Педагогикалық кәсіби шеберлік-білім беру сапасын арттыру құралы
Андатпа
Мектептегі білім беру сапасын арттыру үшін,ең алдымен,мұғалім біліктілігі жеткілікті дәрежеде өсіп,кәсіби шеберлік шыңына талпынған тұлға иесі болуы тиіс.Бұл жұмыс барысында осындай кәсіби құзырлыққа жол сілтейтін тиімді кеңестер мен маман психологтердің салыстырмалы пікірлері баяндалады.Заманауи ұстаз моделі туралы ой түйіндейді.
«Болашақта еңбек етіп,өмір сүретіндер- бүгінгі
мектеп оқушылары.Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе,
Қазақстан сол деңейде болады.Сондықтан ұстазға
міндет ауыр.» Н.Ә.Назарбаев
Шәкірт қабілетін жан-жақты дамытып,шығармашылығын,ізденімпаздығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс.Демек,бүгінгі заман мұғалімі қазіргі қоғамдық-әлеуметтік талаптарға жауап беретін,жан-жақты білімді,жаңашыл ойлау дағдысын меңгерген,оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен,жұртшылықпен ынтымақтастық орнатуға икемді тұлға болуы тиіс.Ол үшін мұғалім оқыту мен тәрбиенің тиімді жолдарын іздестіріп,өз ісінің хас шебері болуы міндетті.Мұғалімдер теориясы мен практикасын үйлестіріп,оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп, соның бәрін әдіснамалық тұрғыдан игеруі тиіс.Бәсекеге қабілетті қоғамдағы ұстаздың моделі де осындай- шәкірттерін білімділік,іскерлік дағдылары өскелең,өмір талабына сай тәрбиелейтін,өз бетінше жоспарлап, шешім қабылдай білетін өмірлік көзқарасы,құндылық қасиеттері бар шығармашыл жеке тұлға.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда.Бұл процесс білім парадиаграммасының өзгеруімен қатар жүреді.Білім берудің ескі мазмұнының орнына жаңасы келуде. Я.А.Коменскийдің, И.Гербарттың дәстүрлі обьект-субьектілі педагогикасының орнын басқасы басты,ол балаға оқу қызметінің субьектісі ретінде өзін-өзі өзектілендіруге,өзін танытуғажәне өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға ретінде бағытталған.Мұндай жағдайда педагогикалық процестің маңызд құрамы оқу ісіндегі субьектілер- оқытушы мен оқушының тұлғалық бағытталған өзара әрекеті болып табылады»- делінген Марал Мәденқызы Жанпейісова еңбегінде.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігі,ең алдымен,мақсат-міндеттерді дұрыс шешуден басталады.Қазіргі білім мен техниканың дамыған кезеңінде ұлттық құндылықтарымыз шетелден еніп келе жатқан түрлі мәдениет ағымына көміліп қалмас үшін,жеке тұлғаны ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті етіп тәрбиелеу- басты мақсат болып табылады. Ал міндетіміз- жеке тұлғаның өзіндік көзқарасын қалыптастыру және оны қорғай білуге үйрету,оқушыларға тілді меңгерте отырып, белсенділіктерін арттыру,ақыл-ой,таным қабілеттерін дамыту.
Әрбір күні өзгеріске толы бүгінгі жауапты кезеңде замана көшінен қалып қоймай,уақыт талабына сай жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға зор жауапкершілік жүктейді.Ол мұғалімнен үздіксіз ізденуді,өз білімін жетілдіріп отыруды талап етеді.Ғұлама данышпан Әл-Фараби: «Ұстаз ...жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін,көрген,естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын ,...алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі,мейлінше шешен,өнер-білімге құштар,аса қанағатшыл,жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да,жат адамдарына да әділ,жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп,қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл,ержүрек болуы керек»,- деген болатын.Ендеше,кәсіби шебер мұғалімнің міндетті талаптары осыған сай болса керек.
Оқушының оқылатын пәнге деген қарым-қатынасын,көзқарасын анықтаушы бірден-бір адам- мұғалім.Кез-келген оқушы әуелі мұғалімді,сосын барып пәнді не мәңгілік сүйіп,не өмір бойы жек көріп кетеді.Сол себепті мұғалім оқушының өміріне өзгерістер енгізеді.Жанына жақын пәннің мұғалімі көңіліне жақпаса,оқушы ол пәннен алшақтай береді де,жат дүние болуы мүмкін.Сондықтан әр ұстаз оқушының көңіл пернесін дәл басуы,өз пәнін екі жаққа да тиімді әдістермен өткізуі тиіс.Нағыз кәсіби шеберлік осыдан бастау алса керек.Мектепте өтілетін пәндердің ішінде тәрбиенің қайнар көзі болып саналатыны- әдебиет сабағы.Ендесе,әдебиет пәні мұғаліміне артылар жүк ауыр.Әдебиетші ұстаз өзін сыйлата білу үшін өзін мойындатуы керек.Ал оқушыға бір нәрсені мойындату біраз еңбекті қажет етеді.Әсіресе ХХІ ғасыр «ойыншықтары»- интернет,теледидар,онлайн, т.б. қасында мұғалім беделін арттыру оңай шаруа емес.Олай болса,қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жүргізетін мұғалім қандай болуы керек?
Біріншіден,менің ойымша,мұғалім жан –жақты жаңашыл,қызықтыра алар қабілетті болуы керек.Өйткені оқушының айналасы қызылды-жасыл дүние: теледидар,компьютер,автомат ойындар.Осылармен жарыса жаңарып отыру керек,олардың көлеңкесінде қалыа қойып,пәніңіз де,өзіңіз де оқушы өмірінде екінші,үшінші орынға шығып қалсаңыз жағдайды түзету оңайға соқпайды. Жаңашыл болудан қорықпаңыз,оқушылармен бірге лоардың өміріне еніп кетіңіз:олар көретін фильмдерін,тыңдайтын музыкаларын, ойнайтын ойындарын,табынатын әнші,әртістерінен түгелдей хабардар болуға тырысыңыз.Оқушымен өз тілінде сөйлесіңіз.Сонда ғана оқушы көңілі сізге ауады.Ал оқушы көңілі сізде болғаннан кейін пәніңізге де қызығушылығы артады.Қызығу бар жерде ынта,ықылас болады.Ынта бар жерде сапа бар.Ал,керісінше,оқушыға есінен тандыра ұрсып,бала санасына сіңген дүниені сыпырып тастаймын деуден сіз де шаршайсыз,бала да шаршайды. Қайта оқушы өзіңізден алшақтап,тәрбие бұлағын мүлде басқа ортадан табуы мүмкін.Жасөспірімдердің түрлі діни секталарға қосылып немесе суицидке бой алдыруы осыдан келуі де мүмкін.Мұғалімін сыйлайтын оқушыға кез-келген ақпаратты сіңіріп,соның жемісін талап етуге болады.Яғни,бір сөзбен айтқанда,оқушының қалыптасуынан қалып қоймауымыз керек.
Екіншіден,ешқашан баланы қинап оқыта алмаймыз. «Қайтсең де осы өлеңді немесе ережені жаттап ал,әйтпесе клуші болма» деген сияқты сөздерден оқушының пәнге деген жиіркеніші оңай туады.Өз санасының жетегімен істелмеген дүние оның көкейіне мүлде қонбайды.Түсінбеген дүниені түйсіну мүмкін емес.Мұндайды болдырмау үшін тағы да оқушымен «өзінің тілінде» сөйлесіңіз.Қызықтырыңыз,түсіндіріңіз,бірақ қинамаңыз.
Үшіншіден,оқушыдан талап еткенді өзіңіз де орындайтын болыңыз.Оқушы әуелі сізді үлгі етеді.Қызығуын тудырған мұғалім не жасаса,оқушы соны жасауға әрекет қылады.Тақырып барысында өтетін өлеңді жаттап алыңыз, әңгіменің үзіндісін жаттап алыңыз.Түсіндіру барысында қазақ тілінің бар мүмкіндігін қолданып,барынша шұрайлы,барынша сусынын қандыра сөйлеңіз.Оқушыны ақпараттың астында қалдыра бермей,жай ғана негіз салушы болыңыз.Өйткені алдыңыздағы оқушының барлығын бірдей әдебиетші немесе тілші ете алмайсыз.Міне,осы үш нәрсені ескерсек,ХХІ ғасыр «ойыншықтарының» алдына шыға аламыз,олардан озық отырсақ, сапалы білім,саналы тәрбие берер кәсіби маман бола алмақпыз.
Мұғалімнің кәсіби құзырлылығын қалыптастыруда кәсіби шеберліктің қаншалықты маңыздылығын айқындау мақсатында басқа мемлекеттердегі шеберлікті шыңдау,біліктілігін арттыру тәсілдерін зерттеп көрдік.Халық «сырт көз сыншы» дейді.Ұстаздардың біліктілік жинақтаудағы біздерге айтылған сын,ой-пікірлерімен келісуге тура келеді.Елімізге Қытай, Моңғолиядан көптеп оралып жатқан қандастарымыздың іс-тәжірибесіне қарағанда,атап айтқанда тамыр-таныстық көп мөлшерде ақша беру,келе жатқан тексерудің алдын жабу деген сияқтылар ол елдерде белең алмаған.Шәкірттер тарапынан мұғалімдерге біліктілігі жан-жақты талап етіледі.Мысалы,ана тілі пәні мұғалімі, ең алдымен, өз мамандығын жете меңгерген болуы керек,сол тілдің мәдениетінен хабардар болуы керек.Өз тарихын,әлем халқының таихын,географиясын жақсы білумен қатар, саясаттан т.б. айта берсек көп,жан-жақты болуы тиіс.Аталмыш ескертулердің бәрін меңгерген маман болса, «мұғалімнің білім деңгейі төмен» деген пікір қалыптаспас еді.
Көршілес Қытайда жағдай басқаша.Онда ата-аналар тарапынан жылына екі рет сабаққа қатысып, мұғалімдердің білімін бағалау назардан тыс қалмайды. Мұғалімнің сабақ беру тәсілі,түсіндіруі,балалардың қабылдауы жөнінде пікірін сабақ соңында жазып,қабылдау бөлмесіне қалдырады екен.Жыл аяғында осылар ескеріліп,3 ай сайынғы ашық сабағы,1 жыл бойғы әр баланың білім сапасы деңгейінің жоғары,төмен болуына қарай жылына 1 рет аттестациядан өтеді.Бұл өте құптарлық іс.Қытайдағы заңға сүйенсек,баланың 8 жылдық білімі болмаса әке-шешесі жұмыстан шығарылады. Бұдан айтпағымыз- әр елдің,әр мемлекеттің өзіндік қоғамындағы білім саласындағы жетістіктерін өзімізге пайдаланып,жақсыларын керегімізге жаратып, жамандарынан қашып отырсақ,кешегі Әл-Фарабилер айтып кеткен кемел қоғамға айналуымызға кім кедергі бола алар?!
Қазір отандық психолгтар мұғалімдердің кәсіби шеберлігін сараптай келе,оларды 4 топқа топтастырып отыр.
Кәсіби тұлғаның педагогикалық-психологиялық ерекшеліктері:
1)Қызба-тосын стильдегі мұғалімдер (ҚТС)
2)Қызба-әдістемелік стильдегі мұғалімдер (ҚӘС)
3)Пікірлесуші-тосын стильдегі мұғалімдер (ПТС)
4) Пікірлесуші-әдістемелік стильдегі мұғалімдер (ПӘК)
Қызба-тосын стильдегі мұғалімдер (ҚТС) айрықша біліммен ерекшеленеді. Олар оқушыларға сабақты әрі қонымды өткізеді.Көбіне сабақ сұрау барысында олар жақсы оқитын не тәуір көретін оқушыларынан жылдам,қарқынды сұрап шығады.Кейде олардың өз бетінше жауап беруін күтпей өзі де жағаласып отырады.Олар өткен сабақты қайталауға, білімдерін бақылауға онша көңіл бөлмейді.Сабақ түсіндіру барысында бұл мұғалімдер түрлі оқыту әдістерін пайдаланады.
Қызба-әдістемелік стильдегі мұғалімдер (ҚӘС) оқыту үрдісі мен оның нәтижесіне көп көңіл бөледі.Өткен оқу материалдары оқушыға қонымды болуы үшін олардың алған білімін қатаң қадағалап,бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады.Олар сабақта жиі жұмыс түрлерін өзгертіп,ұжымдық талқыларға салып отырады.сабақ оқушыларға қызықты әрі санасына қонымды болу мақсатында жиі дәстүрден тыс сабақтар өткізіп отырады.
Пікірлесуші-тосын стильдегі мұғалімдер (ПТС)қызба әдістемелік стиліндегі мұғалімдерге қарағанда сабақта қолданатын оқыту әдістерінің варианттары аз,барлық уақытта сабағы жоғары деңгейде өте бермейді,ал ұжымдық талқылаулар аз болады.Оқушылардан сабақ сұрау барысында аз сөйлеп,олардың тек өздерінің жауап беруін талап етеді,кейде қатесін ғана түзейді.
Пікірлесуші-әдістемелік стильдегі мұғалімдер (ПӘК) оқыту және оқу-тәрбие үрдісінде көрнекі құралдар мен әдістерді аз қолданады.Олар сабақ түсіндіру барысында бірнеше әдістермен ғана шектелдеді.Оқушылардың сабаққа жауап беруіне көп уақыт бөледі,әсіресе нашар оқитын оқушыларға.
Көрсетілген педагогикалық-психологиялық сараптау нәтижесін бақылай отырып,әрқайсысынан іліп алар тұстары бар екенін аңғарамыз.Осындай мұғалімдердің дәл бірі бол демейміз,қажетін іріктеп,бірегейі бол демекпіз.
ХХІ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру- үйреншікті жай ғана шеберлік емес,ол- жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деген екен.Ұлт болашағына жаны ашитын әрбір мектеп мұғаліміне қазақ тілін оқыту үрдісін жетілдіріп,оны ұйымдастыруға аса жауапты міндет жүктеледі.Сондықтан педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу- оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы.Мұғалім уақытты өткізу үшін әдістер қолданбайды,сабақ мақсатына жету үшін,әр жүрекке бір сәуле жағу үшін әдістер пайдаланады.
Қосанова Марал
Қызылорда қаласы
№140 мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |