Практикалық сабақ жоспары ( 3 сағат) 1-сабақ 1. Қазақ тілінің латын әліпбиі бойынша жаңа емлесі.
2. Латын әліпбиі туралы мәтінмен жұмыс
2-сабақ 1. Ғылыми термин және жаңа сөздер. Латын әліпбиі негізіндегі терминдердің қолданысы.
2. Салалық терминдермен жұмыс.
3-сабақ 1. Ресми-іскери стиль.
2. Тапсырмалар орындау
Әдебиеттер: нег.1, 2, 3, 5, 7, қос. 9, 12, 14, 15, 17, 21
СӨЖ-ге арналған тапсырма: 1. Тақырыпқа қатысты материалдар жинастыру
2. Тақырыпқа қатысты мәтіндермен жұмыс (оқу, аударма).
3. «Латын әліпбиі - өркениет жолы» тақырыбында реферат дайындау
4. Латын әліпбиінің түрлі нұсқалары туралы презентация жасау
ОСӨЖ-ге арналған тапсырма: 1. Тақырыпқа қатысты материалдармен жұмыс
2. Тақырыпқа қатысты мәтіндерді оқу, аудару.
3. «Латын әліпбиі - өркениет жолы» тақырыбында рефератты талқылау.
4. Латын әліпбиінің түрлі нұсқалары туралы презентацияны қорғау
1-тапсырма.Жаңа әліпби туралы мәтінді оқып, мәтіннен тірек сөздерді тауып, дәптерге жазыңыздар. Мәтін бойынша бірнеше сұрақты жауабымен жазыңыз.
«Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес бекітілген жаңа әліпби бойынша әзірленді.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері (Ереже) – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латыннегізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады. Ережеде алдымен ұлттық тілдің жазу-сызумен байланысты:
тілдің жалғамалылығы;
тілдің ықшамдалуы;
тіл дыбыстарының үндестігі;
дауыссыздардың бір-бірімен үйлесімділігі т.б. негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілді.
Ереженің негізгі ұстанымы үшін фонематикалық принцип басшылыққа алынды.
Ережеде:
латын негізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының мәнін білдіретін әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасы көрсетілді;
сөздерді бірыңғай жуан немесе жіңішке жазу, соған сәйкес қосымшалардың жуан немесе жіңішке жалғану үлгісі берілді;
қосар дыбыстарды (ұу/үу, ый/ій) дара әріппен (у, и әріптерімен) таңбалаудың үлгісі ұсынылды;
қазақтың әдеби тіліндегі емлесі қиын сөздердің орфографиялану ерекшеліктері көрсетілді;
латыннегізді жаңа әліпбиде жоқ ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ әріптерінің жазылу баламасы берілді;
бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі көрсетілді;
шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісі ұсынылды;
біріккен, кіріккен, тіркесті және қос сөздердің емлесі, сондай-ақ бас әріппен жазылатын атаулардың жазылуы мен тасымалдың тәртібі көрсетілді.
Ереже түзуде ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуы, дәстүрге айналған базалық нормалардың сақталуы, техникалық жақтан қолдануға оңтайлы, жинақы болуы, халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтылуы, жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталуы ерекше назарға алынды. Сонымен бірге бұған дейінгі жазу тәжірибесі, тұрақталған нормалары, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері ескерілді.
Ереже латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық қазақ әліпбиі бойынша Орфографиялық, Орфоэпиялық, Шеттілдік сөздер сөздіктері, Емлесі қиын сөздер сөздігі, Анықтағыштар мен Нұсқаулықтар, басқа да әдістемелік құралдар түзу мен жасауда, мамандар даярлауда ғылыми-нормативтік тірек ретінде алынатын басты құжат болып саналады.