Сайлаудың түрлері. Сайлауды әртүрлі негіздер бойынша бірнеше түрлерге бөлуге болады:
өткізілу аумағы бойынша: жалпыұлттық (Президентті, Парламент депутаттарын сайлау) және жергілікті (маслихат және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау);
азаматтардың (сайлаушылардың) ерік білдіру әдісіне қарай: тікелей (сайлаушылардың өздері сайлауды) және тікелей емес (Қазақстанда – жанама – сайлаушылар Сенатты жанама түрде таңдаушылар арқылы қалыптастырады );
өткізілу уақытына қарай:
а)кезекті сайлау - тиісті органның не лауазымды тұлғаның өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай өткізілетін сайлау;
б) кезектен тыс сайлау - тиісті органның не лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы орай өткізілетін сайлау.
в) қосымша сайлау - шығып қалғандардың орнына сайлау. Шығып қалғандардың орнына сайлау өткiзу үшiн депутат (жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшесі) өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, оны мандатынан айыру не оның қайтыс болуы негiз болып табылады;
г) ішінара сайлау – алқалы сайланбалы органды ішінара жаңарту (ротация) мақсатында өткізілетін сайлау. Мысалы, Сенаттың сайланған депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып жаңартылып отырады.
- кімді сайлайтынына байланысты: президенттік сайлау, парламенттік сайлау, муниципалдық сайлау (маслихат және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау).
Республикамызда сайлауларды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру үшін сайлау комиссиялары құрылып, қызмет етеді. Сайлау комиссияларының біртұтас жүйесін мыналар құрайды: 1) Орталық сайлау комиссиясы;
2) Аумақтық сайлау комиссиясы;
3) Учаскелік сайлау комиссиясы.
Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі 5 жыл. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесін Президент, екі-екіден төрт мүшесін Парламент палаталары тағайындайды. Орталық сайлау комиссиясы төрағадан және алты мүшеден тұрады. Қалған сайлау комиссияларын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті маслихаттар сайлайды және олар жеті адамнан құралады.
Қазақстанда сайлаулар өткізу кезінде сайлау округтері, сайлау учаскелері құрылып, пайдаланылады. Сенат депутаттарын сайлауда сайлау округтері құрылмайды. Сайлау округтерінің үш түрі болады:
А) бірмандатты (униноминальный) сайлау округі. Мұнда әр округтен тек бір ғана депутат сайланады. Бір округтегі кандидаттар саны көп болуы мүмкін, бірақ сайланған тұлға біреу ғана болады. Бірмандатты округ мажоритарлық жүйеге тән болып келеді. Бұрын мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде бiр мандаттық сайлау округтерi құрылатын.
Б) Көп мандатты (полиноминальный) сайлау округі. Мұндай көп мандатты округ маслихаттан өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде құрылады. Мұнда әрбір округтен бірнеше тұлға сайланады.
В) Біртұтас округ. Мұндай округ бүкіл мемлекеттің аумағын қамтиды. Мысалы, Республика Президентiн және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарын сайлау кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады. Мұндай сайлау округінде бүкіл сайлаушылар тек бір ғана бюллетеньге дауыс береді.
Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде біртұтас аумақтық сайлау округтерi құрылады.
Қазақстанда сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады, олар республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен сайлаушылардың шамамен тең саны ескеріліп құрылады.
Сайлау округтері әдетте сайлау учаскелеріне бөлінеді. Сайлау учаскелері – бұл сайлаушыларға барынша қолайлылық түғызу мақсатында құрылатын дауыс беру үшін арналған орын. Ол мына жағдайлар ескеріле отырып құрылады: - әрбір сайлау учаскесінде 3 000 аспайтын сайлаушы болуы; - әкімшілік аумақтық бөліністегі әкімшілік-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы.