Педагогтың кәсіби құзіреттілігі нәтижелі білім берудің негізі



Дата06.04.2020
өлшемі27 Kb.
#61642
Байланысты:
рес.сем.Мария баянддама
рес.сем.Мария баянддама, СРИП 3 ответы, СРИП 3 ответы
Педагогтың кәсіби құзіреттілігі - нәтижелі білім берудің негізі.

Жакипбекова Мария Турсуновна

Есік гуманитарлық-экономикалық

колледжінің педагогика пәнінің

оқытушысы
Дәуірдің тынысы мен заманның бет алысына қарай тың талпыныс жасау – ілгерілеудің кепілі. Осы орайда қазіргі кезеңдегі ең өзекті меселенің бірі бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай білікті мамандар дайындау болып отыр. Бүгінгі күні кәсіптік оқу орындарының алдында әлемдік өркениетке ұмтылып, дүниеге іргелі ел ретінде танылып отырған Қазақстан Республикасының болашағында білімді, білікті, саналы азаматтар тәрбиелеу міндеттері қойылған. Бұл міндеттер білім алушы жастардың шығармашылығын арттырып, өздігінен білім алуға және алған білімін іске асыра білуге үйретуді міндеттейді.

Бүгінде жаһандану заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сәйкес білім беру, республикамыздағы ғылыми-педагогикалық тұрғыда әлемдік жинақталған тәжірибені және отандық озат тәжірибені саралай отырып, оқыту мен тәрбиелеуді заман талабына сай жаңашылдықта ұйымдастыру басты мәселе болып отыр.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының 8-бабында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», – деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді[1].

Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемесіндегі педагогикалық ұжымның, әрбір оқытушының күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.

Қазіргі қоғамдағы әрбір педагогтың міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады.

Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның білімінің жан-жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияларды  меңгеруімен өлшенеді.  Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзіреттілік қабілеті де  кең болмақ. Білім беру саласындағы «құзыреттілік» түсінігі 1960-1970 жылдардағы шетел әдебиетінде, ал 1980 жылдардың соңындағы отандық әдебиеттерде кездесті. «Кәсіби құзіреттілік, жете білушілік» ұғымын енгізудің қажеттілігі оның мазмұнының кеңдігімен, интегративтік сипатымен, «кәсіптілік», «біліктілік», «кәсіби мүмкіндіктер» және т.б. түсініктерді біріктіреді. Д.И. Ушаковтың редакциясымен жарық көрген түсіндірме сөздіктің авторлары «құзіреттілік» және «құзірет» сөздерінің арасындағы айырмашылықтарды дәлелдеуге тырысқан. «Құзіреттілік»- хабардар болушылық, абыройлылық; «құзірет»- жеке тұлғаның кәсіби қасиеті және қызметтік сипаттардың нақты жиынтығы. Құзыреттілік (латын тілінде «competens») тікелей аудармасы белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді. Сонымен, құзіреттілік (компетентность) ұғымы қазақ тілінде белгілі бір салада шешім қабылдауға, тұжырымдар жасауға мүмкіндік (немесе құқық) беретін адамның қабілеттілігі мағынасында қолданылады. [2].

Бұл қабілеттіліктің негізін білімділік, хабардарлық және іс-әрекет тәжірибесі құрайды. Осы арқылы құзыреттілік ұғымының жинақтаушылық, кіріктірушілік сипаты айқындалады. Адам білімді және сәйкесінше тәжірибені меңгеру негізінде құзыретті болады. Сондықтан, құзыреттілік ұғымы қазіргі таңда елімізде, шетелде де білім берудің нәтижесі ретінде қолданылады.

Педагогика ғылымында «кәсіби құзіреттілік» түсінігі бірнеше ұғым береді:

-еңбектің нәтижесін анықтайтын білім мен дағдының жиынтығы;

-жеке қасиеттері мен қабілеттерінің комбинациясы;

-білімі мен кәсіби ерекшелік жеке қасиеттерінің кешені;

-қызметке теориялық және тәжірибелік дайындығының бірлігі;

-іс-әрекеттерін мәдени түрде көрсете білу мүмкіншілігі және т.б.

Құзіреттілік - белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді.

Кәсіби құзіреттілік деп педагогтың жеке тұлғалық сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады [3].

Педагог мынадай құзіреттіліктерді игеруі міндетті:


  • Арнайы құзіреттілік – өзінің кәсіби дамуын жобалай білу қабілеті;

  • Әлеуметтік құзіреттілік – қәсіптік қызметімен айналысу қабілеті;

  • Білім беру құзіреті – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

Қазіргі кезеңдегі кәсіптік білім берудің негізгі мақсаты – өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Негізгі құзіреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелер ретіндегі ұсынылған білім беру жүйесінің мақсаттары:

  • ақпараттық  құзіреттілік;

  • коммуникативтік құзіреттілік;

  • проблеманың шешімін табу құзіреттілігі.

Ақпараттық құзіреттілік – ақпараттық ізденісті жоспарлау, ақпараттарды өңдеуде логикалық операцияларды пайдалану, сыни тұрғыдан талданған ақпараттар негізінде саналы шешім қабалдау т.б.

Коммуникативтік құзіреттілік – ақпаратты өңдеу кезінде логикалық операцияларды пайдалану барысында түсіндіру, дәйектемелерді бағалау, ұсынылған ақпаратты тапсырмаға сәйкес түсіндіру, сәйкестіктері мен қайшылықтарын табу, қойылған мақсатқа сәйкес салыстырмалы талдау жасау, өз бетінше қорытындылар жасау.

Проблеманың шешімін табу құзіреттілігі – өз бетінше талдауға, іріктеу жасауға, жинақтауға, ой қорытуға әзір болу және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу болып табылады.

Болашақ маманның негізгі кәсіби құзіреттіліктерінің қатарына келесі қабілеттер жатады:

1. Бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық);

2. Мәдениетанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);

3. Оқу-танымдық құзіреттілік (өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);

4. Коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);

5.Ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);

6. Әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);

7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті) [4].

Сонымен қатар, «құзырлылық тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылығын дамыту қабілеті»,- деп түйіндейді белгілі оқымысты Т.Г.Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет.

Қалай болғанда да кәсіпқой мұғалім өз пәнін жетік біліп қана қоймай, әрбір қатынасушының педагогикалық үрдістегі орнын білуі керек. Оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыра алуға қабілетті болып, оның нәтижелерін алдын-ала болжамдап көре білуі тиіс, болуы мүмкін ауытқушылықтарды дер кезінде түзете алуы, яғни құзыретті тұлға болу керектігіне назар аударылады.

Бір сөзбен айтқанда, өз білімін үнемі табандылықпен жетілдіріп, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын, бойында жоғары адами қасиеттері бар педагог қана бұған лайық деп есептеуге болады.

Ендігі айтылар мәселе педагогтың кәсіби дамуы, кәсіптік шеберлігі және кәсіби біліктілігі тұрғысында болмақ..

Оқытушының кәсіби дамуы – қоғам сұранысына дер кезінде жауап беру мүмкіндігі, білімді үнемі үздіксіз жетілдіруі. Маман үшін ол – қалыптасқан кәсіби іс-әрекетіне өзгерістер енгізу, өз тәжірибесін басқа адамдардың қоғамда жинақталған тәжірибесімен байланыстыру, біріктіру, кәсіби құзырлылықты қалыптастыру, ең бастысы білім алушыны өздігінен білім алу, өз бетінше іздену, тәжірибесін молайтуға бағыттау болып отыр.

Негізгі мақсат:


  • үздіксіз білім алуға деген қажеттіліктерін оятуға жағдай жасау;

  • ішкі мүмкіндіктерін белсенді, қарқынды ету арқылы шығармашылығын дамыту.

Кәсіби біліктілік, яғни өз ісінің шебері болу бүгінгі таңда әр маманнан сұралатын басты өлшем болып табылады. Біліктілік ең әуелі адамның бойындағы даралық, білімділік, өнертапқыштық, шығармашылық қасиеттерімен шыңдалады. Бүгінгі күні оқытушының кәсіби біліктілігіне деген талап күшейіп отыр. Оқытушы тек қана білім нәрімен сусындатушы ғана емес, ол сонымен бірге жақсы ұйымдастырушы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы жоғары, ізденімпаз, өзінің кәсіби деңгейін көтеру жолындағы нағыз шынайы маман иесі. Бұл жұмыстардың барлығында бір сарындылық емес, жүйелі, ұтқыр, ұтымды істердің мол болғаны дұрыс. Оқытушының біліктілігі оның білімділігімен, мәдениеттілігімен, терең құзыреттілігімен өлшенеді. Оқытушының біліктілігі оқушының білім сапасы арқылы анықталады. Ең бастысы әрбір пән оқытушысы өзінің өткізетін сабағын жетік біліп, осы заманғы білім берудің озық технологияларымен танысып, соларды өзінің іс тәжірибесіне оңтайлы етіп ендіре алуы қажет. Қазіргі сабақ – бәрінен бұрын ол оқушының тұлғалық дамуына, оның ойлау қабілетінің жылдам өсуіне, білімді, ойлы және терең игеруіне, онда рухани-адамгершілік негіздерді қалыптастыруға мүмкіндіктері бар сабақ. Оқытушының сабақтағы іс-әрекетіндегі ең бастысы – сабақтың білім беру, тәрбиелеу, дамыту міндеттерін ұтымды сабақтастыра отырып, осы қызметтерге басшылық жасау. Сабақтың тиімділігін арттыруды жүзеге асыру үшін қазіргі сабаққа қойылатын талаптарды сақтау керек, әрбір сабақ тұлғаның шығармашылық сапасын дамытуға бағытталуы керек [5].

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын меңгермейінше, білікті маман болу мүмкін емес. Қазіргі нарық экономиканың сұраныстарын қанағаттандыруға және экономиканың, өндіріс салаларының дамуына сай жастарды құзыретті тұлға ретінде қалыптастыру үшін мұғалімдер оқытудың қазіргі технологияларын пайдаланып, оны онан әрі заман талабына сай жетілдіруі қажет. Ондай мамандар әрқашан өзгеріп отыратын әлеуметтік –экономикалық үдерістерді талдай білуге, нарықтың бәсеке жағдайына сай шешімдер қабылдап, жүзеге асыра білуге дайын болып, өндіріс пен жеке адам арасындағы ықпалдастықтың бағытын таптаурындардан арылта білуге тиіс. Осыған байланысты кәсіптік оқу орнының қазіргі уақыттағы ең бір маңызды міндеті - кәсіби білікті, құзіретті мамандар даярлау.

Қорыта келгенде, кәсіби, шығармашыл ұстаз - оқытудың жаңа технологияларын өмірге енгізуге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын, қоғамның ең озық бөлігінің бірі және оқу-тәрбие үрдісінің мазмұнына және ұйымдастырылуына кешенді тұрғыда қарайтын, зерттеушілік ыңғайға бейім, теория мен тәжірибе іс-әрекетін біріктіре білетін, өмірлік құндылық қағидалары адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, парасатты мінез құлық қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз.

Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде педагог кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Педагогтың кәсіби құзіреттілігі - бүгінгі заман талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ.



Аты аңызға айналған қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет». Осындай ұлы қызметте ұтымды істер атқару, шығармашыл бағытта еңбектену, жаңашылдыққа талпыну, іздену арқылы оқу-тәрбие үдерісінде жетістіктерге, шығармашылық биіктерге жете берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. -Алматы. 2007.

  2. Құрманалина Ш.Х., Мұқанова Б.Ж. Педагогика. -Астана- 2007.

  3. Құдайбергенова К.С. Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары. Алматы. 2007.

  4. Тоғымбаева А.Ә. Педагогтың кәсіби құзырлылық моделі//12 жылдық білім журналы. -2006. №3.

  5. Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық. -Алматы. 2007.

 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет