырып, баршаны бәріне үйретудің әмбебап өнері деп атады. Педагог Герберт 20 ғасырдың басында дидактикаға тәрбиелей отырып оқытудың біртұтас теория мәртебесін берді
Дидактика – педагогикалық маңызды саласы. Дидактика бұл оқыту және білім беру, олардың мақсаттары, мазмұны, әдістері, құралдары және ұйымдастырушылық формалары туралы ғылым.
Қазіргі заманғы дидактика ғылымы білім беру теориясы болып табылады. Дидактиканың пәні - оқытудың заңдары, заңдылықтары мен принциптері, оның мақсаттары, білім беру мазмұнының ғылыми негіздері, оқыту әдістері, нысандары, құралдары.
Заң - құбылыстар арасындағы қажетті, маңызды, тұрақты, қайталанатын қатынас: білім беру процесінің тұтастығы мен бірлігі заңы, мақсаттардың, мазмұнның, әдістердің, оқыту формаларының әлеуметтік шарттылығы заңы және т. б.
Заңдылықтар - оқу процесінің құрамдас бөліктері, компоненттері арасындағы тұрақты қайталанатын байланыстар
Оқыту процесін іске асыру белгілі бір заңдылықтарды меңгеру негізінде жүзеге асады.
Құбылыстар мен процестер арасындағы объектілі, маңызды, қажетті, жалпы, берік, белгілі жағдайда қайталанатын өзара байланыс заңдылық деп аталады. Өзара байланысы бар объектілер, байланыстың түрі, сипаты, қызмет аясы анықталған кезде заңдылықты заң деп білеміз.
Оқыту процесінің заңдылықтары оның тұтастығын дәлелдейді. Оқыту заңдылықтарды сыртқы және ішкі, жалпы және жеке деп бөлінеді. Сыртқы заңдылықтар оқытудың қоғамдық шарттардан, саяси–әлеуметтік жағдайлардан тәуелділігін сипаттайды. Ішкі заңдылықтар оқытудың мақсаты, әдістері, құралдары, түрлері арасындағы байланыстарды сипаттайды. Жалпы заңдылықтар бүкіл оқыту жүйесін қамтыса, жеке заңдылықтар оқыту жүйесінің нақты, жеке бөліктерін қамтиды.