Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:
Мұғалім сөзіндегі басты ерекшеліктерді атаңыз.
Мұғалім сөзіндегі бағыттылық дегеніміз
Педагог сөзінің оқушы психологиясына қатысты ма
Ауызша сөйлеуді орынды қолдана білудің маңызы
“Импровизация” терминінің мағынасы
Мұғалімнің ауызекі сөзіндегі “импровизацияның” алатын орны
Мұғалімнің ауызекі сөзіне қойылатын талаптар
Қарым-қатынаста сөйлеудің алатын орны
12 тақырып. Педагогикалық қарым – қатынас мәдениеті.
Жоспары:
Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мүкіндіктері.
Сөз мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының маңызды құралы.
1. Тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі – сөздердің дұрыс айтылуы мен дұрыс жазылуы болса, оқытушының сөйлеу тілінде сөз бен сөз тіркесін, сөйлемді дұрыс қалыптастыра білу үшін ой тиянақтылығы, әсерлілігі, сөз дәлдігі, сөйлемдердің өзіне тән әуені, ырғағы, үні, интонациясы, т.б. сөйлеу тілінің сапасын арттыруы қажет.
Сөздерді айтудағы дыбыс өзгерістері орфоэпиялық нормаларға сай болғанымен, жазуда олар ерекше жағдайда ғана болмаса, орфографиялық ережелер бойынша жазылады. Орфографиялық норамалардың ғылыми негізі – сөз құрамының дәстүрлі қалпын бұзбай, дыбыстардың ілгерінді, кейінді ықпалы, ығыспалы заңдылықтарын біліп, орфоэпиялық нормаларды сақтап сөйлеу оқытушының сөйлеу сапасын арттырады. Мәселен: Сарыарқа, Ағжар, Ағбота, өртау, өзөн, тұрұс, жұмұшшұ, Жетіғара т.б.
Оқытушының сөйлеу тілінің сапасы мен студенттің қабылдаған білімі, оның сөйлеу әуені, үні, айту заңы дұрыс қалыптасуы керек. Ол үшін кез келген мәтінді не кеспе қағаздарды оқығанда дауыс ырғағын келтіріп, сөздің анық, түсінікті болуын естен шығармау керек.
Оқытушы тілінен кездесетін кемшіліктердің бірі – сөз арасында жиі кездесетін: жаңағы, яки, яғни, және мінекей, жалпы, маған, иә, мәселен, әлгі, т.б. қыстырма сөздердің қайталануы. Студент ондай жағдайда сабақ тыңдамай “жаңағы” деген сөзін оқытушы бірнеше рет айтты деп санап отырады. Ол студенттерді де, тыңдаушыны да мезі етеді.
Оқытушы тілінде кездесетін кемшіліктер және мыналар:
диалект, жаргон, кейбір қолданыста жоқ, әдебинормаға жатпайтын сөздерді жиі қолдану;
барғын, айтқын, жазғын, келген;
келгентұғын, келгемді, айтқамды;
келгентұғым, айтқантұғым;
кесей, айтсай;
баралық, жазалық, көрелік;
-ыншы, -інші формаларын дұрыс пайдаланбай “жиырманшы” деп қолдану;
аудитория жағдайында дәл емес, тұспалдап жеткізуде бірқатар сөздердің беретін мағынасын дұрыс айтпау.
Ұстаздың басты мақсатының бірі – студенттің тілін дамыту. Бұл өмір талабынан, тұрмыстық қажеттіліктен туындайды. Қоғамдық мәдениет өскен сайын өмірдің сан-саласында қолданылатын тілдің мәдениетіне қойылатын талап та күшейе түсері анық. Ол үшін студенттер тілін ауызша да, жазбаша да дамытуды алғашқы кезден бастап қолға алу керек. Студенттердің сөз тіркесін, сөйлем құрылысын, морфологиялық тұлғаларды дұрыс қолдана білуі тіл мәдениетінің негізін арттыруға үлес қосады.
Студенттердің білімді тереңдету негізінде тілді жетілдіру жолдары мынадай:
Тілдік терминология. Тілдік терминологияны терең меңгеру үшін негізгі және қосымша әдебиеттермен, сөздіктермен жұмыс істеу керек. Қос тілді сөздіктермен, анықтағыштармен жұмыс істеу ерекшеліктері де үлкен.
Мамандыққа дайындауда ғылыми-зерттеу жұмысының орны. Курстық және дипломдық жұмыстарды дайындау, материалдарды жинақтаудың және картотека жүргізудің тиімді тәсілдерін іздеу.
Курстық және дипломдық жұмыстарды қорғауға қойылатын талаптарды орындау, қорғау кезінде сұрақтарға дұрыс жауап бере білу қажет.
Тілді қадірлейтін мәдениетті оқытушы әрбір сөзді өз орнымен, стилдік шеберлікпен қолданады. Стиль дегеніміз – белгілі бір қатынастың түрінде тілдік единицаларды сұрыптап пайдалану арқылы ойды жеткізу мәнерінің көрінісі. Демек, стил тілдің бәріне тән құбылыс. Қазақ әдеби тілінің екі түрі бар: ауызша сөйлеу стилі және кітаби жазба стилі. Шетелдік мамандар стилді жіктеуге байланысты түрлі пікірге ие. Мысалы, Р.Будагов ауызекі-жазбаша, ғылыми-көркем әдеби стил деп бөлсе, М.Конина ресми-әдістемелік, тұрмыстық іс-қағаздар, ғылыми-техника, т.б.стилдер бар дейді.
Қазақ стилистикасын зерттеуші ғалым жоғарыдағы пікірлерді есепке ала отырып, тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескере келіп, тілімізде мынадай стил бар деп есептейді: сөйлеу стилі, кітаби-жазба, іс-қағаздар стилі, ресми стил, публицистикалық стил, ғылыми стил.
Лектор халыққа білім негізін берумен қатар халықты тіл мәдениетіне баулиды, сондықтан олар қарым-қатынас жасау құралы, шындықты жеткізу құралы – тілдің ойды білдіру мүмкіншіліктеріне, тіл мәдениетіне қанық болуы керек. Ол тілді өткір де әсерлі, икемді де бай ету қамын жасау керек. Жұрт алдында сөйлеу өте қауіпті әрі қиын жұмыс. “Сөйлей-сөйлей шешен” болған кісілер де кейде үлкенді-кішілі аудиторияға келіп, көпшілікке қарап тіл қатқанда, жүрегі алып - ұшып тұрады. Оның себебі, “айтайын деген ойымды қатесіз, дұрыс айта аламын ба, тыңдаушыларды менің сөзім қанаттандыра ма?” деген уайым қыстайды. Оның үстіне аузына қадала қарап жаудыраған көп көздер, оның әр сөзін сынай қабылдайтыны белегілі. Тыңдаушылар алдында өзін-өзі дұрыс ұстай алмаған кісінің сөзі де өтімді болмайды, сондықтан мінбеде ұстамды болу, қобалжымау, сасқалақтамау – сөйлеушілерге қойылатын басты талаптардың бірі. Сөйлеуге алдын ала ұқыпты дайындалған, не айтатынын, қалай айтатынын, тілдік амал-тәсілдерді қалай пайдаланатынын әбден көңілге қондырып алған кісі қысталаңның құлы болмайды, өзін нақты ұстап, еркін сөйлейтін болады. Тыңдаушыларды бірден өзіне тарта, еліктіре алады.
Дауыс булығып шығып, бірсыдырғы әуенмен, жігерсіз, баяу сөйлейтін болсақ, айтқаның қаншама маңызды болғанмен, тыңдаушыларды тез жалықтырады, олардың көңілі басқаға ауып кетеді.
Сөйлеу дауысы құбылмалы әрі ойыңды белгілі қисынды байланыста сөйлемдердің бірін-бірі тудырып тұрғандай етіп сөйлеу керек. Сөйлемдер арасында табиғи байланыс болмаса, тыңдаушы ондай сөзден нәр ала алмайды, көпшілік алдында жақсы сөйлеудің ең негізгі шарты – даярлық. Дәрістің мазмұны, құрылысы, формасы алдын ала жоспарланып, қағазға жазылып дайындалуы тиіс.
Мәдениетті адамның сөйлеу мәнері жағымды болмақ. ән сияқты дұрыс айтылған сөз де құлақтан кіріп бойды алады. Қазақ халқы келістіріп сөйлей алатын кісіні “сөзі мірдің оғындай екен” деп дәріптейді. Ал қабілеті жоқ адам ынжық “аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұр” деп сынайды. Сөйтіп, сөзді қалай болса, солай айта салмай, сөйлеуде оның мазмұнына үйлесімді ырғақ, екпін, әуен тауып, дауысты түрлендіріп сөйлеудің үлкен мәні бар. Жалпы тіл өнеріне, шешендік өнерге, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу өнеріне үйрететін орынның бірі – жоғары оқу орны.
Достарыңызбен бөлісу: |